Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамның тегі ұлттың бетпердесі болуы керек

28.01.2021, 14:00 460 0

HALYQLINE.KZ

1917 жылы «Алаш» партиясының бағдарламасын жариялаған «Қазақ» газеті большевиктер жауып тастағанша қазақ халқының болашағы үшін саяси-ағарту жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

Осы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы соңғы санында Ыдырыс Оразаұлы деген студент «Еуропа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарында жоқ» деген мақаласында «ев» пен «ов»-тың қазақтың төл құжаттарына қалай енгенін мәселе етіп көтерген. Редакция алқасы авторға газет арқылы берген жауабында қазақтың тегі, аты-жөні туралы бірнеше нұсқаны ұсынады да, «қайсысына тоқтап қалдыру керек» деп оқырмандардың талқысына салған екен.

Дұрыс мәселе көтергенмен мақала авторы орыс патшаларының өздері «ев» пен «ов» деген тіркемені фамилияларына қоспағанын білмеген. Атап айтқанда, Ярослав Мудрый, Владимир Мономах, Иван Калита, Михаил Романов, Иван Грозный, I Петр, II Екатерина, I Александр, II Александр, I Николай, II Николай. Қарап отырсақ, ешқайсысында «ов» пен «ев» деген тіркеме жоқ. Тіркеме орнына әкесінің аты, не халық қойған лақап аты, не реттік саны жазылған.

Тіпті «фамилия» дегеннің өзі орыс сөзі емес, латын сөзі, орыстың «семья» деген сөзіне келіңкірейді. Рас, Романовтар деп атаған, онда да тек Михайл Романов ұрпағының 300 жыл тақтан түспей келе жатқанын мақтанышпен атау үшін ғана керек болған. Арғы тегінен дворяндар атағына ие болып келе жатқандар да, бұл тіркемені қолданбаған. Русь православие дінінің басшылары да фамилия дегенді білмеген, орыстар бұл тіркемені қорлық деп есептеген.

Енді тіркеменің шығу тарихына келсек, помещиктердің басыбайлы шаруалары болған. Далада егістіктен немесе мал жайылымынан өтіп бара жатқанда помещикті көрген орыс шаруалары бас киімін алып иілетін болған. Сонда помещик «Сен кімнің басыбайлы құлысың?» (Чей ты холуй?) деген сұраққа шаруа «Мен Иванның басыбайлы құлымын» (Я Иванов холуй.) деп жауап қайтаратын болған. Иван холуйларын ұрып-соқты, сатты, туысқандарына сыйлады, тіпті ашу үстінде өлтіріп тастаса да ерікті болды. Мағынасы осындай жалғау тіркестерді орыс патшалары мен дворяндары, дін басылары қалай қабылдасын. Ал, Ресейде құлиеленушілік 1861 жылдың ақпан айына дейін, яғни басыбайлылық жойылғанға дейін сақталды. Қазақтардың ататегін қағазға түсіру 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев көтерілісіне қатысқан қазақтарды қолға түсіріп соттағанда тегіне «ов» пен «ев»-терді жазудан басталды. Сосын қажылыққа баратын қазақтарға Ресей бодандығында болғандықтан төлқұжат бергенде осы жалғау тіркестер қосылып жазылды. Орыс шенеуніктерінің атына не қосып жазып жатқанында қазақтың ісі болған жоқ, әйтеуір бір жапырақ қағаз қолға тигеніне риза болып, қажылыққа аттанып жатты. Меніңше осы мәселені алғашқы рет  ойланып, «Қазақ» газетіне мақала жазған студент Ыдырыс Оразалыұлы екендігін айту қажет.

Міне, содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, біз әлі де «ов» және «ев» деген тіркемеден арыла алмай келеміз. Неге? Менің құрдастарым айтады: «Біз жоғары оқу орнын бітіргенде дипломға «ов» және «ев» деген тіркес жазылып кетті, кейін зейнеткерлікке шыққанда дипломдағы фамилия мен төлқұжаттағы фамилиямыз сәйкес келмесе, сандалып жүретін шығармыз» дейді. Мысалы, мен 1975 жылы 16 жасқа толғанда қызыл түсті кеңестік паспорт алғанда тегім былай жазылды: Туменбаев Бахитжан  Абдуллаевич. Кейін Түменбай Бақытжан Абдуллаұлы болып жеке куәлік алдым, әкемнің шын есімі Әбділда дегенмен, ол басқа есім деп өзгерткен жоқ, Абдуллаұлы дегенді қанағат тұттым. Мен Түменбайдың холуйы емес, немересі екенмін, сол «ев»-тен құтылғаныма қуандым.

Тәуелсіздік алғаннан кейін жер, су, елді мекендердің аттары қайтарылып жатыр. Семипалатинск Семей, Целиноград Ақмола, Щевченко Ақтау, Гурьев Атырау, Алма-ата Алматы болды. Енді Петропавл мен Павлодардың бұрынғы аттарын қайтару үшін «бүкілхалықтық референдум» немесе «арнайы заң керек» екен. Ресей отаршылдары кезінде халықтан сұрамай-ақ, ешқандай заңсыз-ақ, біздің елді мекендерімізді өзгертіп жаза салған жоқ па?

Адамның тегі ұлттық бетпердемізді білдіріп тұруы керек. Мысалы, тегінің жазылуы мен айтылуы «швили» болса грузин, «ян» болса армян, «оглы» әзербайжан екендігін біліп тұрамыз. Біз қашанғы бодандықтың  қамыты сияқты «ов» пен «ова»-ны мойнымызға артып жүреміз? Ойланып қарасам, бұл тіркеме маған «құл» мен «күң» деген сияқты болып тұрады. Біз тәуелсіз елдің «ұлы» мен «қызы» деген ардақты сөзді алып жүрейік, ағайын!

Бақытжан  Түменбай,

тарих  пәні  мұғалімі,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: