Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр кәллада немесе…

14.05.2021, 9:30 459

– Естідің бе, Жанка залетела!

– 2-курс оқитын Пәленшенің крутой қызы ма?

– Иә!

– Мә, жігітте де арман жоқ шығар, сондай сұлу бұйырған…

– Ой, жігітің мігіт екен, «алмаймын» депті…

– Ойбүй, онысы несі…

– Ішіндегі баланы алдырып тастайды екен… Обал…

Осы әңгімені естігелі көшенің аяқ жағында тұратын Тұрарбектің түнде ұйқысы қашты. Әйелі қайтқалы 6 жыл болды, балалармен бір өзі әбіржіп кетті, «ана ішіңдегі баланы өзімнің баламдай етіп өсірем» десем, сөйтіп әйел қылып алсам, әлгі қыз келісед шығар, беті аймандай болып кімге керек?» деп иығын бір қомдап қойды. «Қартайып тұрғам жоқ, әлі бірталай әйелге әлім келеді» деп айнаның алдында ырбиып кеткен мәйкісін әр жерден бір тартқылап, біраз маңғазданып тұрып, төсегіне жатты.

Осы әңгімені естігелі баласы түрмеден күні кеше келген Қалима да оймен біраз жерді шолып қайтты. «Бар жердің қызы, мына сорлы да сотқар баламды асырап-бағады, бірдеңе десе шақалақты бетіне шіркеу етем де отырам, ұлым да қарап қалмайды, шапалақпен бір ұрса, үні шықпас, тырп етіп көрсін осыдан!» деп арман-қиялмен келінді күнде ұрыс кетпейтін үйіне түсіріп қойды.

Осы әңгімені естігелі ерлі-зайыпты Бағдат пен Әлияның да түн ұйқысы төрт бөлінді. Сәби сүйе алмай жүргендеріне 8 жыл болды. Олар да ойша Жанкамен сөйлесіп, келісіп, шақалақты өз аттарына жаздырып, бақытты отбасының суретін саналарына сызып қойды.

Осы әңгімені естігенде Жанканың сұмдық современный шешесі Қатира: «доча, решай проблему с умом!» деп мәселені отағасына айтпай әліптің артын тосты.

…Күнде көшеде жас әйелден дәмелі Тұрарбек те, сотқар да соттан шықпайтын баласына бар жердің қызын әперем деп Қалима да, бұйырса, балалы боламыз деп үміттенген Бағдат пен Әлия да Жанкамен кездесеміз деп күтумен болды. Бірақ, Жанка ұшты-күйлі жоқ.

Тұрарбек үйін барынша реттестіріп, жас әйелмен жаңа өмірге дайын отырды. Қалима да бір тоғызын түгендеп, көрпешелерінің тысын жаңалап, баласының үстін бүтіндеп ол қойды. Бағдат пен Әлия күн түсетін бөлмесіне жөндеу жүргізіп, жиһазын жаңартып алды. Тек, Жанканы көре алмай, оның қайда екенін нақты біле алмай әбден дал болды.

Алты айдан соң Жанканың әке-шешесі Алматыға көшіп бара жатқанын айтып, көрші-көлемге айрылысу көжесін берді. Дастарқан басында отырған Тұрарбек, Қалима, Бағдат пен Әлияның бет-әлпеттері әлемтапырық болып кетті. Бәрі бір мезетте:

– Жанка қайда? – деп хормен сұрады.

– Жанка оқуын сырттайға ауыстырды, бізге Алматыдан жақсы үй таңдап берді, өзі бір іскер жігітке күйеуге шыққалы жатыр, тойлары енді болады, көп адам шақыра алмаймыз, пандемия дегендей…

Дәл осы сөздерден кейін Жанкадан дәмелілерге ас батпай, маза кетіп, әбіржіп қалды. Барлығының арман-қиялының күлпаршасы шықты…

Кейін естігеніндей: Жанка оңтүстік астанада нәрестені бір бай отбасыға сатқан деседі. 

#Әр кәллада бір қиял. Әр сұлуда бір сыр бар…

Ал, Жанка бүгінде жас та болса ісі сәтті бизнесвумен деседі… Екі ұлы бар деседі… Аракідік қыздарға әлеуметтік желіде бақытты отбасы болу турасында сыр бөліседі деседі…

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: