Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұғырлы тәуелсіздікке – 30 жыл

26.04.2021, 9:30 1335

Тәубенің зоры – тәуелсіздік

Халық нақылы

Тұғырлы елдің тәуелсіздігі де тұрақты. Тәуелсіз ел бақытты. Тәуелсіздік – Алланың берген ұлы сыйы. Тәуекелі бар елдің алған тәуелсіздігі қайырлы болмақ. Міне, Қазақстан тәуелсіздігі – бабалар тәуекелімен келген Тәңір сыйы.

Ел басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз», – деген болатын. Айтса айтқандай, қазақ осынау ұлан-байтақ жерін ешкімнен қол жайып сұрамады, ешкімнен тартып та алған жоқ, жалға да жалбарынып өтінбеді. Тек ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен соңғы қасық қаны қалғанша қорғап бақты. Ұрпаққа аманат етті. Қастерлі тіл – ана тілін ұлықтап, сәл мұрты бұзылса, шырылдап, «Тілім өлсе… мен де бірге өлемін» деген қайсар рухты қазақ баласы оның да шұбарланбауын, «арасының басқа тілмен былғанбауын…» тіледі. Атадан мұраға қалған береке-бірліктің шашауын шығармай, «әр қазақ – менің жалғызым» ұстанымына адал болды, қанына сіңген қонақжайлылығынан қаншама рет теперіш көрсе де – өз даласындай жазира көңілінен еш айнымады, қайта «Таспен ұрғанды аспен ұр» ұранын берік ұстап, «Аққа – Құдай жақ» әппақ көңілімен дұшпанын да дос еткізді…..

Тұғырлы тәуелсіздік жылдарына биыл – 30 жыл. Жігіт жасындай біршама уақыт дегенімізбен, әлем тарихымен салыстырғанда азғантай ғана уақытқа саяды. Дегенмен осы кезеңдерде еліміз еңселі шыңдарды бағындырып, әлемдік саяси аренада өз орнын айқындады. Бағытын көрсетіп, «мен атайын» дейтін мықтыларға өз көзқарасын еркін ұсынды, қажет болса санасу керектігін көрсетті. Халықаралық ұйымдар мойындаған нақты құжаттарда көрсетілген шекарасын шегендеп, 120-дан аса мемлекеттермен достық қатынас қалыптастырды. Экономикалық тұрақтылықты орнатып, енді ғана бойын түзей бастаған жас мемлекетке ірі қаржы көздерін тартты. Инвестор тартуда посткеңестік елдердің ішінде көш бастады. БҰҰ, Еуропалық одақ, Халықаралық вальюта қоры, ЮНЕСКО секілді ықпалы жоғары ұйымдарға мүшелікке кіріп, көшбасшы елге айналды. «Қасымханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «әз Тәукенің жеті жарғысы» секілді бабалар жолынан бастау алатын заңдар жобасын жасады. Сондай-ақ, егемен мемлекетіміз 140-тан аса ұлт пен 17 конфессия өкілдерінің басын қосқан, пана болған қара шаңыраққа айналды. Қазірде қазақстандық азаматтық келісім халықаралық деңгейде мойындалып, озық үлгілер көшін бастайды. Әлем алпауыттарын алаңдатқан жаһандық дағдарыстарды да еңсеріп, табысты экономиканы жолға сала алды. Алғашқылардың бірі болып ел көлемінде қандайда бір ядролық қару пайдалануға тиым салып, басқаларға болашаққа жол көрсетті. Басқару жүйесінің бір ізділігін қалыптастырып, әрбір қазақстандықтың жайлы өмір сүру үшін ыңғайлы Қазақстанды жасай алды. Қиын уақытта елордасын тұрғызып, қазіргі көркемдігімен күллі келушілерді қызықтыратын Нұр-Сұлтан қаласының кірпішін қалады. 1991, 1995, 2001, 2011 жылдары дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақырып, миллионнан аса жердің түкпір-түкпірінен өз қандастарын атамекеніне алдырды. Айтулы бастамалардың артында ұлы Тәуелсіздік тұр! Егемендіктің өзі келмегендігін де айта кетуіміз шарт.

Тіл тұсалып, ой тұтқындалған тұста шындық шырғалаңға түсіп, сөздің саудаға салынған, саясаттың қақпайына бағынған кешегі тоқырау жылдары да қазақтың Тәуелсіздікке деген ұмтылысын саябырсыта алған жоқ. «Ол уақыттарда оңай болды» деп ешкім айта алмас. 1990 жылдары экономикалық жағдайын бағдарлай алмай қалған Кеңес үкіметінің себебінен елімізде жаппай жоқшылық жайлап, дүкен сөрелері бас қалды. Рубль құнсызданып, талондар арқылы есептесетін халге жеттік. Қылмыстық топтар көбейіп, басқарусыз қалғандай болған мемлекет көлемінде өз ықпалын жасағысы келген тараптар пайда болды. Енді ғана еңсесін тіктеген ел ішінде бүлік салып, іріткі орнатқысы келген Отан опасыздары да бой көрсетті. Оның барлығы да мемлекеттің сарабдал саясаты мен елім деген ел ағаларының ерең еңбегінің, сондай-ақ бірліктің озық үлгісін көрсете алған пәруана пейілді халқымыздың арқасында бүгін тек күліп еске алатын тарих беттеріндегі жай оқиғаға айналды.

Өткеннен келді, қастерлеп, қасиетіне жете алу – бүгінгі тәуелсіз Қазақстандық әрбір перзентке міндет. Ел егемендігін мәңгілік ету – болашаққа парыз!

Ғибрат ҚОЖАБАЕВ,

дінтану магистранты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: