Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернеттегі алаяқтық неге көбейіп кетті?

23.11.2023, 12:00 728

Қазақстанда соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық фактілері 5 есеге (!) өсіпті. Мұндай сұмпайы статистиканы парламенттік тыңдауда Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жария етті. Ол биылдың өзінде интернеттегі алаяқтыққа қатысты 13746 факті тіркелгенін  мәлімдеді. Соның салдарынан 13,5 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Оның 70 пайызы – қала тұрғыны (9613), қалған 30 пайызы – ауылдық  елді  мекендердің  тұрғыны (4118).

ИНТЕРНЕТ  АЛАЯҚТАР  ШЕТЕЛДЕ  ОТЫРАДЫ

«Жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың арасында бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер және басқа азаматтар бар. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11 млрд 355 млн теңге­ні  құрайды. Қылмысқа қарсы күрес нәтижесін­де қабылданған іс-шаралардың нәтиже­сінде 2,5 мың түрлі интернет-алаяқтық жасауға қатысқан 521 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 523 млн теңге көлемінде  залал  өтелді» деді Игорь Лепеха Мәжіліс­тегі  парламенттік тыңдауда.

Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, интернетте көбейіп кеткен алаяқтық қылмыстарды шетелден келгендер жасайды. Олар онлайн-­несие рәсімдеуге, азаматтардың банктегі шоттарын ұрлау­ға машықтанып алған. «Солардың қолымен жасалған 9 мыңға жуық қылмыстың нәтижесінде азаматтарға шамамен 7 млрд теңге залал келтірілді, соның ішінде 5,8 млрд теңге онлайн-несие мен қарыз­дар түрінде ресімделген. Әлеуметтік портретін келтірсек, бұл санатқа психологиялық тұрғыдан арна­йы дайындалған, 20-дан 45 жасқа дейінгі, орыс тілін еркін меңгерген, шетелдік ұйымдасқан қылмыстық топтар құрамына кіретін, «Call-орталықтары» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, жақын және алыс шетелдерде тұрақты орналасқан ерлер мен әйелдер кіреді. Олардың арасында рөлдер нақты бөлінген: «келіссөз жүргізушілер», «хакерлер», IT мамандары  және  өздерінің  қауіпсіздік  қызметі.

Бұл жерде қылмыскерлер алдаудың ең көп тарал­ған төрт әдісін қолданады: біріншісі – тауар­лар мен қызметтерді сату туралы онлайн жарнама­ларды орналастырады; екіншісі – азаматтарға телефон соғып, өздерін банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырып, оларды әртүрлі жағдайға қызықтырады; үшіншісі – олар әртүрлі инвестициялық жобаға ақшаны тиімді жолмен салу­ды ұсынады; төртіншісі – олар әртүрлі компания мен ұйымдардың фишингтік сайттарын жасайды, сол арқылы пайдаланушылардың құпия ақпаратын алады» деп түсіндірді мәселенің мәнісін құзырлы  ведомство  басшысы.

Игор Лепеха интернеттегі алаяқтардың бір­шама бөлігі шетелде отыратынын айтты. Олардың қай елде отырып, кімді алдағанын да анықтау қиындық туғызады екен. «Мұндай қылмыстық істерді тергеу қиын. Себебі көптеген қылмыс шетелде жасала­ды. Олар хакерлік бағдарламаларды қолданады. Соған қарамастан, біз олармен күресуде белгілі бір тәжірибе жинап келеміз. Былтыр желтоқсан айында ІІМ өткізген іс-шаралардың нәтижесінде Украина аумағында қызметі тек қазақстандық азамат­тарға қатысты бағытталған ірі алаяқтық Call-орталық­тардың бірінің орналасқан жері анықталды. Украина­лық әріптестермен бірлесіп бұл орталықты жойдық. 40 күдікті ұсталды, көптеген компьютерлік және басқа да арнайы заттар тәркіленді. Қазір сарапшылар олар алдаған қазақстандықтар туралы деректерді алу үшін олардың құлпын ашумен айналысуда»  деген  дерек  келтірді  ол.

АЛАЯҚТАР  ДРОПЕРДІ  ПАЙДАЛАНАДЫ

Ішкі істер вице-министрі алаяқтар өздері «көлеңкеде» қалу үшін телеграм-арналардан тапқан Қазақстан азаматтарының арасынан «дропер» деп аталатын адамдарды пайдаланатынын мәлім етті. «Оларға жәбірленушілердің ақшасы түсетін бірнеше банкте шоттар ашуды тапсырады, олардың белгілі бір бөлігін «дроперлер» өзіне қалдырады (10% дейін), ал қалғандарын алаяқтар көрсеткен банктік және өзге де электрондық шоттарға аударады. Осылайша ұрланған ақшаның шамамен 90 пайызы елден шығарылады. Ұрланған қаражат қозғалысын уақытылы бұғаттай алмаудың негізгі факторы жәбірленушілердің полицияға «кеш» жүгінуі болып табылады» деді ол. Азаматтар алаяқтардың «құрбанына» айналғанын түсінгенше ұрланған ақша шоттардан алынып, шетелге жіберіледі. Орташа алғанда, қылмыс жасалған сәттен бастап ішкі істер органдарына жүгінуге кететін уақыт 3 күннен бірнеше айға дейін созылады екен.

АЛАЯҚТАРМЕН  КҮРЕСТЕ  ПОЛИЦИЯ  ЖАЛҒЫЗ  ҚАЛДЫ

Игорь Лепеха ІІМ бірнеше жылдан бері интернеттегі алаяқтыққа қатысты өзекті мәселелерге қоғамның назарын аударып, ұзақ уақыт бойы полиция бұл мәселемен жалғыз қалғанын айтты. «Ұзақ уақыт бойы полиция бұл мәселемен жалғыз қалды деп айтуға болады. Бұл мәселенің географиялық және техникалық күрделілігі, сондай-ақ азаматтардың саналы жауапкершілігінің төмен деңгейі туралы бәрі бірдей ойлаған жоқ. Өздеріңіз білетіндей,  2022 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында интернет пен телефон алаяқтарына қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Осылайша, құзыретті мемлекеттік органдардың жауапкершілік шеңбері кеңейтіліп, алдын алу мәселелері басымдыққа ие болды. Соның нәтижесінде  2022 жылғы қараша айында Цифрлық даму министрлігімен және ұялы байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, алаяқтар пайдаланатын жалған нөмірлерден келетін «шетелдік» қоңырауларды бұғаттау механизмін әзірлеп, іске қостық. Бұл «құрал» енгізілгеннен бері, яғни 11 айдың ішінде «шетелдік алаяқтардың» өздерінің қылмыстық мақсаттарын іске асыру үшін біздің азаматтарға жасаған 37 миллионнан астам қоңырауының жолы кесілді» деген дерек келтірді вице-министр.

Қоңырауларды бұғаттау механизмі іске қосылған соң миллиондаған қазақстандықты қауіпті қоңыраулардан қорғауға мүмкіндік беріп қана қоймай, статистикалық деректерге де әсер етіпті. Қазір ең көп таралған екі әдіс бойынша (алаяқтар өздерін «банк және құқық қорғау органдары» қызметкері ретінде таныстыру» немесе «тиімді онлайн-қарыз ресімдеуді ұсыну») жасалатын алаяқтық саны 20 пайызға қысқарған және бұл қылмыстардың ауыр және аса ауыр санаттарының деңгейі 12 пайызға төмендеген.

АБОНЕНТТІК  НӨМІРДІ  БЕРСЕҢ  –  ЖАЗАЛАНАСЫҢ!

Шетелдік алаяқтарға SIM-карта тіркеуге көмектескен қазақстандықтарға құқықтық жауапкершілік енгізіледі. Бүгінге дейін абоненттік нөмірді басқа адамдарға заңсыз бергені үшін жауапкершілік болған жоқ, бұл іс жүзінде азаматтарға осындай әрекеттерді кедергісіз орындауға мүмкіндік берді. Осы кемшілікті жою үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 637-бабы осындай әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілікті көздейтін 18-тармақпен толықтырылады. Бұл жаңалықты да Үкімет сағатында құзырлы министрлік өкілі жеткізді.

«Көптеген адамда «егер бізде ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттау жүйесі болса, алаяқтар біздің азаматтарымызға шетелден қалай қоңырау шала алады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған екі себеп бар. Біріншісі олар қазақстандық ұялы байланыс компанияларының нөмірлерін пайдалана бастады. Сол баяғы «дроперлер» ақылы түрде электронды SIM-карталарды өз аттарына тіркеп, оны алаяқтарға береді, олардың көмегімен қылмыскерлер WhatsApp қосымшасында тіркеледі. Оны іске қосқаннан кейін алаяқтар жәбірленушілерге көрсетілген мессенджер арқылы қоңырау шалып, сөйлеседі, ал олардың орналасқан жерін мұндай жағдайда анықтау қиын болып келеді. Осы уақытқа дейін абоненттік нөмірді басқа адамдарға заңсыз бергені үшін жауапкершілік болған жоқ, бұл іс жүзінде азаматтарға осындай әрекеттерді кедергісіз орындауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта бұл олқылық жойылуда. Әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізу қаралуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы осындай әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілікті көздейтін 18-тармақпен толықтырылады» деді ол.

Сонымен қатар бақылау шараларын күшейту үшін Цифрлық даму министрлігі «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына» толықтырулар жобасын әзірледі. Осы толықтыруларға сәйкес, телефон нөмірлерін тіркеу кезінде азаматтар «биометриядан» өтуге міндетті болады. Бұл шара азаматтық жауапкершілікті арттырады және ұялы байланыс қызметтерін пайдалануда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

«Екінші себеп алаяқтар арнайы IP және SIP телефония бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Оларды компьютерге немесе телефон құрылғысына орнатқаннан кейін алаяқтар қосымша қолданбаларды пайдаланып, өз нөмірін кез келген басқа нөмірге ауыстырады, осылайша алаяқтар қоңырау қабылдаушыларды алдайды. Мұнда алаяқ өзінің анонимділігін және орналасқан жерінің құпиялығын да қамтамасыз етеді. Осыны ескере отырып, Ішкі істер министрлігі «Қазақтелекомға» Қазақстанның телекоммуникация желісіне жалған трафиктің рұқсатсыз өтуіне жол бермеу бойынша жаңа шараларды әзірлеу қажеттігі туралы ұсыныс енгізді. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, оператор техникалық шешімін табады деп сенеміз» деп түсіндірді И.Лепеха.

ҚАЙТАРА  АЛМАСА,  БАНК  НЕГЕ  ҚАРЫЗ  БЕРЕДІ?

Бүгінгі таңда кейбір жәбірленушілер: «Банктер қарыз алатын адамның төлем қабілетін білмесе, бағалай алмаса, неге қарыз береді?» деп сұрап жатады.

Әлбетте, бір жағынан, онлайн тәртіппен несие ресімдеу және алу халыққа ыңғайлы. Екінші жағынан, банктер және шағын несие беретін ұйымдар қарыз беру кезінде қарыз алушылардың нақты кірістері мен әлеуметтік мәртебесіне назар аудармайтыны анық.

Үкімет сағатында осы мәселенің мәнісін бірнеше депутат білгісі келіп, сұрақ қойды. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Қазақстанда 8,4 млн азаматқа  18,1 трлн теңге несие берілгенін мысалға келтірді. «Осы азаматтардың арасында банк алдындағы қарызын 90 күннен кешіктірген (2 триллион теңге) адам саны – 1,8 млн адам. Бұл жағдай тек банк, қаржы ұйымдарына тиімді. Екінші деңгейдегі банктер несиені 20-58 пайызға дейін берсе, микроқаржы ұйымдары жылына 1000 пайызға дейін несие беріп бір пайда тапса, 2023 жылы  12,7 трлн теңгеге транзакция жасап, әр аударымға  1-3 пайызға дейін комиссия алған» деді Р.Берденов.

Бұл сауалға Ішкі істер министрінің орынбасары былай жауап қайырды: «ІІМ-ге интернет-алаяқтық туралы істер бойынша несиелерді есептен шығаруға көмектесу туралы өтініштер келіп түсуде. Адамдар мұндай істерді тергеудің қиындығын түсінеді, тіпті өз қателіктерін түсінеді, бірақ: «Неліктен банктер адам оны қалай өтейтінін ойламай, қолжетімсіз кредиттерді жайбарақат береді?» деген сұрақ туындайды. Олардың сыны өте орынды, уақыт шектеулі болғандықтан бір ғана мысал келтірейін. Қостанай облысында зейнеткер телефон арқылы сөйлесу барысында «WhatsApp қоңырауы» арқылы ақша салуды ұсынған шетелдік алаяқтардың алдауына түсіп, 2 банкте және бір микрокредиттік ұйымда жалпы сомасы 21 млн теңгеге 6 онлайн тұтыну кредитін ресімдеп, кейіннен алаяқтарға аударды. Полицияға тек екі аптадан кейін жүгінген, ол кезде ақша шетелге «дропер» арқылы шығарылған. Әрине, біз олардың жеке басын анықтадық және оларға процессуалдық баға берілді. Жәбірленушінің ай сайынғы зейнетақысы – 150 мың теңге, ал несиелер бойынша төлемі 350 мың теңгені құрайды».

12  ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ӨЗІНЕ-ӨЗІ  ҚОЛ  ЖҰМСАП  ӨЛДІ

Азаматтардың шектен тыс несие алуының соңы қайғылы жағдайға әкеліп соққан. «Әрине, адам несие рәсімдеген кезде оны қайтару мүмкіндігін де ескеру керек. Бірақ қаржылық сауаттылықтың төмендегінен бұған мән бермейміз. Несие алып, қарызға белшесінен бату салдарынан және оны төлей алмағандықтан қарыз алушылардың суицидке, қылмысқа баратын деректері кездеседі. Биыл несиесін қайтара алмаған 12 қазақстандық қол жұмсап, қайтыс болды. Олар – Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары. Қыркүйектің аяғында тағы бір осындай факт БАҚ-та жарияланды» деді Игорь Лепеха.

Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов еліміздегі 1,7 млн адам қарызын төлей алмай жүргенін айтты. «Қазір халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан аса адамның банк алдында қарызы бар. Соңғы 1,5 жылда бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Бұл – 1,7 млн адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді» деді ол парламенттік тыңдауда.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: