Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалар жылында балаларға қаржы бөлінбеді

21.07.2022, 10:00 365

Елімізде жастар мен балаларға жыл сайын жаңа жоба әзірленіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Алайда бәрі жоспарлаған нәтижеге қол жеткізіп жатқан жоқ. Мәселен, соңғы уақытта «Арт-спорт» бағдарламасы шикі жоспардың арқасында шикілігін көрсетіп, айналасы сын мен міннен ажырамай кетті. Бұл сөзімізге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келіседі. Оның айтуынша, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылыққа жол берілген. Жалпы, бұл бастама 2021 жылдың мамыр айынан бастап қолға алынды. Бағдарламада 4 жастан асқан әрбір  балаға мемлекет есебінен тегін, кемінде екі шығармашылық үйірме мен спорт секцияларымен айналысуға болады. Ал, кәсіпкерлер үшін де таптырмайтын мүмкіндік. Дегенмен жоба ұйымдас­тырушылары мен кей кәсіпкерлер және ата-ана­лар құлқынның қамын ойлағанның кесірінен бағдарлама бастапқы жоспарынан айнып кетті. Сондықтан «Арт-спорт» үйірмелері уақытша жабылып  қалуы  мүмкін.  Себебі  балаларды тегін  үйірмемен  қамтуға  қаражат  жетпейді немесе  мүлде  жоқ.

Өткен жылы өңірімізде осы бағдарлама аясын­да  шығармашылық  үйірмелерге 16 өнім беруші  қатысып, оларда 4820 балаға 101 миллион  теңге  жұмсалса,  спорт  секцияларына    13 өнім беруші қатысып, 2492 балаға 127 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Яғни, 2021 жылы шығармашылық және спорттық тапсырыстың барлығы 228 миллион теңгені құрады. Ал осы жылы түскен өтініштердің легі өте  көп  болып,  шығармашылық  үйірмелерге   60 өнім берушіге 15619 бала тіркеліп, спорт сек­цияларына 53 өнім берушіге 7591 бала тіркелген. Жыл соңына дейін осы өнім берушілерді қамтамасыз ету үшін 4 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет­тілігі туындап отыр. Бұл өткен жылғы қаражатпен салыстырғанда 17 есеге дейін көп. Балаларды спорт және шығармашылық тегін үйірмемен қамтуға әкімдіктер құлықсыз  болуы  сондықтан.

Қаржының қол байлап тұрғанын алға тартқан «Қызыл­орда облысының мәдениет және спорт бас­қармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі­нің басшысы Руслан Рүстемов мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс бо­йынша өнім берушілерге 2022 жылдың 14 шілде күні хат жолдапты. Ол жоғарыда айтып өткен статистикалық  мәліметпен қатар, қосымша 132 өнім берушіден өтінім түскенін мәлімдеді. Десе де бұл өтінімдер бойынша вау­чер тіркеу тоқталыпты. Бұның себебі тіркелген балалардың өзін қаржыландыру үшін жыл соңына де­йін қосымша 2,6 миллиард теңге қаражат қажет деп көрсетті  басқарма  басшысы Руслан Рүстемұлы.

– Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен шығармашылық және спорт бойынша мемлекеттік тапсырысқа 939,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, бюджетті нақтылау барысында қосымша 200 миллион теңге іздестіріліп қаралды. Осылайша қаралған қаражат 4-5 айдың төлемін өтеуге ғана жетіп отыр. Осы орайда, 2022 жылға қаралған қаржы көлемінің аяқталуына байланысты мемлекеттік тапсырыстар аясында қызмет көрсетуді осы жылдың шілде айының 15-інен бастап, 1 қыркүйегіне дейін тоқ­татуларыңыз қажет, – деді басқарма басшысы.

Бұл хабар өнім берушілерге төбеден жай түскендей болды. Ойлаңызшы, кәсібіңізді дамытып, жұмысыңызды істеп жүресіз. Бірақ сізге қаражат жоқ, кәсібіңізді уақытша тоқтатыңыз десе, оның үстіне бірнеше ай көлемінде жалақысыз жүргеніңізді де есепке алмаса қалай? Әрине, ең сабырлы адамның өзі де бұған шыдамасы сөзсіз. Сол себепті кәсіпкерлер мен тегін үйірмеден қағылған ата-аналар базынасын айтуға облыстық әкімдікке 2022 жылдың 15 шілде күні жиналды. Бәрі жаппай жамырап, езбе шағым болып кетпес үшін кезек-кезек сөйлеп, бір-бірінің сөзін бөлмеуге келісті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов  келіп, мәселенің  мән-жайын  тыңдады.

– Бізге хатты түсіндіріп берулеріңізді сұраймыз. 14-і күні сағат 17:30-да хат жіберіліп, 15-і тоқтатылсын делінген. Қай заңға сүйеніп жіберіліп отыр? Тоқтатқан жағ­дайдың өзінде алдын ала ескертілуі қажет қой. Өйткені бізде де жұмысшылар бар. Бұл біздің өнім берушілердің құқы тапталғаны болып есептеледі. «Тоқтатуларыңыз қажет» дегенді қалай түсінуге  болады? Бұл ұсыныс па?, – деді Алмас Бақытбекұлы есімді  кәсіпкер.

Бұған  облыс әкімінің орынбасары басқарма басшысының мұндай мәтіндес хат жіберуі­нің  мәнісін  былай  түсіндірді.

– Бір-бірімізден тырнақ астынан кір іздесек, мәселе шешілмейді. Бұл хаттың жіберілу себебі де  бар. Кейбір ата-ана балаларын 5-6 үйірмеге тіркеп қойған. Балабақшаға баратын баланы да тіркеп, тіпті «Шанхай» тұр­ғ­ынының баласын  Тасбөгет кентіндегі  үйірмеге тіркеген. Осы салдардың бәрін саралай келе осындай шешімге келген деп ойлаймын. Қазір демалыс мезгілі болғаннан кейін уақытша тоқтатып, қаржы мәселесін шешіп алсақ. Балаға еш нәрсені аяудың қажеті жоқ. Болашағымыз деп айтып, ісіміз сөзімізбен сәйкес келмегені дұрыс болмас. Бірақ  бұл жоба бойынша қаржылық қиындық болып тұр. Иә, ата-аналар балаларыңыздың болашағына алаңдап, оқығанын қалайсыздар. Бірақ ақша жоқ болса, қалай оқимыз?, – деді Нұрымбет  Сақтағанов.

Ата-аналар «ақша жоқ» дегенді балаға қалай түсіндіреміз» деп шыр-пыр болды. «Жаз айында балалар ескертусіз суға түсуге кетіп, батып кетсе, не болады?» дегенді де айтты. Жыл сайын балалар арасында суға кету белең алып кеткені рас. Сондықтан ата-аналар­дың алаңдаушылық танытуы да орынды. Сондай-ақ балалар жылында балаларға айтарлықтай қаржы бөлінбегені түсініксіз екен. Ашуға булық­қан аналар «әкімнің баласы білім алуы керек, ал қара­пайым отбасының баласы оқымауы керек пе?» деп облыс әкімінің орынбасарына шағым айтты. Бұған Нұрымбет Сақтағанов «7 баламның біреуі де үйірмеге бармайды, мен екі бөлмелі үйде тұрамын» деп жауап  қатты.

– Осы тегін үйірмелердің арқасында ұлым домбыраны шертіп, қызым пианинода ойнап үйрен­ді. Оған синтезатор алып бердім. Және сәл ерекшелігі бар балам сурет салып, отбасымызды қуантып жатыр. Шыны керек, бұл жаққа балаларым жіберді. «Біз өзіміз үйді жинаймыз, анашым, үйірмеміз жабылмасыншы, айтыңызшы» деп жіберген еді. Егер уақытша жабылса, мәңгілік деген сөз. Сол себепті жабудың қамын ойламай, шешудің жолын іздесеңіздер. Болмаса, ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа бәріміз хат жазамыз, – дейді  Роза  Иманғалиқызы  есімді  ата-ана.

Ақша болмаған соң, жергілікті билік осындай шешімге келуге мәжбүр болып отыр екен. Өйткені биыл екі-үш айға ғана жеткілікті қаржы бөлініпті. Оның себебін жоғарыда сандармен сөйлеттік. Дей тұрғанымен, кәсіпкерлер облыс әкімі мен орынбасарының сөзі бір-біріне  қарама-қайшы  деп  пікір  білдірді.

– Мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылд­ауында болдым. Руслан Рүстемұлы облыс әкіміне 1,5-2 айға қаржы үнемдеу үшін тоқ­татамыз деп ұсыныс айтып отырмыз, бірақ әріптестер келіспеуде деді. Сол кезде Нұрлыбек Нәлібаев «қаржы бар, тек тексеруден ке­йін барып қаржыландырамыз, неге бұлай сөйлеп отырсың?» деп айтқаны бар еді. Облыс әкімінің экс-орынбасары Қайрат Нұртай да аймақ басшысының  сөзіне қосылған болатын, – деді Нұргүл  есімді  кәсіпкер.

Облыс әкімі орынбасарының сөзінше, тамыз айында республикалық комиссия болады. Сол кезде қолдау міндетті түрде сұралатынын жеткізді. Бірақ нақты қаражат бөлінетініне кепіл­дік жоқ екенін де жасырмады. Одан бөлек, басқа да жерлерден 20 миллиард теңге сұралып отыр екен. Қолдау тапса құба-құп, болмаса күтуден басқа амал жоқ болып тұр. Дегенмен кәсіпкерлер мен ата-аналар жұмыс тоқтамасын, қыркүйекке дейін күтуге дайын­быз деп талап-тілегін айтты. Және аналар ақша­ның жүйелі бөлінбегеніне наразылығын білдірді. Нұрымбет Сақтағанов бұл істе адал екенін айтып, «егер кінәлі деп есептесеңіздер, облыстық сотқа жүгініңіздер, заң алдында жауап береміз» деп мәлімдеді. Сонымен қатар тағы бір жолын айта кетті. «Биыл қаржы бөлінбесе, жыл соңына дейін жұмыс істеп, бізді сотқа бере­сіздер. Келер жылғы есептен бәлкім қарыз­дарыңызды қайтарамыз. Біз шама-шарқымыз келгенше іздеп,  сұраудамыз» деді.

Әлі күнге дейін 4 айдың жалақысы да аударылмапты. Десе де облыс әкімінің орынбасары 2022 жылдың 19 шілдесі күні қайтадан қабылдауына алатынын айтыпты. Оған дейін мәселені бір жақты қылуға әрекет еткісі келген-ді. Сейсенбі күні жиналған кәсіпкерлердің айтуынша, бөлім басшысы мен сала мамандары шығып, 15 шілде мен 1 қыркүйек аралығы немесе 15 қараша мен 1 қаңтар аралығына дейін тоқтатуларыңыз қажет деп айтқан. Енді қабын қолтығына қысып, қай жерден дән табылар екен деп жүрген жұрт. Шикі жобаның кесірінен мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер және ата-ана мен балалар жапа шегуде. Бәлкім, жоба дұрыс жоспарланса, бұлай болмас па еді? Әліптің артын бағу ғана қалды. «Қыңыр істің қырық жылдан соң да қиығы шығар» деген рас екен. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның алдағы жоспары жайында бүй деді.

– Қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-ана­лар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет. Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана үкіметтің  кеңейтілген  отырысында.

Егер «Жаңа Қазақстанды» құрғымыз келсе, біз ұлтты модернизациялауды, оның бәсекеге қабілетін арттыруды қолға алуымыз керек. Өскелең ұрпақтың келешегін ойлап, сапалы білім беруге ұмтылған жөн. Болашақ иек астында тұр. Оның талаптарына дайындығымыз жоқ болса, әлемдік аренада еліміз шаң жұтып қалмақ. Аталмыш жобаның берері мол екендігі өтірік емес. Сол себепті де ел азаматтары бірлесе тірлік етісті. Бағдарламаның «сандығынан» бірнеше құпия шығып жатыр. Бірақ кемшін кеткен тұстарды қайта қараған дұрыс. Әйтпесе қоғам билік бүгін бар, ертең жоқ деген пікірге сенетін болады. Қайтадан екі жағаға жүзіп, ел өз жайында қалмасын. Жыл соңына дейін бұл мәселе мен мұндалап алдымыздан шықпаса екен. Бір таяқтың ұшын қайта басып, маңдайымызға сарт еткізіп соғудан аулақ болайық.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: