Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саудада да сақтық керек

03.08.2023, 11:20 185

Базар бағасынан арзан сатылатын дүние көрсек, жапа-тармағай «жабыса» кетеміз. Арзан дегенге әуестенеміз көбіміз. Содан болар, әлеуметтік желіде «бәленбай мың теңге тұратын затты 2-3 есе арзан алғың келсе, Қытайдан зат алдырып, бизнес жасауды үйрен» деген хаттардан көз сүрінеді. Одан қалды, түрлі «қытайлық сайтпен жұмыс істеуді үйретеміз» деген жарнама да жетерлік. Бизнесін былай қойғанда, екінің бірі алыстан зат алдыру дегенді меңгеріп алған. Мұны жаман демейміз. Бірақ, олқы тұсы да жоқ емес.

Бір жағынан қарасаң, қазақстандықтардың тұрмыстық, әлеуметтік қажеттіліктерінің қатарын кемінде 5-10 пайызын Қытайдан алды­рылған тауар алып тұр. «Неге?» десеңіз, ол жақтан жеткізілген заттар арзан һәм көрікті көрінеді. Қазақстанда қымбатқа шығындалғанша, өндіріс орнынан тікелей алдырғанды жөн көретіндер бар. Тағы бір айта кететіні, белгілі  бір сайтпен тапсырыс беру арқылы сынық не болмаса бұзылып келген затты салып жіберушіге көрсетсеңіз, қайтадан жіберу мүмкіндігін ақысыз жасайды. Бұл жақсы ғой, бірақ алмақтың да салмағы бар. Біз жиынтық ішкі өнімнің статистикасын көтере алмай жүргенде қытайлықтар біздің елге өз саудасын қызу жүргізуде. Ол жақта Қазақстанның валютасы құнды. Сол үшін болар, екі ел арасындағы ынтымақтастықтан бұрын, сауданың қарқыны қатты. Тым саясаттандырып жіберудің қажеті жоқ шығар бәлкім, бірақ қарусыз қоршау, соғыcсыз жаулап алу деген дүниелер осыдан басталады. Бұл сөзбен трайбализмді немесе жаһандағы жалынды тұтатқымыз келмейді. Тек арзан сауданың астарына үңіліп көргіміз келді.

Әлеуметтік желіде 800-ден аса оқырманымның арасында «Қытайдан зат алдыра алатын­дар бар ма?» деген сұрақ аясында сауал­нама жүргіздім. Қасына «иә, алдыра аламын», «жоқ, білмеймін» деген нұсқаны ұсынып, нәтижені күттім. Соңында 500-ге тарта оқырман «иә» белгішесін басыпты. 70 пайыз адам қазірде «Қытаймен бизнестің» маманы болып алған. Қалаған затыңды алдырып, сұраған сомаңа жеткізіп беретіндер көп екен. Тек, таңғалғаным, әрқайсысының жеткізу күнінде айыр­машылық бар. Біреуі ең жылдам жет­кізу  қызме­тін 10 күн деп  білдірсе, қалғаны  «1 ай аралығында затты қолыңа аласың» дейді. «Бұлардың  арасындағы айырмашылық неге екі түрлі?» деген заңды сұрақ туындайды. Аяғында, Қытайдан Қазақстанға тауар жеткізетін жүздеген логистикалық компания бар екенін білдік. Мұның барлығы өз қызметін түрліше  ұсына  алады  екен.

Шекаралас мемлекеттен зат тасымалдау бары­сында мәселе болатыны жасырын емес. Бұл  туралы осы  кәсіп  түрімен  айналысып жүрген  Жамбыл  Бақытәліұлынан  білдік.

– Қазірде тұтынушының көбі Қытайдан зат алдырып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Берген тапсырысыңыз орта есеппен 2 апта аралығында келеді. Бірақ, кейбір кезде сол заттардың келу мерзімі ұзап кеткен жағдайда тапсырыс берушілер шыда­май, сенімсіздік танытып жататын да сәттер болып тұрады. Негізінен, өзге мемлекеттен зат алдыратын болсаңыз, тіпті почта қызметі де айлап күттіреді. Себебі, логис­тикалық қызметтің оңай емес екенін көбі біле бермейді. Өзім 4-5 жылдан бері Қытайдан зат алдырып жүрмін. Қазір бұл тірлікті кәсіп көзіне де айналдырып үлгердім. Қоғамның сырт мемлекеттермен бизнес жасағанына қуанамын, бірақ, сауданың да өз этикеті бар екенін түсінуі  керек  жұртшылық, – деді  ол.

Жоғарыда өзге мемлекетпен сауда-саттық байланысын орнатудың кейбір күмәнді тұсын білдік. Осыған орай тапсырыс қабылдап жүрген жандардан пікір беруін өтіндік. Барлығы «білмеймін, ол турасында ештеңе айта алмаймын»  деп  жалтарды.  Хош.

Жалпы, өзге мемлекеттен тапсырыс бер­генде, келетін  заттардың  зиянды  немесе қауіп­ті болу ықтималдығын  білмек болып, бірнеше  тапсырыс  берушімен  сөйлесіп, ондай шағым  болмағанын естідік. Десе де, біз пайдаланып жүрген шай, кептірілген жеміс сынды дүниелерді сырт мемлекеттен алдырмай-ақ, елімізде барын тұтына берген дұрыс деп есептеймін. Бұл бойынша әзірге тапшылық туындай қойған  жоқ. Сондықтан, отандық өнімді де сұранысқа  енгізіп, пайдалана  білуіміз  керек.

– Қытайдан тек киім емес, сонымен бірге, шай, түрлі қоспалар, дәмдеуіштер, тәттілер алатындар да кездеседі. Мұндайда көбінде сақ болу қажет. Себебі, қытайлықтардың өзі мұндай дүниелерді көп тұтына бермейді. Дегенмен, интеграцияда өтімді болғандықтан, өндірісті тоқтатпайды. Сол үшін техника, киім-кешек, құрал-сайман деген заттарды ғана алдырған дұрыс  секілді.  Бұл – өз ойым, – деді  Ж.Бақытәлі.

Сырт  мемлекеттен  зат алдырғанда  мынадай  дүниелерге мұқият мән беру қажет. Егер  сатып  алғалы  тұрған  затыңыз  тым  арзан  неме­се қатты қажеттілік тудырмаса, сыну қау­пі  жоғары  немесе  тез бұзылатын зат болса, көлемі тым шағын болса (ондай кезде бір­нешеуін алды­ру керек) және оның баламасы Қазақ­станда болса, ондай заттарды басқа жақтан алып келудің қажеттілігі шамалы. Себе­бі, сатушылар күніне мыңдаған затты жөнел­ту бары­сында біреуі болмаса, біреуін ұмыт қал­дыруы,  жолда  келе жатқанда сынып қалуы қау­пі  жоғары.  Негізі­нен,  өзге  мемлекеттен  тауар тасымалдау бары­сында «сол дүниелерді өз мемлекетімізде неге өндірмейді?» деген заңды сауал туындап жатады. Мұндай әуестіктің артында та­уар  бағасының  қолжетімді болуы байқалып тұр. Ал бізде отандық өндіріс дәл сондай қолжетімділікті «тиын-тебен» көре ме, әйтеуір, «Қазақстанда жасалған» деген брендтің астында бірнеше мыңның «менмұндалап» тұрғанын байқаймыз. Бетіміз қайтып қалған соң, шетелдің тауарын шеттей көрмей, апталап күтуге де шыдаймыз. Негізінен бұл бір жағынан дұрыс секілді. Өйт­кені, сырттан зат алдыру арқылы өзіміздегі бағаны бір ізге салуға немесе соның ыңғайына келтіруге мүмкіндік бар. Сайып келгенде «таяқ­тың екі ұшы бар» дегендей, сауда жасауды көп көрмейміз, бірақ оның артында пайда да тұруы керек. Мүмкін бұл біз іздеген дүниелерге бастайтын шығар. Айтқымыз келгені бұл емес еді, бірақ сөзсіз сұранып тұрған сауал болған соң, назар аударып  көрдік.

– Ол жақта зат арзан, телефонның игілігін пайдаланып, Қытайдан зат алдырамын. Бізде салыстырмалы түрде тым қымбат. Ал, сапасын қарасаң, айтарлықтай артықшылық байқалмайды. Сондықтан, қалтаға сәл де болса салмақ түспесін деп шетелден алдырдым. Бұдан былай да сырт мемлекеттен зат алдырып тұрамын, бағасы да қолайлы, сапасы да әжептәуір, тек күтіп қаласың демесең, қаншама қажеттілігіңді өтейтін дүние жинауға болады, – деді қала тұрғыны  Абзал  Бақытұлы.

Қымбатшылықтың қамыты қыспай қайтсін, Қазақстанда балалардың ойлау дағдысын қалыптастыруға арналған ойыншықтың бі­реуі – 3500-5000 теңге аралығында. Ал соның 10 түрін Қытайдан 8000 теңгеге алуға болады екен. Салыстырмалы түрде 5-6 есе қымбат тұратын затты өз еліңізден алар ма едіңіз? Негі­зі, кәсіп бастау үшін сырттан зат алдырып, сатқан жақсы, «бірақ өз елімізде мұншалықты қымбатшылық жасайтындай не күн туды?» дегің  келеді. Артық қыламын деп, тыртық қылып  алмайық.

Тағы бір айта кетерлігі, мемлекет бойынша Қытаймен тауар айналымы 4 857,4 АҚШ долларын құрап тұр, бұл цифр жыл соңына дейін еселеп  өседі. Біз  ішкі  нарықты қанағат­тандыру  үшін  импортты  көтеріп жатырмыз, ал экспорт көлемін оншалықты өсірген жоқпыз. Себеп – сол баяғы өндіріс орнының аздығы, өнім  саны­ның  өзімізге жетпеуі.

Қазақстанда Қытайдан зат алдырып, тап­сырысы  келмей  қалған  тұрғындар да жоқ емес. Сауалнама барысында «сан соғып қал­ғанмын» деп  өкпесін  білдіргендер  де  болған.  Мән-жайын сұрап едік, әлеуметтік желіде «Қытай­дан зат алдыру» курсын оқытатын агенттікті көріп, қызмет құнын сұраған. Жеңілдікпен  20000  теңгеге  оқып алмақшы болып, пұлын өтегеннен кейін әлгі нөмірдегілер байланыссыз қалған екен. Ол ол ма, таны­сы арқылы Қытайдан зат алдырып, ақысын өтегеннен бері үш ай өткен, әлі хабарсыз жайт  біраз  көңілін  түсірген. Та­уар  ал­дыру  бары­сында  алатын затыңызды ғана емес, логистикалық агенттікті де жақсылап таңдау қажет. Кері байланыстың болатынына әбден көз жеткізгеннен кейін ғана іске кіріспесеңіз, соңында  «жер  сипап»  қалуыңыз  да  мүмкін.

Тоқетері, әрбір дүниеге абай болу қажет. Күніне сырт мемлекеттерге сан мың тапсырыс беріліп жатыр. Біздің мемлекеттен дәл сондай сұраныс  жоқ. Біздің  алдымызда  жүз жылға  артық  дамып кеткен мемлекет жай ғана «арзан» деген сөзімен-ақ саудасын жүргізіп, тұрақты тұтынушыларын тапқан. Тіпті, саны күннен-күнге өсіп келеді. Бізге ол деңгейге бірден көтеріліп кету ертегі болуы мүмкін. Бірақ, қымбатшылық  дәл  бұлай қыса берсе, алым-салық  артса, жалақы деңгейінде жоғары­лау байқалмаса,  регресс байқалуы мүмкін.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: