Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні

01.04.2022, 17:10 451

Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күнінде Болат Өтемұратов Қоры ата-аналарды балалардағы аутизмнің алғашқы белгілеріне назар аударуға шақырады.

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының соңғы есебіне сәйкес, аутизм спектрінің бұзылуы 44 баланың біреуінде кездеседі. Зерттеу жыл сайын мұндай диагноздардың жоғарылау үрдісін көрсетеді. Ұлдарда аутизм диагнозы қыздарға қарағанда төрт есе жиі кездеседі. Ерте диагностика және интервенция аутизмі бар адамдардың толық және тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігін арттырады.

«Аутизм спектрінің бұзылуы көптеген көріністерге ие, сондықтан аутизм диагнозы бар екі бірдей адам бола алмайды. Және егер кейбір көріністер, мысалы, тілдің шықпауы, ұйқының бұзылуы немесе агрессия, ата-аналарды тезірек медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр етсе, бала ұялшақ немесе жатырқағыш болып көрінетін жағдайларда уақыт босқа өткізілуі мүмкін. Сондықтан ата-ананың аутизмнің алғашқы белгілері байқалған кезде қырағы болып, мамандарға жүгінгені абзал», – дейді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

Қазақстанда «аутизм» диагнозы 3 жастан кейін қойылады. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде ерте диагностикалау үшін арнайы құралдар қолданылады. Мысалы, M-Chat тесті ата-аналарға баланың бастапқы диагнозын өз бетінше қоюға мүмкіндік береді. Болат Өтемұратов қоры M-Chat тестін қазақ тіліне алғаш аударып, оны одан да көп қазақстандық отбасыларына қолжетімді етті. Қазақ және орыс тілдеріндегі тегін тест www.asylmiras.org сайтында бар. Сынақ нәтижелері диагноз қою үшін негіз болып табылмайтынын, тек кеңестік сипатта ұсынылатынын және білікті мамандардың растауын талап ететінін атап өткен жөн.

Ата-аналар мен отбасы мүшелері баланың мінез-құлқын тәулік бойы бақылайтындықтан, аутизмнің алғашқы белгілеріне назар аудару маңызды:

  • көзбен байланыстың, жауап ретінде күлімсіреудің және атымен шақырған кезде реакцияның болмауы;
  • дене қимылын шектеулі қолданылуы, нұсқаулық қимылдың болмауы;
  • сөйлемей, дыбыс шығармауы;
  • құрдастар мен бірлескен ойындарға қызығушылықтың аз болуы;
  • заттарды (ойыншықтарды) бір сапқа тұрғызуға ынтасы;
  • жағымсыз мінез-құлық көрінісі: агрессия, өз-өзіне агрессия, өтініштерді орындамау;
  • дыбыстық тітіркендіргіштерге сезімталдықтың жоғарылауы.

Аутизм туралы ақпарат тарату айлығында Болат Өтемұратов Қоры аутизм мәселелеріне назар аудару мақсатында ақпараттық науқан жүргізеді. Қордың науқанын Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Тараз, Орал, Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қалаларының әкімдіктері қолдады – бұл «Асыл Мирас» тегін аутизм орталықтары жұмыс істейтін қалалар. Науқанға Beeline Қазақстан қосылды, оның абоненттері балалардағы аутизмнің ерте белгілерін қалай тануға болатыны туралы ақпарат алады.

Еске салайық, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын Болат Өтемұратов Қоры 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. «Асыл Мирас» орталықтары Қазақстанның 10 қаласында жұмыс істеп жатыр, ал жақын арада Қарағандыда тағы бір орталық ашылады. Орталықтардың қызметтері тегін түрде көрсетіледі. Орталықтардың барлық мамандары сертификатталған халықаралық оқудан өтті, бұл оларға АСБ белгілерін ерте жаста анықтауға және балалардың жетіспейтін дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың өзінде 2 150 бала курстан өтті, ал орталықтарда 7 жыл ішінде 11 мыңнан астам бала интервенция бағдарламаларынан өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: