Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1414-ке жүгініңіз, жөн сілтейді

01.12.2021, 10:30 322

1414 байланыс орталығы. Бұл сандар пандемиялық  ахуалға байланысты 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақы берілген кезде еліміздегі әрбір азаматтың жадында қал­ғаны анық. Бірі осы қаржылай көмекті алып, алғысын білдірсе, енді бірі «қоңырауларын көтер­мей, тегін ақшадан құр қалдық» деп осы байланыс орталығының ісіне қаншама сын айтты. Дегенмен, азаматтар электронды үкімет порталымен жұмыс істеген кезде ақпаратты немесе қызметті алу барысында қиындықтарға кезігеді. Міне, осындай сәтте пайдаланушылар «Call-орта­лық», «Кері байланыс» және «1414 нөміріне» қоңырау шалу арқылы кеңес және көмек ала алады. 2021 жылдың жазында Қостанай, Көкшетау және Петропавл қалаларында бірыңғай байланыс орталығының кеңселері ашылса, Қызыл­ордада да ағымдағы жылдың мамыр айы­ның 29-ы күні ашылып, өз жұмысын бастады. Мұндай орталық  осыған  дейін  респуб­лика бойынша Нұр-Сұлтан қаласында  ғана  болған.

– Еліміз бойынша 1414 бірыңғай байланыс орта­лығы 2011 жылғы 29 қарашада «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ call-орталығының базасында құрылды. Call-орталық Нұр-Сұлтан қаласында ашылды және бірінші жылы онда 20 оператор жұмыс істеді. Бүгінде орталық қызметіне 10 жыл толып отыр. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиа­лының Қызылорда қала­лық Бірыңғай байланыс орталығының  жалпы штат саны 109-ды құрайды, бүгінде бөлімде штат бойынша 92 қызметкер бар. Оның 4-еуі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бейнеқоңырау ХҚО ЫАЖ-дегі оператор саны – 7. Жұмыс орны тиісті жабдықтармен толық қамтылған. ЦОН мобильды қосымшасы арқылы 24 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Халық­тан шағымдар түсетіні сөзсіз. Әрбір байланыс орталығына түскен шағымдарды ескеріп, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деді Қызылорда қаласы бойынша бірыңғай байланыс орталы­ғының  басшысы  Әмір  Сағатов.

Жиі хабарласатын мәселе электронды порталдарды қалай қолдану керек деген сауалдар екен. Алғашында egov.kz порталының өзі орта буын өкілі түгілі жастарға да қиынға соқты. Түк түсініксіз сайттың қай тетігін бассақ, керегімізді табарымызды білмей ойымыз сан-саққа кеткен еді. Осындай кездерде халыққа байланыс орталы­ғы шама-шарқы келгенше көмек қолын созды. Ашылғалы бері аталған орталыққа азамат­тардан 747 108 қоңырау келіп түскен. Яғни, 1 күнде  келіп  түскен  қоңырау  саны 7686-ге жуық, 1 күнде 1 қызметкер шамамен 90-130 қоңырау қабылдайды. Толассыз келген қоңырауларға 24 сағат бойы жауап беру жос­парда  болған. Алайда кешқұрым мезгілде қоңыраулар  аз  түседі.

– Халыққа  қызмет  көрсету  орталығында     10 жыл қызмет атқарып, осы жерге жетекші маман болып ауысып келдім. Жұмысым өзіме қатты  ұнайды. 10 жыл жинаған тәжірибемді бөлісудемін. Еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі мәселемен қоңыраулар түседі. Әрбір сұраққа тұшымды жауап беруге тырысамын. Күніне 100-130 қоңырау қабылдаймын, кейде 200-ге дейін барады. Жеке рекорд­тық көрсеткішім – 250. Халқымыз кез келген мәселе бойынша хабарласады. Мысалы, қазан айында салық бойынша хабарласушы көп болды. «Менің атымда қарыз жоқ немесе төле­генмін, сонда да жеке шотым бұғатталып тұр» деген тәрізді. Көпбалалы аналар да балалардың жәрдемақы­сы бойынша жиі хабарласады. Негізі біз egov.kz және халыққа қызмет көрсету орталығы­ның сұрақтары бойынша ғана нақты жауап береміз. Басқа сұрақтарға тек бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Өзім 10 баланың анасымын. Сол себепті аналардың сұрақтарына қорықпай жауап беремін. Бала жөнінен, мектепке құжат дайындау бойынша тәжірибемді айтып, халықпен  бөлісемін, – дейді  жетекші  маман  Гүлбану  Жеткербаева.

 Міне, батыр ана сынды мамандар күніне біршама толассыз келген сауалдарға нақты және сапалы жауап беруге әрдайым дайын. Ағымдағы жылдың мамыр айы мен қыр­күйек айы аралығында 1414 бірыңғай байланыс орта­лығының ең үздік қызметкерлері сараланды. Олардың ішінде шілде айында Айтолған Қуандықова – 3514, тамыз айында Ақниет Айдарбек – 3403, қыркүйек айында Азиза Шонай – 3115, қазан айын­да Айгүл Айсау­това 3234 қоңырау қабылдаған. Қазіргі уақытта рес­публика бойынша барлық бірыңғай байланыс орталығында 353 оператор жұмыс  істейді, олар 690 мемлекеттік қызмет, 243 сервис және 10 ақпараттық-коммуника­циялық  қызмет  бойынша  кеңес  береді.

Сондай-ақ, клиенттерге Ashyq қосымшасы бойынша вакциналау туралы ақпарат ұсыны­лады, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемле­кеттік қызметтерді ұсыну үшін ХҚКО қызметкер­лерінің үйге баруы бойынша өтінімдер қабылданады. ББО-ның өзекті деректер база­сын қалыптастыру үшін 26 мемлекеттік орган­мен  өзара  іс-қимыл  жасайды.

– Бірыңғай байланыс орталығында опера­торларға назар аударып, күнделікті жұмысын талқылап,  түсінбей қалған сауалдарына көмектесіп отырамын. Барынша халыққа адал қыз­мет көрсетуге тырысамын. Егер шын жүрекпен, бар ынта-жігерімен жұмыс істейтін болсақ, шаршамайды екенсің. Сол себепті осы жұмыстан шаршаған кезім болған емес. Әр­дайым халыққа қызмет көрсетіп жүргенімді мақтан тұтамын. Бізде 5 бас маман жұмыс істейді. Әрқайсысында 20-дан астам оператор бар. Солардың  сапалы қызмет көрсетуін бақылап отыра­мыз, – деді бас маман  Жанар  Қасымова.

Оператордың жауабын күту уақыты 16 се­кундқа дейін қысқарып, мәзірден кейін жоғалған қоңыраулардың пайызы және 30 секунд күту – 1%, тұтынушылардың қанағаттанушылығының орташа   бағасы   бес  балдық  шкала  бойынша 4,78 балл­ға дейін өсті дейді сала мамандары. Қағазға жазыл­ған мәлімет пен айтылған сөздің қаншалықты рас екенін анықтап көрдік. Расында да жоғарыда көрсетілген секундтардың арғы-бергі шамасында қоңырауды қабылдады. Тек зығырыңды шығарған «қай тілді таңдайсыз?» деген сауалдар болмаса, кірпік қаққанша операторға қосылдық. Оператор да байыпты сөйлеп, жауабы кәдемізге асты. Қарбалас  тіршіліктен шаршаған кейбір адамдар  ашуға булығып, дауыс көтеріп, сілкініп  тұратыны  даусыз. Мұндай жағдайда білікті мамандар эмоцияға ерік бермей, сапалы қызмет  көрсететініне  сенеміз.

Айта кету керек, 1414-тің атын жамылып, смс арқылы жалған хабарлама жіберушілер көбей­ген. Қазіргінің Алдар көселерінің қармағына түсіп, қиындыққа душар болып қалмаңыздар. Бүгінде жер қаптырып кететіндердің қатары толықпаса, азаяр емес. Сондықтан да 1414 бірыңғай байланыс орталығының осылай жеке ашылғаны оңтайлы қабылданған шешім екені  сөзсіз.

Азамат  АБИМОЛДА.

Суретті  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: