Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көмірден бас тартудың құны қанша?

28.10.2021, 12:00 274

Өткен жылы БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш ең лас  қазба отын саналатын көмірден бас тарту туралы  ұсынысын  Ұлыбритания мен Канада  ұйымдастыр­ған энергетикада көмірді пайдалану жөніндегі кеңесте ресми түрде жариялаған еді. Ол көмір шахталарын жабу­ды ұсынып, сонымен бірге шахтерлар мен көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының жұмысшыларын жұмыспен, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы қамтамасыз етуді ұсынған  еді.

 – Энергетика саласындағы көмірді тоқтату – бұл біздің мақсатымыздағы температураны Цельсий бо­йынша 1,5 градустан жоғары ұстауға бағытталған маңызды қадам. Әңгіме электр энергиясын өндіруде көмірді пайдалануды 2030 жылға қарай 2010 жылмен салыстырғанда 80 пайызға азайту туралы, – деген еді Антонио  Гутерреш.

Дәл осы мәселе қыркүйек айында онлайн режимде ҚР және АҚШ төрағалығымен климат мәселелері бойынша «C5+1» форматындағы министрлердің кездесуінде кеңінен талқыланды. Кездесу барысында тараптар Париж келісімі бойынша жаһандық температураның индустриялық деңгейден 2°C-тан төмен деңгейге көтерілуін шектеу және температураның 1,5°C-қа дейін көтерілуін шектеу бойынша күш-жігер­ді  жалғастыру мақсатында климаттық амбициялардың жоспарланған өсуін маңызды деп санады. Сондай-ақ, Қазақстан 2060 жылға дейінгі көміртекті бейтараптық тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмысты аяқтайтыны  да  осы  жиында  белгілі  болды.

– Алдын ала нәтижелер энергия тиімділігін арттыру, электрлендіру және ЖЭК үлесін 2020 жылғы 3%-бен салыстырғанда 2060 жылға қарай шамамен 82%-ға жеткізу қажеттілігін көрсетті. Көмір генерациясының үлесі қазіргі 69% деңгеймен салыстырғанда нөлге дейін азайтылуы тиіс. Қазақстан экономикасы энергияға тәуелді екенін ескерсек, бұл – біздің еліміз үшін өте күрделі, бірақ маңызды қадам, – деді ҚР Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Жыл санап өзектілігі артып келе жатқан мәселе Нұр-Сұлтан қаласында «Astana Mining&Metallurgy» халықаралық тау-кен металлургия­лық конгресі аясында Қазақстанның көмір өнеркәсібінің II форумында талқыланды. Бұл форум жаңа экологиялық реттеу жағдайында көмір саласын дамыту мәселелеріне арналды. Айта кетейік, көмір қоры бойын­ша Қазақстан көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Қор көлемі 33,9 млрд тоннаны құрайды, барланған көмір қорының 90%-дан астамы Қазақстанның солтүстік-шығысында және орталық бөлігінде шоғыр­ланған. Тәуелсіздік жылдары көмір өндіруші кәсіпорындар 2,7 млрд тоннадан астам көмір өндірді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев аталмыш конгресте 2021 жылдың  9  айында еліміздің көмір өндіруші компаниялары 79,1 млн тонна көмір  өндіргенін  айтты.

«Eurostat» мәліметіне сүйенсек, соңғы екі жылда Еуропалық Одақ елде­рі тас көмірді  144 миллион, қоңыр көмірді 246 миллион тоннаға дейін аз тұтынған. 1990 жылмен салыстырғанда тұтыну көлемі 63 па­йыз­ға азайды. Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі алдағы қыста елімізде көмірді тұтыну көлемі 10 млн тоннадан 7,3 млн тоннаға дейін төмендейді деп мәлімдеді. Негізгі себеп – елді мекендерге газ тарту көлемінің ұлғаюы. Ағымдағы жылдың бірінші жарты­жылдығында 14,5 млн тонна көмір экспортталған. Қазақстанда ең көп шығарындылар энергетикалық салаға тиесілі, оның ішінде көмір генера­циясы 70 пайыз үлесті құрайды. Бұл процестердің барлығы жаһандық климаттың өзгеруіне әкеп соғатыны белгілі. Сол себептен болар ҚР Президенті Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференциясында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің көміртегінен таза ел болуға қатысты  үндеуін  қолдайтынын  жеткізді.

Яғни, Гутерриш дүниежүзінде ауаның ластануы салдарынан өлім-жітімнің одан әрі көбеюіне себеп екенін үнемі айтады. Бүкіл өңірлерде көмірдің арқасында арзан электр қуаты мен тұрақты жұмыс орындары болған күндерді ұмытып, жаңартылатын көздерден электр энергиясын алу  тиімдірек  деп  санайды.

– Қазір барлық нарықта көмірмен жұмыс істейтін жаңа электр станцияларына қарағанда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы жаңа қуаттарды құру арзанға түседі, – деген еді Бас хатшы Ұлыбри­тания мен Канада ұйымдастырған энергетикада көмірді пайдалану  жөніндегі  кеңесте.

Осылайша БҰҰ Бас хатшысы электр энергиясының көзі ретінде көмірден түбегейлі бас тартуға уақыт келді деп санайды. Мұны үш басым  бағыт  бойынша  кезең-кезеңмен  жасау  керек.

– көмірмен  жұмыс істейтін электр станцияларын салу бойынша барлық  жоспарланған жобалардың күшін жою және көмірге тәуелділікті  тоқтату;

– көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларын халықаралық қаржыландыруды тоқтату және инвестицияларды  жаңартылатын  энергия  көздері  жобаларына  ауыстыру;

– шахталардағы жұмыс орындарын жоғалту мәселесін шешетін таза энергия көздерін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру.

Ол бүгінде көмірге тәуелділікті еңсеруге және тұрақты, экологиялық таза дамуға бағытталған инновациялық бизнес арқылы өркендейтін экономика  құруға  барлық  мүмкіндіктер  барына  сенімді.

Болжамды мәліметтерге сүйенсек, 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энергия балансының 80 пайызынан астамын құрайды. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткізіп ғана қоймай, 40 жылдың ішінде парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш конференцияда Қазақстанның 2060 жылға дейін көмірден толықтай бас тарту үшін шамамен 700 млрд доллар қаражат жұмсау керек­тігін айтты. Сондай-ақ, прагматикалық әрі рационалды болуға, ел экономикасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ескеруге тиіс деп есептейді.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: