Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көптің тілегі және көлденең ниет

30.07.2020, 12:50 666 3

Қызылорда  облысының әкімі  Г.Әбдіқалықованың  назарына

Сайлаубай  Жұбатырұлы,

жазушы,  көсемсөзші-эколог

Тағдыры  тағы  да  талқыға  түсе  бастаған Солтүстік Арал теңізі жайында облыс бас­шылығын­а төмендегі жолдау-хатты жаздым:­

«Соңғы кезде Мемлекетіміздің Арал мәселесі­н шешу жолында қабылдаған САРАТС­  жобасының  екінші  кезеңі  төңіре­гінде  әртүрлі пікірлер айтыла бастады. Анығы, халық та, аймақ басшылығы да бір тоқтамға келген (2015 жылдан) Солтүстік Арал  теңізін  (Кіші Арал) біртұтас (бір деңгейде) көтеру нұсқасына қарсы күмән келтіру әрекеті бар. Сіздің  атыңызға  арнайы  жазыл­ған бір белсенді азамат хатының мазмұны осыған саяды. Және бұған мүлдем қарсы ел тұғыры бар екенін Сіздің құзыретіңізге жеткізу­  шындық мұраты үшін қажет болып отыр.

Арал  проблемасының  қиындығын  кешкен балықшы ағайын осы Кіші теңіз жағасына тұрақтап, «бұл су өз жиегіне оралады, біз осында ата дәстүрін өлтірмей, өмір жалғас­тырамыз» деп, ертеңге үміт артып отыр. Әлгі хаттағы «жазушылардың, журналистердің, басқа­ да қоғам қайраткерлерінің» бар «кінәсі», «обал жасағаны», «кешірілмес күнә» істегені – осы, халық күткен Кіші Аралды біртұтас көтеру нұсқасын қолдағаны. Жалпы, аталмыш хатта орынсыз, негізсіз, кейде, тіпті, жалған фактіге құрылған уәждер бар. Оларға, кейінірек, ретімен нақты жауаптар беріле жатар. Ал қазір ұсақ-түйекке уақыт алдырмай, мәселенің негізділеріне тоқталайық.

30  жылдан аса уақыт Арал халқы табанды түрде сұрап келген бір деңгейлі Кіші Арал ұсынысы діттеген мақсатта 2005 жылы жүзеге­ аса бастады. Бұл жұмыстың ары жалғаса­рына,  «Көкарал» бөгеті көтеріліп, Кіші  Аралдың  тұтас  толысарына  ел  сенімі осы күнге шейін орта түскен жоқ. Кіші теңіз жағасында балықшы дәстүрлі ауылдар: Ақбасты,­ Ақеспе, Тастүбек, Бірлестік, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Тастақ ауылдары, Арал қаласы және осы теңізден үміті бар, жағалау­  тұсындағы  оншақты  ауыл  жұртының  тілегі  бар. Тұтас  Кіші  Аралға  қарсы  ниет­тер  дәл  осы  жұртшылық  мүддесін  аяқ­асты еткелі отыр. Аралдың балықшылық дәстүрін жандандырып, тіпті, санаулы экспорт  тауары қатарындағы игілік өндіріп отырға­н осы үмітті ел. Олар көп жылдар жағасы­на келмей тұрған теңізден нәпақа іздеп, суық-боранда үсікке ұшырап, көзден алыста адамы суға кетіп, зор қиындықтарға ұрынуда. Міне, біртұтас Кіші Арал нұсқасына қарсылар, балықшы ағайынды сондай қиындық­тарда, теңізден жырақта, баяғы таз қалпында қалдыра беру нұсқасын көздеп отыр. Халық бұған түбегейлі қарсы, қолдамайды. Арал қаласына ғана суды келтіреміз деу – тар  мақсат.

Арал қаласы – аумақтағы халқымен, ауылдар­  жұртымен  Арал!

КСРО кезінде «отбеливание фасада­» (қасбетті әктеп қою) деген бір жартыкеш (паллиатив) әрекеттер болған. Тұтас бір теңіздің түбіне жеткен­ империялық саясат теміржол, автожол өтіп, әртүрлі жұрттың көзі түсіп жүрген Арал қаласы маңына су әкеліп, жылтыратып қоюды жүзеге асырмақ болды. Бірақ бұл көзбояу саясатқа халық та, тарих та 90-жылдары  өз  кесімдерін  айтты. Мұны 2009 жылы 11 наурыздағы қоғамдық тыңдауда сол идея авторының бірі (бұрынғы балық шаруашылығы минист­рі Қ.Саржанов) ел алдында өзі де мойындады. Соны қайта қамшылаудың  не  қажеті бар?

Ел мен жер тағдырын шешуде, қанша жерден «обал болса да», «дайын­ тұрған» әлдебір қағаз-жобалар шешуші рөл атқара алмайды. Демок­ратиялық қоғам үрдісінде, тіпті, Үкіметтің қабылдаған кей шешім­дері де қоғам пікірінің күшімен өзгеріп жатады. Ендеше, халық пен жердің алдағы көп жылдарға кетер тағдыры кең ауқымда, байыпты ойда шешілуі – көрегендік  талабы.

Арал басында адам мен табиғат қасіретіне айналған сорақы эксперименттер аз болған жоқ. Екі деңгейлі теңіз деген ниет те сондай істер қатарынан. Бұрынғы теңіз орнында қолдан жасалатын жасанды тоған судың, балықтың, жан-жануардың індет көзіне айналуы мүмкін. Және Сарышығанаққа су бұрылып әкетілсе, Кіші Арал ғана емес, біраз жұрттың өмір-тірлігін демеп отырған Сыр атырауы, көлдер жүйесі күйзеліске ұшырайды. Жалпы, «бірі үшін бірін құрбан етудің» алақол саясатын енді Аралдың  алақандай  аумағына қолданудың  қажеті  жоқ!

Екі деңгейлі Кіші Аралдың техникалық жүзеге асуы да жеңіл соқпайды. Елсіз далада периметрі орасан зор жаңа бөгет тұрғызу, оған су беруші арна апару, жол салу, электр желісін тарту, жұмысшы қыстағын салу, оның эксплуатациясы қосымша қыруар шығынды талап етеді. Сондай инфрақұрылым түгелдей «Көкарал» басында дайын тұрғанын, бұл өлке халық жиі қоныстанған, күре жолдың бойы екенін ескерсек, қай нұсқаның өмірлік мәні басым екені дау ту­дырмаса керек. Соншама қыруар шығынны­ң шағын ғана Сарышығанақ қолтығ­ы үшін жұмсалуы қай тұрғыдан  да  тиімсіз.

Оған су жеткізу де проблемалы болмақ. Қамбаш көлінен арна тарту  сол реликті көлдің табиғатын бұзады. Экологтар мен тұрғындар бұған түбегейлі  қарсы. «Хан» тұсындағы бұрын басталған жыраға оралу ол істің тиімсіздігін көрсетті; арна даланың экологиясын бүлдірді; төңіректегі халық малы қаталау деген аурудан өлім-жітімге ұшырады. Ал Ақлақ бөгетінен  арна  тарту ол бетке су апара­ алмайды. Құмды-сорлы жерге түсетін ондай арнаның бітеліп қалу қаупі  зор; жерге сіңу, булану шығыны  көп  суды  рәсуа  етеді.

Біртұтас Кіші Аралға қарсы ой айтушы­лар басты мәселе етіп, су жағдай­ын алға тартады. Үнемді, жанашы­рлық көзқараспен пайда­ланса, Сырдария суы көп игілікке жетер еді. Әзірге дария бойында су ысырабы көп. Экологиялық мәде­ниет сын көтермейді. Су үнемді дақыл­дар өсіру, шаруашылықты әртараптандыру, агротехникалық тиімді үлгілер енгізу – біздің дариямыз факторында көптен шешімін күтіп тұрған ділгір мәселелер. Ең басты­сы, Қазақстанның дариядағы үлесті  суын  сақтай  білуіміз  керек.

Кіші Арал жиегі («Көкарал», НПУ) 48-50-51 метр биікке межелей көтерілсе, оның болашағы көп жылдарға кетеді. Бұл жағдайда кіші теңіз Үлкен Аралды жоқтатпайтын қуатқа жетеді. Оның толысу кезеңі ауа-райы­ның, алаптағы адамдар әреке­тіне байланысты болмақ. Балықшы жұрт тірілген теңізінің жағасын, оның неше метрде тұрғанына қарамастан, икемді игере алады. Соңғы 15 жылдық өмір-тәжірибе бұл мүмкіндікті жақсы дәлелдеді. Ең бастысы, Кіші Аралдың толысу үдерісі метрлік деңгейі­не тәуелсіз түрде, ел сенімі мен үмітін орнықтырады. Бұл тұрғыда биік салынған Кіші Арал бөгеті – тиімсіз құрылыс емес, ертеңгі күннің үміт дүниесі мәніне ие болады.

Еліміздің қуаты, өмір қажеттілігі Солтүстік суларын берекелі Оңтүстік даласына әкелуді күн тәртібіне қоя бастады. Ертіс, Есіл өзендерінде қолға алынған «Шүлбі-2», «Бұлақ», «Бұзылық» су қоймалары – осының бір кепілі. Міне, осы су көздерін қабыл алуға біздің Кіші Аралымыз, өз биіктігінде дайын тұратын болады. Көп жылдар бедерінде бір берілген осы мүмкіндікті болашағы кең, перспективалы бағытта шешу – көреген­дік іс. Бұл, бәлкім, ғасырда бір-ақ рет берілетін сирек мүмкіндік. Оны ертеңі тайыз, тар нұсқаға апарып ұрындыру  зор  қате  болмақ.

Біртұтас Кіші Аралды көтеру идеясы­н қолдап, 2011 жылы ел ақ­сақалдары Ә.Нұрпейісов, Т.Шарманов, Қ.Ормантаев, Н.Қыпшақбаев, М.Қаназ­ов Республика Президентіне Ашық Хат та жазды. Жақында қабылданған ел Үкіметінің «Көкарал» бөгетін жөндеу бастамасы халықтың бір деңгейлі Кіші Арал ұсынысымен үндеседі. Әсіресе, дария суын теңізге тарата құйғызу – Сыр атырауы тір­шілігін жақсы жандандыратын болады­. Және  бір  деңгейлі  Кіші Арал ісі басталса, «Көкарал» сияқты (әлден-ақ тозған, кемшілігі көп) проблемалы­ нысанды біржолата жауып­  тастау мүмкіндігі туады. Кіші Аралдың шағын­ реттеуші шлюзі Ақбасты ауылы  маңына  түсуі  тиімді.

Иә, бұл мәселеде көп уақыт өтті. Кіші Аралдың алғашқы кезегінің жүзеге асуының өзіне халық сұранысы айтылғалы 16 жылдай уақыт жоғал­ды. Онан бері де 15 жыл өтіп отыр. Ендеше, «Көкаралдың» тозуы, көп балықтың ысырапта қырылуы, сондай көп уақыттың рәсуасы – «жазуш­ы, журналист, қоғам қайраткерлерінің кесірі» деген қисынсыз ой қуудың қажеті жоқ. Мәселе негізі басқад­а. Дүниежүзілік Даму банкінің (ДДБ) шарты бойынша САРАТС-2 кезеңіне бөлінген ақша көрші елдер­дің келісімімен беріледі. Осы тетікті ұстанған Оңтүстіктегі кей көрші біз үшін тиімсіз нұсқаларды көлденең тартып, уақыт алды. Осы уақыт ішінде 2,5 Кіші Аралды толтыратын су Үлкен теңіз сорына құлап, рәсуаға кетті. Жай кеткен жоқ, мыңдаған тонна­ балықтың қайтарымсыз қырылу­ына соқтырды. Осы жағдайда, бізге өз қаржылық мүмкіндігіміз­бен халықтық идеяны өзіміз шешіп алу  жолдарын қарастыруға тура  кел­ді. Бұл  ізденістің  уақыт  алғаны  рас.

Сыр алабында су үнемдеу, мүмкін қаржы көздерін САРАТС-2 жобасына­ бағыттау – көкейтесті. Республикамыздың үлесті суын заңдастырып, оны көздің қарашығындай сақтай білу – тек бір Аралдың ғана мүддесі емес. Әсіресе, Сыр бойындағы жаз айларындағы су ысырабына тоқтам болуы керек. Арал-Сырдың көз алдымыздағы ахуалында өрескел шекке жеткен күріштік көлемін қысқарту, су үнемді агротехнология мен дақылдарды орнықтыру, шаруашылықтарды әртараптандыру басымдықпен қолға алынуы тиіс. «Күміскеткен», «Қара­өзек» жобалары тоқтатылуы керек. «Көксарай» су реттегішінің рөлі түбегейлі қайта қаралғаны дұрыс. Сырдағы экологиялық мәдениетті Іле өзені бойындағы, Балқаш алабындағы дәстүр үлгісінде көтере білуіміз керек. Бір сөзбен, ел анасы іспетті біздің өмір-дариямыз – Сыр бойында ділгір жағдайда шешімі табылуы тиіс қыруар мәселе бар. Салауатты табиғат бізден көп ізденіс-бейнетті талап етіп тұр. Ол – өмір талабы.

Қандай жағдайда да, Сыр суының игілігін теңіз және теңіз бойындағы халық алалаусыз, бірдей көруі керек. «Көкаралда» бүгін басталған игілікті іс, енді көп уақыт жоғалта беруді жалғас­тырмай, қисынды түрде Кіші Аралды көтеруге ұласып кетсе, нұр үстіне нұр болар еді…».

Осы жолдау-хатқа облыстық Табиғ­и ресурстар басқармасынан жауап­ келді. Ресми, стандартқа сай жауап. Бас-аяғы жинақы, артық-кемі жоқ. Рақмет! Әйтсе де, бұл – стандарт. Осыны астын сыза айтып отырған себеп: ел-жер тағдырын шешуде адами үн, мәселеге адамгершілік көз­қарас тұрғысынан келу тұғырын іздеу. Бұл санаттар – аса маңызды. Жауап хаттағы «…жобаның ТЭН-ін әзірлеу барысында  компьютерлік  модельдеу арқылы Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалар бойынша түпкі­лікті шешім қабылданатын болады» деген жолдар (пунктуациясы өзгертусіз алынды) бізді осы ізденуге шақырып  отыр.

Иә, «компьютерлік моделдеу» – күшті уәж. Бірақ онда адам жаны, адами көзқарас, тілектер үні деген болмайды. Қанша ғылым сөзі десек те, сезімі жоқ техниканың аты – техника. Ендеше, компьютер солай деді екен деп, ел-жердің тағдырын сан жылдарға шегелейтін түпкі кесімді сол уәжбен қабылдау дұрыс болар ма екен? Ел-жер тағдырына деген азаматтық тұғыр мұнан биігірек тұруы тиіс ғой. Мына қазіргі дария халінде, «су жоқ» деген кесім сөзді компьютер «ойланбастан» берер еді. Яғни, нақты осы жағдайда Кіші Арал тағдырының басы ашық болмақ. Осы себепті, ондағ­ан жылдар бойы талмай айтылып келе жатқан халықтың негізді сөзін тағы алға тарту қажеттігі туып тұр:  Кіші Аралды біртұтас көтеру керек!­ Оған жетерлік су дариядан табылад­ы. Тек ол үшін біздің шаруашылық тәсілдеріміз бен көзқарас­тарымызды жаңа деңгейге көтеру керек­. (Жоғарыдағы хатымызда бұл ойлар тезистік түрде қамтылды).

«Арал қарақшысын» желпілдете жүріп, Балқашты сақтап қалдық. Дұрыс. Сонан да, де-факто Балқаш үшін Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері «адал режім» ұстанып отыр. Ол өзендер суы сол жердегі диқанға қажетсіз екен демеңіз. Бірақ сонан ол алаптағы көп халық аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Ал бізде де-факто Солтүстік Арал бар. Және ол өзінің өмір құқығы үшін су талап етеді. Оның Сырдағы сыбағалы суын неге бермейміз? Бұлай деу – саяси сауатсыздық, әлде, күпірлік ой ма? Теңіз қашанғы қалдық сумен өмір сүреді? Алаштың анасы, қасиетті Сырдариямыздың өңірдегі тойымсыз гектарлар үшін ғана жап арық болып қалған бейшара халін қашан түзей­міз? Арал-Сыр алабында табиғат қадірі қашан алдыңғы қатарға көте­ріледі? Бізде қашан толымды эко­мәдениет  болады?.. Биылғы жаз талай­ жайттың етегін түрді. Кеңестер одағының  өзінде  70  мыңнан  аспаған  сусамыр  дақылдың  ауданы  бүгін   88 мың гектарға (!!!)  жеткен.  Оның  7-8 мыңын қысқартамыз деп жүріп, (14.07-22.07.2020) ақпарат-хабарлар, керісінше, 90 мың гектар екенін (?!) жария етті. Бұл не абсурд? «Көлеңкелі» гектар­лар қаншама? Бәлкім, Шардарадан бері, Арал-Сырдария алаптық инспекциясы құрамында, не одан тыс Су полициясын құру керек болар?

Мұндай сұрақтарға компьютер жауап бермейді. Компьютер үшін адами жанашырлықпен жол іздеу, рәсуа суды үнемдеу, обал, ұят ұғымы жоқ. Мәселені шешу ізденісінде адам­и фактор ескерілмейді. Адам сана­сын ауыстыратын еш қасиет жоқ.

Кіші Аралды адамгершілік ықы­лас-ниет  ғана  көтере  алады.

Мектепте бала оқытамыз: «Табиғат – тал бесігіміз, табиғатсыз адамның күні жоқ…» деп. Жаратушы құдірет әуелі Сыр-Аралды жаратты. Біз сол табиғатқа кіндік байлап, өмір құрған тіршілік иелеріміз. Демек, біз осынау табиғат аясында өмір сүреміз. Демек, біздің, біздің балаларымыздың өмір өрісі – Сыр-Арал алабы. Мұнсыз болашақ жоқ. Сөзіміз бен ісіміздің арасындағы кереғарлықта осылардың тағдыры жатыр. Қай істе де қанағат, жағдайға қарай көсілу, төл табиғат қамы – өркениетті қоғамның өмір шарты. Бізді қайдам, әлем осы шындықпен  өмір  сүре  бастады.

Бір қисынсыздық: бізде бір іс құжаттары кабинеттерде «піседі», сосын­ ол халық талқысына ұсынылады. «Атты арбаның артына жеккен» осындай ретсіздіктен, халық қарсылығымен қанша жұмыс қайтарылып, қанша қаржы, еңбек далаға кетіп жатыр­! Бүгін демократия үдерісінде халық сөзі күшті, кез келген жөнсіз шешімді жоққа шығара алады. Алматыд­ағы «Көкжайлау» солай құтқарылды. Балқаш солай құтқарылды. Алакөл де солай аман. Бұл тізім  ұзын…

Жоғарыдағы ел тілекті жолдау-хат ресми түрде жазылуы тиіс еді. Оған көңіл күй (эмоция) араласты және бұған төменде үзінділенген бір хат түрткі болды. Аймақ басшылығына жазған Н.Мұсабаев хатының не ресми­ ұсыныс, не біреулерді кінәлап-күстаналау, не «мен өйткен де бүйткен едім» деген самореклама екенін  түсіну  қиын  болды.

«…Арал проблемасы жөніндегі Орта Азия мемлекеттерінің бес прези­денті қатысқан, Қызылорда қала­сында өткен нөмірі бірінші халық­аралық конференциясын өт­кізу жөніндегі жұмысшы тобының төр­ағасы ретінде…» Хат, осылай, өзжарнамадан бастала­ды. Айлығын алып, атқару мін­детті қызметін осылай­ жарнамалау қандай этикаға жатады? Әдеп ұғымында бұл тым қолайсыз.

«…Осы конференциядан кейін экологиялық апат аймағындағы  Арал өңірі халқын әлеуметтік қорғау туралы­ заң қабылданып…» деп жал­ғайды  хат.  Бұның  өтірігі  мынада:  заң нұсқасы онан бұрынырақ, 1992 жылы, сол кездегі Премьер-Министр С.Терещенконың алдында жатты. Оның негізін жасауға сол кездегі Кеңест­ер одағының Батыры Ж.Қизатовпен бірге құрған «Арал» қорының құрамында біз көп жұмыс істедік. Бұл енді жарнама емес…. Және ел есінде бар бір жайт: 2004 жылдың сәуірінде, ҚР Үкіметінің көшпелі жиналысы (Г.Марченко, А.Самақова, Г.Қара­ғұсова құрамында) осы заң күшін тоқтатам­ыз деп келгенде, ел үшін айтыс­а жүріп, оны сақтап та қалдық. Апат аймағы жұрты оның игілігін әлі көріп отыр. Бұл азамат сондай принципті сәттерде қайда болды?..

«…Конференция шешіміне сәй­кес, САРАТС тарихи жобасы өмірге келді…». Бұл да – өтірік. САРАТС өмірге келіп, орындалуы ел ұсынысы айтыл­ғаннан 16 жыл уақыт өткенде барып жүзеге асты. Арал халқының «табанды түрде сұранысын» сол кездегі облыс­ басшылары С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев 90-жылдар бойы жо­ғарғы жаққа мәлімдеумен болды. Мәселенің негізі – халық талабы. Ол Қызылорда саммитінен 12 жыл өте жүзеге асты. Шындығы осы. Жалпы, алды – 16 жыл, онан бері тағы 15 жыл – 31 жыл ел сұрауынан туған сол САРАТ­С  идеясы әлі толық орын­далған жоқ. Өкінішті жайт. Бұл жыл­дары  3-4  Кіші  Арал  толатын су үлкен Үлкен  сорға  кетті.

«…Мен Арал ауданы әкімі кезімде Елбасының арнайы іссапарын Арал ауданына жоспарладық…». Тағы да саморе­клама. Ол әкім болмағанда Елбас­ы Аралға келмейтін бе еді? Сол сапар елдің күлкісі болған, ауыз­суды машина­мен құйдырып, Президентті алдаға­н амалды Арал жұрты әлі айтады. Бұндай амалдар кейін Елбасының қатты  сынына­ ұшыраған. Бірақ үлкен кісі мәселені  онан  ары  қазбалаған жоқ…

«…Қатты қадірлейтін жазушы ағаларымыз бен кейбір журналистер облысқа жаңа келген басшыға кере­ғар­ пікір тудырып, бөгет дұрыс салынб­аған, Көкарал бөгетінің биік­тігін көтеру керек, балық пен су Ұлы теңізге босқа ағып жатыр (?!) деп, негізделмеген кұр даурықпа байбалам салып, басталайын деп тұрған жобаның екінші фазасын тоқтатып қоюға дейін барып, елге де, экологияға да, экономикаға да көре көзге обал жаса­ды­. Сол сәуегейлердің  артық кеткені сонша, тіпті маман болмаса да, қолына невилир ұстап, су деңгейін, жер деңгейін өлшеп көрмесе де, маман сияқты пікірлер қалыптастырып, топырақты, тасты, құмды, қайдан алу керек, каналды  қайдан қазу керек деген мәселелерге араласып, елді шатастырып болды. Осындай попули­с­тік көзқарастар салдарынан құрып кеткен 32 түрлі балықтың «Кіші Аралда» 28 түрі ауланып, жо­ғарыда көрсетілгендей, жүз мыңнан астам облыс халқының нәпақасынан қазіргі таңда Көкарал бөгетінен су құлап кетсе, айрылып қалу қаупі туынд­ап отыр…» Біріншіден 32-28 түрлі балықтың жайын хат авторынан артық білмесем, оған кем емеспін. Екіншіден, еске салайын: «Кіші Арал» идеясы (біреудің жүрегі ұстап қалса да!) біздің және елдің табанды сұрауымен жүзеге асты. Міне, біздің «сәуегейлік», «популизм» осы!..

Бұған тарих пен халық куә. Бұлардан артық куәға тартар кімің бар?

Ия, «Кіші Арал» идеясын 1989 жылы мен көтердім. Ізе-шала т.ғ.д., профессор, бүгінгі біраз ғалымдар ұстазы А.Тұрсынов идеяны қолдап мақала жазды. Келесі кезекте, Арал халқының ел басшылығына Ашық Хаты жарияланды. Сонан бастап, бұл бастама – халық талабы, аймақ бас­шы­ларының Үкімет алдындағы ұсыныс­ы болды… Іргелі істер елмен ақылдасумен жүзеге асқан. Ел-жұрт­пен ақылдасу арқылы салынған күре теміржол, міне, ғасырдан астам өмірлі. Ал 15 жылға жетпей тозған «Көкаралға» не айтуға болады?..  Біз бір батагөй қария емеспіз. Сол кезде (бүгін де) жартыкеш «Сарышығанаққа» қарсы «Кіші Арал» идеясын көтердім. Негізді сөзді ғалымдар, ­мамандар мойындады. Олардың біразы­ бүгін де өмірде бар. Осыдан оншақты жыл бұрын «Көкаралды» ары дамытудың өзіндік инженерлік жобасын жасап, әкімдік арқылы, Елбасы­ға ұсындым. Әлі де ұсыныстармен шыға аламын. Ел-жердің жағдайы­н, мәселенің мәйегін кей шын популистен артығырақ білемін.

Осыдан 5 ғасыр шамасы бұрын Леонардо да Винчи деген қария өмір сүрген. Ол өзі суретін салып қарап жүрмей, адамға ота жасау, су бөгеттерін тұрғызу, ұшатын аппарат жасау, т.б. көп идеялар айтқан. Құдай берген адами қуат. Сол орта ғасыр қараң­ғылығында ол кісіге «сен мына іске араласпа!» деген шаужай тарту болды ма екен. Ал енді, мына аса сауатты ұрпақпен өмір сүргенде не есітер еді ол қария?.. Иә, біз Винчи ақсақал емеспіз. Бірақ, талай «сауаттыға» нәпақа болар игілік жолын ашып беруд­е  Құдай  берген қуат бар. Ол қуат өз сөзін әлі де айтады! Біздің көкейді тескен – ақша, шен-шекпен жайы  емес!

«…Мен жазушылар мен журна­листтерге талай айттым, «Сіздер маман­ емессіздер, халыққа жандарыңыз ашыса, САРАТС жобасының екінші фазасы неге басталмай жатыр, Президенттің тапсырмасы, саяси шешімі неге орындалмай жатыр, «Кіші Аралдың» жиегі Арал қаласына қашан келеді деп дабыл қағыңыздар, қалған жағын бөгетті қалай, қайдан салады, екі деңгейлі теңіз бола ма, бір деңгейлі теңіз бола ма, ол мәселені мамандарға қалдырыңыздар» деп талай ескертім. Міне, осындай пайдасыз, негізсіз пікірлердің салдарынан 7 жылдан бері екінші фаза басталмай тұр. Ол басталып біткенде, қазір Ұлы теңізге су да, балық та ақпаған болар еді. Қорыта айтқанда, САРАТС жобасының екінші фазасының осы уақытқа дейін басталмауы – халық, ұрпақ алдындағы кешірілмейтін күнә… » деп жалғасады хат. Аралда бастық кезінде, ««Көкаралды» қашан көтереміз?» деп қанша сұрағанымда, «бәрі дұрыс болады» деп сырғытпа жауап беруші еді бұл әкім. Енді түсіндім. «Двойной стандарт» дейді бұны батыста. Ойын ашық айтқанында, мен бұл бастыққа сенімде көп уақыт жоғалтпас едім ғой… Тұтас Кіші  Арал және тоғандалған шығанақ – әкім-мамандар еркі емес, халық таңдауы. Жоғарыдағы бұйрық рай Сталин уағына жарасар, ал қазір бас­қа­ дәуір… Ия, тұтас Кіші Арал қиын кезеңге килікті. Арысы – 31, берісі – 15 жылдық сөзбұйда осыған жеткізді. Қанша есіл су, қанша уақыт кетті! Мен Елбасының «Мен Аралға көмектесем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген айдар-сөзімен қанша мақала жаздым! Елде осы уақытта қанша құрылыс жүзеге асты! Бірақ Кіші Аралды көтеруге құлық болмады. Себеп көп. Мұның тарихы ел көзінде…

«…Кейбіреулердің САРАТС жобасының бірінші фазасында қате кетті деуі дұрыс емес. Алғашында САРАТС жобасы бірнеше фазалардан тұратын болып межеленген. Бірінші фазасы аяқталған бойдан, шұғыл екінші фазасы­н, сосын үшінші фазасын бас­тау керек еді. Сондықтан САРАТС жобасының бірінші фазасында Көк­арал бөгетінен балық өткізгіш құрылысын салу қарастырылмаған…». Осы мойындау – біраз жайттың бетін ашады. Неге? Алғашында 46 м. жоспарланған «Көкарал» неге 42 м. төмен салынды? Демек, бөгет солай төмендетілген. Кіші Аралдың негізгі бөлі­гін­де су аз болуға тиіс болған. Айналып келгенде, мақсат – тағы сол Сары­шығанақты бөлектеу ме? Әйт­песе,      46 метр жиек Аралға, Ақбасты, Бір­лес­тік, Бөген ауылдарына недәуір тақап, бүгінгі көп қиындық болмас еді  ғой.

«…Алайда САРАТС-тың екінші фазасын бастаудың орнына, орын­далуы қауіпті, мүмкіндігі күмәнді Көкарал бөгетін қайта салуды қаузап, уақытты босқа өткізіп алдық. Сондықтан Көкарал бөгетінен айрылып қалу қаупі туындап отыр. Қайталап айтамын, сонда Көкарал бөгетіне салмақ­ та түспейді, төмен қарай Ұлы теңізге су да, балық та кетпейді…» дейді хат. Бұл жолдар қисынсыз­дығын айтпағанда, тағы бір жайт ұштығын ашып отыр! «Сарышығанақ» салына, «Көкаралға» су теппесе («…Көкарал бөгетіне салмақ та түс­пейді, төмен қарай Ұлы теңізге су да, балық та кетпейді…»), бұл Кіші Аралды­ бүгінгі жиегінен кері кетіру деген сөз ғой. Әйтпесе, Көкаралға қалай салмақ түспейді? Дария суы қайда кетеді? Мұндай алдарқату кімге дәрі?.. «Көкарал» экрандарына осы деңгей-су (НПУ), қалай да тұрақты түрде салмақ түсіреді. «Сарышығанақ» салынды екен деп, ол проблема өшпейді. Түрлі фазалар ертегісімен алдандырмай, бөгетті баяғыда бекемдеу керек еді. Біз көп уақыт қана емес көп су төлінің обалына қалдық. Егер, «Көкарал» әубастан арнайы солай ойластыры­лған  болса, бұл – қылмыс. Сондықтан, бүгін істеп жатқан облыс басшылығының іс-шаралары өте орынды. Балық қорғанышы керек, төменгі атырауда (авандельта) дария суын тарата құйғызу көп тұрғыдан пайдалы. Дәл осыны, 1984 жылы «Сұ­рауы бар су» мақаламда айтқанмын.

«Көкарал» басында 2007 жылы ардаге­р-аға Т.Ұйқасов айтып еді: «Біз жеңдік, інім. Бірақ осының арты қалай болады? Көкаралдың тұсау­кесуіне сені шақырмауға ары жеткендер, сол жерден бір кінарат шықса, дереу кінәліні іздей бастар. Сол кезде­, олар саған саусақ шошайтар…» деп. Әулие екен. Жала мен күйеден күйген қазақтың сүргіні өткен тарихта қалды деп жүрміз-ау… Қайталап айтамын: Кіші Арал тұтастай көтерілмесе, «Сарыш­ығанақтың» болғанынан болмағаны жақсы! Біріншіден, Сыр атырауының ең сезімтал алабы жұтайды. Кіші Аралдың бүгінгі ризық­ты айдыны тарылады. «Көк­арал» проблемасы ашық күйінде қала береді. Басқаларын айтпағанда… Енді қайтып «Сарышығанаққа» оралмауды, оның келешексіз талап екенін 2009 жыл, 11 наруызда сол идеяны «табандап ұсынушы» (Нарғали Демеуов­ аға сөзі, иманды болсын!) бұрынғы балық шарауашылық минист­рі Қ.Саржанов ел алдында мәлімдеген. Айтпақшы, сол кездегі Су комитеті бастығы А.Рябцев, Казгипроводхоз директоры Н.Дмитриев «шұғыл» түрде емес, 4 жыл өткізіп барып­ ұсынған ІІ фаза, екі деңгей нұсқа халықтың талқылауында өтпей қалған. Ол тарих ел есінде.

Дайын құжат-қағаз шала шешімдерге негіз бола алмайды! Директор Н.Дмитриев «бізге екі деңгейлі нұсқа дайындатқызды, ал 200 млн. теңге тауып берсеңдер бір деңгейлі «Кіші Арал» құжатын жасап берем» деп, 2012 жылы ағынан жарылған. Яғни, бұл істе темір принцип жоқ, ақша болса – болды…

«…Бұрынғы облыс әкімі 7 жыл бойы халық алдындағы есебінде «САРАТС­ жобасының екінші кезеңін келесі жылы бастаймыз» деп жыл сайын­ уәде беріп жүрді. Кейінгі жылдары САРАТС жобасының екінші кезеңі­н бастауға Өзбекстан Республикасы қарсылық білдіруде деген пікірлер де айтылды. Меніңше, бұл дұрыс пікір емес. Себебі, «Кіші Аралды» қалпына келтіруге Сырдария суын Өзбекстан Республикасы үлесінен сұрап отырғанымыз жоқ…» дейді хат. Мәселе суда ғана ма екен? Дүние­жүзілік Даму банкінің шарты бойынша, елеулі құрылысқа көрші елдер келісімі керек. Көрші сол шартты бұлдап, Арнасайға бізден өмір бойы су беруді талап етті. 2018 жылы Қ.Көшербаев батыл қадам жасап, мұндай тиімсіз шартқа байланбай, өз қаражатымызбен Кіші Аралды көтеру­ мәселесін алға шығарды. Бұл осыдан 15 жыл бұрынғы Елбасы сөзімен де үндесті. Бұл елеулі азаматтық ерлік болды. Мұның бар гәбі – осы. Енді осы, ары тарт та бері тарт болмай, нақты­  іске  ұласса  жөн.

Іс үшін қажет болса, бұл хатты түгел талдауға болар еді…

Арал үшін 53 жыл күрес өтіпті. Соны бір хатпен сызу әрекеті? Оған бұл дүниетаным өресі жетпейді. (Апыр-ай, басқа ермегі қалмаған ба, «жатқан жыланның құйрығын бас­қандай», не амал, не ұтам дегені, әлде, «атың шықпаса, жер өрте» ме?) Біздің өміріміз – үлкенді-кішілі аяқ шал­ғыштармен күреске айналып барады. СССР-дің озбыр саясатымен арпалыс бітіп еді, енді ішіміздегі ұсақтық шаужайға жармасады. Қалай болғанда да, аруақ алдында, халық алдында шегінуге қақымыз жоқ.

Өмірде айтпайтын сөз дейтін едім, беймазаның тірлігі бұған да келтірді.

27.07.2020

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: