Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

19 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді

05.08.2021, 12:30 460

XX ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов: «Әлхамдулиллах, халқымыздың саны 6 миллионға жетті» депті. Сол кездегі геноцид болмағанда қазіргі санымыздан жер қайысар еді. «Мың өліп, мың тірілген» халықтың өкілдері бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқанын білеміз. Жазушы Мұхтар Мағауин: «10 миллионнан асқан халықтың тілі құрымайды. Құриды деген адамның тіліне шоқ түссін» дейді. Шүкір, осы күні қазақ халқы Тәуелсіздігінің 30 жылына қадам басқалы отыр. «Сан емес, сапа маңызды» дейтіндер табылар. Десе де, халық санының көптігі көп жерде рөл атқаратыны да бар. «Көп қорқытады, терең батырады». Тамыз айы тамаша жаңалықпен басталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда он тоғыз миллионыншы адам дүниеге келді» деп жазды өзінің  туиттер  парақшасына.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті.

Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің 19 миллионыншы азаматы ретінде тіркелді»  деп  жазды  ел  Президенті.

Шынын айту керек, бұл жаңалыққа қуанбаған жан қалмаған шығар. Оны ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілерден білу қиын емес. Өйткені, ақжолтай жаңалықты жапа-тармағай бөліскен ағайынның санында шек болмады.

«Жәния – отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!» деп сөзін жалғады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазақстан бойынша Жәния есімді 1868 адам тіркелген. Сондай-ақ, елімізде Жәния есімді ұлты қазақ 641 адам бар екен. Мұны Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайты растайды. 2020 жылы Қазақстанда ұлдарға қарағанда қыз балалардың саны көп болыпты. Айтқандай, демографтар халық санының көбеюіне төтенше жағдай, карантин, шектеу шараларының да әсер еткенін мойындайды.

– 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялаған кезде қазақтар Қазақстан халқының тек 40% үлесін құраған еді. Қазір қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Құдайға шүкір, осы жылдары біз Қазақстан халқының санын сақтап қалдық. Жыл сайын елімізде 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Мен 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 18 млн болатынын мәлімдеймін, – деген еді 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жылдары «Әлемде қанша қазақ бар?» деген тақырып жиі көтеріліп жүр. Шетелден атамекеніне оралып жатқан қандастарымыз да бар. Қазақстан билігі ел демографиясын қанатының астына алып жатыр дей алмаймыз. Әйтпесе, әрбір туған сәбиге ел үкіметі барлық жағынан қолдау білдірсе, санымыз да, сапамыз да артар еді…

          Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: