Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ не дейді, билік не дейді?

06.10.2022, 11:40 328

Ресейден мезгілсіз келген «қашақтар» мәселесінде қоғам  тағы  да  екіге  жарылды. Бір жағында  орыс­тілді  қауым болса, екінші жағында – қазақтілді қоғам. Ал билік осы отыз жылдағы рөлінен танбай, орыс­тілді қауым­ның қасына жайғасты. Бұл – біздің биліктің тұрақты орны. Кез келген мәселе жөнінде («Шаңырақ» оқиғасы, «Жаңаөзен қырғыны», «Жерді сатуға қарсылықтар», «Қаңтар қырғыны», т.т. ) біздің елімізде осындай «расклад» болады. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Дұрысын айтқанда, биліктің «қазақ мәселесіне» келгенде, баррикаданың арғы жағынан табылатынына етіміз үйреніп кеткен. Ал қоғамның саяси мәселесінен аулақ жүруге тырысатын, өздерінің әлеуметтік жағдайына алаңдап, қазіргі тілдік артық­шылықтарын жоғалтпауға тырысатын орыстілді қауымның әрқашан билікті қолдайтыны – тағы да талассыз  мәселе.

Осы бөліністің салдарынан әлеу­меттік желі де соңғы бір апта бойы бұрқ-сарқ қайнауда. Біріміздің сөзі­мізді біріміз тыңдамайтын деңгейге жеткен сияқтымыз. Әрбір әлеуметтік топтың, әр тілдік қауымның өз шындығы бар. Сондықтан орыстілді билікке өкпелеудің де қажеті жоқ. Оның орнына сәл демімізді алып, біріміздің сөзімізге біріміз құлақ түрейік, уәжімізді ортаға салайық, ортақ шешімге келмесек те, ат құйрығын  кесуге  бармайық.

Орыстілді қауымға ешқандай реніш жоқ деп ойлаймын. Қолдамаймын, бірақ, түсінемін. Олардың басым көпшілігі өздерінің қандас­тарына жандары ашып, қолдан келген көмегін беріп жатыр. Олар көпшілігі үшін, бұл нөпірдің не үшін келгені, «қашақтардың» іштерінде қандай пиғылы бары, келешекте қазақ жерінде қандай жағдайдың болатыны – екінші, үшінші… оныншы мәселе. Мүмкін, кейбіреулері «орыс­тар, орыстілділер көбейіп жатыр» деп, іштей қуанып та жүрген болар. «Қанына  тартпағанның  қары сынсын» дейді қазақ. Орыстілді аймақтың тұрғындары үшін Ресейден келушілердің көбейгені – қазақ жеріндегі орыс әлемінің көбейгені, күшейгені, қазақ тілін, мемлекеттік тілді мойындамаушылардың көбейгені. Қазақстандағы орыстілділердің ішінде орыс әлемін, Путиннің басқыншылық саясатын белсенді түрде қолдаушылардың баршылық екенін  ескерсек (1991 жылғы Шығыс Қазақстанның үш ауданының сепаратистік әрекеті, одан кейінгі Пугачев бастаған топтың қарулы төңкеріс жасау арқылы Ресейге қосылмақшы болғаны, Риддер қаласында Ресейге қосылу жөнінде референдум ұйым­дастыру жөніндегі іс-әрекеттер, соңғы уақыттағы әлеуметтік желіде пайда болған Ұлтты азат ету қозғалыстары, т.т.), бұл қашақтардың (бұл сөзді тырнақшаға алудың қажеті жоқ деп ойлаймын) болашақта атқаратын рөлі туралы бал ашып, құмалақ салудың  қажеті  жоқ  деп  ойлаймын.

Қазақтілді қауымының бұл мәселеге деген ұстанымдарын екіге бөлуге бола­ды. Біріншісі – Ресейден  орыстардың үдере көшуінің салдарынан пайда бола­тын  әлеуметтік-экономикалық  қиыншылықтар. Бұл – үйлердің қымбат­тауы, жалға  берілетін баспана бағасының көтерілуі, жұмыссыздықтың күрт көбеюі, теңгенің құлдырауы, т.т. Шындап келгенде, бұлардың барлығы – көрші елдерде саяси, экономикалық дағдарыс болғанда көрініс беретін әдеттегі, күтілетін қиыншылықтар. Бұл – қазақтарға да, басқа ұлт өкілдеріне де бірдей тиетін ауыртпалық. Екіншісі – әлі орнына келмеген ұлттық құндылықтардың, оның ішінде қазақ тілінің жағдайына деген алаңдаушылық. Ресейден ағылған орыстарға деген жаулық көзқарас емес, болашақтағы ішкі тұрақтылыққа деген алаңдаушылық. Мүмкін, әңгіме «осы алаңдаушылыққа негіз бар ма?» деген сұрақтың айналасында ғана болар. 

Біріншіден, Ресейден келіп жатқандардың басым көпшілігі – жиырма мен қырықтың арасындағы адамдар. Олар Путиннің билігі тұсында туып-өскен, империялық, шовинистік тәрбие көрген жандар екені анық. Қыс­қасы,  жаңа  «ватниктер».

Екіншіден, бұлар осы уақытқа дейін (мүмкін, қазір де) Путиннің басқыншылық саясатына қарсылық білдірмеген, кезінде үнсіз қолдау жасаған жандар екені де талассыз. Мүмкін, диванда отырып, күңкілдегендері де бар шығар, бірақ ашық қарсылық жасауға бармайтын, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға дайын тұрған адамдар екені де даусыз. Путиннің саясатына қарсы шыққандардың бірқатары осыдан алты ай бұрын сотталды, кейбіреулері Ресейден қашып, сырт елге кетті. Айта кету керек, шын мәнінде Путин саясатына қарсы өзіндік ұстанымы бар жандар Қазақстанға сол кезеңде де келді. Бірақ ешкім оларға тегін тамақ берген жоқ, ал билік басшылары «орыстарға көмектесу керек» деген сөздерін айтқан жоқ… Айт­пақшы, жақында  ғана  әлеуметтік желіде Павлодарда жүрген екі орыс жігіті­нен алынған сұхбатты көрдім. «Қырым – кімнің жері?» деген сұраққа екі орыс азаматы кібіртіктеп, жауап бере алмады… Демек бұл келгендердің басым көпшілігі – Қырым мен Донбасс, Луганскі түгіл, бүкіл Украинаның территориясын Ресейдің жері десе де бас шұлғитын жандар. Олар – тек қана өз өмірлеріне қауіп төнгенде, соғысқа бару мәселесі көтерілгенде ғана «атқа мініп, үдере көшкен батырлар». Олардың дені – Жириновский мен Лимоновтардың қазақ жері туралы айтқан сандырақтарына қол соғып, Нефедов пен Медведевтердің солтүстік Қазақстан туралы пікірлерін ұйып тыңдаған жандар. Қысқасы, елімізге пиғылын анықтауға болмайтын он дивизияға жуық әскер жасындағы адамдар енді. Меніңше, бұған селт етпей отыру – қылмыспен  тең.

Үшіншіден, бұл келгендердің көпшілігі басқа елдерге кетуі де мүмкін. Бірақ, кем дегенде, үштен бірінің қалатыны анық. Демек бұл – орыстілді тағы бір облыстың өмірге келгені деген сөз. Бұл – мемлекеттік тілде сөйле­мек түгіл қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарға қызмет көрсетуден де бас тартып отырған орыстілді қауымға мемлекеттің тілін мойындамайтын тағы да жүз мыңдаған адамның қосылуы. Егер өз еліміздің орыстілді азаматтары отыз үш жылдың ішінде қазақ тілін үйрене алмай, дұрысы, өз мемлекетінің тілін үйренуден, қолданудан бас тартып жүрсе, бұл келген орыстілді азаматтар қазақша сайрап кетеді деп не Тоқаев, не Смайылов уәде бере алмайтын болар… Тіл мәселесінің жылдар өткен сайын ушыға түсетіні анық, демек бұл қашақтар  ертең  ұлтаралық  кикілжің,  қақтығыстың  қозғаушы  күші  болмайды  деп  кім  айта  алады?

Айта кету керек, бұл «көш» алдыңғы толқын ғана. Ресейде әлі де сан түрлі «мобилизация» болары анық. Демек, біздерді екінші, үшінші толқын күтіп тұр. Егер қазіргі шақырылғандар қолдарына қару ұстауға жарайтындардың бір пайызы болса, ертең жаппай мобилизация болғанда біздің елімізге он миллион адамның келуі мүмкін екенін де ұмытпалық. Меніңше, Смайылов пен  Жұманғариндер  өз  орындарын бермесе, олардың барлығына  жұмыс  тауып  беру  оңай  болмайтын  сияқты. Сондықтан, тағы да қайталауға тура келеді, бұл – орыс ұлтына, бүгінгі қашақтарға деген жаулық емес, елдің, мемлекет­тің ертеңіне деген алаңдаушылық. Негізі бар, дәлелді алаңдау­шылық  деп  ойлаймын.

Көңіл аударатын тағы бір қауіпті болжам бар. Ол – осы «ағылғандардың» артында Путиннің сұрқия саясаты тұр дейтін пікір. Мобилизация жариялай отырып, оның соңының Ресейден үдере көшуге ұласатынын Путин білмеді дейсіңдер ме? Жоқ. Әрине, жақсы білді. Сондықтан да, «ішінара мобилизация» жариялай отырып, шекараны жабу мәселесін «ұмытып» кетті. Әрине, бұл келгендердің бір бөлігі уақытша тұрақтап, кейін басқа елдерге де кетуі мүмкін, бірақ бір бөлігінің біздің елімізде не тұрақты, не уақытша қалатыны анық. Орыс халқында «Балық терең суды іздейді, ал адам жақсы өмір сүретін елді іздейді» деген мақал бар. (Ал қазақта «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар). Интернеттегі ХҚКО-ның алдында кезекте тұрған адамдардың 80-90 пайызының қару ұстай алатын ер адамдар екенін көргенде, Қазақ еліне, кем дегенде, он дивизияға жетерлік әскер келген­дей әсер қалды. Мүмкін, сол оншақты дивизия кірген де болар… Себе­бі, келгендердің кім екенін, қандай пиғылдары бар екенін анықтап жатқан билік жоқ. Ал шекарадан өткеннен соң, жүз мыңдаған адамды бақылауға алу мүмкін де емес. Олардың соңынан тағы да сондай жандар келеді, осыншама адамдарды тоқсан күннен кейін тексеру, шығару, депортациялау – ешқашан жүзеге аспайтын мақсат. Қысқасы, біздің көз алдымызда іштегі бесінші колоннаны сырттан келген жасақтармен күшейту жұмысы жүріп жатыр. Әрине, бұлардың ішінде мобилизациядан қашқандар да бар, алайда, сонымен қатар, болашақ  «Солтүстік Қазақстан облысын» құрушылардың болуы да әбден мүмкін. Олардың бұл жерде жанашырлары бар екенін де естен шығармайық. Демек, бұл  «ұлы көштің» астарында Қазақстанға басып кірудің стратегия­лық  жоспары  жатпасына  да  ешкім  кепілдік  бере  алмайды.

Енді билікке келейік. Осындай күтпеген жағдайлар болғанда мемлекеттің, мемлекеттік биліктің басты міндеті өз азаматтарының тұрмыс-тіршілігінің төмендеп кетпеуін жүзеге асыру және ішкі тұрақтылықты сақтау болуы керек. Әрине, егер көрші елге сырт жақтан жау басып кіріп, қалаларын отқа орап, адамдарын қырып-жойып жатса, гуманитарлық көмек беру, босқындарды – бала-шаға, кәрі-құртаңдарды орналастыру, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де көрші қақы болып табылады. Бірақ қазіргі келіп жатқан ресейліктер  босқындар  қатарына жатпайды. Меніңше, біз осы мәселені жақсы түсініп алуымыз керек. Сондықтан оларға «көмек қолын созу» ешқандай логикаға жатпайды. Мемлекеттің ақшасы артылып бара жатса, қалалары күлге айналған, сәбилері өлім құшып жатқан Украина халқына көмек берсін.

Осындай жағдай туғанда біздің биліктің әрқашанғы басты ұстанымы халық­ты тыныштандыру болатын. Әлі есімде, 1991 жылы 19 тамызда Кеңес одағында мемлекеттік төңкеріс болғанда, Ақаев бастаған қырғыз елі «тауға барып, партизандық соғысқа» кірісеміз деп жатқанда, біздің президентіміз «сабыр сақтайық» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Ең қызығы, бұл жолы біздің билік иелерінің «тыныштық сақтайық» деуге де шамасы келмеді,  …олар  толығымен Ресей қашақтарын қолдады. Премьер-министр «Ресей азаматтарына  көмек  көрсету»  керек  десе (айтпақшы, ертеңіне «менің айтқаным түсінбеушілік тудырды» деп ақталғанға ұқсайды. Онысына да рақмет), министр Серік Жұманғарин «Біз қазір оларға «шекара жабылды, келмеңдер» деп қалай айта аламыз?», «Біз кезінде 100 ұлтты қабылдағанбыз» деп, өзімізді ұялтуға кірісіпті. Егер көптеген өркениетті елдердің Ресей азаматтарына виза беруді тоқтатып, шекараларын жапқанын (ең соңғысы – Финляндия мем­лекеті) есімізге түсірсек, «шекара жабылды, келмеңдер» деп айтудың негізі бар екенін мойындауға тура келеді. Екіншіден, 100 ұлт бізге ресейліктер сияқ­ты өздері келген жоқ, келгісі де келмегені анық. Оларды қару­дың күшімен алып келді. Тоталитарлық жүйенің тәлкегіне түскен, қарудың  күшімен үйлері­нен қуылған, қазақ жеріне аяқ-қолдары тұсаулы келген ұлттарды  бүгінгі  ресейліктермен  салыстыру – кешірілмес  күнә деп есептей­мін. 

Енді тарихқа келейік. 19-ғасырдың соңында Қазақ даласына Ресей империя­сының жерсіз мұжықтарының ағылғанын жақсы білеміз. Онда шека­ра да жоқ. Шекарада тұрған қазақ әскері де жоқ. Бірақ, Құдай деген халық­пыз ғой, «қай жетісіп келеді дейсің» деп, арып-аршып келе жатқандарға тамағымызды ұсындық. Кейін олар жерімізді алды, өзен, көлдердің жағасына  жақындатпады, одан кейін тілден, діннен айырды, мәдениетімізді жойды.  Мүмкін,  тарихтан  да  тағылым  алғанымыз дұрыс  болар.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: