Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Айқап» – өте құнды ақпарат берген мұра

09.03.2021, 17:30 1331

HALYQLINE.KZ Қазақ халқының тарихында XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы – жете көңіл аударып, арнайы зерттеуді қажет ететін кезең. Себебі, бұл кезең қазақ қоғамының білім мен ағартушылыққа бет бұруымен, ұлттық саяси элиталардың қалыптасуымен ерекшеленеді. Аталған кезеңде жалпы қазақ тарихына елеулі өзгерістер әкелген жағдайлар орын алып жатты: мектеп пен медреселердің жаңаруы, зайырлы білім беретін оқу орындарының ашылуы, ең алғашқы баспасөз беттерінің жарық көруі.

ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан газет-журналдар қатарында – «Серке» (1907), «Бірлік туы» (1917), «Қазақ» (1913-1918), «Қазақстан» (1911-1913), «Ешім даласы» (1913), «Қазақ» (1913-1918), «Айқап» (1911-1915), «Алаш» (1916-1917), «Сарыарқа» (1917), «Ұран» (1917), «Үш жүз» (1917) болды.

Осы мерзімді басылымдар ішінде «Айқап» журналы қазақ тіліндегі ең алғашқы журнал ретінде үлкен маңызға ие. 1911 жылы қаңтарда аймақтың басты баспасөз беттерінің біріне айналған және оқырман қазақ жұртшылығы арасында кеңінен таралған «Айқап» журналының алғашқы саны жарық көрді.

Мұхамеджан Сералин (1872–1929) – журналдың ұйымдастырушысы, баспагері және редакторы. ХХ ғасырдың басында ол ақын, публицист, қоғам қайраткері ретінде танымал болды. Мұхамеджан Сералин сол кезде Троицкідегі еуропалық үлгі бойынша ең жақсы реформаланған мұсылмандық білім беру мекемесі болып саналатын «Расулия» медресесінде білім алған болатын.

Журналдың ең алғашқы санын 1905 жылы шығару жоспарланған еді. Алайда, сол кездегі қаржылық және техникалық мәселелерге байланысты Мұхамеджан Сералин журналдың жарық көруін тек 1911 жылы жүзеге асыра алды. 10 қаңтарда Троицкіде қазақтың ұлттық қоғамдық-саяси және әдеби-сыни журналының алғашқы саны жарық көрді. Оның құрылымы, мазмұны, тақырыптары оның сол кездегі сапалы басылым болғандығын көрсетеді. «Айқап» ұғымын журнал редакторы Мұхамеджан Сералин «Әй-қап!» деген болмай қалған іске өкінуді білдіретін сөзден шығарған болатын.

Басылымда авторлар өте көптеген мәселелерді, мысалы, мәдени-ағартушылық, жер, құқықтық, діни, сондай-ақ қоғамдық өмірдің мәселелерін қарастырып, қамтыды. «Айқап» білім беру мәселесін қазақ қоғамының алдында тұрған өмірлік маңызды мәселе деп санады. «Біз (қазақтар) өркениетті халықтардың деңгейіне тек жаппай білім беру арқылы жетеміз», – деген пікірлер журнал беттерінде орын алған. Сонымен қатар, журнал оқырмандарды облыстың әр түкпірінде өмір сүрген қазақтардың өмірімен таныстырып, Ресейдің және шет елдердің ішкі өміріндегі маңызды оқиғалар туралы баяндамалар жасап отырған.

Ал Мұхамеджан Сералиннің ұйымдастырушылық қабілеті ерекше назар аударуға тұрарлық. Ол халық арасындағы зиялы қауым өкілдерін тауып, оларды ортақ мақсатқа біріктіре алған. Журнал корреспонденттері арасында өте көп оқытушылар, дәрігерлер, заңгерлер, қызметкерлер мен білім алушылар болған. Аталған баспасөз беттерінде білім алудың маңыздылығы, ел ішіндегі саяси мәселелер, аграрлық проблемалар талқыланып, сондай-ақ қазақ қоғамындағы ескірген салт-дәстүрлер мен әйел мәселелері де сынға алынып отырған.

Басылым 4 жыл жұмыс істеп, барлығы 88 саны жарық көріп қаражаттың жетіспеуінен 1915 жылы өз жұмысын тоқтатты. Бүгінде сол кездегі қазақ қоғамына бағыт-бағдар бола білген «Айқап» журналының бірінші санының жарық көргеніне биыл 110 жыл толып отыр.

Қазақ халқына рухани азық болған «Айқап» журналы тарихымызда ғасырлар тоғысындағы қазақ өмірі мен тұрмысы жөнінде өте құнды ақпарат беретін мұра болып қалмақ.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.

Ақтолқын РАЙЫМБЕК, 2-курс магистранты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: