Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тері өндірісін қалай дамытамыз?

05.07.2025, 19:24 343

Қызылорда облысы – мал шаруашылығы дамыған, ауқымы кең аймақ, кей аудандарында тұрғындардың 80%-ы төрт түлік өсірумен күн көреді. Десе де, соңғы жылдары сол малдан алынатын тері мен жүнді кәдеге жарата алмай, мәселе күрмеулі күйінде қалды. Жыл сайын мыңдаған мал сойылады, оның терісі мен жүні ауыл шетіндегі қоқыс үйіндісін толтырып жатыр. Бір кездері пайда әкелген шикізат бүгінде керексіз дүниедей далада қалды. 2019 жылы ел бойынша ірі қара малдың өңделмеген терісін сыртқа шығаруға шектеу қойылған соң өңірдегі әр сиыр терісіне 5-6 мың теңге төлеп келген тері қабылдау орындары жабылып қалды.  Салдарынан  мал терісі қоқыста шіріп, жүздеген миллион теңгенің өнімі осылайша рәсуа болып жатыр. 2018 жылы өңірде 67 мыңға жуық тері сатылып, шаруалар кемінде 335 млн теңге табыс тапқан, ал бүгіндері осы әлеует қара бақырға да татымай қалды. 

Қазақстан жыл сайын 10 миллионнан астам өңделмеген тері өндірсе де, соның 3%-ға жетер-жетпесі ғана өңделеді. Тері өңдейтін бар-жоғы алты-ақ зауытымыз ішкі сұраныстың 20%-ын ғана қамтамасыз етіп отыр деген дерек бар. Арзан шикізат күйінде сыртқа өткізгенімізбен, көп ұзамай сол теріден тігілген дайын киімді шетелден қымбатқа қайта сатып алып жүрміз. Байырғы заманнан тері илеп, тон пішкен халықтың бүгінгі ұрпағы өз қолындағы мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. 

Әлемде былғары бұйымдарына сұраныс жоғары. Қытай, Италия, Түркия сынды мемлекеттер бұл нарықтан миллиардтаған доллар пайда көреді. Түркия әлемдегі шикі тері импортының 30%-ға жуығын бір өзі алып, күніне 3-4 мыңдай тері өңдейді. Ал Моңғолияда шамамен 40 миллион қойдың бір уыс жүні мен бір шөкім терісі босқа шашылмайды. Олар қой жүнінен «стекловата» аталатын құрылыс жылытқыш материалын шығарып, дүниежүзіне экспорттап отыр. Тіпті бұл елде тері мен жүнді былай қойғанда, мүйізі мен тұяғына дейін кәдеге жаратады. Осы үлгіден мал терісін толық пайдалану әлемде трендке айналғанын анық көреміз. Ал Қазақстандағы кереғар жағдай кім-кімді де «неге олай?» деген ойға қалдырмай қоймайды.

Бүгінде кез келген ауылдың шетінде қоқыс полигоны бар. Онда ит тартқан, жүні бұрқыраған, өткір сасық иісі қолқаны қабатын мал терісі алдынан шығады. Өйткені тері жинайтын орын болмағандықтан, сойылған малдың терісі қоқысқа тасталатыны үйреншікті көрініске айналды. Тері-терсектің бей-берекет далада шіріп жатқаны аймақ экологиясына зиянын тигізіп қана қоймай, адам денсаулығына қатер төндіреді. Парламент Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова осы мәселені Парламенттің пленарлық отырысында көтерген еді

«Шын мәнінде, мал қорымдарының орнына жай ғана шұңқырлар немесе жерге көміп тастаған ескі цистерналар қолданылады. Ал енді өлексені өртеуге келсек, бір сиырды өртеу үшін кем дегенде бір жүк көлігіне жүк болатындай отын қажет. Бұл кезде шыққан түтін, күйе және жағымсыз иіс айналаға тарайды. Сонымен қатар, мал көмілген жер ұзақ жылдар бойы жайылым мен шабындық ретінде жарамсыз болып қалады. Ал бізде жайылым жері жетіспей, қиналып отырған ауыл тұрғындары аз емес», – дейді  депутат.

 Жергілікті халық та бұған алаңдаулы. 

«Қоқыс орнына апарып тастағанымызбен, жаз бойы жаман иіс мазаны алады. Көміп тастағанның өзінде теріні аң-құс қопарып, жер бетіне шығарып тастайды. Мұны реттемесе болмайды. Қолы жеткені теріні өртеп құтылуға тырысса, қолы жетпегені ит-құсқа жем қылып, шошалаға тастап жүр», – дейді шаруагер Табылды Кезекбаев. 

Мал терісін кәдеге жарату Сыр бойында ғана емес, еліміз бойынша шешімін таппай келе жатқан жүйелі проблема. Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың дерегінше, өңірде бүгінгі таңда 1,5 миллионға жуық мал басы тіркелген. Оның ішінде 380,6 мың мүйізді ірі қара, 714,9 мың қой мен ешкі, 263,5 мың жылқы және 63,7 мың түйе бар. Мұндай әлеует – өңірдің тері және жүн бағытының дамуына берік негіз бола алар еді. Алайда, өкінішке қарай, аймақта тері мен жүн өңдейтін өндіріс орны жоқ. Бұрынғы кеңестік кезеңде жұмыс істеген қабылдау пункттері жабылып, ауыл тұрғындары тері өткізетін арнайы жүйеден айырылып қалған.

2023 жылдың өзінде облыста 199,2 мың данадай тері өндірілгенімен, олардың дені кәдеге жарамай, жарамсыз боп қалған. Бұл терілердің 90 пайызы – ауыл халқы мен шаруашылықтар үлесінде, яғни үй жағдайында өндірілген. Ал мұндай тері көбіне дұрыс тұздалмай, санитарлық талап сақталмаған күйде рәсуа болады. 

Бұл мәселені облыс басшылығы қалай шешпек? 

«Қызылорда облысында өндіріс пен инвестицияны дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық жоба – «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. АЭА Қорқыт ата халықаралық әуежайы маңында, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасқан 550 гектар аумақты қамтиды. Аймақ үш негізгі бағытта дамиды: авиацияға қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс. Бұл бағыттар заманауи инфрақұрылымды қалыптастырып, шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды орта ұсынбақ. Алғашқы жобалар қатарында құрылыс индустриясына арналған зауыттар, жүн және тері өңдеу, киім және тоқылмаған материалдар өндірісі жоспарланған. АЭА қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Жоба аясында 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы 150 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, жобалар іске асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамту және жер телімдерін тегін жалға беру қарастырылған. «Қорқыт Ата» АЭА Қызылорда өңірінің экономикалық дамуына тың серпін беріп, оны еліміздің ірі өндірістік және логистикалық хабтарының біріне айналдыруға жол ашады, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілхайыров. 

Бұл өңірдегі тері өңдеу өнеркәсібінің қайта жандануына негіз қалап отыр. Бірақ бұл бағыттың табысты болуы – жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы өзара серіктестік пен нақты іс-шараларға байланысты екені анық.

Ресурстың рәсуа болуына не себеп?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елімізде мал терісін терең өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Олар барлық шикізатты қамти алмайды әрі шаруаларға ұсынатын бағасы мардымсыз, сапасы төмен деп, жергілікті теріні алмай, өзге елдерден импорттауды жөн санайды. Салдарынан отандық өнімге сұраныс кеміді. Бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде бизнес өкілдері мемлекеттен тері-шикізат қабылдау пункттерін іске қосып, өңдеушілерге субсидия беруді сұрап отыр. Соның бірі – тері жинаумен айналысқан «КожСырье» ЖК басшысы Бақытжан Матаев. 

«Бастапқыда бұл кәсіп табысты көрінгенімен, шикі тері экспортқа шыққанда баж салығы енгізілгеннен кейін, ісіміз бірден тұралап қалды. Мемлекет бұл шектеуді теріні өзімізде өңдейтін өнеркәсіпті дамыту мақсатында қойды. Алайда өңірлерде ол мақсаттың орындалуына нақты жағдай жасалмады. Содан кейін мен Алматыдағы тері өңдеу зауыттарымен жұмыс істей бастадым, бірақ бұл да тиімсіз болып шықты. Себебі олар теріні өте төмен бағада қабылдайды. Өзің жеткізуді қымбатқа жалдап, арзанға өткізгенің пайда әкелмейтіні белгілі. Оның үстіне, олар теріні тек жартылай өңдеп – көк тері күйінде сыртқа шығарады. Ал дәл осы жартылай өңделген өнімге шекарадан өткізу кезінде кедергі аз, баж салығы төмен. Шикі теріге салынған ауыр салық пен шектеулерді олар осылай айналып өтіп жатыр. Бұл – мемлекет саясатының өңір кәсіпкерлеріне емес, ірі өңдеушілерге тиімді жұмыс істеп тұрғанының бір көрінісі. Менің ұсынысым – біз өңірлік кәсіпкерлікті дамытамыз десек, онда әкімшілік кедергілерді азайтып, жергілікті бизнесті тыңдауға, түсінуге, қолдауға дайын болуымыз керек», – деді Б.Матаев.

«Биологиялық бомба»

Тері – жеңіл өнеркәсіпке таптырмас шикізат, оны өңдемей тастаудың экономикалық шығыны өз алдына, экологиялық қаупі де орасан. Ашығын айтқанда, қазіргі таңда далаға тасталған мал терісі «биологиялық бомба» іспетті. Уақтылы жиналмаған, бензой қышқылы не тұзбен залалсыздандырылмаған тері шіріп, айналасына түрлі зиянды газ бөледі, жерді бүлдіріп, шыбын-шіркей мен құрт-құмырсқаны көбейтеді. Сол арқылы топыраққа жұқпалы ауру таратуы мүмкін. Ветеринарлар, әсіресе күйдіргі тәрізді аса қауіпті дерттің споралары өлген малдың тері-сүйегінен таралатынын еске салады. Ал санитарлық талап сақталмай сойылған мал еті арқылы бруцеллез, құрт паразиттері секілді дерттің адамға жұғу қаупінің жоғары екені медицинада дәлелденген

Мал терісінің пайдасын көре алмай, оны төл табиғатымызға зиянды қоқысқа айналдырып алу – үлкен өкініш. Шаруалар сөзімен айтсақ, «ит талаған терідей» далаға тасталған бұл шикізаттан еліміз орасан табыс көзін қалыптастырар еді. Тиісті қолдау мен талап болса, тері мен жүн өңдеу – аймақ жұртына кәсіп пен нәсіп, ал экологияға жасалған жанашырлық болар еді. Жұртын аузына қаратқан бұрынғы аталарымыз «мал баққанға бітеді» дегенмен қоса, оның өнімін де ысырапсыз пайдалану керектігін жақсы білген. Ендеше, далаға тасталған терілерден келген зардапты тоқтатып, одан әрі оған жан бітіріп, кәдеге жарататын кез келді. Өңірдегі ағайынның да, өлкеміздің табиғатының да мүддесі осыны талап етіп отыр.

Көрші елдердің көші ілгері…

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірқатар елдің мысалдары жоғарыдағы бастамалардың орынды екенін көрсетеді. Мәселен, Моңғолия соңғы жылдары тері шикізатын терең өңдеу үлесін 30%-дан 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлап, осы мақсатта 2028 жылға дейін ауқымды бағдарлама қабылдады. Былғары өнімдері өндірісін жолға қойып үлгерген Түркия бүгінде жыл сайын 1,5-2 млрд АҚШ доллары көлемінде былғары бұйымдарын экспорттайды. Ал Қытай әлемдегі ең ірі аяқ киім өндіруші әрі экспорттаушы ел. 2022 жылы Қытайдың аяқ киім экспорты шамамен 57 млрд долларды құрады. Өзбекстан да соңғы алты жылда былғары және аяқ киім өндірісін өркендетіп, экспорт көлемін 85 млн АҚШ долларынан 460 млн долларға дейін өсірді. Бұл табыстың барлығы – шикізатты жергілікті жерде ұқсатудың және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың нәтижелі үлгісі. Көрші елдің көші неге ілгері десек, гәп осында. 

Тәуекел мен тосқауыл

Ал бізде әуелі инвестиция мен қаржыландырудың тапшылығы менмұндалайды. Тері өңдеу ісін жолға қою қомақты қаражатты талап етеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, заманауи технология мен құрал-жабдық өте қымбатқа түседі, ал оны сатып алуды қалта көтермейді. Мысалы, Тараз қаласындағы ежелгі тері комбинаты жеке кәсіпорын ретінде бөлініп шыққан соң, қазір өндірісін кеңейту үшін инвестор мен қаржы көзін іздеп жатыр. Ақтөбе өңірінде кезінде тұрақты жұмыс істеген ірі тері комбинатын іске қосу талпынысы сәтсіз аяқталған, яғни бірегей құрал-жабдық ұзақ уақыт бос тұрып, айналым қаражаты мен инвестиция жетіспеген соң ақыры саудаға шығарылған еді. Бұл мемлекет тарапынан демеу аз болғандықтан деп топшылаймыз. Өйткені, мал мен егін шаруашылығына, жанар-жағармайға субсидия қарастырылғанымен, тері өндірушілеріне еш жеңілдік жоқ екені рас. Кәсіп бастауға қажетті құжат рәсімдеудің қиындығы да бөлек мәселе. Оған рұқсат алу, экологиялық және санитарлық келісімдер жинау кіші өндірушілерді әуреге салады. Мемлекеттің гранттық қолдауы мен инвестициялық субсидиясы жоба шығынының 25%-ынан аспайтын мөлшерде ғана беріледі әрі екінің біріне бұйыра бермейді.

Инфрақұрылым мен логистика қиындығы да бар. Ауылдық жерлерде мал терісін жинап, сақтайтын және зауытқа жеткізетін инфрақұрылым жоқтың қасы. Тиісті инфрақұрылым болмағасын, республика бойынша жыл сайын шыққан шикі терінің тек 10-20%-ы ғана сатылып, қалғаны өңделмеген күйі далада қалып қоятыны мәлім болды. Соңғы жылдары бұл кемшілікті жоюға тырысып жатқан мысал да бар: Арқалық қаласындағы тері зауыты қайта іске қосылып, Қостанай облысы аумағында 5 тері қабылдау бекетін ашты. Нәтижесінде былтырдың өзінде осы пункттер арқылы 300 миллион теңгенің терісі жиналып, қайта өңдеуге жолданған. 

Маман тапшылығы барлық жерде бар

Тері өңдеу – ерекше технология мен тәжірибені қажет ететін күрделі кәсіп. Өкінішке қарай, Қазақстанда былғары илеудің қыр-сырын меңгерген білікті шебер аз. Арнайы курстар мен оқыту бағдарламасы жоқтың қасы. Жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары болғанмен, түлектері ауыр еңбек пен еңбекақының төмендігінен бұл салаға келе бермейді. Салдарынан зауыт-фабрикаларда қарапайым жұмысшыдан бастап, технолог-инженерге дейін маман жетіспеушілігі сезіліп тұр. «TarazKozhObuv» сияқты ірі кәсіпорын басшылары салалық, орта арнаулы білім беру жүйесін жолға қою керектігін алға тартады. Қазіргі кезде елімізде тігінші, былғары шебері, пішуші секілді жұмысшы кәсібін үйрететін колледждер жоқ деуге болады. Сарапшылар бұл олқылықты жою үшін тері өндірісіне қажет мамандарды даярлайтын арнайы оқу орталықтары мен курстар ашып, жас кадрларды ынталандыруды қажет деп санайды. 

«Қызылорда облысында тері өңдеуге тікелей бағытталған оқыту бағдарламасы қарастырылмаған. Бұл сала – күрделі технологияны, жоғары деңгейдегі техникалық базаны қажет ететін бағыт. Дегенмен, біздің өңірде де тері және жүн өңдеу бағытындағы өндіріс орындары ашылып жатса, біз білім алушыларды сол кәсіпорындармен ықпалдастыра отырып, практикалық тәжірибеден өткізуге дайынбыз. Тері өндірісіне қажетті технолог, инженер-механик, шеберлерді даярлау, алдағы уақыттың еншісіндегі стратегиялық мәселе. Ол үшін облыста арнайы білім беру мен өндіріс кластерін құрып, тиісті инвестиция мен техникалық инфрақұрылым қалыптастыру қажет деп санаймын. Сол кезде ғана біз шикізатты өңдеп, оны халықаралық нарыққа сапалы өнім ретінде шығара алатын мамандарды жергілікті деңгейде оқыта аламыз», – деді Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің директоры  Абайбек Жүнісов. 

Теріге де маркетинг керек

Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы аяқ киім өндірісі ішкі сұраныстың 3-4 пайызын ғана жабады, қалған 96%-ын шетелдік тауарлар толықтырып отыр, яғни отандық былғары өнімдерінің тұтынушысы аз, тұрақты клиент базасы қалыптаспаған. Сарапшылар мұны бір жағынан маркетингтің әлсіздігімен байланыстырады. Мәселен, отандық аяқ киімнің сапасы жаман емес, бірақ жарнамасы аз, сондықтан көп тұтынушыға жетпейді. Екінші жағынан, тері шикізатының сапасы да алаңдатады. Нарықтағы осы белгісіздік пен күйзеліс тері өндірушілерін тығырыққа тіреп отыр. Тұрақты өткізу тізбегі қалыптаспай, өндірілген өнімді өткізуде де, шикізатты сатуда да тараптар қиыншылық көріп келеді.

Жүйесіздікті жүйелеудің жолы бар

Осы мәселелерді жан-жақты зерттеп, зерделей келе төмендегідей шешімдер ұсынамын:

1. Шағын тері қабылдау бекеттерін жандандыру.

Ауыл-аймақтарда мал терісі мен жүн жинайтын шағын бекеттер ашсақ, артық шикізатты рәсуа етпеудің және оны тиімді пайдаланудың алғашқы қадамы жасалады. Бұл бекеттер тері-жүнді дер кезінде тұздап өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтіп, шикізаттың бұзылмауына кепіл болады. Бұл ұсыныс жүзеге асса, шаруалар да теріге қоқыс емес, құнды тауар ретінде қарап, ұқыпты өңдеуге тырысады. Бұл шет мемлекеттерде қолға алынған шаруа. Тіпті мұны өзге мемлекеттерде кәсіпкерлерден бұрын, жергілікті билік жүзеге асырады. 

  2. Мемлекеттік субсидия мен гранттар санын өсіру.

Тері мен жүн өңдеумен айналысқысы келетін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау қажет. Арнайы субсидия, жеңілдетілген несие немесе гранттар жаңа кәсіпорын ашуға ынталандырылып, ауылдық жерлерде шағын цехтардың құрылуына мүмкіндік береді. 

3. Жергілікті жерде маман даярлау.

Тері өңдеу саласына қажетті технолог, химик, шебер сияқты білікті мамандар тапшы. Сондықтан облыстағы колледждер мен оқу орындарының базасында осы салаға қатысты арнайы білім беру бағдарламаларын жолға қойған жөн. Дуалды оқыту жүйесі арқылы былғары илеу технологтарын, аяқ киім тігу шеберлерін, дизайнерлерді дайындап шығаруға болады. Бұл мамандар тері-жүн бағытындағы жаңа кәсіпорындарға сапалы жұмыс күшін қамтамасыз етеді. 

4. Дайын өнім өндірісін жолға қою.

Шикізатты жалаң күйінде сатқаннан оны өңдеп дайын тауар шығару айтарлықтай тиімді. Облыста былғарыдан аяқ киім, белдік, сөмке тәрізді тұрмысқа қажет бұйымдар өндірісін дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, импортты алмастыруға жол ашады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экологияға келетін зиянды азайтып, өңірдің тұрақты дамуына жол ашады. 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Пікірлер:
  • Салеметсыз бе, ия,бул улкен мәселе,ауылда турам,маган кызыкты болды,неге ауылды жерде тері өндіруді бастамаска,біріншіден бул табыс,екіншіден жумыс орны,ушіншіден табиғат тазарады

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: