Қазақстанда ет бағытындағы мал шаруашылығы әубастан әлеуеті зор сала саналған. Көшпенді кезімізден мал бағып, оны әрі азық, әрі көлік қылған қазақ халқы үшін мал шаруашылығының мәселеге айналуы мүмкін еместей көрінген еді. Алайда, соңғы уақыттағы ақпараттарға сүйенсек, мал басы азайған, ал ет бағасы шарықтағалы біраз болған, ауылдағы малшы болашағына сенімсіз. Неліктен бұлай болды?
Мәжілістегі жиында Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бұл ахуалды ашық айтты. Ол қазіргі жағдайды жасырмай, «сыни» бағалап отыр. «Қазақстандағы мал басының 2 миллионға азайғаны – ашық һәм ауыр шындық» дейді ол. Сөзінің ар жағында күдік пен күмән, жоспар жасырынып тұрғаны анық.
ЭКСПОРТҚА ТЫЙЫМ – НАРЫҚҚА БАЛТА
Қазақстандағы мал шаруашылығының қазіргі жағдайына қатысты сын пікірін білдірген Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев мәселенің ауқымын Мәжілісте өткен жиын барысында жан-жақты сипаттады. Оның айтуынша, республикада соңғы жылдары ірі қара мал саны 2 миллион басқа азайған. Бұл – жай ғана статистика емес, саланың құрылымдық дағдарысқа ұшырағанының дәлелі.
Бақтыбаевтың пікірінше, мал шаруашылығындағы мұндай құлдырау 2010 жылы басталған «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасының бір кезеңде дұрыс бағытта өрбігенімен, кейіннен шектен тыс реттеуге ұшырауынан болған. Сол кезеңде мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал әкелуге, бордақылау алаңдарын, ет комбинаттарын салуға триллион теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Нәтижесінде жаңа экспорт нарықтары – Өзбекстан, Ресей, Қытай, Парсы шығанағы елдері ашылып, Қазақстан сиыр етінің бәсекеге қабілетті өнім өндіруші ретінде танылды.
Алайда 2019 жылы қабылданған мал экспортын шектеу туралы шешім нарықтағы тепе-теңдікті бұзды. Одақ басшысының айтуынша, дәл осы шектеу салдарынан фермерлердің нарыққа шығу мүмкіндігі күрт төмендеп, ет өндірісі мен сатылымының қарқыны бәсеңдеді. Бұл ретте ол «бағаның негізі – сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі» екенін атап өтті. Экспорттық сұраныстың жоғалуы фермерлерді мал санын қысқартуға мәжбүр етті, өйткені бордақылау мен жем бағасы шарықтап, шығын көбейді. Әсіресе 2022-2023 жылдардағы қуаңшылық малшыларды тығырыққа тіреді – бір тонна шөптің бағасы 100 мың теңгеге жеткен шақта мемлекеттік қолдаудың болмауы жағдайды ушықтырды.
Бүгінде жағдайдың салмағын тұтынушы сезініп отыр. Бақтыбаевтың дерегі бойынша еттің көтерме бағасы 3 000 теңгеге, ал бөлшек нарықтағы құны 4 000 теңгеге жеткен. Осы ахуалға байланысты кейбір импортшылар Белоруссиядан 2 800 теңгелік ет жеткізе бастаған.
Қазақстан ет одағы экспортты шектеу тәжірибесіне заңмен тосқауыл қоюды ұсынады. Ұсыныс: бір күнде енгізілетін кез келген тыйымға заңды тыйым салу, яғни «тыйым салуға тыйым салу» принципі. Себебі мұндай тосын шешімдер шаруалардың ұзақмерзімді жоспарларын күйретіп, бүкіл логистикалық тізбектердің үзілуіне себеп болады. Сонымен бірге, одақ зардап шеккен тараптарға өтемақы төлеу механизмін заң жүзінде бекітуді ұсынады.
Сарапшы Өзбекстанмен ұзақмерзімді келісімшарт жасасу қажеттігін де көтерді. Өзбек тарапы Қазақстаннан жыл сайын ірі көлемде мал сатып алуға дайын екенін мәлімдеген. Олардың ұсынысы бойынша бұл сатып алулар экспорттық тыйымдар мен квоталардан тыс арнайы үкіметаралық келісім аясында жүргізілуі керек. Мұндай тәсіл – мал шаруашылығын қайта қалпына келтіру мен бордақылау алаңдарын жандандырудың бір жолы. Ұқсас механизмді Қытаймен де орнатуға болатыны айтылды.
Одақ басшысы нарықты тек өңделген ет өнімдеріне бағыттау жеткіліксіз екенін, мұндай саясаттың мал шаруашылығына тікелей пайдасы болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мәрмәр ет – Иран, БАӘ, Катар секілді нарықтарда жоғары бағаланатын премиум өнім. Ал оны арзандатып, ішкі өңдеу үшін шұжыққа айналдыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз және экспорттық әлеуетті шектейді.
Мақсұт Бақтыбаев сондай-ақ мәселені жан-жақты талдап, саланы нақты деректер негізінде бағалау қажеттігін, әрі қарай мұндай олқылықтарды болдырмас үшін жүйелі қорытынды шығару керектігін ескертті.
ӨҢІРДЕГІ КӨРІНІС. ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ФЕРМЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Сыр өңіріндегі ахуалды білу үшін таңның атысымен сейсенбілік қызу мал саудасына барып, базардағы жағдайды бақылап қайттық. Қой-ешкі саудасынан бастау алып, жылқы саудасына дейін жалғасатын базарда халықтың қарасы қалың. Әркімнің мүддесі әртүрлі. У-шуға құлақ түріп, бүтін бір халықтың проблемасы малға тіреліп қалған ба дерсің. Бірі жақыны арғы дүниеге аттанып, союға мал іздеп жүр. Енді бірі – кәсіпкер. Мал басын кеңейтуді ойлап, бір емес, біршама бас сатып алуға ниетті. Саудаласқандарының өзі – жөні бөлек әңгіме. Таңның атысымен саудаласудан қажыған мектеп жасындағы бала анасына сиырын бір кісіге «230 мыңға келісіп тұрмын, сатып, қайтайықшы» дейді. Ал онымен келісетін анасы жоқ. «250 мың теңге бер де, ала бер» деп, баласының өзімен ақылдаспай, шешім шығарғысы келіп жүргені үшін бір сөгіп алды. Қысқасы, күйбің тірлік.
Айтқымыз келгені, Қызылордадағы ахуал экспорттау мәселесіне түбегейлі қарсы. Осыдан біраз уақыт бұрын «Қызылордадағы орталық мал базарынан өзбек жұрты 30-50 бастап сиыр тиеп алып кетіп жатыр» деген рас-өтірігі белгісіз ақпарат шыққан-тұғын. Соның ақ-қарасына көз жеткізу мақсатында сондағы сиыр саудасымен айналысып жатқан бірен-саран малшымен тілдескіміз келіп еді, көбі келіспеді. Саудамен арпалысып, қарбаласта жүрген малшылардың артық сұраққа бас ауыртқысы жоқ. Десе де, жайсаң жүзді адам табылды. Есімін жасыруды сұраған малшы «тура осы жерден Өзбекстанға экспорттайтын адам жоқ. Бірақ, Түркістанға, Шымкентке алып кетіп, сонда саудалайтындар туралы естуім бар» деді ол.
– Бала кезімнен бері осы мал базарда өстім десем болады. Әкемізбен бірге мал саудасымен айналысатын едік. Сол уақыттары Қызылордадағы базар елдегі нөмірі бірінші-тұғын. Сол кездерде Өзбекстаннан келіп, сауда жасайтындар жайлы естуім бар. Бірақ, қазір ондай сыбыс шыққанымен, өз басым көрмедім. Бірақ, Шымкент, Түркістанға алып кетіп, сонда саудалауы ықтимал, – деп қысқа қайырды.
Ал ет тапшылығы туралы қойған сауалымызға:
– Әрине, мал басы азайып жатыр, ал елден экспортталған төрт түлік мәселесі бізге оңынан тиіп жатқан жоқ. Бара-бара мал бағу артық шығын болып бара жатыр. Ал сырт жаққа мал сататындар осы мәселе төңірегінде амалсыздықтан барып жатқан сияқты. Ет бағасы – бөлек мәселе. Ет бағасы араға жыл салмай, ай сайын күрт көбейіп жатыр, – дейді ол.
Сыр өңіріндегі ірі қара мал, уақ мал мен түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтар соңғы жылдары жем-шөптің қымбаттауынан, судың тапшылығынан және өнімді өткізу жолдарының әлсіздігінен зардап шегіп отыр. Фермерлердің айтуынша, мал бағудың шығыны – одан түсетін табыстан әлдеқайда жоғары. Жем-шөп бағасы бір маусымда екі-үш есе өсіп кетіп, ауыл тұрғындарын қолындағы азын-аулақ малдан айырылуға мәжбүр етуде.
Қызылорда облысының экспорттық әлеуеті шектеулі. Аймақта ірі ет комбинаттарының болмауы, бордақылау алаңдарының жетіспеуі фермерлердің ет өнімдерін ішкі нарықта тиімді бағада өткізуіне мүмкіндік бермей отыр. Салдарынан өңірде малмен күн көріп отырған тұрғындар базарға жүгінеді, бірақ ол жақтағы баға да қымбатшылықтан ада емес. Шаруалар базардағы алыпсатарлардың қолына қарап қалғанын, етті арзанға өткізуге мәжбүр екенін айтады.
Мұндай жағдайда «экспортты ашу – мал шаруашылығын қайта жандандырудың кілті» деген тұжырым Қызылорда өңірі үшін аса өзекті болмауы мүмкін. Мұнда ең алдымен ішкі өндірістік тізбекті қалыптастырып, жем-шөппен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту, өңдеу саласын дамыту мәселелері шешілмейінше, экспорт туралы сөз қозғаудың өзі ерте. Тіпті кейбір жергілікті сарапшылар «экспортқа мал шығаруға мүмкіндік берілсе де, Қызылордадан оны шығаратын әлеует әзірге жоқ» дейді.
Алайда, бұл өңірлік мәселені жалпыұлттық саясаттан бөле қарауға болмайды. Қазақстан ет нарығы біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Бір облыстағы шектеу немесе әлсіздік бүкіл ел нарығына әсер етуі мүмкін. Мысалы, ірі қалалар мен орталық өңірлердегі ет тапшылығы мен бағаның өсуі тікелей Қызылорда секілді өңірлерден жеткізілетін ет көлеміне байланысты. Ал Қызылордада мал басының азаюы – жалпы нарықтағы ұсынысты төмендететін фактор.
Қызылордадағы мал өсіріп, оны нәпақа қылып отырғандардың мұң-мұқтажын малшы Оңдасын ашып берді. Жас болса да, атадан қалған кәсіпті нәсіп еткен малшы ет бағасының күрт өскеніне ашынады.
– Қазақ «Малым – арымның, арым – жанымның садағасы» деген. Төрт түлікті кәсіп етіп, сонымен күн көрген ел. Бірақ дәл қазіргі жағдайда халық шетелде жылдап сақталып, тәуірі өздерінде қалып, осалы бізге келген тауықтың сан етінен басқаны алуға шама келмей тұрған сыңайлы. Бұған дейін дүкеннен Каспий-редке азық-түлік алған отандастарымыз енді қайтпек?! Біз еттің бағасын біразға дейін ұстап тұрдық. Бірақ алдымен базардағы шаруа малдың бағасы өсті. Шаруа мал деп отырғанымыз, базардағы арық мал. Біз оны сатып алып, жемдеп, ет бағытына дайындаймыз. Ол союға жараймын дегенше 100-120 күн уақыт керек. Ол уақыттағы үш мезгіл жемі мен шөбін есептей беріңіз. Мал бағасынан кейін ол да қымбаттады. Содан соң кәсіп иесі де – осы қымбатшылық жайлаған елдің тұрғыны, ол да қарапайым халықтың бірі екенін ұмытпау керек. Оның да қойып отырған бағасы айналадағы қажеттіліктердің бағасымен реттелетіні тағы бар. Міне, осының бәрін ескере келе, қазір жілікке кәсіп иесінен делдалсыз алған жылқы еті 2400, сиыр еті 2600 теңгеге жетті. Бағаға келгенде әрқилылық болуы мүмкін. Ал біздің баға осы көлемде.
Өмірдегі барлық нәрсе тізбекпен жүреді. Осыдан 5 жыл бұрын күріш жемінің бір бақырашы мен бірнеше бақыраш бидай және отруб (талқан жем. – ред) беретінбіз. Қазір бұрын-соңды қаланың сыртында жататын күріштің қауызын да жемнің құрамына қосып, тартып жіберетін болған. Ол ұнталғанымен, жемнің сапасын арттырмайды. Тек күріш өндірушілердің пайдасына салмағына аз-кем үлес қосады. Енді біз бұрынғы бір бақыраш күріш жемінің орнына бір жарым бақыраш саламыз. Мұның барлығы шаруаның қалтасын қағуға жұмыс істейді.
Бәлкім, айналадағы кісілер «бұлар мемлекеттен субсидия алады, сөйте тұра бағаны көтерді» деуі мүмкін. Бірақ мынаны түсініп алу керек. Қораңыздағы 10-15 малыңызға мемлекеттен субсидия ала алмайсыз. Қазақстандағы субсидия – байларға арналған көмек. Қуаңшылыққа байланысты елде малшыларға көмек берілгенде де мұқтаждар тізімінде бірен-саран малы барлар емес, үйірлеп малы барлар болды. Азын-аулақ малы бар кісілердің төрт түлігі «ауыз бекітті», жағдайы жақсылардың ғана малы қуаңшылыққа көмек алды, – деді ол.
СҰЙЫЛҒАН СУБСИДИЯ
2025 жылдан бастап Үкімет ауыл шаруашылығын қолдаудың бағытын күрт өзгертті. Енді фермерлерге қайтарымсыз субсидия берілмейді. Оның орнына 5 пайыздық сыйақымен несиелер ұсынылмақ. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, мұндай шешімге келудің басты себебі – бюджеттің жұтаңдығы.
Алайда сарапшылар бұған алаңдаулы. Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың сөзінше, бұрынғы тегін демеуқаржының орнына «ақылы ақша» келмек. Субсидияларға бөлінген қаражат енді банктердің қолына өтіп, олар арқылы жеңілдетілген несие ретінде беріледі. Бұған дейінгі «Кеңдала» бағдарламасының да қазіргі беталысы осы – фермермен емес, банкпен жұмыс істеу. Ал банк үшін кепіл де, өтемақы да маңызды. Демек, ұсақ шаруалар тағы шетке ысырылады.
Әрине, мемлекет жүйені толық жоймайды. Бірақ субсидияға қол жеткізу талаптары қатаңдайды. Шаруа жыл сайын өз өнімінің көлемі мен табысын дәлелдейтін нақты деректерді Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (СМАЖ) енгізуі тиіс. Екі жыл қатарынан кірісі азайған фермер автоматты түрде субсидиядан қағылады. Егер құлдырау қайталанса, ол үш жылға дейін мемлекеттік қолдаудан шеттетілуі мүмкін.
Бір қарағанда, бұл – әділетті талап. Бірақ қуаңшылық пен климаттық тәуекел жиілеген кезеңде шаруадан жыл сайын тек өсім күтудің өзі ақылға қонымсыз. Құрғақшылық жайласа, жауын-шашын азайса, ешбір агротехнология көмектесе алмайды. Мұндайда шығын емес, аман қалу басты мақсатқа айналады.
Бұдан бөлек, жүйенің цифрлы сипаты тағы бір мәселені алға тартады. СМАЖ жүйесі енгізілген дерекке ғана сенеді. Ауылға барып, өнімді көзбен көріп, салыстырып, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл – есепте көзбояушылық көбейеді деген сөз.
Ең сорақысы – жаңа талаптар субсидиялық «элита» қалыптастырып, нарықта тек ірі шаруашылықтардың үстемдік құруына жол ашуы мүмкін. Шын мәнінде, бұл – ауылдағы еңбекші қауымның шетқақпай көруі. Жыл сайын өсім көрсететін ірі агрохолдингтер – мемлекеттің басты тірегі, ал климатпен күресіп жүрген ұсақ шаруа – жүйенің шетінде.
Сарапшылардың айтуынша, осындай теңгерімсіздік азық-түлік бағасына тікелей әсер етеді. Өсімдік шаруашылығындағы тәуекел мен күйзеліс ет бағасына да салмақ салады. Мал баққан адам шөп пен жемнің қымбаттығын алға тартып, өнімін қымбатқа ұсынуға мәжбүр. Ал нарықтағы тапшылықты шетелден келетін етпен толтыру да оңай емес. Беларусьтан келетін өнім де шектелуі мүмкін.
ТҮЙІН. Ауыл шаруашылығы – экономиканың ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де тірегі. Бірақ бүгінгі өзгерістер оның ең әлсіз тұстарын ашып берді. Малшы – жем іздеп жыраққа кеткен, егінші – қымбат тыңайтқыш пен банктің босағасында жүрген күйде. Қызылордадағы мал базарының мысалында көрінген жайт – бүкіл республикадағы ауыл шаруашылығының жанайқайы. Экспортқа тыйым салу ішкі нарықты қорғаудың амалы болғанымен, оның шын салмағы фермер мен тұтынушыға түсіп отыр. Ет өндіруші – бағасын түсірмеуге тырысады, ал қаладағы қарапайым халық – күн сайын қымбаттап жатқан азық-түлікке қарап, ренжулі күйде.
Субсидиялау жүйесінің өзгеруі де ауылға үміттен гөрі жауапкершілік жүгін арттыратын секілді. Шартты орындамасаң – көмектен қағыласың. Енді мемлекеттің қолдауы тек есеппен, көрсеткішпен, цифрмен өлшенеді. Бірақ табиғатқа тәуелді шаруаның тағдырын сандармен шешу мүмкін бе? Мәселе осында.
Халық үшін ең маңыздысы – азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасы. Ал ол үшін ауылдағы шаруа табысты болуы керек. Егер фермерді қорғау механизмдері тек ірі өндірушілерге ғана тиімді болса, шағын шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруалар біртіндеп нарықтан кетіп, соңы азық-түлік тапшылығына ұласуы мүмкін. Бұл – тікелей халықтың тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін үлкен мәселе.
Бүгінгі саясат ауыл шаруашылығын нарық заңына толықтап байлап берді. Бірақ мемлекет нарық пен табиғат, фермер мен халық арасындағы дәнекер болуға тиіс еді. Егер жүйе ең әлсіз шаруаны қорғай алмаса, ол ауылды емес, тек нарықты ғана сүйейді деген сөз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!