Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зияткерлік меншік – ұлт дамуының негізі

22.05.2025, 9:00 950

Зияткерлік меншік – ұлттың интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуетінің негізі. Ғылыми жаңалықтар мен шығармашылық идеялар тек құқықтық қорғау арқылы ғана нақты экономикалық құндылыққа айналады. Жаһандану жағдайында зияткерлік меншік мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық өсімнің маңызды факторына айналды. Сондықтан оны дамыту мен қорғау ұлттық экономика мен мәдениеттің тұрақты өркендеуінің кепілі саналады. Осы стратегиялық міндетті заңнамалық деңгейде қолдау аса маңызды. Мәжілістің жалпы отырысында зияткерлік меншікті қорғау мен дамыту мәселесі қаралып, Парламент қабырғасында қызу пікірталасқа ұласты. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заң жобасын таныстырып, оның негізгі нормаларына  кеңінен  тоқталды.

ЗАҢДАҒЫ  ӨЗГЕРІСТЕР  –  САЛАҒА  СЕРПІН

Министр баяндамасында атап өткен­дей, заң жобасында бірқатар жаңа­шылдық  қарастырылды.

Біріншіден, хабар тарату ұйым­да­рының құқықтық мәртебесі нақты айқындалады. Бұл норма Қазақстанның 1961 жылғы Рим конвенциясы талабына сәйкестігін қамтамасыз етіп, халық­аралық стандартқа жақындатады. Бұл өзгеріс эфирлік өнімге авторлық және сабақтас құқықтар аясында әділ құқықтық  режим  қалыптастыруға мүмкіндік  береді.

Екіншіден, көру қабілеті шектеу­лі адамдар үшін шығармаларды арнайы форматтарда (Брайль шрифтінде неме­се дыбыстық нұсқада) пайда­лану құқығы енгізіледі. Бұл – Маракеш келісімі  негізінде жүзеге асырылып жат­қан әлеуметтік бағдарланған ма­ңызды қадам. Мұндай жаңашылдық шығармашылық өнімге тең қолжетімділікті  қамтамасыз  етеді.

Үшіншіден, тауар таңбасын тіркеу­ге қатысты жеделдетілген сарап­тама тетігі ұсынылуда. Бұл құқықтық қорғау мерзімін жеті айдан үш айға дейін қысқартып, кәсіпкерлер мен өндірушілерге зияткерлік активтерін жедел қорғауға  жол  ашады.

Төртіншіден, тауар таңбасын тір­кеуге қатысты жарияланған дерекке қарсылық білдіру мерзімі бір айдан екі айға дейін ұзартылып отыр. Бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді және бәсекелестер мен мүдделі тараптардың өз ұстанымын нақты ұсынуына жол ашады.

Бесіншіден, өнертабыстық деңгейге сай келмейтін патенттік өтініштерге қатысты формальды сараптама қорытындысы бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жолданатын болады. Мұндай жеделдік өтініш берушінің уақытын үнемдеп қана қоймай, артық шығындардың  алдын  алады.

Алтыншыдан, патенттік сенім білдірілген өкілдер институтын реттейтін жаңа талаптар ұсынылып отыр. Өкілдердің қызметін саралау мен дараландыру тетіктері енгізіліп, біліктілік пен жауапкершілікке қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл салада кәсіби стандарттарды көтеріп, өтініш берушілерге сапалы  қызмет  көрсетеді.

Зияткерлік  меншікті  қорғау  мәсе­ле­сі әлемде жаңа бағыт емес. Керісінше, оның құқықтық негізі ғасырлар бұрын қаланды. Мәселен, 1474 жылы Венеция­да алғашқы патенттік жүйе қабылда­нып,  өнертапқыштардың еңбе­гін  қорғау  заң  жүзінде  бекітілді. Бұл – адамзат тарихында инновация­лық идеяны құқықтық қорғауға арнал­ған  алғашқы  құжат.

1624 жылы Англияда «Statute of Monopolies» деп аталатын алғашқы патенттік заң қабылданып, зияткерлік меншік жүйесі заңнамалық тұрғыда ресми бекітілді. Ал 1787 жылы АҚШ Конституциясына автор­лық құқық пен өнертабысқа қатысты арнайы бап енгізілді. Бұл құқықтар АҚШ-тағы экономикалық және ғылыми прогрестің негізгі қозғаушы  күшіне  айналды.

Осы тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, зияткерлік меншік инс­титутының дамуы елдің инновациялық қуатымен және құқықтық мәдениетімен тікелей байланысты.

1996 жылдан бастап Қазақстанда зияткерлік меншіктің құқықтық реттелуі жүйелене бастады. Бүгінде бұл сала «Авторлық құқық және сабақ­тас құқықтар туралы», «Патент туралы», «Тауар таңбалары тура­лы» заңы мен Азаматтық кодекс­тің  5-бөлімімен  реттеледі.

Алайда заңдардың формалды сипаты мен құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтар қоғам тарапынан сынға жиі ұшырайды. Автор­лар мен құқық иеленушілер өз құқықтарының бұзылу фактілеріне жиі тап болып, тиісті қорғалу деңгейінен қағылып жатады. Бұл – зият­керлік меншік саласындағы негіз­гі  проблемалардың  бірі.

Ұсынылып  отырған  заң   жобасы – Қазақстандағы зияткерлік меншік жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Ол отандық заңнаманы халықаралық стандарттарға жақындатып қана қоймай, авторлық құқықты қорғаудың нақты ме­ханизм­дерін  нығайтуды  көздейді.

САРАПШЫЛАР  ҰСЫНЫСЫ  –  УАҚЫТ  ТАЛАБЫ

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың сөзінше, зияткерлік меншік құқығы – тек заңнамалық категория ғана емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін  қорғаудың  басты  құралы.

Парламенттің төменгі палата депута­ттары заң жобасына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты. Депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша, елімізде 16 авторлық құқық қоғамы тіркелді. 2023 жылы бұл ұйым­дар 1,55 миллиард теңге жинап, соның тек 439 миллионын ғана авторларға үлестірген. Бұл – құқық иелерінің заңды мүдделерінің аяққа тапталуы  деген  сөз.

Сонымен қатар фонограмма мәселесі де талқыға түсті. Авторлар емес, фонограмма жасаушылар­ға сыйақы төленуі түпнұсқалық  өнер­ді емес, жасанды музыканы қолдау  саналады.

Депутат Нұргүл Тау интернеттегі авторлық құқықты бұзатын пираттық контентке қарсы нақты құқықтық құралдар заң жобасында қарастырылмағанын сынға алды. Мәселен, АҚШ-та DMCA заңы неме­се Еуроодақтағы Авторлық құқық директивасы секілді тиімді тетіктер  Қазақстанда  жоқтың қасы.

Бақытжан Базарбек депутаттық сауалында 2024 жылы авторлық қоғамдар 1,7 миллиард теңге жинап, оның тек 53 пайызын ғана автор­ларға таратқанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш  заңда  белгіленген 70 пайыздық межеден төмен. Қажет болса, осыған байланысты авторлық  мекеме басшыларын жауапкершілікке тарту керек.

Анас Баққожаев ауыл шаруашы­лығы саласындағы авторлық құқық иелерінің мүддесі ескерусіз қалып отырғанын атап өтті. Мәселен, отандық ғалымдар мен селекционерлер жасаған жаңа өсімдік тұқымына қатысты құқықтық механизм жеткіліксіз.

Интеллектуалдық меншік саласын дамыту – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен инновациялық дамуы үшін аса маңызды. Өйткені,  зияткерлік   сала – елдің дамуына тікелей жауапты саланың бірі. Бұл туралы WIPO-ның бұрынғы басшысы Фрэнсис Гарри былай түсіндіреді: «Зияткерлік меншік жүйесі – ғылыми жаңалықтарды, технологияларды, мәдени өнімдерді коммерцияландыру мен дамытуға арналған құқықтық құрал. Яғни инновацияны ынталандырып, экономикалық дамуға тікелей  ықпал  етеді».

PhD Шынар Жандосова өзінің «Қазақстандағы зияткерлік меншік құқығының теориялық және практикалық негізі» монографиясында зияткерлік құқықты қорғаудағы негізгі кемшілікті атайды. Автор Қазақстан WIPO-ның мүшесі және TRIPS келісімінің қатысушысы болғанымен, іс жүзінде халықаралық стандарт толық орындалмай отырғанын дәйектейді. Қазақстанда зияткерлік меншік нысанын тіркеу, құқығын қорғау мен іске асыру тетігі формалды сипатқа ие. Ал құқық иелері мен бизнес субъектісі тарапынан сенім деңгейі төмен. Бұл жағдай, әсіресе авторлық құқық пен патенттік құқық саласында жиі байқалады. Тіркеу рәсімінің ұзақтығы, сараптама сапасының төмендігі, құқықбұзушылыққа қарсы нақты әрі жылдам әрекет ету механизмінің әлсіздігі – басты проблема қатарында.

Қазақстанда шығармашылық өнім нысандарын тіркеумен айналысатын уәкілетті орган – Әділет министрлігіне қарасты Ұлттық зияткерлік меншік институты (Qazpatent). Мекеме ұсынған дерекке сәйкес, 2020 жылы – 900, 2021 жылы – 805, 2022 жылы 585 өнертабыс патенттелді. Ал тауар таңбаларын тіркеу бойынша 2022 жылы 5165  өтініш  тіркелді.

Алайда бұл көрсеткіш халықаралық деңгеймен салыстырғанда өте төмен.  Мәселен,  2020 жылы Қытай­да – 1,4 млн, АҚШ-та – 621 мың, Жапонияда – 307 мың, Оңтүстік Кореяда – 219 мың, Германияда 78 мың патент тіркелді. Қазақстан – 145-орында. Тіпті, Тәжікстан (114), Қырғызстан (88), Өзбекстан (55) елдері­нен  де  артта  қалып  отыр.

Қазақстандағы патенттік көрсеткіштердің төмен болуына бірнеше негізгі фактор әсер етеді. Біріншіден, заңнамалық база қазіргі заман талаптарына толық сай емес. Екіншіден, патенттеу процедуралары күрделі әрі ұзаққа созылады, бұл өнертапқыштардың уақытын үнемдеуге және ынтасын сақтауға кедер­гі жасайды. Үшіншіден, сарап­таманың сапасы кейде халық­аралық стандарттарға сәйкес келмей, сенімділікті төмендетеді. Сонымен қатар, инновацияларды қолдау шара­лары жеткіліксіз, ал ғылыми ұйымдар мен бизнес секторы арасындағы өзара байланыс әлсіз дамыған. Осындай олқылықтарды жаңа заң жобасы шешуге бағытталғанына  үміт  артамыз.

ЗИЯТКЕРЛІК  МЕНШІКТІҢ  ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ҚУАТЫ

Зияткерлік меншік – ғылыми жаңалық  пен шығармашылық идея­ны  экономикалық құндылық­қа айнал­дыратын стратегиялық құрал. Бүгінде әлем елдері бұл тетікті ғылыми-техникалық прогресті, инновацияны және кәсіпкерлікті дамытуда кеңінен қолдануда. Жаңа білім мен өнертабыс енді жай ғана ғылыми жетістік емес, жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті айқын­дайтын негізгі фактордың біріне  айналды.

АҚШ – зияткерлік меншікті тиімді пайдаланудың жарқын үлгі­сі. Американың Сауда министрлігіне қарасты Зияткерлік меншік жөніндегі ведомствоның (USPTO) мәліметінше, бұл сала 2020 жылы ЖІӨ-нің 38 пайызын қамтамасыз етіп, шамамен 6,6 триллион доллар көлемінде табыс әкелді. Бұл – өнді­ріс, IT, медицина, биотехнология, креативті индустрия сияқты секторларды қамтитын кең ауқымды нарық.

Әлемдегі жетекші жоғары оқу орнының  бірі Massachusetts Institute of Technology (MIT) жыл сайын өз ғалымдарының патенттік әзірлемесінен 200 миллион доллардан астам кіріс табады. Бұл университет ғылым мен бизнестің тиімді синтезінің нақты мысалы болады.

Қытайда Huawei, Tencent, Aliba­ba секілді ірі корпорациялар зият­керлік меншікті компанияның стратегиялық активі ретінде қарас­тырады. Бұл компаниялар әр жыл сайын мыңдаған патент мен автор­лық құқық нысанын тіркеп, жаһандық нарықтағы бәсекелік артықшылыққа  ие.

Жапония мен Сингапур ғылым мен технологияны экономикалық дамудың негізгі локомотиві ретінде қарастырады. Бұл мемлекеттерде ЖІӨ-нің 25-30 пайызы ғылыми-технологиялық саладан құралады. Мемлекеттік деңгейде ғылым мен инновацияны қолдау жүйесі нақты экономикалық нәтижемен  ұштасады.

Еуропалық Одақ та ғылыми-­зерттеу мен технологиялық жаңалықты ілгерілетуді басты басымдық ретінде белгіледі. 2021-2027 жылы «Horizon Europe» бағдарламасы аясын­да ғылым мен инновацияны дамытуға 95 миллиард еуро көлемінде қаржы қарастырды. Бұл қаражат ғылыми институттарды қаржыландыруға, патенттік бастамаларды қолдауға, өнертабыс пен стартаптарды коммерцияландыруға бағытталады.

Қазақстанда да зияткерлік меншіктің экономикалық әлеуеті артып келеді. Әсіресе, Astana Hub IT-стартаптар технопаркі осы бағыттағы негізгі алаңға айналып отыр. 2024 жылға дейін мұнда 2400-ден астам стартап тіркеліп, 65 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл жобалардың шамамен 30 па­йы­зы өздерінің зияткерлік меншік ныса­нын – бағдарламалық жасақ­тама, өнертабыс, бренд – заңды түрде  тіркеді.

Qazpatent дерегінше, 2023 жылы елімізде 4,5 мың патент, 10 мыңға жуық тауар таңбасы және 300-ге жуық өнеркәсіптік үлгі тіркелді. Қазақстан Патенттік кооперация шартына (PCT) мүше болу арқылы өз өнертабысын шетел нарығында қорғау мүмкіндігіне ие болды. Бұл отандық өнертапқыштарға халық­аралық аренада сенімді құқықтық қолдау  береді.

Соңғы жылдары креативті индустрия да зияткерлік меншіктің маңызды бір тармағына айналды. Дизайн, анимация, ойын индус­триясы, кино және музыка саласы экономикадағы үлесін біртіндеп арттыруда. 2023 жылғы мәлімет бойынша креативті сектор елдің ЖІӨ-нің 1,7 пайызын құрады. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта артатынына сенім мол. Өйткені әлемдік трендтер мен цифрлық экономиканың дамуы осы бағыттағы жаңа мүмкіндікті  ашып  отыр.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зияткерлік меншікті елдің экономикалық қауіпсіздігі мен инвестициялық тартымдылығын   арттыратын маңызды фактор ретінде қарастырады. Мәжілісте ұсынылған заң жобасы – осы бағыттағы нақты қадам. Оның жүзеге асуы ғылымды, кәсіпкерлікті, креативті индустрияны дамытуға және халықаралық беделді нығайтуға ықпал етеді. Өйткені,  зияткерлік    меншік – ұлттың интеллектуалдық капиталы. Сондықтан оны дамыту – мемлекеттің болашағына салынған инвестиция, ал оны  қорғау – стратегиялық міндет. Біз Мәжіліс қабырғасындағы пікірталастан  осындай  ой түйдік.

Коллаж: adilet-gazeti.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: