Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда «аристондар қаласы» деген атаудан қашан толық арылады?

12.06.2025, 8:40 256

Бірі білер, бірі білмес, Қызылорда – еліміздегі жалғыз ыстық су жүйесі толық жүргізілмеген облыс орталығы. Су жүйесіне байланысты технология дамып, жұрт ыстық суды қалағанынша пайдаланғанымен, бұл бақыт қызылордалық көпқабатты тұрғын үй жұртына әзір бұйырмай тұр. Тек біздің өңірде ғана тұрғындар 30 жыл бойы «аристонмен» күнелтіп келеді.

Деректерге сүйенсек, аймағымызда 1987 жылдан бері тұрақты жүйе тоқтап, көпқабатты 781 үйдің тек 6-сында ғана ыстық суға қосылуға мүмкіндік бар болған. Қалғаны заманауи инфрақұрылымнан қалыс қалып отыр.

Тек 2023 жылдың қазанында Президенттің тапсырмасы арқылы жағдай сәл де болсын өзгеріске ұшырады. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың соңына дейін ыстық суды қалпына келтіру міндеті қойылды. Бұл жобаға арнайылап 26,2 млрд теңге бөлінген. Күні бүгінге дейін 11 млрд теңге бөлініп,   бірінші кезеңде 187, кейінірек 250 үйдің ыстық сумен  қамтылуы  бекітілді.

Қызылорда қаласының тұрғындары үшін ыстық су – жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселе. Кеңес заманынан бері тоқтап қалған орталықтандырылған жүйені қайта жандандыру соңғы жылдары ғана күн тәртібіне шықты. Осы орайда, «ыстық су қызметіне қатысты тарифтер қалай қалыптасады, қандай талаптар қойылады және тұрғындар не күте алады?» деген сұрақтар жиі туындайды.

Осыған байланысты ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ресми мәлімет берді. Департамент дерегінше, Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылап, тарифтердің әділетті және экономикалық тұрғыдан негізделуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Ыстық су қызметі бұл екі түрлі процестен тұратын күрделі қызмет: алдымен суды жеткізу, кейін оны қыздыру. Қазіргі кезде Қызылордада бұл қызметті «Қызыл­ордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынады.

Ыстық суға қатысты тариф бөлек бекітілмейді, ол жылу энергиясы тарифімен байланысты. Яғни, ыстық су үшін төлем мөлшері жылу тарифінің өзгерісіне тікелей тәуелді. Тарифті қалыптастыру барысында Департамент бірқатар факторды ескереді. Олардың қатарында тұрғындардың төлем қабілеті, инфляцияның ықпалы, энергия тұтыну құрылымы, өнеркәсіптің даму деңгейі және энергия үнемдеу ынталандырулары бар. Бұл –  тарифтің халық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетік.

Сонымен қатар, тарифтердің өзгеру реті де заңмен нақты реттелген. Тарифті уәкілетті орган өз бастамасымен жылына екі реттен жиі емес, ал табиғи монополия субъектісі өз бастамасымен жылына бір реттен жиі емес өзгерте алады. Бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін арнайы индекстеу шегі белгіленген. Яғни, тариф тек белгілі бір мөлшерден аспайтын деңгейде жыл сайын өзгертіледі. Егер тарифті көтеру ұсынылса, Департамент ұсыныстың негізділігін мұқият тексереді: монополист арнайы портал арқылы өтінім беріп, оған толық есептеулер мен дәлелдер қоса тапсырады. Бұл мәліметтер Қағидаларға сәйкестік тұрғысынан қаралып, қажет болған жағдайда әкімшілік бақылау шаралары да жүргізіледі.

Ыстық су нарығы монополиялық құрылым болғандықтан, тариф пен қызмет сапасы мемлекеттік бақылауда болады. Бұл ретте, тұрғындардың мүддесін қорғау негізгі мақсаттардың бірі ретінде қаралады. Жаңа орталықтандырылған жүйе іске қосылған кезде де азаматтардың таңдау құқығы сақталады: олар ыстық су қызметінен бас тартып, жеке электр жылытқыштар немесе бойлер қолдана алады. Бұл құқық Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен бекітілген. Егер тұрғындар орталықтандырылған жүйеге қосылғысы келмесе, тиісті хабарлама жасап, төлемдерін өтеп, одан бас тарту құқығын пайдалана алады.

Алайда, балама шешімдер (электр жылытқыштар) үшін де белгілі бір техникалық талаптар қойылады: электр желілерінің қуаттылығы жеткілікті болуы тиіс. Сондықтан, мұндай құралдарды орнату алдында электр энергиясын беруші ұйымнан рұқсат пен техникалық шарттарды алу қажет.

Осылайша, Қызылордада көптен күткен ыстық су жүйесінің іске қосылуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, тұрғындарға нақты таңдау еркіндігін де ұсынады. Ең бастысы, тарифтер мемлекеттік бақылауда болады және олардың әділеттілігі мен экономикалық негізділігі қатаң қадағаланады. Ал ыстық судың бір күндік емес, тұрақты әрі қолжетімді қызметке айналуы үшін жүйелі жұмыс жалғасады.

Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, жалпы жоба құны  26,2  млрд теңгені  құрайды. Қаланың 423 көпқабатты тұрғын үйін ыстық су жүйесі­не қосу екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңі биыл басталып, 2024 жылы 187 үй қамтылды. Бұл мақсатқа 11 млрд теңге бөлінген.  Қалған 236 үйді ыстық сумен қамту жұмыс­тары  2025  жылы  аяқталмақ.

Қазіргі таңда екінші кезеңге дайындық жұмыс­тары жүргізілуде. 61 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізу үшін ҚР Үкіметінің шұғыл резервінен 5 млрд теңге бөлініп отыр. Мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялау процесі  қолға  алынған.

Жобаның сапалы орындалуын бақылау үшін тиісті  техникалық  қадағалау құрылымы бекітілген. Сонымен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті әкімдік тарапынан мердігер компаниялардың жұмысына  тұрақты  мониторинг  жасалуда.

Тұрғындарға ыстық судың тарифтері де нақтыланған. Егер пәтерде жеке ыстық су есептегіш құралдары орнатылған болса, 1 м² үшін 206 теңге, ал есептегіш құралдары жоқ жағдайда адам басына 574 теңге көлемінде төлем  жүргізіледі.

Айта кету керек, ыстық сумен қамту қыз­меті әзірге тұрғын үй көмегі тізіміне енгізіл­меген, яғни коммуналдық төлемдер үшін өтема­қы  қарастырылмайды.

Сонымен бірге, инженерлік жүйелер бо­йынша жүргізілетін барлық жұмыс әр тұрғын үйге  арнайы  әзірленген жоба-сметалық құжаттарға  сәйкес  орындалмақ.

Егер бұл бағыттағы жұмыстарға немесе берілген ақпаратқа қатысты тұрғындар тарапынан сұрақтар немесе шағымдар туындаса, олар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің  91-бабына сәйкес  жоғары  тұрған органдарға немесе сотқа  жүгіну­ге  құқылы.

Басқарма өкілдері 2025 жылдың соңына дейін Қызылорданың барлық көпқабатты тұрғын үйлерін (апатты деп танылған үйлерді қоспағанда) ыстық сумен толық қамту жоспарланғанын  мәлімдеді.

Мәселенің мән-жайын анықтап, атқарыл­ған жұмысқа көз жүгірту мақсатында қала тұрғындарының пікірін білген едік. «Сырдария» мөлтек ауданының тұрғыны, зейнеткер Гүлнәр Төлеубайқызы қазір үйіне ыстық судың орнатыл­ғанын айтып, бір кездергі қиын күндерден  құтылғанын  алға  тартады.

– Мен 1993 жылы бұл үйге көшіп келгенде, ыстық су әлі беріліп тұратын. Бірақ 90-жылдардың соңына қарай тоқтап қалды. Содан бері «аристон» орнатып, жазда жарықтың, қыста судың тұрақсыздығынан қиналып келдік. Түнде жарық өшсе, таңертең жуыну үшін су қыз­дырмайсың. Зейнетақымның тең жартысы «аристонның» электр ақысын төлеуге кететін еді. Қазір үйімізге ыстық су келді. Алғашқы күндері ыстық су краннан ағып жатқанда көзіме жас алғаным рас. Енді біз де адам секілді өмір сүреміз. Үйде екі немерем бар, бұрын ваннаға түсу үшін шелектеп су қайнататынбыз. Енді олай әуре жоқ. Бағасы да қазірше айтарлықтай ауыр емес, себебі «аристонның» жарығы қымбатқа түсетін. Тек енді бұл қызметті  тұрақты  ұстап тұрса екен дейміз, бір күн  бар,  бір күн жоқ болмаса болды, – дейді  ол.

Десе де, іс жүзінде ыстық судың қызығын көріп отыр-ау дейтін су жүйесі орнатылған тұрғын үй тұрғындарының жанайқайы да бар. Мәселен, «Астана-1» мөлтек ауданының кей тұрғыны түнгі 00:00-ден соң ыстық су мүлде ақпай қалатынын айтады. Аққанның өзінде баяу, жылымық күйде ағады-мыс. Ал сол аудан­ның тағы бір бөлігі жалпы жылу тоқтаған соң судың да болмай қалғанына наразы. «Жаңа жоба» негізінде төрт жыл мезгілінде де үздіксіз ағуы тиіс су жазғытұрым кенеттен тоқтап қалды дейді олар. Ақырында арнайы мекемеге арыз­дану  арқылы  ғана  мәселенің  тетігін  тапқан.

Кейбірі «ыстық суды орнатқан дұрыс па әлде бұрыс па?» деп ойланып жатыр. Соның бірі – «Титов» ықшамауданының тұрғыны Берік Қалиұлы. Жеке кәсіпкер «аристонның» жақсы жұмыс істеп тұрғанын айта отырып, «жаңа жүйеге ақша салу шығын болмас па?» деп  алаңдайды.

– Менің үйіме әзірге орталықтандырылған ыстық су жеткен жоқ. Біз көпқабатты ескі үйде тұрамыз. Әзірше «аристон» қолданамыз. Қазір  әкімдік жүйеге қосу үшін дайындық жұмыс­тарын жүргізіп жатыр деп естідім. Бірақ шынын айту керек, қосылған күннің өзінде мен ойла­нып қаламын: қосылу міндетті емес, таңдау құқығымыз бар екен. Жеке кәсіппен айналысамын, электр энергиясының  төлеміне бола тариф өзгерсе, алдын ала білу қажет. Кейде әкімдік бастапқыда жақсы баға қояды, артынан тариф күрт өсіп кететін жағдайлар болған. Оның үстіне, мен «аристонды» толық жаңартқанмын, оған жақсы ақша салдым. Енді тағы орталық жүйеге ақша шығындау – екі есе шығын секілді көрінеді. Әрине, үнемі  сапалы, ыстық су келіп тұрса жақсы. Бірақ Қазақстанда «тұрақты» деген сөзге әлі де абайлап қарайсың. Сондықтан қосылған күннің өзінде бір-екі ай бақылап, сапасын көріп барып қана шешім қабыл­даймын, – дейді  ол  өз  кезегінде.

Тәуелсіздік алғаннан бері ыстық су мәселесі тұрғындардың тұрмыс сапасын анық­тайтын маңызды факторлардың бірі болып келгені рас. Бірнеше онжылдық бойы жеке жылыт­қыштарға тәуелділік пен инфрақұры­лымның тозуы өңірдің өзге қалалардан артта қалғанын аңғартатын  символға  айналғандай  еді.

Қазіргі уақытта жүйенің біртіндеп іске қосылуы қаланың энергетикалық жаңғыруының  алғашқы қадамдарының бірі болып отыр. Алайда, кез келген өзгерістің қосарлы әсер әкелетіні  бесенеден белгілі. Бір жағынан, үйінде жылдар бойы су қайнатып келген тұрғындар үшін бұл – орасан жеңілдік. Екінші жағынан, жүйеге сенім мен тариф саясатына алаңдау­шылық та жоқ емес. Тұрғындардың таңдау құқығы сақталғанымен, бір кездері көп адам электр жылытқыштарға  қомақты қаражат салған. Енді орталық жүйеге көшу олар үшін  жаңа  қаржылық  және  моральдық  шешім қабыл­дауды  талап  етеді.

Мемлекеттік реттеуші органның тариф саяса­тына қатысты берген түсініктемесі бір­қатар қауіпті сейілткенімен, тарифтердің ашықтығы мен тұрақтылығы алдағы уақытта басты бақылау нысанына айналмақ. Өйткені ықтимал күрт өсім немесе қызметтің сапасыз көрсетілуі халықтың сенімін төмендетуі мүмкін. Ал  сенім  қалыптасуы  үшін  уақыт  қажет.

Сонымен қатар, балама жылытқыштардан бас тарту немесе оларды ұстау құқығы әр тұрғынның жеке шешімі болып қала бермек. Заң бұл тұрғыдан еркіндік береді. Дегенмен, жүйенің сенімділігі артқан сайын, орталықтандырылған ыстық суға деген сұраныс та өсе түсетіні анық. Осы орайда жергілікті ат­қарушы органдар мен «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесінің алдында үлкен міндет тұр: бірінші кезекте, қызметтің үздіксіздігі мен сапасын қамтамасыз етіп, халықтың күткен үмітін ақтау. Сонымен қатар, тариф өзгеріс­терінің  ашық түрде талқыланып, әр тұрғынға түсінікті  етіп  жеткізілуі  де  аса  маңызды.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: