Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз қашан «сыйлықсыз» өмір сүреміз?

09.06.2022, 11:40 317

Қазір ештеңеге таңғалуға болмайды. Интернетті аша қалсаң, жаның түршігетін ақпарат көп. Біздің елде «сыйлық» алмайтын бастық бар деп ойлау ақымақтық дерсің. Бастығы былай тұрсын, басынан башбайына дейін «сыйлық» сұрайтындар бар емес пе? Қит етсе, «біреудің көңілін табу керек» деп «қағазымызды» түгендеуге кірісеміз. «Сыйлығымыздың» соңын баққан боларсыз. Иә, иә, дөп түстіңіз, сол нәрсе ғой. Атауы ұнамайтын болған соң, «кәмпит-сәмпитке» алмастырып алған барлығы. Тірлігіңді тындыру үшін «сыйлығың» конвертті толтырып тұруы керек.

Соңғы кездері сыбайлас­тық жемқорлық туралы көп айтылып жүр. Айта берген сайын аумағы кеңейіп, пайдаланушылар мен ұсынушылар қатары артып кету қаупі бар. Қайда жүрсең де, қандай қыз­метке орналассаң да, қаншалықты лауазымды болсаң да «бабаң» мықты болып, «биікте» отырмаса, әлгі айтылғандар арман болып қала бермек. Бір ғана «Еңбегіңізді жемеймін» деген сөз қаншама құлықты құртып, аранды аштырды. Ашылған аран тойсын ба, сансыз «сыйлық» қапталып салынуы керек «асқазанына». Сонда да тоймайтын шығар, сірә.

Перзентханадан «әйеліңіз аман-есен босанды, жумадыңыз ба?» деген сөзден басталған ғұмырда қайдан қамқорлық болсын? Жемқорлыққа ұласып кетпесе… Солай сәбиді  перзентханадан  шы­ғару үшін – «сыйлық», оны оқуда озат ету – «сыйлық», оқуға түсіру де – «қомақты сыйлық». Жұмысқа  тұрамын  десе, сыйлықтың сүйкімдісін ұсынуыңыз керек. Естіген құлақта айып жоқ, жақында ғана ел арасында оқу орындарының талапкер қабылдау «құны» тура­лы әңгіме пайда болыпты. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны түсінікті ғой. ҰБТ тапсырған бала университетке қиналмай-ақ өз күшімен түсетіні сөзсіз. Ал одан төмен санаттағы білім ордаларында оқу  қиын әрі қауіпті екен. Егер «сыйлықсыз» түссе. Ал білім берушілер айтылғанды апарып берсең, жақсы оқып, тәртіпті балалар қатарынан көрінетінін ашық  айтып  жүр.

Қазір жақсы баға алу қиын. Өйткені мұғалімнің көңілі тоқ болуы қажет екен-ді. Өткенде бір танысым сый сұраушысының ең жақсы ұнататын түсі «қызыл» екенін айтқанда не дерімді  білмедім, оны өз аузы­нан естіп, маған таңданысын жеткізіп тұр. Студенттің өзінен бұрын өзгенің шөлін қандырып, болашаққа басқан қадамын ойлаңыз енді. Біздің қоғамның осынша ашық «сыйлық» сұрайтын деңгейге жеткенінен хабардар ма  едіңіз? «Атамызға» бұл әңгі­мелер өтіріктей көрінуі мүмкін, бірақ  қоғамның  қазіргі келбеті – осы. Ұстаздан ұят қашқан, басшыдан әділдік кеткен заман болғанын көріп, көңіліміз  түсуде.

«30 жылда оңды істерге қадам бастық, өзіміз қалаған мемлекеттің іргетасын құрдық, Қазақстанның болашағы гүлденеді, жастарға мүмкіндік қарас­тырылған» деген ертегінің түр-түрін естіп жатырмыз. Ел болғанымыз қайда? Зайырлы мемлекет болғанымыз қайда? Конститутциясы бекемделген, берік қазақ жұрты  болғанымыз ше? Сауал көп, жауабы жоқ. Елімізде жемқорлар мен тиынды «қолшатырға» айналдырғандар тірі тұрғанда оның барлығы – арман. Шындық – осы. Санада жалғыз сұрақ, «біз қашан «сыйлықсыз» өмір сүреміз  осы?».

МҰНАРА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: