Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала тұрғындарының әкімдікке шағымы бар

31.03.2023, 15:25 186

HALYQLINE.KZ

Қала әкімі Асылбек Шаменовтың тұрғындармен кездесуі қала ішіндегі «Саяхат», «Арай» және «Сәулет» шағын аудандарында жалғасты. №101 мектеп-лицейде ұйымдастырылған басқосуға келген халықтың қарасы қалың, ұсыныс-пікірлері де көп болды. Жүздесу барысында шаһар басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, халық жолдаған сауалдарға жауап берді.

Биыл қала аумағында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аяқсу жетпеген жерлердің арықтары аршылып, жерасты су ұңғымалары арқылы аяқсу жіберілуде. Тұрғындар жиі сынға алатын қоғамдық көлік мәселесі де оң шешімін тапты. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен заманауи үлгідегі жаңа 150 дана автобус алынып, маршруттық бағыттарға қосылды. Алдағы күндері тағы 150 дана жаңа автобус әкелінеді. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 434 млн теңге бөлінді, – деді қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы.

Сондай-ақ, әкім биылғы қолға алынатын жобалар мен аяқталып, пайдалануға берілетін құрылыстарды да атап өтті. Нақтылай кетсек, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада заманауи үлгідегі 8 мектеп салынады. Оның бесеуінің құрылысы биыл басталатынын да айта кетті. Сонымен қатар, қаламыздағы  19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін облыстық бюджеттен 690 млн теңге қаражат бөлінді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млрд 791,4 млн теңгеге санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі күні сквер-аллеяларға гүлдер мен газондар егу және арық жүйелерін тазалау, жасыл екпелерді суаруға арналған насостарды орнату жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, қаламызды көркейту мақсатында зәулім үйлер мен оқушылар сарайы, неке сарайы, «Аналарға тағзым» орталығы бой көтеріп, биыл жылдың аяғына дейін құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілетін болады. Дегенмен, кей көшелерде аяқталмаған істің бар екенін айтқан тұрғындар әкімге өз көшелеріне байланысты проблемаларын айтып, шешімін тауып беруді сұрады.

Тиісінше Мақсұт Абразақов көшесіне екі атау берілген екен. «Бірі – Абразақов болса, екіншісі – Есімхан көшесі» деген қала тұрғыны осы екі атаудың біреуін қалдыруды сұрады. Бұл мәселе бойынша да қалалық әкімдікке барған қала тұрғындарының мәселелерін қарамастан есіктен кіргізбегенін айтып, әкімшілік қызметкерлеріне шағымын айтты. Сондай-ақ, осы көше бойынша аяқсудың мүлде келмейтініне шағымданып, бұл мәселенің биыл шешімін тауып беруді талап етті. Мұнан бөлек, «Сәулет» мөлтек ауданындағы Көкшетау көшесінде тұрғындарға арналған аяқжолдың жоқ екенін айтып, көшедегі істен шыққан жарықтандыруға жөндеу жұмыстары керектігін жеткізді. Тұрғындар қозғаған қайсыбір мәселенің де маңызды екенін тілге тиек еткен қала басшысы оның кезең-кезеңімен, жоспар бойынша жүзеге асатынын айтты.

– Өз уақытында жолдың барлығы жөнделіп, аяқжол құрылысы да барлық көшелерге салынатын болады. Тек шыдамдылық керек. Алдымен шет жақтағы, яғни қаланың сырт жағында орналасқан шағын аудандарды ретке келтіріп алып, қаламыздың ішіне де жететін боламыз. Барлығына, жарықтандыру, жол, аяқсу бойынша жобалар дайын, дегенмен олардың барлығы бюджеттен бөлінген қаржыға байланысты, – деді қала әкімі.

Кездесу соңында тұрғындар берілген уәденің айтылған уақытта орындалып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, қала әкіміне деген алғысын білдірді. Шаһар басшысы да талап-тілек ескерусіз қалмайтындығын айтып, мәселелерге байланысты жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: