Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚҰЛДЫҚ қамыты

11.08.2021, 16:50 772

HALYQLINE.KZ 2013 жылы Британ режиссері Стив Маккуннің түсірген «Құлдықта өткен 12 жыл» атты тарихи драмасы талайды тамсандырды. Кино әлемін дүр сілкіндірген туындыда құлдықтың қамытын киген қара нәсілді Соломан Нортаптың шым-шытырман тарихи жолы таспаланған. Шынайы өмір оқиғасына негізделген кино олжалы болып, «Оскар» жүлдесінің «Үздік фильм» номинациясы мен ВАFTA жүлдесін жеңіп алды.

«Құлдықта өткен 12 жыл»

Кинода көргеніміздей, еңбекке жегіліп, азаттықтың азапты жолынан өткен скрипкашы Нортап бастапқыда азат африкалық американдық болған. Нью-Йорк штатында ақ нәсілділермен тең дәрежеде болған ол 1834 жылы әкесінен қалған ферманы сатып, отбасымен Саратога-Спрингс қаласына көшеді.

Кейін кинодағы басты кейіпкерімізді скрипкашы ретінде жұмысқа орналасу туралы ұсыныс тастаған құл саудагерлері ұрлап әкетіп, құлдыққа сатып жібереді. Оның отбасы бұдан хабарсыз еді. Азаттықтан аяқасты ақ нәсілдінің құлына айналған Нортап отбасына хат жазып, қашуға қанша тырысып баққанымен онысынан түк шықпайды. Сағы сынбаған Саламон 12 жыл дегенде бостандыққа шығып, өз отбасына оралады. Басыбайлы бостандыққа шығуға достары мен Нью-Йорк шатының губернаторының көмегі тиді. Ауыр жұмысқа жегілген африкалық азаттық алғаннан кейін «Құлдықта өткен 12 жыл» деп кітап жазып шығарады.

Хош, құл иеленушіліктің тарихы тым тереңде. Түбіне үңілмей, бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың құрылуынан бастайық. Құрылысқа жұмыс күшінің қажет екенін білген еуропалықтар көп ойланбай құл ұстауды құп көреді. Содан екі ғасырдан астам уақыт Африканың миллиондаған тұрғынын кемеге тиеп, Америкаға жеткізіп отырған.

Құлдықтың қамытын киген африкалықтардың аяқ-қолы кісенделген күйі ауыр жұмысқа жегілген. Бейнеттің ең бір зіл батпанын мойындарымен көтергендеріне қарамастан, қожайындарынан зорлық-зомбылық көрген. Мұны британ режиссері Стив Маккун туындысындағы кей кадрлерден көруге болады. Шамамен, осы уақытта Саламон Нортап африко-американдық болса да, еуропалықтардың «құрығына» түсіп қалып, құлдықта болған.

Деректерге сүйенсек 1619-1860 жылдар аралығында Африкадан Америкаға жеткізілген құлдар саны 19 миллионнан асады. Мұнан бөлек 60 миллионнан астам африкалық жолдағы азапқа шыдамай көз жұмған. Тірі жеткендердің алдынан ауыр жұмыс күтіп тұрды. Африка құрлығы құл саудасына байланысты жалпы 80 миллионға жуық адамынан айрылған.

Осы ретте Гариет Тобмен деген африкалық әйелдің еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол АҚШ-тағы құл иеленушілік заманында жасырын «отрядтар» құрып, африкалықтарды құлдықтан азат етіп жүрген. Осылайша 700-ден аса адамды құлдықтың қамытынан құтқарған. Уақыт өте келе құлдықтан азат ету қозғалысының лидері атанады.

Кейін бұл кісіден: «Құлдықтан азат ету ісінде ең қиын жұмыс не?» – деп сұрапты. Терең ойланып: «Құлды «сен құл емессің» деп сендіру қиын» деген екен.

Құл саудасына қарсылық қай кезде де бар болатын. Алайда билік басындағылар мен қаржылы топтардың мүдделеріне қарсы шара қолдана алмады. Қазір демократияның жаршысы саналатын АҚШ-тың өзінде құлдыққа қарсы күрес ұзақ жылдар бойы жалғасып, мәселеге 1861-1865 жылдары орын алған азаматтық соғыс нәтижесінде ғана ресми нүкте қойылған. Мақаланы зерттеу барысында бұл мәліметті оқығанда:

«Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйел күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» деп айтып кеткен Әлихан Бөкейхановтың сөзі санаға сарт ете қалды.

Қазақстандағы құлдық

Біз айтып отырған құл иелену мен адам саудасы тарихтан білетініміздей, сонау көне Грек және Рим мемлекеттерінен бастау алған. Алайда құлдыққа тыйым салу Францияда XVIII ғасырдағы буржуазиялық революция нәтижесінде Англияда 1807 жылы қабылданды. Уақыт өте келе 1981 жылы Мавритания әлемдегі ең соңғы мемлекет болып ресми түрде елдегі құл иеленушілікті заңсыз деп танып, құлдықтың күшін жойған болатын. Десе де, әлемде адам саудасы мен құл иеленушілік түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Қайта әлемдік қара нарықта қару-жарақ, есірткі мен адам сатудың саудасы қыза түскен.

Жыл сайын мыңдаған ер азамат, әйелдер мен балалар өз елдеріндегі және шет елдердегі адам саудалаушылардың қолына түседі екен. Сарапшылар әлемде екі жарым миллионға жуық адам қазіргі заманғы құл алып сатушылардың қолында десе, «Walk Free» атты халықаралық тәуелсіз құқық қорғау ұйымы «әлемде 40 млн нан астам адам құлдықтың құрбаны болып отыр» дейді. Өкініштісі сол, Қазақстанда да бұл «бизнес» белең алып отыр.

Өткен жылы адам саудасы бойынша Қазақстан әлемде екінші орынға жайғасқан. Бір жылдың ішінде 1200 қазақстандық азамат хабар-ошарсыз кетіп, із-түссіз жоғалып кеткен. Оның ішінде 22-сі – бүлдіршін бала. Ал, биыл елде адам саудасына байланысты қылмыстық құқықбұзушылық саны екі есеге көбейген. Нақтырақ айтатын болсақ, биылғы жылдың қаңтар мен мамыр айының арасында елде адам саудасына байланысты 63 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Қылмыстардың көп бөлігі жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа арналған притондар ұйымдастыруға немесе ұстауға қатысты. Тағы 8 жағдай кәмелетке толмағандарды сатумен байланысты, 7 іс кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартуға байланысты, 6 іс адам сату және жезөкшелікке тартуға қатысты, ал 1 жағдай пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру жағдайына келеді.

2008 жылы халықаралық «Walk Free» ұйымы ұсынған мәліметке сүйенсек, ел аумағы мен шет мемлекеттерде 75 мыңнан аса отандасымыз құлдықта жүр екен. Құлдық мәселесіне қатысты әлемдік статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде Қазақстан 83 орынға жайғасқан. Құрығы ұзын қылмыскерлер қазақстандықтарды қара жұмысқа жегіп, қаракөз қыздарымызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, ер-жігіттерді есірткі транзиті мен контрабандаға пайдалануда. Сорақысы, балалар мен жеткіншектердің органдары қара нарықта саудаға салынуда.

Осы жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдерді саудалауға қатысты 25 адам, жезөкшелік немесе жеңгетайлыққа қатысты притон ұйымдастырғаны үшін 6 адам, адам саудасына қатысты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі Қазақстан азаматтары. Сонымен қатар осы істерге қатысты ТМД-ның екі азаматы «жасөспірімдер саудасы» қылмысына қатысты жауапқа тартылған. Адам саудасына қатысты қылмыстарға кінәлі адамдардың көбі жұмыссыздар. Көбі орта немесе арнайы орта білімі бар кісілер.

Адам саудасымен айналысатындар Қазақстан тұрғындарын негізінен Ресейде, одан кейін Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея Республикасы мен Түркияда мәжбүрлі еңбекке тартады. Адам саудагерлері қазақстандық әйелдер мен қыздарды Таяу Шығыста, Еуропада, Шығыс Азияда және АҚШ-та сексуал қанау мақсатында пайдаланады. Қазақстанда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның көрші елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылды жерлерінен әкелінген әйелдер мен қыздар коммерциялық сексуал қанауға ұшырайды.

ҚР Сыртқы Істер министірлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан адам саудасы туралы жаһандық баяндамада «бақылау тізімінен» елдердің екінші санатына (Tier 2) өтті. Бұл адам құқықтарын қамтамасыз етудің осы саласындағы жағдайдың жақсарғанын көрсетеді.

Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда адам саудасы үшін жазаны күшейті. Бұрын бұл қылмысты жасағандар кемінде 3 жылға сотталса, енді ол 4 жылға артты. Ең ұзақ мерзім – 15 жыл бас бостандығынан айыру.

Шетел азаматы Қызылордада құлдықта

ҚР Үкіметінің адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасын алдын алу және оларға күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл бағытта Қызылорда облысында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде ОПД Криминалдық Полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Ғани Мұқановты әңгімеге тарттық.

Оның айтуынша, Полиция департаментінің қызметкерлері біршама профилактикалық жұмыстар атқарған. Білгеніміздей, жыл басынан облыс аумағында адам саудасымен байланысты қылмыстарды ескерту, жолын кесу, анықтау және ашу бағытында ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес 2 рет «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылған.

Нәтижесінде бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша – 1, бала сату бойынша – 1, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 2, жеңгетайлық және притондар ұстау бойынша-10 қылмыс дерегі анықталып, жеңгетайлықпен айналысқан 2 тұлға және жеңіл жүріспен пайда тауып жүрген 14 тұлға есепке алынған. Сонымен қатар, қоғамдық орында тиіскені үшін 19 тұлғаға және жезөкшелікпен айналысуға немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынғаны үшін 1 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Алаяқтар өзінің құрбанын табу жолында түрлі айла-амалға баратыны белгілі. Қызылордалықтар қылмыскерлердің құрығына түсіп, құлдықтың қамытын кимеуі үшін құқық қорғау қызметкерлері әлеуметтік желідегі заңсыз деп танылған түрлі сайттардың жұмысын тоқтатуда.

  • Ғаламтор жүйесінде адам саудасына және балалар порнографиясына байланысты, сол сияқты осындай қызметтерге сұраныс тудыратын жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдарға үнемі мониторниг тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 54 сайт анықталып, оның 32-сі бұғатталды.

Әлеуметтік желіде «Сіз бала асырап алуға дайынсыз ба?» тақырыбында жарияланған бір сайтты «Кибер надзор» жүйесі арқылы бұғаттау шаралары жүргізілуде.

  • Жыл басынан адам саудасына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан және қоғамдық мекемелерден хабарлама түсті. Атап айтқанда ағымдағы жылдың 21 сәуірінде «Евразия» телеарнасы арқылы жаңалықтан «Балалар 500 мың теңгеден сатылып жатыр» деген сұхбат бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, аталған ақпарат жалған болып шықты, – дейді Ғани Сәбитұлы.

Облыста өзге шет ел азаматтарын мәжбүрлі түрде жұмысқа жегіп, бас бостандығын шектеген жағдай анықталған. Атап айтқанда, 30 наурызда мемлекеттік емес ұйымнан Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмыс жасап жүрген Өзбекстан Республикасының азаматтары қатысты заңсыз әрекеттер жасалып, мәжбүрлі еңбекке тарту мен бас бостандықтарын заңсыз айыру уәждері келтірілген.

– Аталған дерек бойынша 2021 жылдың 27 сәуірінде ҚР ҚК-нің 126-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Құрылыс нысанынан анықталған 14 өзбек азаматы Қызылорда облысының әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы үкіметтік емес мекемесіне орналастырылды.

Полиция департаменті қызметкерлерімен ұдайы шетел азаматтарының облыс аумағына келіп-кету заңдылығын қадағалау бағытында, жыл басынан облысымызға әр түрлі мақсаттармен келген 1647 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды, оның 1540 ТМД елдерінен, ал 107 алыс шетелдерден келгендер, – дейді ОПД Криминалдық Полиция басқармасының бөлім бастығы.

Осы ретте айта кету керек, ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша (шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасы халықтық көші-қон заңнамасын бұзуы) 552 шетелдік азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 53 шетел азаматы соттың шешімімен республика аумағынан шығарылған.

Мақаланы зерттеу барысында қызылордалық 3 азаматша Түркия еліне құлдыққа бара жатқан жерінен құтқарылғанын білдік. Әйтсе де, жағдайдың қалай болғанын білу үшін кейіпкерлермен кездесу де, байланысу да мүмкін болмады.

Елдос АСАН,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: