Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төтенше жағдай: Еріктілер орған шөп қайда кетті?

15.07.2021, 12:00 475

Елімізде қуаңшылыққа байланысты тұңғыш рет төтен­ше  жағдай  жарияланды.  Бұл – мұндай  азапты  күндер бұрын-соңды болмағанының дәлелі. Қазақылыққа салынып, бейжай қарағанымызбен теңіз жағалаған жұрт жұттың аузында тұр. Аралда шөп шықпай қалудың қандай сұрапыл зардабы болатынын бiлген адамға бұл сес­кенiс-үрейді түсiну қиын емес. Сыр халқын сергелдеңге салған құрғақшылық аралдықтардан айырылмайтын түрі бар. Қырылған малдар мен түрлі кеселге шалдыққан төрт түліктің жоғын жоқтап осы уақытқа дейін төтенше жағдайды тілеп келдік. Десе де, кешеуілдеп жетті. «Шүкір» дестік, себебі бұдан әрі кете берсе, Арал шаруа­лары қыстан аман шықпайтын түрі бар. Еріктілер де бірлесіп, шөп оруға кірісті. Күллі қазақ қуаңшылықтың зардабын тартқандарға көмек көрсетуде жұдырықтай жұмыла білді. Ендігі үкіметтен де, халықтан да келер көмек көп. Бірақ, жоғарыдан берілген пәрмен жердегі шаруаларға  жете  ме?..

Аралдықтар  арықтаған  малдарын  тегін  дерліктей  сатып жатыр. Өйткені, малдары қыста жұтап, бәрібір қырылып қала ма деген уайым бар. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданда төтенше жағдай жарияланғанын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін төрт түлікпен күнелткен халықтан 559 бас мал өлімі тіркелген. Мұның алдын алу үшін жұмыстар атқарылды десіп жүр. Бейқам билік кеш қимылдады. Мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында аудандық төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы 2 рет өткізіліп, суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарынан құралған еріктілер көмегімен кезек­шілік жұмыстары ұйымдастырылып, САLL-орталығы іске қосылды. Сондай-ақ, пада мәселесі күшейтіліп, ветеринариялық топтармен ауру малдарға тегін емдеу жүргізілді. Бұл өз кезегінде мал өлімін тоқтатуға септігін тигізді-мыс. Одан бөлек, қуаңшылықтың «бағдаршамы» да үш түсті көрсетеді. Шөп шығымына байланысты ауылдық округтер «қызыл», «сары» және «жасыл» болып 3 аймаққа бөлінген. Оның ішінде қызыл аймаққа – 13, сары аймаққа – 6, жасыл аймаққа 4 ауылдық  округ  енгізіліпті.

– Төтенше жағдай салдарын жою мақсатында жем-шөпті ұлғайтып, шабындықтарды кеңейту үшін 8 каналды тазартамыз. Ол өз кезегінде екі бірдей көл жүйе­сін ретке келтіруге көмегін тигізеді. Бұл каналдардың толыққанды  жұмыс  істеуі  үшін «Бұрмақұлақ»  арнасын  бөгеу арқылы «Аспай» суағытқысын іске қосу керек. Үшіншіден, меншікке  алынған 49 су  ұңғымасын  құжаттан­дыру  керек. Бірінші  кезекте  «қызыл аймаққа» енгізілген  елді мекендердегі 15 су ұңғымасын іске қосамыз деп отырмыз. Сырттан келіп жатқан шөптердің жанар-жағар­майын өтейтін  боламыз. Ауданда  қатты ыстық болып,  құм  көшуі болып жатыр. 6 елді мекенде қатты кесірін тигізіп отыр. Тұрғындардың  үйлеріне  көтеріліп, жолдарды жабуда. Соған байланысты керекті техникаларын да айтып, ұсынған болатынбыз. Бұл  жұмыстарға 1 млрд 236 млн  теңге  бөлінеді, – деді  аудан  әкімі  Серік  Сағитжанұлы.

Төтенше  жағдай  барысында  атқарылатын істер тізбегі – осы. Мамандардың пікірінше, бұл жұмыстар арқылы аудан құрғақшылықтан құтыла алады. Лайым солай болсын деп тілейміз. Жергілікті тұрғындардың тілеуін беріп, күн райының да беті бері қараған сияқты. Енді тек талмай еңбек ету ғана қалды.

«Жығылғанға жұдырық» деп шөптің бағасы да күрт өсіп кетті. Шаруалар қымбатшылық пен құрғақшылықтың ортасында отыр. Биліктен келетін көмекке көңілдері толмайды. Шығынға ұшыраған шаруаға шөптің бағасын сәл азайтып, қайта сатқанын олар түсінбейді. Себебі, бұл қымбатшылыққа дәл осы ақжағалылар кінәлі деп есептейді. Бұл туралы кейінірек… Шөп қажеттілігінен аймақ еріктілері бірігіп, жан-жақтан көмек жіберуде. Аудан әкімінен бұл туралы да сұрадық. Сөзінің басында ауданда ешқандай шөп тегін беріліп жатқан жоқ десе де кейіннен еріктілер орған шөп жағдайы төмен отбасыларға таратылып жатқанын айтты. Көмектің басы Қаратерең ауылының шаруаларына барыпты. Десе де, әлгі ауылдың бірнеше шаруасына хабарласып, ауылдағы ахуалды сұрағанымызда ешқандай көмектің жоқтығын, ешкімнен көмек көрмегендерін кесіп айтты. Тіпті арасында «әкімдердің барлығы өтірікті судай ағызады ғой» деуден де тайынбады. Тұрғындардың жергілікті атқару­шы билікке деген сенімі қалмаған. Оны жоққа шығаруға  ешкім  тырыспайтын  да  шығар.

Көмек жоқ емес бар. Оны біз де жоққа шығарғымыз келмейді. Тек бұл көмектер де соқыр сандар мен кезекті есепті жабу үшін жасалды ма деген қорқыныш бар. Бір үйге екі орам шөп тастап, ауылдағы жағдайы төмен отба­сыларды құтқарып қалдық деу – ақымақтық. Көмек керегінше көрсетілсе, ауыл шаруалары хабардар болуы керек еді. Шикіліктің иісі шығады. Көрсеткішті көтеру керек… Біздің білуімізше сырттағы еріктілерден келетін көмектің басы ауданға енді ғана жеткен. Бұл көмектер толық­тай тегін таратылады. Жеткізу қызметін де кәсіпкерлер көтеріп отыр. Сол үшін бұны да «бизнеске» айнал­дырып алмауды қатаң бақылау керек. Тегін шөп қажетті отбасыларға  жетіп, мәселені ел болып еңсеру керек.

Шыны керек, әлеуметтік желі беттерінде төтенше жағдайдың  кешігіп  жариялануы  қызу  талқыға  түсіп жатыр. Төтенше  жағдай  туралы хабар  маусымның  ортасын­да шыққан болатын. Десе де, қажетті құжаттар тек 13 шілдеде ғана аяқталып, министрліктің рұқса­ты сол кезде ғана  келді. Мәртебелі министр пәрменді кешіктірді. Бірақ, біздегілер де сүттен ақ, судан таза емес. Құжат­тарды дайындауды да жылдамдатуға болар еді. Қыс қарсыз, көктем жаңбырсыз өткеннен кейін ауылдықтар да, синоптиктер де құрғақшылықты болжады. Тек биліктегілер ғана бейқам отырды. Сол кезден бастап шөп жинап, жағдайдың алдын алғанда төтенше жағ­дайды болдырмауға болар еді. Алайда басшыларға бұны айтсаң, өздерін «көктемде жаңбырды күттік» деп ақтап алады. Екі ортада шаруалар шаш етектен шығындалып отыр. Еліміздегі қуаңшылыққа байланысты жария­ланған тұңғыш төтенше жағдай біздің аймақта болғаны сүйіншілететін  хабар  емес. Жергілікті  атқару­шы  биліктің  алдын ала дайын бола алмағанының анық көрінісі. Бұның салдарынан шөптің  бағасы Аралда ғана емес аймақта  толық өсіп кетті. Жауаптылардың жауап­сыздығынан  келген  зардап. Ендігі кезекте жоғарыда айт­қан  жұмыстарды шикіліксіз орындап, қыстың  қамы­на  ерте  қамдану  керек…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: