Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚҰТ пен ЖҰТ

17.06.2021, 12:00 1221

Құт тасыған өңірді жұт жасытып барады. Мамыражай маусымның басы Арал ауданындағы жаппай мал қырылу фактісімен басталды. «Өйткені, оларға қуаңшылық келді дейді» мамандар. О баста отымыз мол, суымыз тұнық болды деп айтуға әсте келмес. Дегенмен, тосын түскен жайсыз жағдай несібесін төрт түлік малдан терген шаруалар үшін қиынға соқты. Азықсыз арам өлген мал саны қазір 500-ге жеткен. Бізге белгілісі, мал өлуінің нақты себебі жыл басынан бері жауын-шашынның аз болуы.  Шын мәнісінде экологиялық ахуалдың әсері болуы да ғажап емес. Әйтпесе қуаңшылық Аралдың айналасына ғана емес, облыс көлеміне бірдей әсерін тигізуі тиіс емес пе деген ой да қылаң беріп қалады. Аралдықтардың жанайқайы жоғарыдағыларға жедел жеткен болу керек, мәжілісмендер мәселені шешудің сан түрлі әдісін ұсынып үлгерген.

Былтыр дәл осындай оқиға Маңғыстау өңірінде өрбіген еді. Төрт түлік түгел қырылып, ел-жұрт аяқ асты әбігерге түскен. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин болған оқиғаларға орай пікірін ортаға салыпты.

– Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі – төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елде орын алған су тапшылығы мен қуаңшылық жайлымдық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелді. 2020 жылы Маңғыстау облысында 4883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 1332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал облыстағы малдың 56%-ын құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз, – дейді Е.Жаңбыршин Үкімет басшысының орынбасары  Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Расында малдың жайын баққан біледі. Күнкөрісіне айналған төрт түлігі түгел қырылып жатқан қарапайым шаруалардың шығындары мемлекет тарапынан өтелмейтіндігі де айтылды. Билік болары болып, бояуы сіңгеннен кейін тірі қалған түлікке азық жинап беруге ғана уәделерін үйіп-төгіп отыр.

Мәселеге орай, Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішов:

– Аудандағы мал басына есептегенде 7520 тонна шөп қажет. Ауданға шөп тасымалын ұйымдастыру үшін көршілес Ақтөбе облысының  Ырғыз ауданы, сонымен қатар облыстағы Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – дейді.

Шаруалардың басына түскен күнді өз пайдаларына асырғысы келетін алыпсатарлар мал азығының бағасын күрт көтеріп жіберген. Делдалдар артық тиын жасаймыз деп онсыз да тығырыққа тірелген жұрттың қалтасын қағып қалуға асық. Қоғамның азуына шын мәнінде әсер ететін тікелей өзіміз. Оған себеп, алыпсатар, кәсіпкер, делдалдар былтыр пандемияның басталу мерзімінде барлық дәріханалардағы қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтардың бағасын күрт өсіргенде бәріміз жағамызды ұстаған едік. Өліммен бетпе-бет келгенде адамның адамға жаны ашымаған заманда, басқа жағдайда делдал, кәсіпкерлерге пәлендей деп сын айтып, мін тағу да артық болар.

Хош. Депутат Е.Жаңбыршиннің айтуынша, әншейінде әлемнің түкпір-түкпірінен асыл тұқымды мал әкеліп өсіріп жатырмыз деп құр мақтанға салынатын елдің бір ауданның малына азық таба алмай жатырмыз дегені –  атымызға сын. Сөзбе-сөз келтірсек.

– Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды?! Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?! Әрине, халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке үміт артады. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылық министрлігі және жергілікті атқарушы билік жем-шөп жеткізу, қаржы бөлу сияқты шараларды іске асырып жатыр. Алайда  бұл көмек барлық мал шаруашылығы мен жеке адамдардың мал басын қамтымайды, сондай-ақ жеткізіліп отырған азықтың бағасы қолжетімді болмай тұр. Жалпы, болып жатқан жағдай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. 21-ғасырда космосты игеріп, Австралия мен Канададан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят!

Депутат ұсынысының арасында мұндай жағдай алдағы уақытта болу ықтималдығын ескеріп, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақаралық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алгоритмдері жасақталуы тиіс екендігі айтылған. Қалғаны уақыттың еншісінде.

ТҮЙІН. Халқымыз кездескенде алдымен адамның емес, малдың амандығын сұраған. «Мал-жан аман ба?» дейді. Оған себеп, біз қазақ – о бастан тіршілігімізді малмен байланыстырған ұлтпыз. Төрт түлігі түгел болса, онда шаруаның жаны тыныш деген сөз. Малын құт санайтын өңірге жұт тиді. Енді астына ат мінген ақжағалы ағайын оқиғаға қырын қарамас. Шешім – шенділердің қолында.

Керім ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: