Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

МҮГЕДЕКТЕР МҰҢЫ һәм үзілмейтін үміт

21.04.2022, 10:00 534

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың  жай-күйі  аса түйт­кілді мәселелердің қатарында тұр. Себебі оларға ең негізгі қолдау мемлекет тарапынан бері­летін арнайы көмекке байланыс­ты. Осы тұрғыда «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қо­ғамдық бірлестігі мүшелерінің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен арнайы онлайн түрде жүздесуі өтті. Басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың әл-ауқаты жайында ұсыныстарын айту. Дәлірек айт­сақ, қаламыздағы мүгедектерге қатысты маңызды мәселелердің барлығы баяндалды. «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Алдашбаев жүргізген отырыста бірнеше мәселенің басы қарастырылды. Бірінші кезекте, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әрбірінің денсаулық жағдайы бойынша мүгедектікке шығу санатына наразылықтарын білдіруде. Яғни, өздеріне берілген мүгедектік топқа өз денсаулығы сәйкес келмейтіндігіне арызданады. Нақтырақ айтсақ, жеңіл жұмысқа да жарамайтын азаматтарды 3-топқа шығару немесе жүріп-тұруы өте қиын жандарға 2-топ берілген. Осылайша жергілікті сарапшылар мүгедектік топты беруде сараңдық танытуда деп өздерінің қарсы көзқарас­тарын білдірді. Екіншіден, мүге­дектерге арналған арнайы оқу орындарының жоқтығы, жұмыссыздықтың белең алуы, ғимараттардың талапқа сай келмеуі, қызметкерлердің 2 пайыздан 4 пайызға дейін мүгедектердің қамтылуы керек деген заңның орындалмауы үлкен кедергісін келтіруде. Келесі, медициналық квота ерекше балалар үшін бөлінеді. Алайда ол мүгедек ба­лалардың ата-аналарынсыз жү­ріп-тұруы қиын. Сол себепті, мүгедектер мен олардың көмекшілері үшін де арнайы қаражат немесе жататын жатақхана салынуы керек. Өйткені, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласына барып емделетін мүмкіндігі шектеулі жандардың жолпұлы мен тұрақтайтын орнына бөлінетін жәрдемақы көзі жеткіліксіз болып отыр. Төртінші айтылған жағдай, қар­жысы мемлекеттен төленіп, шипа­жайға жіберілетін мүгедектер де көмекшінің демеуіне зәру болады. Біреудің ықпалымен ғана жүре алатын мүгедектердің қарайласатын қамқоршысы үшін арнайы орын мен қаражат бө­лінгені абзал. Себебі, шипажайдағы медбикелер бәріне бірдей қамқор болып үлгермейді және мүгедектер олардың жұмысына қанағаттанбағандықтан осы түйткілдің тарқатылар түрі жоқ. Дегенмен, бұл еңбекке қабілетсіз адам­дар­дың шынайы мұқтажды­ғы болып табылады. Одан кейін мүгедектер арбасының сапасыз­дығы мен қымбат екеніне көз жеткізе аламыз. Мемлекеттен берілетін электронды арбаның мерзімі 7 жылға дейін арналған. Ал, ол зат тек кемі екі жылға ғана шыдамды. Алтыншы, 3-топ мүгедектерінің үй кезегіне тұра алмауы, емделетін арнайы орта­лықтарға жолдама берілмеуі, алатын жәрдемақысының аздығы өзекті мәселеге айналуда. Үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың айтуынша, арбаға таңылған немесе бір мүшесі істен шыққан адамдарды мүгедектік санатындағы топқа бөліп, арнайы қаржы тағайындайды. Негізінде, қарап отырсақ, барлық кемтар адамдардың өмір сүруі бірдей-ақ. Бәріне бірдей ортақ заң бар. Сондықтан, мүгедектік топ санатына бөлу дегенді алып тастап, бәріне бірдей қарау керек. Және де қалаішілік қоғамдық көліктердегі мүгедектерге берілетін жеңілдік қайта қаралуы қажет. Неге десеңіз, жарымжандардың алатын жәрдемақысы ай сайынғы емі мен дәрі-дәрмектерінен артылмайтыны белгілі. «Оған жол жүру ақысы қосылған мүгедек жандардың жай-күйі билік басындағылардың қаперіне кіре ме?» деген сауал туындайтыны айқын. Ең маңызды қарастырылуы керек мәселе – облыс бойынша көру мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы оңалту орталықтарының жоқтығы. Бұл – республика бо­йынша аса елеулі жайттардың бірі. Осы негізде айтылған ұсыныстардың барлығы жоғарыдағы шенеуніктердің құлағына жеткізілді.

ҚР Парламенті Мәжілісі төр­ағасының орынбасары және әлеу­меттік-мәдени даму комите­тінің мүшелері қатысқан онлайн жиында біршама атқарылатын мәселелердің  барысы  айтылды.

– Қазіргі  кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапа­сын жақсарту мақсатында заң  қарастырылып, бірқатар жаңа өзге­рістер енгізілуі көзде­ліп отыр. Осы айтылып жатқан мәселелер бойынша жұмыс ат­қарылып, көте­ріліп жатыр. Қа­рас­­тырылып жатқан   заң   жоба­сы  бойынша  біраз  мәселелер шешілетін болады. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамның көзқарасы жақсарып келеді. Сол себепті, мүгедек адамдар өзінің кемтар екенін сезінбеу үшін кез келген оқу орнына түсуіне жол ашылған болатын. Десе де, дип­ломмен жұмыс істей алмауы бүгін­гі  күннің  басты  мәселесі болып отыр. Сондықтан, осы мәселеде мүгедектерге арналған жаңа жобада жұмыс істеп жа­тырмыз. Дегенмен, қандай жұмыс орны болса да адамның қабілетіне байланыс­ты қабылданады, – деді ҚР Парла­менті Мәжілісі төрағасының орынбасары  Балайым Кесебаева.

Қоғамның кемтар жандарға аяушылықпен қарайтыны жасырын емес. Алайда, «мүгедекпін» деп қол-аяғына тұсау салып қойып отыратын адамдар қазір жоқтың қасы. Тек мемлекеттік билік тарапынан уақытылы, қолайлы мүмкіндіктер, қолдаулар жасалып тұрса, мүгедек адамдардың көңілі орнында болатыны анық. Қазіргі таңда облыста белгілі шаралар мерзімінде жасалмағандықтан шарасыз жандардың жанайқайы естілуде. Осы жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсібін дамыту, өндіріс­терін жиілету, заман талабына сай, сұранысқа ие өнімдер шы­ғаруға ықпал  жасау  керек  екенін аңғаруымыз тиіс. Қазір осындай белең алып тұрған мәселелер бойынша үкіметке бірнеше сауал жолданды. Талап етілген мәселе­лер барысында қанағаттанарлық жауап  алынбағаны  білінеді. Өйт­кені, бәрінің жауабы «қарас­тырылып жатыр», «бақылануда» деумен шектеліп қалуда. Қандай жоба болса да оң нәтижесін көрсетсе екен дейсің. Мүгедек жандардың  да  үзілмейтін  үміті  бар.

– Әр топтағы мүгедектерге үкімет жеңіл көзқараспен қарайтын сияқты. Себебі, бөлінетін қаражаттың жетіспейтінін өздері де жақсы түсінеді. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі адамның қамқоршысына төленетін ақшаны емес, ерекшелігі бар адамға берілетін қаржының өсуі өте маңызды. Сонымен қоса емдеу­ге берілетін порталдың дайын болып, ауруханаға жатқызуы өте ұзақ уақытты алады. Оған психи­калық жағынан ауытқуы бар мүгедектердің шыдамы жетпей жатады. Облыс бойынша көз мүгедектерін емдейтін орталық жоқ және көз дәрігерлері жетіспейді. Осы қарастырылмаған жағдайлар­дың салдарынан қайыршыға айналдық, – дейді қалалық мүгедектер қоғамының  мүшелері.

Расында да, қалада ауру адам­дардың еміне деп арнайы жәшік ұстағандардың көбеюі байқалады. Бұл түйткілді мәселелердің айтылуы мен көтерілуі толастар емес. Тыңдайтын басшылық болса, әрине, «құлақтарына алтын сырға» дейміз. Иә, елімізде ғаріп жандардың көбеюі мен оларға жасалмай жатқан мүмкіндіктерге қарап қынжыласың. Мемлекеттен жәрдем тұрақтанбағандықтан әр отбасы өздерінің қаржысынан емшара жасауға мәжбүр. Мүгедек жандар кімге және қайда нақты жүгінерін білмей «әр есікті тоздырып болдық» деп тағдыр талқысына қайта түскендей. «Тағы бір күн – тағы бір мүмкіндік» деп әр таңды атыруда. Биылғы жылды мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, бойында ерекшелігі бар балаларға айрықша назар аударылып, бірқатар жақсы өзгерістер енгізіліп, жаңаша бастамаларға арқау болады деп үміттенейік. Қорытындылай келе, көңілі жұмсақ жандар қашан да жүрегін жылытатын жұбаныш іздейді. Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжандардың қоғамдағы мүддесін қорғап, өмір сүру бағытын жеңілдетіп, жақсартуға атсалысқанымыз жөн. Биыл мүмкіндігі шектеулі адамдарға демеушілік ететін жомарт жандар мен билік басшыларына артар сеніміміз  мол.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: