Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жатағы жоқ, шатағы көп…

15.09.2022, 11:20 221

Коллаж   egemen.kz  сайтынан  алынды.

Қай елге, жерге барсаң да, жатын орның мен ортаңның таза, жақсы болғаны маңызды. Дегенмен, үйінен жыраққа кетіп, бар күшін білімге саламын деген  жасқа  өзі таңдаған оқу орнының студенттік жатақханасы болса жақсы. Болған күннің өзінде тұруға жағдайы келмейтін жатақтың ақысын аспанға шығарып қоятыны бар емес пе?! Соңғы уақытта көпшіліктің назы – осы. Ата-ана да, бала да студенттер үйінің жағдайына наразы. Оқу жылының басталғанына екі аптадан асты. Бірақ, жатақханаға орналаспаған студенттер саны әлі де көп. Әлеужеліде таралған бейнеден Алматы қаласына оқимын деп барған студенттер көше кезіп, түнін даладағы орындықтарда өткізіп жүргенін көрдік. Олардың оқу орны осы жайттан хабардар болмауы мүмкін емес. Өзге қаладан келген студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету әр оқу орнының ең негізгі міндетіне кіреді. Жаратқан бәледен әрі етсін дейік, бірақ оларға бір жағдай болса, кімдер жауап бермек?  Жастар жатақхананы жатсынып немесе жағдайына ештеңе демейді. Оларға орын табылмаған. Демек, Қазақстан бойынша бұл мәселе әлі де шешімін табады деп айту қиын. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, ескі жатақханадан қаша берсең, қымбат пәтерге ғана ұрына аласың. Оған да ұрынсаң жақсы ғой, ірі қалаларда пәтердің өзі табылмай әлек. Осы жағдайды ойлай келе, елімізде студенттер үйінің санын арттыру қажет деген тұжырымға келесің. «Тереңді қазбай», тап осындағы жатақханалардың жай-күйіне тоқталсақ. Облыс орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиеті. Қазір онда 8000-ға жуық студент білім алып жатыр. Ал жатын орны көңіл көншіте ме? Талқыға салған тақырыпты студенттердің пікірімен жалғастырсақ.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерге арналған бес жатақханасы бар. Демек, ондағы студенттердің қажеттілігіне қарай орын табылып жатыр деген сөз. Десек те, студенттердің жайын көзбен көруді ұйғарып, №3 студенттер жатақханасының тыныс-тіршілігімен таныстық. Кіргеннен «Студенттер үйі» деген мәтін қайда келгеніңді анық көрсетіп тұрғандай. Жатақхана тұрғындарының келісімімен  студенттердің  бөлмесін аралап, жағдайына жіті зер салдық.

– Жатақханаға орналасу  жағынан ешқандай мәселе болған жоқ. Деген­мен, келгеннен кейін кемшін тұстарын көзге шалдырдық. Студент­тің жатын жері болғандықтан жарық жер іздейсің. Бірақ кеш қарайса, жарықтың әлсіздігі сабақ оқуға кедергі жасайды, – деді бірінші қабаттың  тұрғындары.

Біршама студент мұнда дәл қазір жылы су кел­ме­гендіктен суға түсетін орын ортақ екенін айтты. Соның салдарынан бірқатары өз уәжін білдіріп, жатақ­ханаға ортақ су жылыту жүйесін орнатуды ұсынып отыр. Дейміз-ау, бірақ оның артында қаншама шығын мен шаруаның жатқанын аңғарасың. Сонда да болашақты тізгіндейтін жастарға қандай жағдай жасаса да жарасар еді. Елінің үделі қызметі күтіп тұрған студент әлден жоқшылық көрмеуге лайық. Хош. Кез келген жердің өзіндік заңы мен міндеттемелері бекітіледі. Бұл жердің де дәл солай өз қағидалары қалыптасқан. Мұндағы жағдай ғима­раттың ескіруінен болғаны түсінікті. Су жүйесі, электр жүйесі, жылу жүйесі деген жұмыс айтыла-айты­ла «шаршаған» мәселе. Сондықтан сауықтан бұрын жеке бастың саулығын басты назарға алып, өз жағдайыңды жасауды қолға алуың керек. Бұл түйін тұрғындардың  мына  бір сөзінен пайда болды.

Жатақханада кейбір бөлмелерде тұрмысқа қажетті заттар түгел болмағаны рас. Өйткені қарапайым айна, тазалық жұмысына қажетті сыпырғы сынды заттарды тұрғын өзімен бірге алып келуі қажет екен. Әрине бөлмедегі қыздармен бірлесіп сатып алып, пайдаланып жатырмыз. Дегенмен соңғы үлгідегі жатақханаларды осы затармен қамтамасыз ететіні рас. Бұл жағдайды осында да жасап қойса, көбінің бір дүниесі толыққан болар еді, – деді Жұлдыз есімді тұрғын (өз қалауы бойынша аты өзгертілген).

Жатақханаға барған соң біраз бөлмені аралап көруді алға қойған едік.  Нәтижесінде 5-қабат тұрғындарының «бізге мүлде су көтерілмейді» деген уәжін естідік. Бұл туралы жатақхана қызметкерлерінен сұрағанымызда «оның барлығы оңалады» деген жауап алдық.  Оқу жылының басталғанына көп бола қоймаса да студенттердің әлі күнге дейін сусыз күнелтіп жүргеніне таң қалдық. 

Негізі  ауызсуды  бұл  уақытқа дейін сырттан тасып алып ішіп жүрдік. Өйткені мұнда ауызсуды ішуден бұрын жуынуға, одан да басқа қажеттіліктерді өтеу­ге пайдалана алмай жүрміз. Қазір өзге қабат­тардың әжетханасын пайдаланып, жуынатын кезде сол жаққа барып жүрміз, – деді  5-қабат  тұр­ғыны.

Сырт келбетіне қарап, алаңдайтын ештеңе жоқ секілді көрінетін студенттер үйінің бұл – аз ғана кемшілігі. Ескі ғимаратқа өкпе артпауды ойлап, көпшілігіне «кешіріммен» қарадық. Дегенмен, университет басшыларының мұндағы студенттерге барлық жағдайды жасап жатқанына куә болдық. Көбінің ауызсу жоқ деген сөзін ескере келе, жатақхана ішіне фильтрленген судың литрін 10 теңгеден құйып беретін арнайы аппарат орнатыпты. Демек, жоғарыда айтып өткен кемшін істің барлығы уақыт өте келе толтырылып, студенттердің талап-тілегіне көңіл  бөлінеді  деген  сенім  білдірдік.

Мұнда студенттерге арналған оқу залы, акт залы, университеттің бокс залы орналасқан. Сондықтан студенттер бос уақытында көңілді отырыс жасауды жоспарласа, өткізуге  қолайлы  деп  айтуға  болады.

Жалпы, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының жатақханаларына көз салсақ, көбі студенттерге жақсы жағдай жасап отыр. Әлеужелінің әр жерінен студенттер үйінің түрін көрейік деп үңілген кезде де көз қуанарлық жағдайға сүйсіндік. Ірі мегаполисті қалалардың жатақханасының тұру құны қымбат болса, жасалған жағдайы да соған тұрарлық дерсің. Ал кейбір жатақханалардың басшылары «студенттерге арзан етіп тұруға мүмкіндік беріп отырмыз, оларға дәл мұндай бағада ешкім жатақхана ұсына алмайды»  дейді.

Біз тек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №3 Студенттер үйінің жағдайымен таныс­тық.  Дегенмен, қалған жатақханалары да облыс орталығынан орын тепкен. Өзге «үйлерінің» қолданысқа берілгеніне көп болмағандықтан ондағы  мәселе  қатты  алаңдатпайды  деп  білдік.

Өңірде біршама жатақхана бар. Оның барлығының жағдайын сын көтермейді деу де артық. Өйткені  жақында ғана ашылған «Өркениет» студенттер үйі қазір бірнеше оқу орнымен келісімшартқа отырып, тәуелсіз жатақхана ретінде студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отыр. Алшылғанына жылға жуықтаған жатақхана студенттерді әлеуметтік-тұрмыстық дүниелермен де қамтамасыз еткен жайы бар. Дегенмен «бірақ» дейтін тұсы да жоқ емес. Жалпы жатақханалардың бір бөлмесі 2-4 ғана адамға арналуы қажет екені ескерілмегендей. Мұнда көп дегенде  9 адамға арналған бөлмелер таңданысыңды тудырады. 10-ға жуық студенттің «еркелігі» ессіздікке ұласып, түрлі жағдай орын алмау үшін оларды аз ғана адамнан топтап, бөлмелер­ге орналастыру қажет секілді көрінді. Бірақ мұнда студенттерге жасалған жағдай тәуір деуге болады. Жан-жағында асхана, фитнес зал орналасқан. 24 сағат күзетшілер мен қарауыл қызметкерлері де жұмыс істейді. Яғни, бұл жердің өзіндік тәртібі мен қалыптасқан қағидалары бар. Кітапхана, коворкинг орталығы, кір жуу бөлімі, киім тігу бөлмесі сынды орындарда студенттер қалағаны­нша шаруасын атқара беруіне болады. Бірақ, ереже бойынша тек 11:00-ге  дейін.

Жақында Қызылорда медициналық жоғары колледжіне оқуға түскен бірінші курс студентіне сол оқу орнының студенттік жатақханасынан орын берілмеген. Алдымен бірінші курс студенттерін толық қамтамасыз ету керектігін айтып барғандарға орынның жоқ екенін айтып шығарып салған. Өзектен тебу деген осы шығар. Сонда ондағы қызметкерлерге студенттің ертеңгі жағдайы мен жатын орны маңызды болмағандай көрінді. Осы оқиғаның өзі колледждің студенттерге жасаған жағдайының деңгейінен сыр беріп тұрған секілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оқу орны тек студенттерге білім беріп ғана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайын реттеп, жатақханадан орын алып беруіне барынша жағдай  жасауы  керек.

Қоғамда  қазір  теріс  пікір  қалыптасып  келе  жатыр. «Студенттер  далада  «қаңғырып»  жүр.  Олардың  бас  амандығына  ешкім  көңіл бөлмейді» деген. Шынын айту керек, олай болған күннің өзінде жағдай орын алмайынша, біздікілер «қимылдамайды». Ол – рас нәрсе. Бүгін өңірдегі студенттер үйі­нің кемшілігін айту арқылы оның деңгейін түсіру емес, алдағы уақытта жоғы толықтырылып, жағдайы­на көңіл бөлінсе екен деген оймен назар­ға алғанымызды  ескерте өткеніміз жөн. Алайда айтыл­ған  нәрсе сол жерде қолып қоймаса болғаны.

Біздің елімізде «барды бар, жоқты жоқ» деп айту үшін рухты болуы жеткіліксіз. Қоғамдық резонанс туғызатын тақырыпты талдау да қиын. Сондықтан бармақбастылыққа жол бермей, кемшілікті көрсетуді ұйғардық, алайда бұл арқылы белгілі бір нәтижеге жету қиын. Қатып қалған дақты қырып тастау­ға да күш керек. Ол үшін қолдағы сайман қайратты болғаны жөн. Егер ол әлсіз болса дақ та кетпейді, өзіне де зиян келеді. Сондықтан назарға алған істі тыңғылықты әрі уақытында орындау арқылы жұмысы­мызға дақ түсірмей жүргенге не жетсін. Оны  түсініп  жатқан  біреу  болса…

ТҮЙІН. «Студент болсаң, жатын орныңды  сайлап ал» деген әзіл-шыны аралас сөз ойға келеді. Ойға келгенді іске асыру – ләзім іс. Біз барған студенттер үйінің жағдайы оңалып, кемшілігі кемитініне сенім білдірдік. Өйткені барлығына уақыт төреші. Алайда, ең  маңыздысы – адам  өмірі  екенін ұмытпағанымыз  абзал.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: