«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар». Осы бір мәтелдің маңызы мен мағынасын уақыт өткен сайын еліміздегі қызыл статистиканың сайрағанынан-ақ байқай бересіз. Өкініштісі сол, бедеулікпен күрес бүгінде таңсық емес дүниеге айналып барады. Бұған не себеп? Экология ма, тамақтану тәртібінің бұзылысы ма, әлде зиянды әрекеттердің артуы ма? Бұл турасында бүгінгі мақалада біршама зерттеу жүргізбекшіміз. Ал әзірге мемлекет қолдау көрсетіп отырған бағдарламаның жай-жапсарына үңілмекпіз. Қазіргі уақытта Қазақстанда әр алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болады. Бұл тек медициналық емес, әлеуметтік және демографиялық түйткілге айналған. Отбасы жылдар бойы перзент сүюді армандап, түрлі ем-дом қабылдаса да, нәтиже болмауы – сан мыңдаған жанұяның жанайқайы. Осы орайда, мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау көптеген отбасы үшін үміт сәулесіне айналды. 2021 жылдан бастап іске қосылған «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған жұптарға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы бала сүю мүмкіндігін береді. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Бұл бастама біздің Қызылорда облысында да белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында өңірде мыңдаған отбасы медициналық көмекке қол жеткізіп, жүздеген сәби өмірге келді.
Бүгінгі мақалада біз осы бір аталмыш бақыт сыйлайтын бағдарламаның Қызылорда өңірінде қалай жүзеге асып жатқанын саралап көреміз. Сондай-ақ, бағдарлама аясында егіз, үшем сынды сәбилердің дүниеге келуі мен олардың өміршеңдігі туралы да маман көзімен зерделемекпіз. Жыл сайын бөлінетін квоталар, олардың игерілуі, нақты нәтижелер, орындалу үлесі мен күту кезегіндегі отбасылар жайында нақты мәліметтерді талдай отырып, бағдарламаның өңірдегі шынайы қарқынына баға беруге тырысамыз.
САНДАР СТАТИСТИКАСЫ СӨЙЛЕСІН
Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, 10 жылда квота саны 8 есеге артқан. Дәлірек айтқанда, аймақта алғаш рет 2015 жылы 34 квота бөлінсе, кейінгі жылдары бұл сан біртіндеп артып, 2021 жылы 281-ге жеткен. Бұл бағдарлама аясындағы нақты ілгерілеуді білдіреді. 2022 жылы – 277, 2023 жылы – 274, ал 2024 жылы 280 квота қарастырылып, жыл соңына дейін толықтай игерілген. ЭКҰ процедуралары нәтижесінде 136 әйел жүктілікке қол жеткізген, бұл жалпы көрсеткіштің 48,5 пайызын құрайды. Алайда 32 жағдай (11,4%) түсікпен аяқталып, 112 әйелде (40%) ұрықтандыру әрекеті нәтиже бермеген. Дегенмен, осы бағдарлама аясында былтыр 86 сәби дүниеге келді, оның ішінде бір отбасы егіз нәресте сүйген.
Ал 2025 жылға келсек, биыл облысқа бөлінген квота саны – 240. Жылдың алғашқы кезеңінде 131 әйел бағдарлама аясында жолданып, квотаның орындалу көрсеткіші 54,5 пайызды құрап отыр. Бұл жыл ортасындағы межені ескерсек, жаман көрсеткіш емес. Бірақ алда тұрған жоспарды толық орындау үшін екінші жартыжылдықта жұмысты біршама жандандыру қажет болатыны анық. Облыс бойынша ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің саны – 174 931. Қазіргі уақытта облыс бойынша 6320 бедеу отбасы бар, олардың бедеулігіне сәйкес, 60,4%-ды әйел (3819), 39,6%-ды (2501) ерлер құрап отыр. Бүгінгі күні 605 отбасы квота кезегін күтуде. Бұл сандар бағдарламаның өңір үшін қаншалықты өзекті екенін көрсетуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, бағдарламаның әділ әрі тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету мақсатында басқарма тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. ЭКҰ циклдеріне мониторинг жасау, емделушілердің құжаттарын қабылдау және оларды арнайы комиссия қарауына ұсыну сынды үдерістер осы басқарма құзырында. Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін 2024 жылдың 30 желтоқсанындағы №659 бұйрыққа сәйкес, «Пациенттерді емдеу үшін квоталарды бөлуді талдау және ұрықтандыруға жолдама беруді шешу» мақсатында арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, қоғамдық қорлар үйлестірушілері, сондай-ақ тәжірибелі акушер-гинекологтар мен урологтар енгізілген.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы – мемлекеттің азаматтарға көрсетіп отырған жан-жақты қамқорлығының нақты көрінісі. Бұл тек медициналық шара ғана емес, ол – бала сүюге үмітін үзбеген талай отбасының арманына айналған әлеуметтік бастама. Бағдарламаның тұрақты жүзеге асуы – облыстағы ана мен бала денсаулығын нығайтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам, – дейді басқарма басшысының орынбасары Мира Мырзанова.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ. БІЗДЕГІ БЕДЕУЛІКТІҢ БҮГІНГІ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?
Тақырыпты толықтай ашу мақсатында өңіріміздегі «Экомед» орталығына барып, гинеколог-репродуктолог мамандармен тілдесіп, бағдарлама барысымен толықтай танысып қайттық. Аймағымыздың экологиялық апатты жағдайдағы бірден-бір аймақ екенін ескерсек, денсаулық сапасының да соншалықты екенін байқауға әбден болады. Десе де, бүгінгі бірқатар мәселенің біріне айналған «сәби сүю бақытының» біршама жанға бұйырмай жүргендігі де осы экологияның салдарынан емес пе? Әлде өңіріміздің өмір-сапасы себеп пе? Осы және өзге де сауалдарға «Экомед» орталығының дәрігер репродуктолог маманы Гүлсім Қанатқызы толығырақ тоқталып өтті.
– Бүгінгі күні аймағымызда бедеулік және бедеулікке әкелетін диагноз түрлерімен келуші пациенттердің жас ерекшеліктерін салыстыратын болсақ, ер адамдардағы ұрық сапасының төмендігі әсіресе жастарда жиі көрініс табады. Ал 35 жастан асқан ерлерде ұрық сапасының көрсеткіші де, қозғалысы да жақсы деңгейде. Сол секілді, әйелдердің де бедеулік деңгейі дәл осы статистикамен сайма-сай келеді. Жақында ғана қабылдауымда 17 жастағы қыз бала ерте климакстық белгілердің шағымымен келді, анализдер тапсырып, толық тексерістен өткізіп едік, диагноз оң көрсеткіш беріп тұр. Яғни, ерте климакстың болуы. Бұл да – бедеуліктің бірден-бір белгісі. Ал, бұл жағдай «қалай, қай кезде, неден, неге пайда болуы мүмкін?» деген сұрақтарды біз де зерделеп, қарастырдық. Бұл диагноздың пайда болуына тікелей анасының жүкті кездегі жағдайы жауапты. Иә, оғаш естілуі мүмкін, бірақ бұл – рас ақпарат. Жүкті кезде, оның ішінде аса мән беретін жағдай, қыз балаға жүкті кезде жатырдағы қыз баланың аналық жұмыртқа жасушалары сол кезден-ақ қалыптаса бастайды. Ал осы аралықта жүкті анасында қандай да бір күйзеліс, депрессия секілді денсаулыққа зиянды психологиялық кері әсер етуші факторлар болса, аналық жұмыртқа жасушаларының бөлінісі сирей бастайды. Ол өз кезегінде осы пациенттегідей диагноз түріне алып келеді. Жалпы, бедеуліктің бірден-бір себеп-салдарына осы жағдайлар да жатады. Ал саламатты өмір салтын ұстанбау, денсаулық күтіміне аса мән бермеу, зиянды энергетикті, құнарсыз тағамдарды көп тұтыну да – бедеулікке әкелетін басты себептердің бірі, – дейді репродуктолог дәрігер.
БАҚЫТ СЫЙЛАЙТЫН БАҒДАРЛАМА ӨҢІРІМІЗДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?
«Экомед» орталығының репродуктолог дәрігерінің дерегінше, генетикалық кариотипі сәйкес келмейтін жұптар бұл бағдарламаға қатыса алмайды екен.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ-дың квота протоколы негізінде, қысқа және ұзақ деп толтырылады. Порталға салған кезде әйелдерді 4 кодқа бөледі: 2 коды ұзақ, 2 коды қысқа протокол деп. Бұл өз кезегінде әр әйелдің овариалдық резервіне байланысты. Мысалы, поликистозды, яғни ұрықтары өте көп әйелдерге ұзақ протокол қолдана алмаймыз, себебі оларда гиперстимуляциялық кедергілер туындауы мүмкін. Сондықтан, мұндай әйелдерге қысқа протокол қажет. Ал кейбір әйел болады, овариалдық резерві орташа деңгейдегі, оларға қысқа да, ұзақ та протоколды қолдана аламыз. Негізінде, қолайлысы – қысқа протокол, себебі, препарат аз кетеді, стимуляция тез болады және ұрық жақсы көрсеткішпен дамып, нәресте сүю мүмкіндігі жылдамдатылады.
Жалпы, эко-процедураны бастау үшін бұйрық бойынша толықтай тексеруден өткіземіз. Оның ішінде, клиникалық қан, зәр сараптамасы, флюра, көкбауыр, сүт бездері, қалқанша безі, ал ерлерде инфекция, шәует сараптамасы қажет болады. Сондай-ақ, ең басты тапсыруы керек сараптама түрі – «генетикалық кариотип», яғни генетикалық хромосома көрсеткіші. Егер, осы генетикалық кариотип көрсеткіші жұптарда бір-бірімен сәйкес келмесе, бағдарламаға қатыстыра алмаймыз. Бірақ, ақылы ұрықтандыруға қатыса алады. Сонымен қатар, бірнеше сәтсіз эко-процедурасынан кейінгі әйелдерді жатыріші қуысына гистероскопия арқылы тексеріс жүргіземіз. Бұл тексерудің де пайдасы мол. Осы күнге дейін не үшін жүктілік болмауының себебіне нақты көз жеткіземіз. Әрине, бұл ретте бұндай пациенттерге тек гинеколог-репродуктолог маман ретінде ғана емес, сондай-ақ психологиялық қолдауды да көрсету – біздің басты міндетіміз, – дейді дәрігер Гүлсім Қанатқызы.
Өңірімізде лабораториялық зертхананың жоқтығы демесек, қазір «Экомед» орталығы Шымкент, Алматы, Ақтөбе қаласындағы эко-орталықтарының зертханасымен бірлесіп жұмыс істеуде. Бұл дегеніміз, өңіріміздегі бағдарламаға қатысушы жұптардың, осы аталған аймақтарға барып тексерілуі, сондай-ақ бұл ньюанстарды мемлекеттің есепке алуы да қуантарлық жайт. Демек, аймағымыздағы «сәби сүйемін» деген отбасы үшін бұл айтарлықтай кедергі емес.
ЕГІЗ, ҮШЕМ СӘБИЛЕРДІҢ ӨМІРШЕҢДІГІ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?
Еске салсақ, осыдан 2 жыл бұрын аталмыш бағдарламамен өңірімізде алғаш рет үшем дүниеге келді. Сол секілді, өткен жылы егіз нәресте дүние есігін ашты. Бұл әрине, қуантарлық жағдай. Алайда, балалардың әрмен қарайғы өміршеңдігі, денсаулық сапасына кім кепілдік бере алады? Бұл турасында да дәрігермен тілдескен болатынбыз. Дәрігердің айтуынша, жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге егіз, үшемнің келуі – өте сирек кездесетін жағдай. Сондай-ақ, олардың жоғарыда атап өткендей, өміршеңдігі мен денсаулығының 100 пайыз сау, не жақсы болуы да сирек кездеседі. Өкініштісі де сол, табиғи жолмен дүниеге келген нәрестелердей болмауы, анасының денсаулық сапасының тікелей әсер беруі кері көрсеткіштерге әкеледі.
– Негізінен, экоға келген әрбір отбасыға егіз, үшемнен гөрі мүмкіндігінше сау 1 баланы дүниеге әкелейік деп кеңес береміз. Себебі, қазір кері көрсеткіштер көбейіп кетті, атап айтар болсақ, осыдан бірер жыл бұрын пациентімізге екі ұрық салған болатынбыз, ол екі ұрықтың біреуі екіге бөлініп, нәтижесінде үшем пайда болды. Алайда, кейіннен 2 сау және 1 денсаулығында ақауы бар нәресте өмірге келді. Осы және өзге де жағдайларды ескеріп, қазір тек бірұрықты процедура жүргізуді жолға қойдық. Қазіргі уақытта сол отбасымен әлі де байланыстамыз, баласын емдетіп, дәрігер бақылауында ұстап жүргендігін айтады. Одан бөлек, өткен жылы дүниеге келген егіздермен де байланыстамыз, олардың жағдайы әлдеқайда жақсы. Жалпы алғанда, жасанды ұрықтандыру жолымен мейілінше сау 1 баланы өмірге әкелген жөн, ал екінші, үшінші баланы уақыт еншісіне қою керек, – деп сөзін тамамдады дәрігер.
ҮМІТ ОТЫН ӨШІРМЕЙІК!
ТҮЙІН. «Аңсаған сәби» жай ғана медициналық бағдарлама емес. Бұл – тағдырмен күресіп жүрген мыңдаған отбасының соңғы үмітіне айналған әлеуметтік миссия. Кез келген мемлекеттік бастаманың түпкі мақсаты адам тағдырына оң әсер ету болса, дәл осы бағдарлама сол талап үдесінен шығып отыр.
Бедеулік – бір ғана отбасының емес, бүтін қоғамның нәзік жарасы. Ал бұл жараға ем ғылым мен мемлекеттің үйлескен қолдауы ғана бола алады. Жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген әр сәби тек медициналық жетістік емес, бұл – махаббаттың, сабырдың және сенімнің жеңісі. Алайда, сандар сөйлеп тұр. Қызылордадағы 605 отбасы әлі күнге дейін кезекке жайғасқан. Демек, әлі де үміттеніп, арманын арқалап жүрген тағдыр көп. Осы орайда бағдарламаны үздіксіз жетілдіру, қолжетімділігін арттыру тек медицина мамандарының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс.
Бүгінгі «Экомед» мамандарының айтқан ескертулері денсаулыққа бей жай қарамаудың, ерте жастан жауапкершілік алудың, өмір сапасына саналы көзқарастың қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады. Бұл – ертеңіміз үшін алаң болу, ұлт болашағын ойлау.
Ендеше, әр сәби – елдің ертеңі десек, «Аңсаған сәби» – сол ертеңнің сәулелі бастауы.
Перизат ЗАХРАДИН
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!