Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баспана бас қайғымызға, жұмыссыздық «жүйке» ауруымызға айналды

28.11.2024, 11:20 507

Қазақстанда кез келген сала иелерінің мәселесі туралы сөз болғанда жауаптылар осы ерекше екі жайтқа көп тоқталады. Жасырып не керек, баспана жайы талай ел тұрғынының өзекті мәселесі саналады. Пәтер жалдап жүргендердің қатарында мемлекеттік қызметшілер де, БАҚ өкілдері де, көпбалалы және жалғызбасты аналар да, жастар да, жетімдер мен мүгедектер де, бәрі-бәрі бар. Бірден айтайық, пәтер алуға мемлекеттен қолдау жоқ емес. Қандай санатқа болмасын, жеңілдіктің түр-түрі кездеседі. Тек оны банктің емес,  халықтың  тілінде түсіндіру  жағы  кемшін. Екінші  жағынан  кейбір  тұрғын  да  салымшы болмай-ақ  тез  баспаналы  болуды  ойлап  жатады.

Шамшат есімді қызылордалық жалғызбасты ана үй кезегіне тұрғанына 10 жылдан асқанын айтады. Оның айтуынша, үй кезегі өте баяу жылжып  жатыр.

– Үй кезегінің жылжитын түрі жоқ, өте баяу. Қызылорда қаласында салынып жатқан да, тұрғындарға беріліп жатқан да пәтер көп. Мұны жергілікті  Instagram  парақшаларынан көріп қаламын үнемі. Ондағы пікірлер де сол, «біздің кезек жылжымайды, бұл үйлер кімдерге беріліп жатыр?» дегенге саяды. Пәтерден-пәтер­ге көшіп жүрміз, баспана осы күні  басты мәселемізге айналып отыр, – дейді  ол.

Әрине, өз кезегінде барлық сала­ға жеңілдік жасалып, қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. Мұны Үкіметте жетімдер жайын сөз еткен сенатор Геннадий  Шиповских  айтып  отыр.

– Үкімет тарапынан да жетімдерімізге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Десек те, «жетімдеріміз сол қолдауларды алу барысында қандай қиындықтарға тап болады және көрсетілген қолдаулар жеткілікті ме?» деген  орынды  сұрақ  туындайды.

Мәселен, ҚР Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігі «жетім және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға баспана алуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламамен жеңілдіктер қарастырылған» деп ақпарат беруде. Алайда 2022 жылы шекті жасқа толған жетім балалар­дың 61 471-і мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрса, оның 852-сі ғана баспаналы болған. Дәл солай, 2023 жылы кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген  екен, – деді  ол.

Бұл статистикалық мәлімет нені көрсетеді? Еліміз жетімді көрсе де, жебемей жүр дей алмаймыз. Бірақ, сандық мәлімет көңіл көншітер емес.

Мысалы, Қазақстан бойынша     80 мыңнан аса мүгедектігі бар немесе оған қатысты отбасы тұрғын үй кезегін  күтуде.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-­министрі Қуандық Қажкеновтың мәліметінше, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға  кезекте тұр.

– Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың ең жоғарғы мөлшері жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын 1,5 миллион теңгені құрайды. 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 миллион теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 миллион теңгеге        305 сертификат берілді, – деді Қуандық  Қажкенов.

Елімізде биыл 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдарға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша 850-ден аса жеңілдікті ипотекалық қарыз берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санат­тарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланып келеді. Қазақстанда мұндай төлемді 9955 отба­сы алады. Яғни, 854 адам 1 және 2-топтағы мүге­дектігі үшін, 703 отбасы мүгедектігі бар балаларды тәр­бие­леп отырғаны үшін жеңілдікке ие. Сондай-ақ, кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды «Отбасы банкі» арқылы 2-5  пайызбен  алуға  мүмкіндігі  бар.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұл тек жалғызбасты аналар не болма­са жетімдер мен мүгедектігі бар адам­дарға ғана қатысты жайт емес. Кез келген қазақстандық пәтер иелерін байытпай, Жиренше шешен секілді шетінен аяғы шығып жатса да, «өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деп айтқысы  келетіні  айдан  анық.

Сондай-ақ, елімізде жылжымай­тын мүлікпен қатар, тұрғын үй құры­лысы үшін берілетін қара жердің бағасы да ырыққа бағынбай барады. Әлбетте, сұраныс бар, сондықтан бағаның да құбылары сөзсіз. Оған тосқауыл  болу – қиынның  қиыны.

Елімізде ең маңызды екі-ақ мә­селе бар десек, бірі – баспана, екіншісі – жұмыссыздық. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар. Дей тұрғанымен, қай жерден болмасын, жұмысшы іздеп жатқандарды жиі кездестіреміз. Жалақысы жақсы санал­са да, бос вакансияны толтыратындар қатары аз. Мұның себебі не  болуы  мүмкін?

Қай министрлік, қай облыс болмасын, жұмыссыздық деңгейі төмендегені  туралы  жар салып  жатады.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыс­тарға  тоқталған  еді.

Оның айтуынша, 1 қарашада­ғы  мәлімет  бойынша  мүгедектігі шектеулі  азаматтар  арасында 148 мың адам немесе еңбекке  қабі­летті адамдардың 39%-ы жұмыспен қамтылған. Ал, өңірлер бойынша жұмыспен қамту деңгейі 50%-ға да жетпейді.

– Кәсіптер бойынша мүгедектігі бар адамдардың 21%-ы – кәсіби мамандар, 19%-ы – біліктілігі жоқ қызметкерлер, 13%-ы – техник-маман­дар, 11%-ы – басшылар мен мемлекеттік қызметшілер, қызмет көрсету, сату саласында жұмыс істейтін қызметкерлер, – деген  еді  министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, жұмыс­пен қамту салалары бойынша ғы­лыми қызмет (28%), мемлекеттік басқару (12%), білім беру және сауда (9%), денсаулық сақтау (7%) көш бастап  тұр.

Мемлекет басшысының өзі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Әлбетте, оған дейін «Еңбек адамы еліміз­дегі ең сыйлы азаматтар болуы тиіс» деп, біраз шаруаның жұмысына серпін берген еді. Бұл өз кезегінде ауылдардағы еңбеккерлер қатарына жас маман­дардың толығуына себеп санал­ды.

Жұмыс көп, жұмыссыз да көп. Олай деуіміздің де өз жөні бар. Бұған дейін ҚР Көлік министрлігі Автомобильдер жолдары комитеті Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов елімізде жол саласында кәсіби мамандар жетіспейтінін, тіпті мемлекеттік гранттардың өзі игерілмей қалып жатқанын айтқан-ды. Мұнан бөлек, хабарландыру жариялайтын отандық сайттарда жоғары жалақыға малшы отбасын іздейтіндерден көз сүрінеді.

«Екі қолға бір күрек табылады» деп жүргендердің бірі – Жандос. Ол мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген. Осы күні уақытша қала­аралық такси қызметімен нәпақасын  тауып  жүр.

– Біраз уақыт 15 күндік ауысымды жұмыс істедім. Онда ақша көп, бірақ балаларым кішкентай болғандықтан, шығуға тура келді. Құрылыспен де отбасым­ды асырадым. Тұрақты жұмыс істеу керек екенін енді сезініп жүрмін. Қайткенмен, жайлы өмір үшін  көп  қаржы  керек, – дейді  ол.

Жақында ғана сенатор Геннадий Шиповских жетім балалардың мәселе­сін мінберде көтерді. «Бұл мәселені көтеру себебім, өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін» деген ол өзіне жетім азаматтардан көптеген өтініш келетінін, оның біразы бас­пана алу мен жұмысқа орналасу төңірегінде  екенін  айтқан.

– Ең шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу болмақ. Өкініштісі сол, бүгінгі күні орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші  көңіл  көншітпейді.

ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ақпа­раты­на сүйенсек, ағымдағы жылы «Мансап» орталықтарының квотасы шеңберінде барлығы 4 275 адам жұмыс­қа  орналасты,  оның  85-сі  ғана – жетімдер. Бұдан бөлек, жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы  ғана – жетім  бала­лар.

Тағдыр тәлкегіне тап болған тас­танды және жетім балалардың жай-күйі баршамызды бейжай қал­дырмайды  деп  сенемін, – дейді  ол.

Қорыта айтқанда, енді еліміздегі ең маңызды екі мәселені шешу ғана қалды. Сарапшылар баспана мен жұмыссыздық мәселесінің түбегейлі шешілмейтінін айтады. Оған әбден келісуге болады. Өйткені, нарық заманында бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. Жұмыссыздықты жою баспанаға бағыт жасайтыны  түсінікті  жайт.

Рыскелді  ЖАХМАН

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: