Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дизель отыны қымбаттай бере ме?

22.12.2022, 12:00 488

Күз мезгілі жыл сайын бағалардың «секіретін» кезі. Екі ай бойы – қыркүйек пен қазанда еліміздегі дизель отынының құнының бір литрі 260-450 теңге аралығында сатылды. Қарапайым тұтынушылар ең төменгі шек – 260-270 теңгеден сатып алса, көтерме бағамен сатып алушылар үшін ең жоғарғы шек – 450 теңгемен алды. Бүгінге дейін өндіріс орындарының барлығы ең жоғарғы шекпен сатып алып жатқанын ескерсек, бұл саладағы ахуалдың тұрақтылығына күмәніміз күшейетіні анық.

ДИЗЕЛЬ  ОТЫНЫ  ҚАЙДА  ЖОҒАЛЫП  КЕТТІ?

Бұл жерде «Мұнай өңдейтін ірі сегменті бар елде дизель отынының тапшылығы неден болып отыр?» деген жауабы жоқ сауал алдымыздан шығады. Мәселені майшаммен қараудың орнына, Үкімет тамыз айында сараланған тариф­терді енгізіп, «отқа май құя» түсті. Дизель отынын жүргізушілерге 50 литрден сатты. Алайда, мұндай іс-қимылдардан іс оңға баспағаны былай тұрсын, мәселе ушығып кетті. Ал сонда дизель  отыны  қайда  жоғалып  кетті?

Қазақстандағы мұнай өнімдерінің көтерме нарығын,  соның  ішінде  дизель отынының нарығын ешкім реттемейді. Бірақ мемлекет жанар-жағармай өнімдерінің бөлшек саудасын  қалт  жібермей  қадағалап  отыр.  Мына­дай бір деректі келтірейік: биыл елімізде 2 млн 700 мың  тонна  дизель отыны өндірілген, бұл көрсеткіш 2021 жылғы көлеммен  салыстырсақ, 14 пайызға көп. Нағыз парадокс осы емес пе?!. Айтпақшы, өндірістік тізбекте мұнай трей­дерлері  түріндегі  сыртқы жекеменшік агенттер   ұлттық компаниялар мен жекеменшік кіші мұнай компаниялары өндіретін  өнімнің  30-40  пайызын  мәжбүрлі түрде меншіктеп алады  екен.

Сонда дизель отынының тапшылығына кім кінәлі? Отандық мұнайгаз саласының сарапшысы Артур Шахназарян мәселе өндіруде емес, дайын өнімді бөлуде екенін айтады. «Бұл жерде мынадай бір өзгешелік бар. Бұрын жанар-жағармай нарығындағы кез келген кемшілік Ресейдің есебінен жабылатын. Алайда, қазір Ресейдің өзіндегі әуе керосині мен дизель отынының құны біздегіден 2 есеге қымбат. Шетелден өнім тасымалдау саласындағы ресейлік дизельдің үлесі 1 пайызды құрайды. Ресей өзінде бар дизельдің қорын Украинадағы соғысқа жіберуде, оның әскерінің барлық брондық техникасы мен әскери көліктері дизель отынымен жүреді. Бұл – бір. Екіншіден, «елдегі бар дизель отынын шетелдік автокөлік жүргізушілері тасып әкетіп жатыр» деген сөздер де көңілге қонбайды. Сыртқа «кетіп жатқан» өнімнің көлемі 250 мың тоннадан аспайды. Дизель отынын контрабандалық жолмен тасымалдаудың ешқандай тиімділігі жоқ. Меніңше, құзырлы министрлік осындай хабарлама жасау арқылы бар кінәні шетелдік алысқа қатынайтын жүргізушілерге аудара салғысы келеді. Мұның барлығы осы нарықтағы тапшылыққа әкелетін факторлар емес. Сонда тапшылықты кім жасап отыр? Менің жауабым – ортадағы алыпсатарлар! Өзіңіз ойлаңызшы: мұнайшылардың өндірілген мұнайдың 30-40 пайызын нарықтағыдан 4 есеге арзан бағаға жекеменшік мұнай саудагерлеріне беруінің өзі – ақымақтық. Оның үстіне отандық мұнай өңдейтін зауыттар нарық субъектісі болып саналмайды. Өндірістік құрал ретінде әрекет етеді. Ал мұнай бұрғысынан өңдейтін жерге дейін, қайта өңдел­ген  өнім  шығаратын  жерден мұнай базасына дейін барлық «қаймағын» сорып алатын – сол алыпсатарлар» деп түсіндіреді мәселенің  анық-қанығын  А.Шахназарян.

КӘСІПОРЫНДАР  ЖАБЫЛУДЫҢ  АЛДЫНДА  ТҰР

Энергетика министрлігінің дизель отыны бағасын реттеуге қатысты іс-әрекеттері табиғатты пайдаланушы, жол және құрылыс компанияларына соққы болып тиді. Әсіресе, елді мекендерден алыс жерде жұмыс істейтін тау-кен компаниялары банкротқа ұшыраудың алдында тұр. Шығыс Қазақстандағы табиғатты пайдаланушы компанияның басшысы Талғат Нұрмұхамбетов дизель отынының 1 литрінің 450 теңгеге дейін қымбаттауы кен қазатын және тасымалдайтын компаниялардың шығынын ерекше көбейтіп жібергенін айтады. «Дизель отыны – кеніштерде жарылыс жасауға, руданы тасымалдауға қажетті өнім. Оның күрт қымбаттауынан кәсіпорынға жабылу қаупі төніп тұр. Қазіргі кезде менің ұжымымда 270 адам жұмыс істейді. Егер ахуал өзгермей, өнім қымбат қалпында қалса, жұмысшыларымның 70 пайызын жұмыстан босатуға мәжбүр боламын. Тау-кен көлік компанияларының да жағдайы мүшкіл. Кен тасымалдау кезінде дизель отынының шығыны 35 пайыздан асып кетті. Бұрынғы баға 2-2,5 есеге өсті. Ал аралық шығынды тапсырыс беруші өтегісі келмейді» дейді ол.

Ашық көмір өндіретін жерлерде де ахуал шиеленісіп барады. Дизель отыны бағасының өсуі көмірдің де қымбаттауына әкелуде. Бұл өз кезегінде жылу энергетикасына екі есе соққы болып тиетіні анық. Жылу-энергия орталықтарының өкілдері электр қуатының құны көтерілетінін жоққа шығармайды. Өйткені, оларға қатты қысқы дизель отыны қажет. Экономист Шыңғыс Риаханов мұндай жағдайда мәселені жүйелі түрде шешу керектігін айтады. «Менің бірінші ұсынысым – дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу жүйесіне көтерме бағамен өнім сатып алушыларды қосу керек. Мұнай өңдейтін зауыттардағы бағаның қалыптасуына талдау жасалуы тиіс. Жалпы алғанда, бұл саладағы циклге толықтай сараптама жүргізілсе ғана нәтиже болады: мұнай өндіруден бастап өнімді өзіне меншіктеп алатын жекеменшік саудагерлерге және көтерме сатушыларға дейін тексерілсе құба-құп болар еді» дейді сарапшы.

НЕ  ІСТЕУ  КЕРЕК?

«Дизель отыны нарығын тұрақсыздыққа ұрындырған кім?» деген сауалға сарапшылардың жауабы дайын. Артур Шахназарян ел Үкіметінің шалағай шешімі жақсылыққа апармайтынын айтады. «Біздің Үкімет пен құзырлы министрлік мұнай өнімдері нарығындағы басқару процесін уысынан шығарып алды. Сөйтіп, қазір дағдарыстан шығатын жолдарды іздегеннің кейпінде отыр. Бұл жерде мұнай трейдерлері мен ірі аграрлық компаниялардың мүддесі тағы бар. Ең бастысы, бұл саланың нарық па, әлде, жоспарлы шаруашылық па, соны айырып алуы тиіс. Меніңше, бұл жерде экономика емес, мүдделер саясаты алға шығып тұр. Акциздерді тым болмаса, жартысына дейін көтер­се, нарықта  бірден тұрақтылық орнайтын еді. Көршілес елдердегі ахуал қандай болса да, өзіміздің нарықтағы бағалар тұрақтануы үшін, Үкімет жоғарыдағы екі модельдің бірін таңдауы қажет. Әйтпесе, ештеңе де өзгермейді»  дейді  сарапшы.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: