Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әріптестеріне қалбырдан әшекей жасаған ұстаз

14.03.2024, 10:40 1054

Арал ауданындағы №71 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұржан Балов «мерекеде әріптес қыз-келіншектерге жасаған сыйлығымыздың шынайы болғанын қаладым» дейді. 70 әшекей бұйымды жасауға мектептің ер мұғалімдері 4 күн уақыт  жұмсапты.

— 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында әріптестерге қол еңбегінен туындылар жасау туралы идея тастаған болатынмын. Олар қолдау білдірді. Керекті қаражатты, заттарды бірге жинадық. Әшекейлерді жасауға 4 күн уақытымыз кетті. Әріптестерміз де көмектесті. Бұл – шыдамдылықты, асқан ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Сондықтан, оңай болды деп айта алмаймын. Абырой болғанда жоспарлаған уақытымызда  аяқтап,  мектебіміздегі 70-тен аса қыз-келіншекке ою-өрнек бедерленген зергерлік бұйымдарды табыстадық. Ең бастысы – шынайы сыйлық, қол еңбегіміз, — деді  ол.

Нұржан Ертөреұлының жаңашылдыққа жаны құмар жан екенін әріптестері жақсы біледі. Ерекше тартуға ұжымдағы апайлар қауымы таң-тамаша болып, алғаусыз  алғысын айтқан. Әрі Ақтау қала­сынан  тұмар  жасауға тапсырыстар түсіп  жат­қанын  да  жеткізді.

— Негізі атам шебер адам болған. Бұл – маған аталарымнан дарыған өнер.  Ұстаз  болғандықтан, сабақ барысында оқушыларға қолжетімді материал деп энергетикалық сусындардың қалбырынан түрлі зергерлік бұйым жасайтынмын. Сол арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға тырысамын. Алғашқыда жеңіл-желпі бедерлеу әдісімен жан-жануарлар­дың формаларын келтіріп көрдім. Одан соң тұмар, шашбау, белдемше мен білезік жасадым. Осы арқылы аяулы аруларымыздың, аялы алақан иелерінің мерекесінде сыйлық жасауға болады деген ойға келдім және  жүзеге  асырдым, — деп  сөзін  жалғастырды  зергер.

Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова  мерекелік кеште ұжымға   ерекше  тарту  жасаған  ер-азаматтардың  ұйымшылдығына   сүй­сінгенін   айтады.

— Қыз-келіншектердің мерекесінде білім беру ұйым­дарының ер мұғалімдері концерттік бағдарлама ұйымд­астырып,  құрмет көрсетіп  жатады. Шыны керек, бағдарламаның көпшілігі бір-біріне ұқсап кете­ді. Ал, аудандағы №71 орта мектептің ер педагогтерінің сыйлығы маған қатты ұнады. Қол­өнерді, зергерлік өнерді сәтті пайдаланып, тамаша тарту жасапты. Әр педагог өз шығармашылығын осылай дамыт­са, ерекше идеялар туындайтынына сенімдімін, — дейді  ол.

Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеоға елімізге белгілі жазушылар, журналистер жары­са пікір жазып жатыр. Өз саласының хас шебері атанған  Нұржан  Ертөреұлын  әріптес­тері  де  ерекше  үлгі  тұтады.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер:
  • Ораза қабыл болсын!Керемет ісіңіздің берекесін берсін.Өзім тақпасам да әріптестердің мойындарынан,қолдарынан көріп өзім тақпасам да таққандай қызығып отырмын.Қолдан келсе қалай жасамасқа.Тек табыс тілеймін Өнеріңіз өрге жүзсін

  • Керемет, таптырмас сыйлык! Ағайдың қолынан келмейтін ісі жоқ, Алла қолыңызға дерт бермесін!

  • Керемет,таптырмас сыйлык! Ағайдың қолынан келмейтін ісі жоқ, Алла қолыңызға дерт бермесін!

Добавить комментарий для Айсулу Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: