Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КЕСІМ мен ШЕШІМ

16.12.2021, 12:30 226

«Қазақстанда АЭС салынады» деген сыбыс қылаң бергелі, қара халық сарыуайымға салынды. Кешегі Чернобыль апаты, Фукусима атом электр станциясындағы жарылыс, Семей ядролық полигонындағы сынақ әлі елдің есінде, ұмытылған жоқ. Әлемде сол алпауыт апаттардың зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқандар бар. Соған қарамастан елімізде атом электр станциясының құрылысы басталуы бек мүмкін. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Qazaq. Алтын адам тарихы» атты деректі фильмінде америкалық кинорежиссер Оливер Стоунға берген сұхбатында мәлімдеді. Қарапайым қару-жарақ қоймаларын қалпында сақтау қолдан келмей тұрған елде  аты дардай атом электр станциясын салу санаға сыймайды. Естуімізше, ол келешекте электр энергиясының тапшылығын жояды. Бірақ, алды-арты жоспарланбаған құрылыс кесірлі болмаса екен.

Жапония, Германия, Италия мемлекеттері АЭС-тен бас тартқандар қатарында тұр. Бірақ, Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елдері әлі күнге дейін атом электр станцияларының құрылысын жалғастырып, оларды пайдалануға беріп жатыр. Ал Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, осылайша бұл ел жаппай электр мобиль­ге көшу мәселесін қолға алып отыр.

– Біз бәрібір атом станциясын саламыз. Мердігер мен технологияны таңдау керек. Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және америкалық компаниялар да зор ықылас білдіріп отыр. Енді біз мұны қайда салу керегін қарас­тырамыз.  Бүгінгі  таңда бізде электр энер­гиясы артық. Берер жер таппаймыз. Мұнай, газ, көмір елі. Бірақ  атом станциясы құрылысына 7-8 жыл қажет  болғандықтан, сол кезде тапшылық пайда болады, – деді Назар­баев «QAZAQ: Алтын адамның тарихы» атты сегіз сериялы жобасында америкалық  кинорежис­сер Оливер  Стоун­ға  берген  сұхбатында.

«Бәрібір салынатын» дүние, демек бізге, яғни халық­қа ол бәрібір талқылауға жатпайды. Қорқатынымыз – салдары ғана. Шикі шешім болмасын дейміз. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев та оқтын-оқтын айтып қойып жүр. Мемлекет басшысы қараша айының соңында қаржы секторының өкілдерімен жүздесуде елде электр энергиясы тапшылығы туындағанын алға тартып, «біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек» деп мәлімдеген еді. Тіпті бізде осы мәселенің ақ-қарасын айқындап, салуға шешім қабылдайтын комиссия да бар. Қайсыбір жылдары Ресей мен Қазақстан АЭС салу, жобалау және оны іске қосу үшін бірлескен кәсіпорын құрғанын да айта кету керек. Ресей демекші, біздің жерде атом электр станциясының құрылысын салуға көршіміз құлықты болып отыр. РФ Президенті Қ.Тоқаев­пен кездесуінде станцияны ресейлік технологиямен салуды ұсынып, бұл мәселеде сенімді серіктес болуға ой тастап та үлгерді. Бірақ, әзірге Ресеймен келісімшарт  жасалған  жоқ.

Билік  бұдан нендей игілік көреміз  деп  отыр? Тоқталайық. Электр энергиясының тапшылығы болмайды. Бүгінге дейін елімізде электр қуатын жылу электр станциялары мен су электр станцияларынан алып  келе­ді.  Біз  қолданып жүрген электр қуатының  90 пайызға жуығы жылу электр станциясынан алынған. Елімізде электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 14 пайызы су электр станцияларынан, 10 па­йызы  газдан және 5 пайызы мұнайдан  алынып  отыр. Алайда  электр  энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды. Енді біз айтып отырған электр өндірудің балама жолы атом электр станциясы десек, бұл – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы. Қазір өзіміз  тұтынып  отырған газ, су, көмір, мұнай барлығы – сарқылатын ресурс көздер. Негізі сарқылмайтын шексіз ресурс деген болмайды. Нысанаға алынып тұрған ядролық отын да күндердің күнінде сарқылуы бек мүмкін. Оның үстіне атом электр станциясының пайдасы мен зияны, қоршаған ортаға, айналаға тигізе­тін әсері толық­тай  зерттелмеген. Оны ғалымдар да растап отыр. Құдай бетін әрі қылсын, станцияда апат бола қалса, сол маңдағы жердің барлығын түгелдей жойып жібергенімен  қоймай, жерді де жарамсыз етеді. Атам заманнан ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан елге жер игілігін пайдалану мүмкін болмай қалады. Мұны да ескеру керек. Чернобыль АЭС-інде болған апат  салдарын жоюға қатысып, Семей ядролық  полигонындағы радиация зардабын зерттеген Қарағанды экологы  Дмитрий  Калмыков  мынадай  пікір  айтады.

– Шетелдік станциялардың көбі жартылай шар тәріздес алып конструкция түрінде салынған. Бұл – энергоблок реакторының айналасындағы герметика­лық корпус. Қазір Ресейдегі атом станцияларының қалай салынатынын білмеймін, бірақ Еуропада әр энергоблоктың бетоннан жасалған герметикалық корпусқа бекітілгенін көргенмін. Бұл корпуста апат бола қалса, жарылыс ішінде қалып, халыққа кері әсерін тигізбейді. Бірақ энергоблокқа ұшақ соғылса, бәрі басқаша болады. Қазір Еуропа мен АҚШ үлкен жылдамдықпен келе жатқан жолаушылар ұшағы соғылса да, сыртқы корпусы соққыға төтеп бере алатындай заманауи станциялар салып жатыр. Бәрі есептеліп, көрсетілуі керек. Бірақ конструкцияны білмей, жобаны көрмей, оның қоршаған ортаға қалай әсер ететінін айту қиын. Жоба авторлары конструкцияның қандай болатынын, қандай қауіпсіздік шаралары қарас­тырылғанын, қанша қорғаныш жүйесі барын айтуы керек. Әзірге ондай ештеңе айтылған жоқ, сондықтан Чернобыль мен Фукусима­дағы жағдай қайталануы мүмкін  деп  топшылауға  бола­ды, – дейді.

ТҮЙІН. Халықтан артық төреші жоқ. Біздегі биліктің бір осал тұсы – елмен етене болмауы. Осы жүйе бұқараның да ашуын туғызады. Мемлекетті құрайтын қоғам екенін үнемі ескере бермеу де жақсы әрекет емес.

Ә.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: