Отбасы әрбір жанның жүрек түкпірінде тұрады. Көк аспанды шарлап, самғап ұшқан құс та күн ұясына батар тұста адам секілді өз мекеніне оралады. Расымен де, анасыз адам болмайтыны секілді, отбасысыз адам да болмасы анық. Кім болсақ та, қайда жүрсек те, бір бүйрегіміз үйімізге бұрып тұрады. Иә, отбасы – адам жанының бір бөлшегі. Онда саған ең адал да, жанашыр жандар тұрады. Сенің байлығың да, бақытың да отбасың екені даусыз. Сонымен оқып отырғаныңыздай, әңгіме ауаны отбасы жайында өрбімек. Үй болғасын мәселе туындамай тұрмайды. Жүріс-тұрысың, ас ауқатың, киім-кешегің, бәрі – бір отбасының басында қалыптасқан дағды.
Қазіргідей нарық заманында барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Бала оқытып, үй салса да, той жасап, құдайы ас берсе де. Әйтеуір, бітпейтін бір сабылыс, бір жетіспеушілік. Бүгінде өз қаржысы дегеніне жетпегесін банк несиесіне иек артқандар қатары жыл сайын артып отырғанын естіп, көріп келеміз. Жә, бұл әркімнің өз шаруасы дерсіз. Ол да жөн. Алайда алған ақшаңызды еселеп қайтаратыныңыз қаперіңізде болар. Былайша айтқанда, бұзау алып бағып, өгіз қылып өткізгеніңіз сыңайлы.
СӨЗ БАСЫ
Сонымен, Ұлттық банктің несие беру саясатында қандай өзгерістер болып жатыр? Ел арасында «Кредитін төлемей отырғандардың дені туысына не танысына алып берген» деген пікір бар. Осы қаншалықты рас, бұл жөнінде қаржы сарапшыларының да пікірін сұрап білдік. Олардың да өз айтары бар. «Неге банк үстемақысы төмендемейді?» деген сауалға да жауап іздеп көрдік. Толығырақ төменде кеңінен баяндалады.
«Несие беру саясатындағы өзгерістер мен кредитін төлемей отырғандар және банк үстемақының төмендемеуі бойынша ақпараттар Ұлттық банк құзыретіне кірмейді. Бұл қазіргі уақытта қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзіретінде» делінген Ұлттық банктің Қызылорда облыстық филиалы берген мәліметінде.
ЕЛІМІЗДЕ ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің ақпараты бойынша жыл басында республикада инфляция деңгейі 1,5 пайызды, аймақ бойынша 0,7 пайызды құраған.
Жалпы салыстырмалы түрде инфляция – азық-түлік тауарларының бағасы 1,5 пайызға (аймақ бойынша – 1,2 пайыз), азық-түлік емес тауарларға – 1,0 пайызға (аймақ бойынша – 0,5 пайыз) өскен. Ал, ақылы қызметтерге 2,1 пайызды (аймақ бойынша – 0,3 пайызды) құрады. Жылдық инфляция 9,4 пайыз – (аймақ бойынша – 8,6 пайыз) мөлшерлемесі шамасында. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарларының бағасы 6,5 пайызға (аймақ бойынша – 6,0 пайызға), азық-түлік емес тауарларға – 8,7 пайызға (аймақ бойынша – 8,8 пайыз) және ақылы қызметтерге 14,1 пайызға (аймақ бойынша – 13,2 пайыз) өсті. Банктегі депозиттер салыстырмалы түрде биылғы жылдың алғашқы үш айында облыстағы депозиттердің жалпы мөлшері ағымдағы шоттарды қоспағанда 2024 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға өсіп, 418 млрд теңгеге жеткен. Заңды тұлғалардың салымдары 7,9 пайызға өсіп, 113,1 млрд теңгені құрайды. Жеке тұлғалардың салымдары 29,9 пайызға өсіп, 304,9 млрд теңге болды. Сонымен қатар, ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 32,9 пайызға өсіп, 336,1 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2024 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға төмендеп, 81,9 млрд теңгені құрады. Теңгедегі депозиттер үлесі – 80,4 пайыз, шетел валютасындағы депозиттер үлесі – 19,6 пайыз.
2025 жылдың ақпан айында ұлттық валютадағы депозиттердің сыйақы мөлшері – 11,2 пайыз (2024 жылдың ақпан айында – 10,3 пайыз), ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1,5 пайыз (2024 ақпан айында – 3,1 пайыз) шамасында.
БАНК СЕКТОРЫНДАҒЫ НЕСИЕ КӨЛЕМІ
Ресми мәліметерге сүйенсек, банк секторындағы несиелер жыл басындағы өлшем бойынша экономиканы несиелеу көлеміндегі жалпы қарыз 799,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5 пайызға өскен.
Жеке тұлғалардың несиелер бойынша қарызы 40,6 пайызға артып, 736,3 млрд теңгені құраса, заңды тұлғалардың несие көлемі 1,5 есеге өсіп, 63,3 млрд теңгеге жеткен. Қысқамерзімді несиелер 2024 жылы 1,6 есеге өсіп, 52,7 млрд теңгені құрап отыр. Ұзақмерзімді несиелердің көлемі 40,2 пайызға артып, 746,9 млрд теңгеге дейін өсті.
Банк секторының тұтынушылық мақсатындағы несиелері бойынша қарыз көлемі 34,4 пайызға өсіп, 467,5 млрд теңгенің жалпы қарыздан үлес салмағы 58,5 пайызды құрады. Жыл басындағы банк секторының берілген несиелер көлемі 111,1 млрд теңгені құраған. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің несиелендіру бойынша қарызы 43,7 пайызға өсіп, 140,6 млрд теңгеге жетті. Жалпы қарыздан үлес салмағы – 17,6 пайыз. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер көлемі 24,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 37 пайызға өскен.
Банк секторының несиелері бойынша мерзімі өткен берешектер 1,6 есеге өсіп, 29,2 млрд теңгені құрады. Жалпы қарыздан несиелер бойынша мерзімі өткен берешектердің үлесі 3,7 пайызды құрады. Тұтынушылық мақсатындағы несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер 20,9 млрд теңгені құрап, өсім көлемі 1,9 есеге артқан. Мерзімі өткен ипотекалық берешектер 0,2 млрд теңгені құрап, 6,7 пайызға азайды. Жалпы мерзімі өткен берешектерден ипотекалық мерзімі өткен берешектердің үлес салмағы – 0,9 пайыз. Жыл басында берілген несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшері 20,3 %-ды, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие бойынша 26,1 %-ды, тұтынушылық мақсатында 19,0 %-ды, ипотекалық несиеге 9,6 %-ды құрайды. Бұл – арнайы салыстырмалы түрде есептелген пайыз мөлшерлемесі.

НЕСИЕЛІ ОТБАСЫ
Ендігі кезекте ел арасында бір емес, бірнеше банктен несие рәсімдеп, күн кешіп жатқандар жайлы тоқталып өтейік. Солардың бірі – қала тұрғыны Еркін Қуандықов. Отбасында төрт перзенті және жұбайы алтауы тұрады. Ең алғаш осыдан он жыл бұрын белгілі себептерге байланысты банктен несие рәсімдейді. Уақыт өте келе ол қарызын жабу үшін келесі банктен тағы ақша алады. Сөйтіп бүгінде несібесі мен несиесіне қоса қаражат тауып әлек.
– Мен бұл қадамға шарасыздықтан бардым деп есептеймін. Жұбайым бала күтімімен үйде отырды. Басында бұлай көбейтіп төлейміз деп мүлде ойламаппыз. Мүмкіндігі табылып жатса, несиеге жоламаған абзал. Қарызға дағдыланып қалсаң, дегбірің қашады. Осы үшін, жасыратыны жоқ, келіншегіммен кейде жүз шайысып қаламын. Ендігі тілек балаларда жетіспеушілік болмаса екен деп тілейміз. Біз жас ортасына келдік. Былай байыппен қарасаң, басыңда баспанаң болса, қалған тіршілік түйткілі ретімен шешімін табады. Мен өз басымнан өткерген жағдайды айтып тұрмын. Өз қателігіңнен өзге сабақ алса, саған сол да жетеді. Әйтеуір, ел аман, жұрт тыныш болсын, – дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, Еркіннің еркінен тыс алынған ақша емес. Барлығы өз қалауы бойынша болған. Бір айта кетерлігі, басында бәрі – «үлгеріп жауып отырамыз» деген сынық үміттің жетегінде алданғанының кесірі. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады». Соның салдарынан ажырасып, балапан басына, тұрымтай тұсынаның халін кешіп жатқан жандар қаншама?!
Бұл – өмірден алынған мысал. Біз бен сіздің басымызда да бар. Ел болғасын түрлі тағдыр иесі болады. Несиесіз нәпақасын тауып, тапқан-таянғанын отбасына жаратып отырған жандар да жеткілікті. Бұл – барын базар етіп, алдындағы асын қанағат тұтқан қазекемнің ахуалы. Осы несие деген дүниенің пайда болғаны кеше ғана. Өткенге көз жіберсек, байырғы бабаларымыз несиесі жоқ заманда күн кешіп, он-он бестен бала өсіріп жетілмеп пе еді?! Бүгінде айналдырған екі-үш баламен отырып, аузымызды ақша деп ашатын халге келдік. Кім кінәлі?
НЕСИЕСІЗ ОТБАСЫ
Мұрат Әнесов көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үйінің ортаншысы. Жастайынан еңбекке бейім болып, ер жетті. Бүгінде өзі де төрт баланың әкесі атанды. Ел қатарлы үй салды, көлік мінді. Тұрмысы түзу, тәлім-тәрбиесі мол өнегелі жан осы жасқа келгенше несие түгілі көршісінен қарыз алған адам емес. Қалай деп таңырқап отырған боларсыз. Иә, шалыс оқыған жоқсыз. Кәдімгідей ешкімнің алдында еңсесін түсіріп, етек жайған емес.
– Қарыз алдың ба, оны дереу уақытын созбай қайтарған абзал. Асылында қолыңда барыңды ұқсатып, соны жеткізгенге не жетсін!? Отбасы – саған Алланың берген аманаты. Олардың ішіп-жем тамағын, киім-кешегін бәрін күні бұрын бағдарлап, соған сай қарекет ету – ер-азаматтың борышы. Ал, әйелдің парызы – жарының тапқанын жаратып, отбасына жеткізу. Біздің де қиналған сәтіміз болды. Тіптен келіншегім екеуміз жарты нанды бөліп жеп, соған сабыр сақтадық. Барымызды балалардың аузына тостық. Қанша жерден қатты қиналып тұрсақ та қарызға жоламадық. Өйткені, оның өтеуі барын білемін. Сіздің баспаларыңыз арқылы көпшілікке кеңесім сол, несиенің қаржысы жағдайыңды жақсартпайды, – дейді Мұрат Әнесов.
ИНФЛЯЦИЯ ЖОҒАРЫ КЕЗДЕ БАНКТЕРДЕ ТӨМЕН ПАЙЫЗ БОЛМАЙДЫ
Бұл – «Sana business academy» директоры, экономист Мақсат Халықтың пікірі. Айтуынша, елімізде отандық өнім аз болғандықтан, импорттық тауарларға тәуелдіміз. Импорттық тауарлар теңге сәл әлсіресе, қымбат болып келеді. Ол елде инфляцияны үдетеді. Ал инфляция жоғары кезде банктерде төмен пайыз болмайды.
– Қазір несие саясатында біраз өзгеріс болуда. Ең әуелі, бізде банк туралы заң қайта қарастырылып отыр. Банктерге салынатын салықты көтеру мәселесі де көтеріліп жатыр. Менің ойымша, бұл уақытқа дейін банктер тәп-тәуір табыс тауып келді. Сондықтан салықты төлей алатын дәрежеде деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, халқымыз несиеге тәуелді деген пікір жиі айтылады. Қазіргі уақытта несиесін төлей алмай жүрген азаматтар қатары бір жарым миллионнан асты деп айтылады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. «Не себепті?» деген сауалға жауап іздер болсақ. Меніңше, бұған бірінші кезекте халық табысының өспеуі себеп. Үкімет ең алдымен халық табысын арттыруға мән беру керек. Табысы мол жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Онда азаматтар өз несиесін өзі жабуға мүмкіндігі болмақ. Несиені көбіне-көп азаматтар амалдың жоқтығынан алады. Сараптама нәтижесі бойынша несиені көбіне-көп азаматтар үй жиһаздарын бөліп төлеу бойынша рәсімдейді. Содан соң төлемі жоғары болып қиындыққа түседі. Сондықтан бұл мәселе төңірегінде қаржы сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілу керек, – дейді экономист Мақсат Халық.
Әлемдік тәжірибеде несиенің төлемі отбасындағы табыстың жиырма пайызынан аспайды екен. Ал біздің елде одан да көп пайыз қосылады. Бұл – отбасылық бюджетке үлкен салмақ. Салыстырмалы түрде әлем елдеріндегі пайыздық мөшерлеме Қазақстаннан әлдеқайда төмен екендігі айтылады. Қазақстанда банктерде бизнеске берілетін несиелар жиырма пайыздан жоғары. Ондай несиені кәсіпкерлер алмайды. Сондықтан кәсіпкерлік мәселесі біздің елде тұралап тұр деп айтуға негіз бар. Бұл экономикалық өсімге кері әсерін тигізеді. Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие рәсімдейтін болса, қосымша жұмыс орындары ашылады. Азаматтардың еңбекақысын ұлғайтуға септігін тигізеді. Бұл да – бүгіні қоғамның өзекті мәселесі.
– Ал біздің елде несие пайызы неге жоғары деген сауалға келер болсақ, негізгі себебі – қаржы саясаты инфляция деңгейіне байланысты. Бізде инфляция деңгейі жоғары. Шамамен он пайыз деңгейінде болып отыр. Ұлттық банкте базалық пайыз деген болады. Елімізде ең төменгі қойылатын ақшаның құны – пайыздық мөлшерлемесі. Жалпы, банктер өзара қарызға алса да сол он пайызбен алады. Одан төмен несие беру мүмкін емес. Одан төмен несие тек арнайы бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан жасалынады. Мемлекеттік бюджет есебінен банктердің шығынын өтеп береді. Міне, көбіне осындай саясат жүріп жатыр. Ал ол дұрыс емес. Сондықтан да базалық пайыз мөлшерлемесін төмендету туралы біраз ұсыныс айтылып жатыр. Бұл жағдайлардың барлығына әлемдік саяси науқандар ықпал етуде. Инфляция бізде қарқынды түрде сақталып отыр. Оған соңғы уақыттардағы жанар-жағармай бағасының өсуі, тариф бағасының көтерілуі мен қосылған құн салығының өсуін ескеретін болсақ, қымбатшылық әзір бізден алыстай қоймайды. Қымбатшылық бар кезде инфляция жоғары болып тұрады, тисінше пайыздар мөлшерлемесі түсе қоймайды. Кез келген банк өз тәуекелдерін есептегенде осыны ескереді. Үкімет елімізде отандық өндірісті дамытуға жауапты. Міне, осы міндетті үкімет атқармаса, өндіріс дамымайды, онда қуатты теңге болмайды, инфляция бола береді. Сондықтан қорыта айтқанда дәл қазіргі сәтте іскер үкіметтің жұмысы қажет, – дейді экономист Мақсат Халық өз сөзінде.
СӨЗ СОҢЫ
Иә, қаржы саясаты мен қаржылық сауаттылық – әр адам үшін аса қажетті. Қолыңда барды ұқсатып, соған қанағат етіп үнемді жұмсай алған адам ғана жұртқа берешексіз өмір сүре алады. Ол үшін тиыннан теңге құрап үйреніп алудың маңызы зор. Жігіт боп жер басқаның кімге керек, қатының қаңғып жүрсе, балаң жылап. Дарияның тартылғаны жақсы емес қой, тасығаны одан да жаман бірақ.
Расымен де, зейінге салып зерделей қарасаң, несиеден келер зауал көп, сауап жоқ. Анығында адамды пысық қылатын да, пасық қылатын да – ақша. Соның салдарынан сабылып сарсаңға түсіп, жанжалы жан жарасына айналған адамдарды көрсең, көңіліңе кірбің ұялайды. Себебі, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген Сабыр Адайдың сөзі ұлтқа ұлағат, ұрпаққа ұстын болуы тиіс. Ажырасқан отбасы көрсем, тамырымен жұлынған бәйтерек көз алдыма елестейді. Осындай олқылық болмауы үшін кредит деген кеселге бой алдырмауымыз абзал. Менің мақсатым – ой салу. Жазылған жайдан жаңаша серпін алып, ой түю – әркімнің өз еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Инфографиканы жасаған Е.Қалиев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!