Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамға адам керек

23.09.2023, 9:00 252

HALYQLINE.KZ

(мысал)

Жаздың бір кеші болатын. Алыстағы ағайынға қонақтап барып тұратынымыз бар. Бұл жолы да ауылға баруды ойлап, бірнеше шақырым жолды арта тастадық. Шағын мемлекетіммен ұзақ жолды өңгеріп келе жатқанымызға он сағатқа жуық уақыт болды. Бір кезде ен далада үлкенім тысқа шығатынын айтқан соң, көлікті тоқтаттым. Жолдың жиегінде көне бір әжетхана тұрған соң, соған жақындап бардық. Алғашында дөңкейіп тұрған дүниені тас деп ойладық. Жақындап қарасақ, адам екен. Айдалада адасып жүрген кім екені қызық болды. Содан жөн сұрастық.

– Аманбысың? Адасып қалдың ба? Ен далада не жоғалттың? – дедік.

– Ағайыны да, ата-анасы да, бауырлары да, дос-жараны да жоқ біреуден жөн сұрағаныңыз қалай екен, аман болсам да, адам екенімді сезінуден қалдым…

Онда да, бізде де үнсіздік. Тағы да жақындап:

– Бізбен жүр, екі сағаттық жерде ауыл бар, сонда жеткізіп салайын. Туған-туысың бар ма? Қайда тұрасың?

– Адам – адамсыз ешкім емес екен. Тұп-тура бір жыл бұрын ата-анам қайтыс болып, ауру інім де қараушысы болмай жер қойнына жайғасты.

– Туған-туысың ше?

– Мына заманда қалтаңда қара бақырың болмаса, ағайыныңа да керек емес екенсің. Алыс-жақын туыспен арамыз үзілді. Жөнім түзу, өмірлік мақсаты бар адам едім, мына бірінен соң бірі келген қаза қабырғамды қайыстырып, барды жоқ етті, үмітті сөндірді. Өзімді қаншама рет алға жылжуға да, іс қылуға да сүйреледім. Көңіл құлазыса, өлімнің иісін сезе бастайды екенсің. Адамымыз болмаса да, арманымыз бар. Дегенмен, адам болмаса, оның барлығы бекер. Адам дегенім – ата-ана, ағайын-бауыр…

Денемді суық жел жанап өтті. Дір ете қалдым. Адамға адам керек. Әйтпесе өмір бос екенін енді түсінген секілдімін.

Аз ғана үнсіздіктен соң, әлгі жалғыз:

– Ауылым тым алыс емес, кейде өлім періштесін өзім іздеп кетемін. Соңғы сәтімде жанымда болып, сүйегімді көметін адам болмаған соң, өзімді арам өлімге қимай отырмын. Амал не, бар уақытымды осылай өткізіп, кешкісін қайта ауылыма қайтамын, – деді.

Бұл сөздер менің жүрегіме дереу жетті. Шаңырағыма бұйырған құтты келіншегім мен қос қолқанатыма деген махаббатым ашыла түсті. Адам – адаммен бақытты болатынын түсіндім. Қайтейін, жолдағы жалғызға тигізер көмегім болмады, есесіне ол маған рухани көмек көрсетті. Барымызды бағалай білейік!

Қ.КЕМЕЛ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: