Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Суицидтің себебі неде?

21.03.2024, 12:00 674

Астанада соңғы 5 жылда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты 429 оқиға тіркелген.  2023 жылдың 9 айында астаналық 83 жасөспірім өмірмен қош айтысуға іс-әрекет жасаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың 9 айындағы статистикамен салыстырғанда 12 есеге (!) көп. Өкініштісі сол, биыл 8 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Мұндай деректер біздің қоғамда жасөспірімдер арасындағы суицидтің өршіп бара жатқанын көрсетеді.

КІМ  КІНӘЛІ?

Енді салыстырмалы статистиканы сөйлетейік. Мәселен, елордада суицидке қатысты 2014 жылы 16 оқиға, 2015 жылы 20 оқиға тіркелген. 2016 жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 оқиға болып, оның біреуі жасөспірім өлімімен аяқталған. Қоғамның төбе шашын тік тұрғызған осы мәселенің мәнісіне терең үңілмек болып, өзімізше шағын зерттеу  жүргіздік.

Сарыарқа аудандық прокуратурасының қызметкері Жаңагүл Дәрі­бае­ва суицидке көбіне отбасылық-тұр­мыс­тық мәселелер себеп болатынын ай­тады.

«Мектепте психолог пен мұғалім оқушылармен жұмыс істейді. Өкініш­тісі сол, мектеп психологі мазасыз­данған баланы көргенімен, оны шұғыл көмек көрсету бөлмесіне апара алмайды. Ол жолдама береді, бірақ апару-апар­мау баланың ата-анасының өз еркін­де. Шындығына келсек, көптеген ата-ана бұған немқұрайдылық танытады. Сол себептен ата-аналарға дәріс жүргіземіз.

Біз әлеуметтік желілерге, әртүрлі сайтқа үнемі мониторинг жүргіземіз. Мысалы, өзіміз В Контакте, Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде тіркелгенбіз. Суицидті насихаттайтын сайттарды көп анықтаймыз. Әуелі сол сайтты қолданушы кім екенін білу үшін өзіміз тіркелеміз. Жетекшісімен виртуалды әлемде «достасамыз». Егер сол топ шынында суицидті немесе қандай да бір сексуалды бейнематериалды наси­хаттайтынына көз жеткізсек, өзімізден жоғары тұрған прокуратураға хат жазамыз. Немесе сотқа шағым арыз түсіреміз. Прокуратура мен сот әлгі сайтты не әлеуметтік желідегі парақшаны жабады. Мәселен, «В контакте» желісіндегі топқа қатысты ақпаратты мектеп директорларына жеткіздік» дейді  ол.

Психолог-маман Бақытгүл Рымтайқызы жасөспірімнің өзіне қол салуына қоғамның еті өліп бара жатқанына алаңдайды. «Меніңше, ең алдымен бұған компьютерлік ойындар кінәлі. Қазір интернетте баланы қатыгездікке, жауыздыққа, қиялилыққа үйрететін ойындардың  түрі көп. Ол баланың ойлауын тежейді. Қияли етеді. Ойында қатыгез кейіпкерден ұтылып қалса, қатты қиналады. Компьютер әлеміне кіріп кеткен бала сыртқы ортамен байланысын үзеді. Өз әлемінде өмір сүреді. Ондай баланың сыныпта досы болмайды. Ал жұмысбасты ата-ана бұған көңіл бөлмейді. Әсіресе толық емес отбасынан шыққан бала осыған бейім. Қазір қыз бала «Монстр Хай» қуыршағымен, ұл бала «Человек-паук­пен» ойнайды. Суретін салып, макетін жасайды. Қатыгез кейіпкерге ұқсағысы келеді. Меніңше, баланың көңілін басқаға бұру керек. Компьютерде баланы мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелейтін ойындар жасап шығарсақ. Қазақ кейіпкері көп мультфильм шығару керек. Сонда біз баланы, жасөспірімді жаман нәрседен құтқара аламыз»  дейді  ол.

Астанадағы №35 мектеп-лицейдің мұғалімі Алтынай Теміртасқызы мұндай жаманшылықты болдырмау үшін екі нәрсеге көңіл бөлу қажеттігін айтады. «Біріншісі – отбасындағы ұлттық тәрбиеге оралу. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп қазақ бекер  айтпаған. Әкесі ұлының, анасы қызы­ның тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлсін. Қыз бала анасымен сырлас болуы керек. Шешесі оның болашақ ана екенін құлағына құйып отыруы тиіс. Қазіргі баланың мінезі тұрақсыз. Шырт етіп, тез ренжіп қалады. Ондайда ерекше көңілмен қараймыз. Қиын отбасынан шыққан баланың психологиясы бұзылады. Мұндайда ата-ана мен мұғалім, психолог пен инспектор бірлесіп жұмыс істегені жөн. Біз әдептілік, имандылық мәселесін тәрбие сағатында көп әңгімелейміз. Мүмкін, арнайы сағат бөлу керек шығар. Екіншісі – мемлекет деңгейінде жүзеге асырылатын іс-шаралар. Қазір қит етсе суицидке ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап жатады. Бұл дұрыс емес. Теледидар, интернет баланы бұза­тын жаман нәрсеге толып тұрғанда оған тосқауыл қою қиын. Меніңше, интернеттен адам өлтіруді, асылып қалу­ды, жабайы эротиканы көрсететін киноға тыйым салатын кез жетті. Жалаң­аш тәнді, ұятсыз қылықты насихаттайтын ресейлік арналардың бәрін бұғаттап тастау керек. Қалың көрермен ынтығып көретін түрік, үнді, кәріс топтамасы да ұлттық тәрбиеге кері әсер етеді. Оның орнына тәрбиелік мәні бар мультфильм, қазақша кино қойған абзал. Сонда суицид деген сұмдық сөзді аз еститін боламыз» деген пікірімен бөлісті  А.Теміртасқызы.

№35 мектеп-лицейдің ұстазы Жанат Құсайынқызы суицид деген сұмдық­қа бала ұрынбас үшін, қазақша отбасылық арна ашуымыз керек деген пікірде.  «Біздегі  күрделі  мәселенің бірі – балаға, жасөспірімге, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретін жеке арна­ның жоқтығы. «Балапан» арнасы сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Суицид деген сұмдыққа бала ұрынбас үшін, қазақша отбасылық арна ашуымыз керек. Сол арнадан қазақы тәр­биеге қалай оралудың жолдарын көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Себе­бі, қазіргі жасөспірім теледидардан әншінің, актердің өмірін әңгімелейтін арзанқол шоудан шаршады. Оның орнына отбасылық құндылықты насихаттайтын тартымды бағдарлама аша­йық. Балалар қызығатын ойын-сауық, танымдық бағдарламаны көбейтуге болады ғой. Оған ата-ана мен баланы бірге қатыстырса. Жалғыз басты анаға кеңес беретін, жол нұсқайтын, жұртты жалықтырмайтын нәрсені көбірек көрсетсе деймін. Өйткені көбіне өзіне қол жұмсауға бейім тұратындар – толық емес  отбасының  балалары»  дейді  ол.

«Құқық» қоғамдық қорының психологі Ольга Саратова көп жағдайда мұндай жаманшылық жасөспірімнің мінез-құлығына қатысты болатынына нақты мысалдар келтірді. «Ең алдымен, үйдегі ата-анасы, мектептегі мұғалімі, психолог пен кәмелеттік жасқа толмағандардың инспекторы баланың мінез-­құлығын жіті қадағалауы тиіс. Ол біреумен жанжалдасты ма? Психикасы сау ма? Кейде ата-анасы жасыр­ғанмен ондай кемшілік жасөспірім кезінде көрініс береді. Сондай-ақ, жас­өспірімнің гормональдық өзгеріске ұшырауын да ұмытпаған жөн. Демек, жасөспірім шағындағы бала қорғансыз. Не нәрсеге де бейім. Суицид болғаннан кейін кеш болмас үшін оның алдын алу маңызды. Ол  үшін  не  істеу керек? Әуе­лі  ата-ананы ақпараттандыру керек. Осы жерде суицидке бастайтын бірнеше факторды айта кетейін. Біріншіден, баланың отбасында қараусыз қалуы. Көбінесе балалар отбасында өздеріне көңіл бөлінбейтініне шағымданады. Отбасын асыраймын деп алатаңнан қара кешке дейін жүгіретін ата-ана баласына қарауға мұршасы болмайды. Отбасынан жылу көрмеген бала соның орнын толтыруға ұмтылады. Жүріс-тұрысы, мінез-құлығы өзгереді. Қандай да бір нәрсені қолдана бастайды. Екіншіден, қазір көп бала әлеуметтік желілерде «отырады». Желіде қандай бір іс-қимыл қалай жүзеге асырылатынын тәптіштеп көрсетеді. Сондықтан баланың қай желіде отырғанын үнемі қадағалау қажет. Оның кіммен хат жазысқанын, нені оқып-үйренгенін әке-шешесі білуі тиіс. Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігін арттыратын әрекет керек. Олар отбасын құрып, баланы туған соң дұрыс тәрбие­леуге міндетті. Үшіншіден, отбасындағы кикілжің. Мысалы, әкесі не анасы жұмыстан босап қалып, материалдық жағдай нашарлады делік. Оның балаға әсер ететіні сөзсіз. Кейде ашушаң әке не шеше баласын ұрады. Яғни, отбасындағы шиеленістен бала зардап шегеді де, суицидке ұмтылады. Үшіншіден, мектептегі жүктілік. Тығырықтан шығатын жолды таппаған жасөспірім қыз не өзінің қан тамырын кеседі, не у ішеді. Бұл – әке-шешесі толық бақылайтын нәрсе. Төртіншіден, ата-ананың өз баласына қысым жасауы. Біз кейбір жасөспірімнен «Мен өз әкемді жек көремін» немесе «Мен өз анамды жек көремін» деген сөзді естиміз. Кейбір ата-ана баласын жас күнінде өзі қолы жетпеген нәрсеге баруға мәжбүрлейді. Ондай қысымға қарсылық білдіргісі келген бала жаманшылыққа ұрынуы мүмкін. Қорыта айтарым, егер әр отбасында әке мен шешенің арасында дұрыс қарым-қатынас болса, мектепте қолайлы орта болса, ондайда ешқандай бала суицидке ұрынбайды» дейді  маман.

Елордадағы Әл-фараби атынды­ғы мешіттің қызметкері Әділхан Иман­әліұлы суицидке қатысты Алла Тағала­ның «Құран-Кәрімде» не деп ескерткенін, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.у. хадистерінде не деп өсиет айтқанын түсіндіріп  берді.

«Алла Тағала «Құран-Кәрімде» «Ниса» сүресінің 29-30-аяттарында былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз Алла сендерге өте мейірімді. Кімде-кім осы айтылғанды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасай­тын болса, біз оны шыжғырып азаптау үшін қуатын бір Алладан өзге ешкім білмейтін алапат отқа тастаймыз. Бұл Алла үшін оп-оңай нәрсе». Қарапайым тілмен айтсақ, дене – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Аманатқа қиянат қылуға болмайды. Мұхаммед салаллаһу-ғалейһи-әссалам пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім өзін темірмен өлтіретін болса, сол темір (пышақ, айбалта және т.б.) кірген жерінен азаптап тұрған халінде тозаққа тастаймыз. Кімде-кім у ішіп, өзін өлімге тастайтын болса, біз сол халінде оны тозаққа тастаймыз» дейді. Қазақта өзін-өзі өлтірген адамға жа­наза да оқылмайды. Оларды мұсылман зиратына жерлемейді. Не себептен жақсы отбасында өскен баланың өзі суицидке ұрынуда? Себебі, ол Алла Тағаланы жақсы көрмейді. Жаратқанның ата-анадан да асқан мейірімді екенін түсінбейді. Меніңше, бір жағынан Құдайдан қорыққан, екінші жағынан Алланы шын жақсы көрген адам мұндайға бармайды. Мысалы, қызға ғашық болған жігіт оның әсем қылығын, көркем мінезін ұмыта алмайды. Ойлай-ойлай жүрегіндегі ма­ха­ббаты күшейе береді. Сол сияқты біз Алла Тағаланы көп ойлайтын болсақ, оның мейірімі шексіз екенін, ал азабы ауыр екенін түсінеміз. Баланы жас­тайынан имандылыққа тәрбие­лейік. Тәрбиенің қайнар бұлағы – «Құран» мен Мұхаммед с.ғ.а. пайғамба­рымыз­дың хадистері. «Ата-ананың өз перзентіне беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деген хадис бар. Баланы еркелетіп, өз еркіне жібермей, жаманшылықтан тыйып отыру керек. Егер бала күніне интернеттен қайдағы бір роликті, теледидардан үнді, түрік топтамасын көрсе, оның түбі күнәлі іске алып баруы мүмкін. Иманның бір пайдасы адам жүрегінде үміт отын өшірмейді, еңбекке баулиды. Еңбексүйгіш адам ешқандай қиындыққа мойымайды. Ал үміт нұры өшкен жан қиындыққа шыдамайды. Суицидке апаратын  жол – үмітсіздік»  деді  ол.

СУИЦИД  ДЕГЕН  –  ТЫҒЫРЫҚҚА  ТІРЕЛУ

Астанадағы «Құқық» қоғамдық қорын арнайы іздеп барып, бірнеше жасөспірімнің  өз  ой-пікірін жазып алдық.

Болат, 15 жаста: Меніңше, жасөс­пірімнің мұндай жағдайға ұрынуының себебі көп. Мысалы, үлкеннің не мұғалімнің ұрып-соғуына шыдай ал­мауы мүмкін. Ондайда күйзеліске түскен баламен ешкім сөйлеспесе, тығырыққа тіреледі. Үйдегі ата-анасы ішімдікке салынса, осындай жағдай болуы  мүмкін.

Арыстанбаб, 16 жаста: Мұндайға бару – нағыз ақымақтық. Ойлау қабі­леті дамымаған адам ғана осылай істейді. Иманы, сабыры бар адам бұған бармайды. Алайда баласын қысыммен ұстайтын, ұрып-соғып тәрбиелейтін әке-шеше де бар. Олар баланы ешқайда жібермейді. Достарының арасынан ұрып-соғып алып кетеді. Ондай­да әлгі бала қатты күйзеледі. Өзін барлық ортада ыңғайсыз сезінеді. Сол кезде көмектесу керек. Әйтпесе кейін кеш болады. Бұл жерде компьютерлік ойын­ның да әсері көп. Оны жасөспірім көп ойнайды. Кәдімгідей оп-оңай адам өлтіріп, көлік айдап кете бересің. Кей бала «реальный» өмірде де осындай болса  ғой  деп  армандайды.

Асылхан, 17 жаста: Мұндай жаманшылық ойланбаудың себебінен болады. Ойлану үшін тәрбие керек. Жақсы тәрбие алмаған әр жасөспірім мұндайда қорғансыз. Әрбір баланың әкесі жас кезінен ұлына жақсы мен жаманның айырмашылығын айтып отыруы керек.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: