Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көне мектептің кемшілігі таусылмайды

01.05.2025, 10:00 803

Жалпы, ауылдық елді мекендерінде де сапалы білімнің берілуі маңызды. Бұлай деп неге айтып отырмыз? Себебі, шалғай елді мекендердегі білім беру ошақтарының материалдық-техникалық жағынан деңгейі қала мектебінен әлдеқайда төмен екені ақиқат. Бұл – барлық бала тең білім алып жатқан жоқ деген сөз. Бұдан бөлек,  жаңа технологияға сай емес, жөндеу жұмысы жүргізілмеген көне мектептерде білім алу қазіргі балалар үшін кедергі болуы да мүмкін. Өйткені, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Ал облыста салынғанына 1 ғасыр не одан көп уақыт болған ескі мектептер бар ма? Бұл сұраққа жауап іздеу барысында Қызылорда облыстық білім басқармасынан мәлімет алғанды жөн көрдік.

АЙМАҚТА  БІР  ҒАСЫР  ТҰРҒАН 18  МЕКТЕП  БАР

Басқарманың мәліметінше, бүгінгі күні аймақ  бойынша 300 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде құрылғанына 100 жыл  және одан да көп уақыт  болған 18 мектеп бар екен. Олардың бірі Қазалы қаласындағы №16 мектептің негізі 1860 жылы қаланған. Жалпы, облыс бойынша 2021-2025 жылдары 236 мектепті жөндеуден өткізу жоспарланып, бүгінгі күні 47 мектеп жөндеуден өткізілуде. Осы жылы облыста     5 апатты жағдайдағы мектеп қайта  бой  көтерген.

– Аталған мемлекеттік мектептерде  1-11 сыныптар аралығында 169 188 оқушы білім алуда. Одан бөлек үш арнайы облыстық мектеп-интернат  пен бір кешкі мектеп бар. Сондай-ақ, жөндеуден өткізілетін 47 мектептің  ішінде  3 мектеп қала орталығында, 17 мектеп аудан орталығында, 27 мектеп ауылдық елді мекенде орналасқан. Аймақтағы 5 апатты жағдайдағы мектеп бойынша  Қазалы ауданындағы №94 апатты мектеп орнына «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, ағымдағы жылдың наурыз айында пайдалануға  берілді.  Қармақшы  ауданындағы №105, 108 және Шиелі ауданындағы №45 мектеп «Жайлы мектеп»  ұлттық жоба­сын  бекіту   туралы» ҚР Үкіметінің 2022  жылғы 30  қарашадағы  №963  қаулысына  және  2024 жылғы 19 желтоқсанда  енгізілген  өзгеріс­тер негізінде мектеп құрылыстарына жергілікті бюджеттен ЖСҚ әзірленіп, құрылысын салу бойынша  жұмыстар жүргізілуде. Соны­мен қатар, Қармақшы ауданы Т.Ізті­леуов ауылындағы №29 мектеп құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қаржыландыруға ұсынылды, – деді Қызыл­орда облыс­тық білім басқармасы басшысының орынбасары  А.Қанатов.

Бүгінгі күні 960 орындық 6 мектеп, 2,8 млрд теңгеге 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілген. Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 мың орындық 6 мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарлануда. Хош. Дегенмен, бұл ұлттық жоба барысында ауылдық мектептер қала мектептерінен қалыс қалмай, жаңа технологияға сай материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылып, балалардың талап-тілектеріне сай болса ғана жаңарудың  жолына  түстік  деп  айта  аламыз.

«ЖАЙЛЫ  МЕКТЕП» – САПАЛЫ  БІЛІМ  КЕПІЛІ

Осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының арқасында бір­қатар білім ордасын салу жоспарланып, біршамасы бой көтеруде. Бұл жобадағы негізгі басымдық апатты мектептер мен ауылдық жердегі білім ошақтарының алшақтығын жоюға бағытталған. Дегенмен, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы қазіргі таңда маңызды мәселеге айналуда. Ал бұған мектеп сапасы­ның нашарлығы, оның жөндеу жұмысы мен құрал-жабдықтың тапшылығы, жаңа технологияға  сай еместігі оқушылардың қызығушылығын  төмендетіп,  олардың өздеріне  деген  сенімсіздігін  тудырмай  ма?

– Ауыл мен қала мектептері арасында айыр­машылық өте көп. Солардың бірі кадр мәселесі деп айтсақ болады. Мектептің ескілігі не жөндеу жұмысы­ның жоқтығы емес, техникалық жабдықтың ескілігі мен жұмыс істейтін маманның жоқтығы басты кедергі деп ойлаймын. Баланың қызығу­шылығын да төмендететіні – білікті маман­ның жетіспеуі. Сондықтан жас, білікті мамандарды ауылдық елді мекендерге әкелу басты мәселеге айналуы керек. Сондай-ақ, балалардың сенімділігін жоғалтпау үшін әрине мектептер заман­ауи  технологияға  сай  болып, жастармен жұмыс істей алатын мықты кадр болғанда ғана мектеп оқушыларға қызық болады, – дейді белгілі ұстаз  Аятжан  Ахметжанұлы.

Расымен, ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы теңсіздік мәселесі айналып келіп білікті кадр тапшылығына тіреледі. Иә, жастар ауылға барып мектепте жұмыс істегісі келмейді, содан ауылда бірнеше пәннен бір мұғалімнің бере­тін жағдайлар әлі күнге дейін кездесетіні жасырын емес. Ал, қазіргі күні оқушыларды тартатын  сапалы контент не білікті кадрдың тапшы болуынан оқушыларды ештеңе де қызық­тырмайтыны белгілі. Бүгінгі күні мектеп  қызықты болу  үшін  не  керек?

– Қазір интернеттік жүйе дамыған сайын түрліше өткізілген оқу процестерін әлеуметтік желіден көріп қызығатынымыз рас. Қазір барлық оқыту­шылар әртүрлі контенттік бағдарлама арқылы сабақтарын түсінікті, қызықты етіп өткізе­ді. Біздің мектепте жоқ деп айта алмаймыз, бірақ интернет жүйесінің нашарлығы кедергі жасайтынын жасырмау керек. Интернет сапасының нашарлығы қазіргі таңда білім алуымызға кедергі. Себебі, сабаққа байланысты барлық жүйе, қосымшалары интернет арқылы кіріп, жүзеге асырылады. Сондықтан, оқушылардың сапалы білім алып, әр сабағын түсініп, оқу процесі қызықты болу үшін мектептерде интернет желісінің дұрыс  жұмыс  істеуі  маңызды  деп  ойлаймын, – деді Абай атындағы №138 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Бибігүл Қонысбекқызы.

Иә, қазіргі таңда оқушылардың заман талабына сай талаптары да жоғары болады. Сондықтан, олардың талаптарына сай болуы үшін жайлы мектеп­тің бастамасы да жоғары деңгейге бағытталуы керек. Сонда ғана  оқушылардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін дамыту­ға ықпал  ететін  орта  қалыптасатыны  анық. Бұл  ауылдық елді  мекендегі  оқушылардың да  сенімін  оятып, зеректігін  арттыратын болады.

ТҮЙІН. Мектептер сапасы мен саны жағынан қалаларда ұлғайып, ауылдарда қысқарып барады. Бұлай деуіміздің себебін де жоғарыда атап кеттік. Яғни, заман сұранысына байланысты ауылдағы білім ошақтарында жетіспеушіліктер тым көп. Кадр тапшы, интернет нашар, заманауи материалдық-техникалармен жабдықталмаған. Осылайша, көне мектептің кемшіліктері таусылмасы анық. Сондықтан, барлық бала бір деңгейде білім алуы үшін мектептердің заманауи форматқа ауыстырылуы аса маңызды. Бұл дегеніміз  еліміздегі  барлық  баланың қолжетімді  әрі  жайлы,  қауіпсіз  ортада сапалы  білім  алуына  жол  ашады.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: