Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам аласы ішінде…

09.12.2021, 9:30 885

Бірде жұмысқа келе жатып жолдан бір күшік тауып алдым. Күшіктің асыраушысы жоқ, далада қаңғып қалған не болмаса сол маңға әлдекім көзін құрту мақсатында әкеп тастағаны көрініп тұр. Тірі жан иесі болған соң тастап кетуге қимай, сөмкеме салып, жұмысқа алып келдім. Өзгелер көріп қойып бәле болмасын деп, жұмыс орнымдағы бір бұрышқа тығып қойдым. Ол қыңсылап, әлгі тығып қойған жерімнен ақыры сыртқа қарай шығып кетті. Әріптестерімнің барлығы бұрыштан шыққан күшікке аңтарылып қарап қалды. Және олардың шын бетперделері менің аяғымның астына ұшып келіп түсіп жатты.

Әншейінде айналасына мейірімді және көпшіл көрінетін хатшы қыз Марина Викторовна:

– Алексей Александрович, сіз өзі есіңізден ауысқансыз ба? Мына жердің бәрін балшық қылып бүлдіретін болды ғой, мына бәлеңіз! – деді. Менің аяқ тұсымда қитұрқы бейненің бетпердесі жатты.

Міне, еден жуушы – Ирина Владимировна. Үнемі шаршаңқы, айналасына тілінің уытын шашып жүретін ол бұл жолы да үнсіз қалмады.

– О, Алексей Александрович, мына құйрықты сіздікі ме, әлде бұл жерге өзінің жеке жұмыстарымен келген бе? – деп қойып қалды. Күшіктің арғы жағына қарай қайырымсыз көңілдің бетпердесі қалқып ұшып бара жатты.

Ал, міне, менің әріптесім – Сергей Иванович. Әріптестеріне үнемі көмектескіш, жанашырлық танытып жүреді және сол үшін бәрі оны жақсы көреді. Анекдот айтып күлдіртеді, сенің де анекдотыңа күле береді. Ол сол күні кабинетімнің табалдырығын аттап баспады. Сергей Иванович дала жануарының үсті кір, лас, олар ауру тарататынын айтты да шалт бұрылды. Менің есігімнің алдында екіжүзділіктің бетпердесі жатты.

Бәрінен де мені әншейінде қатал, талапшыл, сондай-ақ барлық нәрсеге көңілі тола бермейтін бірбеткей бастығым таңғалдырды. Ол күшікті көре сала маған бірден бұрылып:

– Алексей Александрович, сізге бүгін демалыс керек сияқты. Мына күшікті дереу алып, үйіңізге апарыңыз. Тек жолда тастап кетпеңіз! Қанша дегенмен тірі жануар ғой, бұлар да адамның қамқорлығына зәру! –  деді де шығып кетті.

Менің аяқ жағымда бірнеше жылдан бері жаныма жақын тартып, қойын-қолтық араласқан адамдардың ұшып түскен бетперделері жатты. Бірақ мен осынша уақыт өтсе де, адамдарды танымай келгенімді түсіндім.

Алексей  Прокурор

Аударған 

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: