Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гендерлік теңдік еркектерді езудің жаңа формасы ма?

05.06.2025, 8:40 136

Әлемде «ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК» ұғымы көп жағдайда «әйелдер құқығы» деген түсінікпен шектеліп жатады. Әсіресе, дәстүрлі-патриархалды қазақ қоғамында тек әйелдер құқығы қорғалып, олардың теңдік мәселесі көтеріліп келді.

Иә, ХХ  ғасырдың  басында  қазақ зиялылары осы мәселені кеңінен көтеріп, түрлі оң өзгерістің алғышарты бола білді. Сонымен, әйелдер құқығын қорғаймыз деп ерлердің құқығы қазақ қоғамында елеусіз қалып келді. Осы орайда «Әлемде ерлер құқығын қорғайтын қозғалыс бар ма?» деген сұрақтың туындауы заңды. Әйелдер құқығын қорғай бастаған күннен бастап-ақ, ерлер де өз құқықтарын қорғауға кірісті.

Мысалы,  ХХ  ғасырдың  аяғына  таман  құрылған Щвейцариядағы  «Männer»  ассоциациясы, 1983 жылғы Германиядағы  «жалпыұлттық  ерлер  кездесуі», MGTOW  (Өз жолымен  келе жатқан ерлер),  профеминизм,  әкелер  құқығын қорғау  қозғалысы,  маскулизм.

Бұл қозғалыстардың барлығы бірдей әйелдер секілді ерлер де сексисттік дискриминацияға (жыныстық алалау, шектеуге) ұшырап жатқандығы туралы мәселені көтерді. Бұл жайында алғаш сөз сөйлеген америкалық маскулист Уорен Фарель болды. Әлемде макскулизмге феминисттер тарапынан жеккөрушілік өршіп тұр. Қозғалысты «әйелді жек көретіндер», «алименттен қашқандар», «қылмыскерлер» деген пайымдармен айыптап келеді.

Иә, ерлер құқығын қорғайтын қауымдастықтардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, Қазақстанда бұл мәселе бұрын-сонды көтерілмеген де. Неге десеңіз, дәстүрлі қазақ ерлері өте намысшыл келеді. Алайда бұл жайт ерлер құқығының тапталып жатқандығын жоққа шығармайды. Бұдан бөлек, әйелдердің постпатриархалды синдромы, яғни «ерлер әйелдердің құқығын таптауды ғана біледі, оларда артық құқық бар» деп ерлер мәселесін мойындамауы да бұл мәселенің көтерілуіне тосқауыл болып келді. Бір жағынан, аталмыш қозғалысқа феминизм секілді қаржылық қолдау жоқ, сәйкесінше, қозғалыстың жұмысы белсенді емес. Сол себепті шындыққа тура қарап көрейікші. Қазақстанда ерлер құқығы қалай тапталуда?

ЕРЛЕР  ӨЛІМІ

Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйен­сек, Қазақстандағы ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 9 жылға кем. Ерлер шамамен 67,5 жасқа дейін өмір сүрсе, әйелдер 76,5 жасқа де­йін. Мұның бәрі қоғамдағы еңбек бөлінісімен тікелей байланысты. Ерлер үйдің асыраушысы ретінде түрлі ауыр міндетті атқарып жүр. Олардың жұмыс­тағы қауіпсіздігін қорғау туралы заң Қазақстанда мүлдем қарастырылмаған. Салыстырмалы тұрғыда алып қарасақ, әйелдердің жұмыс орындарындағы санитарлық-гигиеналық жағдай ерлер еңбек ететін жерлерге қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Сәйкесінше, ерлердің түрлі ауруға шалдығу ықтималдылығы да жоғары. Қара жұмыстың «жілігін шағып, майын ішетін» ерлердің денсаулығы көп сыр беріп жатады. Ер  адам  қара  жұмыста майып болып, дүниемен қош айты­сып  жатса, заңды өтемақы да қарастырылмаған. Мұның  барлығы – ерлердің  қауіпсіздікке  деген  құқығының  тапталып  жатқандығының айқын  бір  көрінісі.

ЖЫНЫСТЫҚ  ТАПТАУРЫНДАР

Қоғамда  еркектер  мықты, табанды, төзімді  және сабырлы болуы тиіс деген стереотиптер терең орнығып қалған. Ал әйелдер әлсіз, қорғауға мұқтаж деген ұғым да көпжылдық мәдени наным-сенімдер арқылы бекітілген. Сол себепті, әйелдердің құқығының бұзылуы мен зорлық-зомбылыққа ұшырауы қоғам назарында көбінесе айқын көрінеді және оларды қорғау туралы мәселелер жиі көтеріледі. Бірақ ерлердің де құқықтары барынша шектеулі, тіпті кейде көзге көрінбейтін түрде тапталып келеді, алайда бұл жағдай үкімет, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам және құқық қорғау органдары тарапынан  көп  жағдайда  еленбей  келеді.

Қазақстанда суицид деңгейінің ең жоғары болған тобы – еркектер екені алаңдатарлық шындық. Бұл үрдіс тек біздің елге ғана тән емес, ғаламдық мәселе ретінде де кең таралған. Дәстүрлі қазақ қоғамы ерлерге тән белгілі бір рөлдер мен мінез-құлық нормаларын жүктейді: «Ер – отбасының асыраушысы», «Ер қайғыны іште жасырып, ешқашан жыламауы тиіс», «Ердің әйелге қарсы айтқан сөзі – ұят», «Ерлер эмоцияларын білдірмеуі керек» және тағы басқа. Бұл талаптар ерлердің еркін әрі ашық болуына тосқауыл қойып, олардың ішкі жан дүниесіндегі қиындықтарды сыртқа шығармауына әкеледі. Мұндай таптаурындар ерлердің психологиялық жағ­дайының нашарлауына, өз-өздеріне қол жұмсау деңгейінің  өсуіне  ықпал  етеді.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамда ерлердің сырт келбетіне қатысты көзқарас та біржақты қалып­тасқан. Мысалы, еркектің метросексуал болуы, яғни сыртқы келбетіне көп көңіл бөлуі қоғамда әлі күнге дейін ұят нәрсе ретінде қабылданады. Ал қыздардың немесе әйелдердің еркекше киінуіне, мінез-құлығына айрықша сын айтылмайды, тіпті көбіне қолдау табады. Бұл да гендерлік стереотиптердің екіұшты сипатын  көрсетеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне келер болсақ, әйелдерге бағытталған зорлық-зомбылық көпшілік алдында ашық талқыланады, құрбандарға қолдау көрсетіледі және олар құқық қорғау органдарына арыз түсіруге ынталандырылады. Ал дәл сол жағдай еркектерге қатысты болғанда, қоғам бұл мәселеге түсіністікпен қарамауы мүмкін, «еркек емес», «әйелден таяқ жеген» деген кемсіту сөздерімен олардың  арыз жазуына кедергі жасайды. Сондықтан, ерлер зорлық-зомбылық құрбаны болғанда көбіне үнсіз  қалады, мәселені сыртқа шығаруға ұялады.

Әйелдер құқықтарының қорғалуы – қоғамдағы әділеттіліктің бір бөлігі ғана. Ерлердің де жан-жақты қолдауға, түсіністікке және құқықтарының қорғалуына мұқтаж екені мойындалуы тиіс. Әйтпесе, қоғамдағы  гендерлік теңдік туралы сөз тек біржақты  түсінік  болып  қала  береді.

МӘЖБҮРЛІ  ӘСКЕРИ  ҚЫЗМЕТ

«BBC» арнасының мәліметі бойынша әлемде ерлер­ді мәжбүрлі түрде әскерге шақырмайтын алты мемлекет бар. Өкініштісі сол, Қазақстан бұл тізімге енбей, әскерге шақыру мәселесінде қатал саясат ұстанып  келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінде шама­мен тоғыз мың әйел қызмет атқаруда, бұл жалпы әскер санының – шамамен жүз жиырма мың адамның 7,5%-ын құрайды. Әйелдердің физикалық мүмкіндіктері кей жағдайда ерлерге қарағанда төменірек болуы себепті, әскер қатарына көбіне ерлердің алынуы табиғи құбылыс ретінде қаралады. Дегенмен, жалпыға бірдей міндетті әскери қыз­метке шақыру қағидаты көптеген ер-азаматтың құқық­тарын  шектеуге  алып  келеді.

Әрине, әскерге баруды өз еркімен қалайтын ер-азамат­тар бар. Бірақ ғылыми, мәдени немесе басқа да  кәсіби  қызметпен  айналысып, елге басқа жолдармен қызмет етуге ниетті азаматтардың да құқықтары бар. Сол себепті, әскери міндеттілік жүйе­сі олардың құқығын елеусіз қалдырып, мәжбүрлеп әскерге алу әділетсіздік деп айтуға болады. Ер-азаматтарды өз еркіне қарсы, өмірлік қауіп-қатерге душар ететін әскер қатарына шақыру – олардың жеке бостандығын шектеудің айқын көрінісі.

Егер әскери қызмет сапасы, тәртібі, қауіпсіздік және  денсаулық  сақтау  жағдайлары толықтай қам­тамасыз етілсе, міндетті әскери қызметті ақтауға бола­ды. Алайда, әлі күнге дейін әс­керде «дедовщина» сияқты жағымсыз құбылыстар, санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуы секілді мәселелер бар. Мұндай жағдайда мәжбүрлеп әскерге ша­қыру адам құқықтарын бұзу  болып  саналады.

Сондықтан, ер-азаматтарға заңдық түрде өзіне сай қызмет көрсету формасын таңдау мүмкіндігін беру заманауи демократиялық қоғамның  негізгі  талабы  болуы  тиіс.

ӘКЕНІҢ  ЖАҚСЫЛЫҒЫ  ЖЕЗДЕДЕЙ  ҒАНА  МА?

2024 жылы Қазақстанда 50 мыңға жуық отбасының ажырасуы тіркелді. Бұл дегеніміз, үйлі-баранды әрбір үшінші отбасының мүшелері бір-бірінен бөлінгенін білдіреді. Сонымен қатар, ажырасу жағдайларының 90%-ында балалар ананың қамқорлығында қалады. Сот жүйесі мұндай шешімді көбіне әйелге басымдық беру арқылы қабылдайды. Дегенмен, Қазақстан заңында баланы кіммен қалдыру мәселесіне қатысты нақты басымдық жоқ. Алайда бұл практика 1924 жылы қабылданған «Женева балалар құқығы туралы декларацияға» негізделеді, онда баланың анадан ажырамай өсуі маңызды деп көрсетілген. Нәтижесінде, отбасылық соттарда әкелер көбіне екінші деңгейдегі тұлға ретінде қаралады, ал ана баланың тәрбиесіне бейім болмаса ғана әкеге баланы беруге мүмкіндік туындайды. Бұл жағдай ерлердің өз баласымен бірге болуға деген құқықтарын шектейді. Іс жүзінде сот шешімдерін қабылдағанда баланың мүддесін басшылыққа алу қажет: ата-ананың әлеуеті, материалдық жағдайы, білімі, тәрбиелік қабілеті, баланың жасы мен қалауы, әлеуметтік жағдайы сияқты факторлар ескерілуі тиіс.

«Әкелер балаға көңіл бөлмейді, тәрбиелемейді» деген стереотип қазақ қоғамында білімді, саналы, жауапты әкелердің аз екенін білдірмейді. Керісінше, көп ер-азамат осындай қате пікірлердің салдарынан өз баласымен қарым-­қатынасты құруға мүмкіндік ала алмай жатады.

Сонымен қатар, биологиялық әкелікті анықтау мәселесінде ерлердің моральдық құқығы шектелген. Кейде әйел баланы күйеуінің келісімінсіз тууға рұқсат ете алады, ал әкелердің баланың өзінікі екенін тексеруге құқығы жоқ. Мұндай әрекет қоғамда «баласынан бас тартқан» деген жағымсыз атаққа ұрындыруы мүмкін.

Осылайша, әкелердің балаларына деген құқықтары мен мүмкіндік­тері қазіргі заң мен қоғам қабылдауында әлі де әділетсіздікке  ұшырап  келеді.

ТҮЙІН. Қазақстанда ерлердің құқығы әйелдердікіндей ауқымды түрде бұзылып жатыр деп кесіп айту асығыстық болар. Алайда, бұл – ерлердің мәселелері жоқ деген сөз емес. Қоғамда қалыптасқан стереотиптер, заңдық және әлеуметтік салалардағы теңсіздік элементтері, отбасылық қатынастар мен құқықтық қорғаудағы айырмашылықтар ерлердің де гендерлік сипаттағы қысымға ұшырап отырғанын дәлелдейді.

Бұл мақалада мақсат – ерлер мен әйелдер құқығын салыстыра отырып, шын мәнінде көпшілік назарына ілінбей қалып жүрген, жасырын және ескерусіз жатқан проблемаларға үңілу. Әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар ашық айтылып, қоғам назарында жүргенімен, ерлердің құқығы көбіне үнсіз жойылып жатыр. Бұл үнсіздіктің себебі – патриархалды қоғамда ер-азаматтың әлсіз, көмектен үмітті, қорғауға мұқтаж болуы «ұят» деген ұғыммен қатар жүруі. Сондықтан бұл мақала әйелдердің емес, ерлердің де қорғауға, естуге, әділеттілікке лайық екенін жеткізу үшін жазылды. Гендерлік теңдік – тек бір жыныстың мүддесін қорғау емес, әр адамның – әйел болсын, ер болсын – өмір сүруге, өзін еркін сезінуге, таңдауға, қателесуге, қорғалуға және естілуге құқығы бар екенін мойындау.

Мақаланың басты мақсаты – оқырманға тек әйел құқығы емес, ер құқығы да өзекті екенін, оны мойындау – біреудің құқығын жоққа шығару емес, жалпы адамзаттық әділеттің бастауы екенін ұғындыру. Бұл мәселелер жайында ашық әрі әділетті түрде сөз қозғау – болашақ қоғамның тең әрі сауатты болуына жасалған нақты қадам.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: