Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір ауданның, әрбір облыстың өзінің жемқор жүйесі бар – Бақытжан Базарбек (видео)

23.02.2024, 10:55 577

HALYQLINE.KZ

«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Adal Adam Youtube арнасына берген сұхбатында «ескі Қазақстан» өкілдерінің жерлерді қалай заңсыз иемденіп алғандығы туралы айтты.

«Біз ауыл шарушылығы мақсатындағы жерлерді 10 млн гектарға дейін қайтаруға қол жеткіздік. Бұлар – мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлер. Соның ішінде, 87%-ы игерілмеген жерлер, пайдаланбаған. Назарбаевтың кезінде, жемқор жүйенің кем тұстарын пайдаланып жерлерді ала берген. Әрбір ауданның, әрбір облыстың өзінің жемқор жүйесі бар. Аудан әкімі, ауданның прокуроры, ауданның соты бар, шенеуніктері бар, міне, соны пайдаланған. Аудан, облыс деңгейіндегі кішігірім олигархтары бар. Сол кішігірім олигархтарының өздері прокурормен, әкіммен, полициямен ауыз жаласқан. Солар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді былай қойғанда, су қорына енетін жерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман қорына кіретін жерлердің барлығын алып алған. Елді мекенді жерлерді алып алған. Біздің жұмысымыздың нәтижесінде сол жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылып жатыр», – деді депутат.

Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» аясында қарапайым шаруалардың жерін тартып алып жатыр деген пікірлермен келіспейтінін айтты.

«Себебі, жер мәселесіне келгенде қарапайым адамның жері ме, олигархтардың жері ме деп бөлмейміз. Жер кодексінің 92-бабы бар, 92-баптың 3-тармағына сәйкес, егер де ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер берілген сәттен бастап бір жылдың ішінде пайдаланбаса, онда ол мемлекеттік меншікке қайтарылады. Жер ресурсын басқару департаменті осы уәкілетті органы ретінде сотқа талап арыз бере алады. Ал «Жер аманаты» комиссиясы тиісті тексерісті ашуға септігін тигізеді. Соның нәтижесінде, игерілмесе, пайдаланбаса, соның ішінде жерлерді заңсыз алған адамдар ішінде жай адамдар да болуы мүмкін, олигархтар да болуы мүмкін. Жер кодексінің 92, 93, 94-бабы бұзылды ма, біз ол жерді мемлекетке қайтаруға барлық шараны жасаймыз», – деді Б.Базарбек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: