Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз әлеміндегі балалар

10.11.2022, 11:40 428

Дүниежүзінде күрмеуі шешілмеген мәселе өте көп. Солардың бірі – түйткілге айналған аутизм дерті. Тарихы тереңде жатқан бұл дерт – әлем бойынша толық зерттелмеген сырқаттардың бірі. Соның салдарынан көптеген бала зардап шегуде. Еліміздегі статистика да мәз емес. Ал өңірімізде өткен жылдың қорытындысы бойынша аутизм дертіне шалдыққан 80 бүлдіршін есепке алынса, биыл ол 107 балаға көбейіп, балалардың барлығы мүгедектік топқа жатқызылған. Дегенмен, «бұл дерек нақты ма?» деген сауал бізді толғандырмай қоймайды. Себебі көптеген ата-ана аутизммен ауыратын баласын қоғамнан,  балабақша мен мектептен алшақтатқысы келмей, жасырып қалып жатады. Көпті толғандыратын да, абыржытатын  да – осы.

Әлі күнге дейін шешімі табылмаған аутизм дертінің шығу тарихына тоқталсақ, ең алғаш аутизм деген терминді 1912 жылы швейцар психиатрі Э.Блейлер ұсынған. Аутизм ауруын бірінші ашып зерттеген америка психиатрі – Лео Каннер. Негізінен, ғылыми терминнің грек тілінде аударылған баламасы «өзім» деген мағынаны білдіреді екен. Шын мәнінде, аутизммен ауырған бала­лардың өз әлемі болады. Сыртқы құбы­лыс пен өзгерісті ешқашан қабылдамайды. Демек, ол үй жағдайында болатын түрлі өзге­ріске қарсылық білдіреді екен. Негізінен, балалар өзімен-өзі отырғанды қалайды. Бір ойынды ұзақ уақыт ойнап, бір қимылды бірнеше рет қайталауы мүмкін. Адамның көзіне тіке қарамайды, дыбысқа белгі бермейді. Сондықтан, бұл дертті ерекшелігі бар жандар  деп  қабылдаймыз.

Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизммен ауырған бала­лардың себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқымқуалау­шылық фактордың да әсері мол екенін көптеген зерттеуші мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі. Тұқым­қуалаушылық хромосомалық өзгерістер, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті және туу кезінде алған жарақаттар, нейро инфекциялар, т.б. барлығы да жағымсыз әсер ету мүмкін­дігі бар. Яғни аутизм дерті көбінесе генетикалық  жағынан  анасынан даруы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда қыз-келіншектер өз денсаулығына көңіл бөліп, жүктілік кезінде күйзеліске ұшырамай, денсау­лыққа зиян заттардан аулақ болуы қажет. Әйел адам жүктілік кезінде шошынып, психологиялық дағдарысқа ұшырап қалған жағдайда да іштегі баланың дамуына кері әсерін  тигізеді  екен.

Мәліметімізді нақтылай түсу үшін қаламыздағы «Асыл Мирас» аутизм орталығының маман­дарымен байланысқан  болатын­быз. Бүгінгі күнге дейін бұл орталық 2  мыңға   жуық  ерекше  баламен  жұмыс істеп келген. Орта­лық маман­дарының айтуынша, ерекшелігі бар балаларды арнайы әдіс-тәсілдермен өздерінің диаг­ноздарына қарай емдеп, орталықта белгіленген 6 бағдарлама бойынша қызмет көрсетеді. «Ерте жастан қолдау», «Оқыту дағдыларын дамы­ту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Өмірлік дағдыны дамыту», «Джаспер» сөйлеу және ойнау дағдысын дамыту және «Қарқынды курс» бағдарламалары арқылы ем жүргізеді. Әрқайсысының өзіндік орны мен арнайы жоспары бар. Бұны заманауи емдік тәсілдер деп те атауға болады. Өйткені аутизм спектрі бұзылған балалардың сөйлеу  дағдыларын дамытудың бірегей әдістерінің бірі «Джаспер» бағдарламасы болып табылады. «Джаспер» сөйлеу және ойын дағдыларын дамыту бағдарламасы 3-7 жастағы балаларға арналған. Елімізге американдық «Джаспер» әдісі 2016 жылы келіп, бұл әдісті Калифорния университетінің ғалымдары ойлап тапқан. Осы әдіс арқылы  аутизмі  бар  балалардың 80 пайызын емдеп жазуға болады. Зор мүмкіндік беретін әдіс арқылы үш ай ішінде баланы сөйлетуге құдіреті жетеді. Осы әдіс-тәсілдерді даму деңгейінде ауытқуы бар балаларға аптасына 3 реттен қолданып келе жатқан «Асыл Мирас» орталығының мамандары: «Индиви­дуалды  ерекшелігін  ескере отырып әр баланы тәрбиелеу әртүрлі болуы мүмкін. Аутизм спектр бұзы­лы­сының болуы мүмкін факторы әлі де нақты анықталған жоқ, болуы мүмкін  себептері  де  әрқалай.  Олар – генетикалық, психологиялық,  потологиялық және анықталмаған факторлар. Әр баланың коррекция арқылы жетістікке жетуі – біз үшін үлкен қуаныш», – дейді.

Сондай-ақ, бұл «Асыл Мирас» аутизм орталығында қазіргі таңда 14 маман тәжірибесінің толысуы­мен сабақтаса өріліп, бала болашағы  үшін  аянбай  қызмет  етуде.

Әлемдік зерттеушілердің мәлі­метінше, аутизм – сирек кездесетін психикалық ауытқу. Мамандар бұл дертті ауру емес, қалыпты даму жады­нан таю дейді. Сонымен қатар, кез келген дерттің алдын алса, бәрі оңалатынындай бұның аутизмге де қатысы бар. Ерте бастан бала бойынан ерекше белгілер байқалса, оны неғұрлым тез анықтаса, соғұрлым пайдалы екенін ұғынған жөн. Бұндай кезде ата-ананың білімділігі мен біліктілігі де рөл ойнайтынын айта кеткен дұрыс. Сондай-ақ, аутист бала үшін оған үзілмейтін терапияның маңызы зор және оның үнемі бақылауда болғаны жақсы. Бұндайда баланың ата-анасына да қойылар талап пен үлкен психологиялық шыдамдылық, жігер керек. Туғаннан ол баланы ата-ана, туған-туыс қабылдай алса, оны ештеңеден алшақ­татпаса, қоғамның да көзқарасы оң болып, дұрыс көзбен, оймен қабыл­дай  алатын  болады.

Елімізде аутист балаларды тізімдеу 2010 жылдан басталып, Қазақстандағы аутист балалар саны жыл сайын өспесе, кемімей тұр. Дегенмен, қазіргі таңда оларға арналған арнайы түзету орталық­тары мен мектептер жұмыс істейді. Арнайы қорлар да аутизммен күресін тоқтатқан жоқ. Тек елімізде инклюзивті қоғамды дамыту үшін түрлі жұмыстар жүргізіліп, ешкімді шектеуге құқығымыз жоқ екенін түсінсе, сонда ғана аутист балалар көп нәрсеге бейімделіп, қоғам ортасында өз-өзін берік ұстай алады.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: