Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су тапшылығының сырына қанығып, сынын қабылдадық па?

07.11.2024, 11:40 633

Өңір шаруалары биыл да суды аз керек ететін дақылдарға басымдық берді. Атыздарды лазермен тегістеп, егінді жаңбырлатып және тамшылатып суаруды көбейтті. Өйтпес­ке тағы болмайды. Жау жағадан алғандай кейіптеміз. Әрекет ету керек, бірақ бәрін ақылмен, жеті рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүрміз. Заман солай, жағдай соны ұғындырады. Сыр салысының өзі өткен жылға қарағанда 5 мың гектар кем егіліп отыр. Суының 90 пайызы сырттан келетін өңір үшін су тапшылығын болдырмау – ең өзекті тақырып. Шаруалар осы жылы суды үнемдеу бағытында 3 ірі инвестициялық жоба­ны қолға алды. 2028 жылға дейін су үнемдеу технология­ларын қолдану көлемін 24 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Қызылорда облысында биыл 189 мың 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күріштің көлемі 85 мың 600 гектар болды.

Сыр салысы суды көп қажет етеді, ол – бесенеден белгілі жайт. Сондықтан, су шығынын азайту мақсатында егілген күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегіс­теу жүргізіл­ді. Осы секілді жұмыстар арқылы суармалы су көлемі 20 пайызға үнемделіп отыр. Алдағы 5 жылда лазерлік тегіс­теу  көлемі  72  мың  гектарға  жетеді  деп  межеленген.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында қолданылған су үнемдеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату туралы тапсырма берген еді. Бұл вегетация кезеңінде су тапшылығы қатты сезілетін оңтүстік өңірлер үшін өте маңызды.

– 2022 жылдың қазан айында Арал теңізіндегі су көлемі 18,5 млрд текше метрге дейін азайған болса, биыл 22 млрд текше метрге дейін жетті. Алдағы қыс мезгілінде «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін мол суды тиімді пайдаланып, теңізге көбірек жіберіп, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Арна» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Аталған мекеме елді мекен­дердегі су нысандарын тазалап, гидротехникалық құрылыстарды жөндейді, – деген болатын Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев.

Облысымыз «Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» енгізілген жобаларды іске асыру­да Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жұмыс істейді. Ал Ислам Даму банкінің қаржылан­дыруымен жүргізілетін «Қараөзек» су қоймасы құры­лысы  2025  жылы  басталады.

Егістікке су үнемдеу техноло­гияларын кеңінен енгізіп, қыс­тағы мол суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне жіберу, шабын­дықтар мен жайылымдарды сулан­дыру, 2025 жылдың веге­тациялық кезеңіне дейін каналдарды тазалау, жөндеу қажет.

Бір қуанарлық жаңалық, жыл басынан бері Арал теңізіне 2 млрд текше метр су түсіп отыр. Мұны Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы айтты.

– Президентіміз бен Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, биылғы жылы егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етіліп, аймағымызда су тапшылығы болған жоқ. Егістікті суаруға 3 млрд 700 млн текше метр су лимиті бөлініп, толық орындалды. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті оты­рысында «Шардара» су қоймасына 3 млрд 692 млн текше метр судың жіберілетіні келісілсе, нақты 4 млрд 827 млн текше метр су түсті. Арал теңізіне түскен судың көлемі едәуір ұлғайды. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18 млрд 500 млн текше метр­ге дейін азайған болса, қазіргі уақытта су көлемі 22 млрд текше  метрге  жетті, – деді  ол.

Биылғы жылы суды үнемдеу және егісті әртараптандыру мақсат­ында өңірде  жобалық құны 8,2 млрд теңге болатын, көлемі 5 мың гектарды құрайтын су үнемдеу әдісімен жүгері, малазық­тық дақылдар егу бойынша    3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру  жұмыстары  басталды.

Оның біріншісі, Шиелі ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС-ның қытайлық компаниямен бірлес­кен жобасы. Онда 2024-2025 жылдарға 3000 гектар жерге құны  3 млрд теңге болатын тамшылатып суару әдісімен жүгері егіледі.

Екіншісі, Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» ЖШС-ның жаңбырлатып суару әдісімен 184 гектарға малазықтық дақылдар өсіру жобасы. Яғни, 2022-2023 жылдары 87 гектарға сүрлем жүге­рі дақылы егілсе, биыл 184 гектар жерді қамтыды. Жоба құны – 2,6 млрд  теңге.

Үшіншісі, Арал ауданындағы «Camel Pro» ЖШС-ның 830 гектарға құны 2,6 млрд теңге болатын жоңышқа дақылын жаңбырлатып  егу  жобасы.

Су тапшылығы туралы сөз болғанда, су қоймаларының жайы бірінші еске түседі. Облыс­тық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлынан бұл мәселенің де мән-жайын сұрадық.

– Бүгінгі таңдағы Нарын Сыр­дария каскадында орналасқан су қоймаларында (Тоқтағұл, Қайраққұм, Әндіжан, Шарбақ, Шардара су қоймалары) жинақталған су көлемі өткен жылмен салыс­тырғанда 2,2 млрд текше метр­ге артық. Қазіргі мәлімет бо­йынша «Шардара» су қоймасы­на жинал­ған судың көлемі 1,2 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда  200 млн текше метрге артық болып  тұр. «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 70 текше метр су жіберіліп, Қызылорда облысының шекарасына кірген су көлемі – 174 текше  метр, – деді  ол.

Аймақтың жерлері суармалы егістікке бейімделгендіктен, вегетация кезеңінде сумен тұрақты қамтамасыз етуде су шаруа­шылығы нысандарын жаңғырту мен жаңадан салудың маңызы зор. Сондықтан, биыл 103 шақырымды құрайтын 26 каналға механикалық тазарту жүргізіліп, 22 дана гидротехникалық құрылыс жөнделген және 25 су өлшеу бекеті қалпына келтірілген.

Сараптап қарасақ, Сыр өңіріндегі су тапшылығының сырына қанығып, сынын қабылдаудан басқа амалымыз жоқ. Сөз басында айтқанымыз сол, жағдай соны ұқтырып отыр.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Фото: Ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: