Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЭС: Күдік пен үміт

10.10.2024, 12:20 945

Қазақстанда АЭС салу мәселесі біраздан бері талқыда жүргені белгілі. Әлеуметтік желіде де, БАҚ-та да атом электр станциясын салу дұрыс па, әлде бұрыс  па  деген  сұрақ  өзекті  болып  тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы «аталған мәселені халық болып шешеміз, алдағы уақытта АЭС салу жөнінде референдум болады» деп дабыл қаққан кезден бастап-ақ қоғамда екі түрлі пікір орнады. Бірі АЭС-ті үлкен реформаға балап, салынуын құп көрсе, енді бірі бір уақыттары әлемдік алып катастрофаға айналған Чернобыльдің күйін кешіп қалмаймыз ба деп үркиді. Халық арасында екіжақты көзқарас орныққан соң, Президент референдум өткізуді жөн көрді. Еліміздің 17 облысында, елді мекендерде мыңдаған сайлау учаскесі ашылып, 6 қазан күні халықтың көп бөлігі өз таңдауын жасады.

АЭС  ДЕГЕНІМІЗ  НЕ?  АТОМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ  ШЫҒУ  ТАРИХЫ

Нақты АЭС-тің қызметі, өзге электростанция­лардан ерекшелігін айта кетейік. Қазіргі таңда заманауи технологиялар даму үстінде. Ал технологияның энергияны қалай қажет ететіндігі баршамызға мәлім. Су электр станциялары, жылу электр станциялары секілді қайта қалпына келе­тін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде біршама артып келеді. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін зиянсыз. Алайда, бұлтты ауа райында немесе жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісінің пайдасы шамалы. Атап айтқанда, жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінде өндіріледі. Ал, мұндай энергия өндірісінің шикізат түрінің бағасы күн санап артып келеді. АЭС-ке келер болсақ, отын ретінде өте аз уранды пайдалана отырып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. Көптеген дамыған әрі дамушы мемлекетте атом электр станциялары өнеркәсіптік тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып есептеледі.

Жалпы, ең алғашқы АЭС-тің Ресейде, дәлі­рек айтқанда Кеңес одағында негізі қаланған. 1954 жылдың 27 маусымында Обнинск қаласын­да құрылған электрстанцияның күші 5 МВт-ға ғана тең болды. Кеңес одағынан тыс алғашқы АЭС Ұлыбрита­нияның  Колдер-Холле  қаласында пайдал­ануға берілді. Мұндағы электростанция­ның қуаттылығы 49 МВт-ға татыған. Артынша 1959 жылы Францияда, 1961 жылы Германияда, 1962 жылы Канадада, 1966 жылы Жапонияда АЭС  құрылып, атом өндіруді ірі державалар меңгере  бастады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  АЭС  АХУАЛЫ. ПРЕЗИДЕНТ  БҰЛ  ШЕШІМГЕ  НЕГЕ  БЕКІНДІ?

Қазақстанда АЭС салу мәселесі алғаш рет 1997 жылы айтылды. Сол кездегі Ядролық қауым­дастық басшысы Владимир Школьник Алматы облысына қарасты Үлкен ауылына АЭС салуды ұсынған-тұғын. Бұл – Чернобыльдегі алып апаттан көп уақыт өтпеген, халық бұл тоқыраудан ес жия алмай жүрген тұс. Бірақ, көтерілген бастама жалғасын тапқан жоқ. Жұртшылық та, сарапшылар да АЭС салуға дайын еместігін ашық жеткізді. Бұл жайттан кейін АЭС салу жөнінде келіссөз 2006 жылы жүрді. Нақтылап айтқанда, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президентімен «Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану жөнінде» бірлескен мәлімдемеге келген еді. Ол келісімде «Ресей мен Қазақстанның АЭС бойынша серіктестігі екі елдің экономикасына оң әсер етеді» делінген. Алғашында станция құрылысы Ақтауда болады деген сөз болған. Алайда, бұл келісім де жүзеге аспады. Нақты не себепті  тоқтағаны  айтылған  жоқ.

Арада 7 жыл өткен соң Нұрсұлтан Назар­баев «бітпейтін талқыны қойып, АЭС құрылысы мәселесін біржола шешуді тапсырамын» деп шүйліккен болатын. Сөйтіп, 2014 жылы «Қаз­атомөнеркәсіп» пен «Росатом» басшылары ел аумағында АЭС салу бойынша серіктестік ме­морандумға қол қойған. Десе де, Қазақстан мен Ресей үкіметаралық құжатты сол күйі бекіткен жоқ. Бұл жоба да артынша аяқсыз қалды…

Нұрсұлтан Әбішұлы биліктен кетсе де, Владимир Путин Қазақстанда АЭС салу жайлы айту­ды доғарған жоқ. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Ресей президенті мәжіліс­те АЭС мәселесін тағы қозғады. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан АЭС салуға әзірленіп жатқан жоқ» деп төтесінен қойды. Бірақ, «егер қажеттілік туындаса, референдум жасап, халық­пен  ақылдасып, ортақ  шешімге  келеміз»  деді.

Ақыр соңында Ақорда «АЭС салу қажет» деген тұжырымға толық бекінді. Олай дейтін себебіміз, 2023 жылы 1 қыркүйекте Президент Қазақстан халқына жолдауында «Атом электр станциясын салу немесе салудан бас тарту – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамын. Нақты күндерді кейінірек шешеміз» деп, атом энергетикасын дамыту – Қазақстан азаматтарының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін аса маңызды екендігін атап өтті. «Елімізде атом электр стансасын салудың орындылығы туралы әртүрлі пікір бар екенін білесіздер. Бір жағынан, Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде өзінің атомдық электр энергия­сын өндіруге ие болуы керек. Кейбір сарапшылар шағын реакторлары бар станциялар салуды жақтайды. Екінші жағынан, көптеген азамат пен бірқатар сарапшы атом электр станцияларының қауіпсіздігіне алаңдайды» деді ол.

Мамандардың айтуынша, Балқаш көлінің жағасында АЭС салу бірнеше өңірде электр энергиясының тапшылығын болдырмауға, сондай-ақ, импортқа тәуелділікті азайтуға және электр энергиясының бағасын тұрақтандыруға көмектеседі. Құрылыс локациясын таңдау елдің оңтүстік аймақтарындағы энергетикалық тапшылыққа тікелей байланысты. Балқаш көлі­нің бойындағы құрылыс ауданын таңдау кеңес үкіметінен бері қарастырылып келеді. 2023 жылдың күзінде МАГАТЭ мамандары Балқаш көлінің маңында АЭС салуға кедергі келтіретін фактор жоқ екенін айтты. Алайда, Балқаш маңы тұрғындары тағдыры онсыз да қыл үстінде тұрған көлге АЭС-тің зияны тие ме деп уайым­дайды. Сонымен қатар, өңірлік экобелсенділер Алматыдағы жиі болатын жер сілкінісінің АЭС-ке зияны тие ме деп те қауіптеніп жатыр. Алайда, «Қазақстан атом электр станциясы» компаниясының директоры Тимур Жантикин «АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиян тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған  су  арнаға  қайтып құйылмайды» дейді.

ӨЗГЕ  ЕЛДЕРДЕГІ   АЭС  ТӘЖІРИБЕСІ

Бүгінде 50-ге жуық мемлекет АЭС пайдаланады. 400-ге жуық ядролық реактор әлем­дегі энергия қорының 9 пайызын алады. Жалпы электроэнергетика қоры бойынша үздік мем­лекет – Қытай. Бірақ, мұнда атом энергиясы электроэнергияның 4 пайызын ғана құрайды. Ал Франция  атом  электр станциясына екпін қоя­тыны соншалық, электроэнергия  мөлшері­нің 72 пайызы атом энергиясынан тұрады. Деген­мен, әр дүниеге екіжақты көзқараспен қара­ға­нымыз абзал. Таяқтың екі ұшы болатынын ескеруіміз қажет. Әлем елдерінде АЭС-тен түбегейлі бас тартқан немесе қандай да бір себеппен бастаған жобаға нүкте қойғандар да жоқ емес. Бірен-саран мысал келтірейік. Бұл шешімге келгендердің  көпшілігі ең алдымен АЭС-тен төнген  апаттарды  мысалға  алады.

Кейінгі алпыс жылдықта алып үш апат болды. Алғашқысы – АҚШ-тың Три-Майл-Айленд АЭС-інде болған оқиға. Техникалық қызмет көрсету барысында болған қателіктің кесірінен белсенді аймақ қызып, балқып кетуге сәл қалған. Операторлар болса жанып тұрған индикаторларды көрмеген, өйткені белгі беретін шамдардың үстінде басқа заттар болған деседі. Апат қаупі төнген тұста суыту жүйесі автоматты түрде іске қосылып, АЭС үлкен кесапаттан аман қалды.

Арада  жеті  жыл  өткеннен кейін мәдени культке айналған, көпшіліктің АЭС-ке деген көзқарасының өзгеруіне ықпал еткен жағдай болды. Бәрімізге белгілі – 1986 жылғы «Чернобыль» оқиғасы. Кеңес одағының алдыңғы электр станцияларының бірінде болған жары­лыстың әсерінен 30 шақырымға жуық территория жарам­сыз болып қалды. Сәйкесінше, сол сәттен бастап Чернобыль қаласы қаңырап қалғаны бәрімізге белгілі. Апаттың нақты себебі әлі күнге дейін жұмбақ. Кеңес үкіметі қызметкерлерді кінәлі деп таныды. Алайда, авторитарлы билік берген ақпаратты рас немесе өтірікке жобалау – қиынның қиыны. 1990 жылдары апатқа реактор конструкциясындағы олқылық түрткі  болды  деген  ақпарат  тарады.

2011 жылы Фукусимада болған апат. Өзге мемлекеттерден әрдайым ілгері жүретін жапондықтар АЭС-ті бірінші болып сынақтан өткізгендердің  де  қатарынан. Бұл  жөнінде  толығырақ жоғарыда айтып өттік. Ал мұндағы АЭС апатына басты себеп – жойқын жер сілкінісі және цунами. Бірнеше жойқын соққыдан соң, электр қуаты желісі істен шығып, апат болған жағдайда суытатын жүйе істемей қалады. Кейбір ғалымның айтуынша, мұндай апат бұрын-соңды болмаған. Апаттың алдын алу шаралары күні бүгін­ге  дейін  жалғасып  келеді.

Осы  және  өзге  де жайттар  көптеген  іргелі  елдің атом энергиясын пайдаланудан бас тар­туы­на түрткі болды десек, артық айтқанымыз емес. Мысалға алатын болсақ, АҚШ болған жағдайлардан кейін АЭС-тен түбегейлі бас тартпаса да, ондаған реактордың жұмысын тоқтатты. Италия мемлекеті де АЭС пайдаланушыларының қатарынан еді. Алайда Чернобыльдегі оқыс оқиғадан соң жаппай референдум өтіп, елдегі барлық төрт АЭС-тің  жұмысына  нүкте  қойылды.

РЕФЕРЕНДУМ  ҚОРЫТЫНДЫСЫ.  САЙЛАУ  ӘДІЛ  ӨТТІ  МЕ?

Ал кеше ғана қазынадан 15,5 млрд теңге жұмсалған референдум болмай жатып-ақ келіс­пеушіліктер басталып кетті. Мәселен, дауыс беру рәсіміне дейін сауалнама жүргізіп, сұрақ-жауап алған журналист-блогерлерге жаппай айыппұл салынған. «Журналистік бастама» компаниясының жетекшісі Тамара Еслямова «Уральская неделя» басылымының ютуб арнасында видео жазған. Сол видео үшін Орал соты «сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды» деген айыппен 110 мың теңге айыппұл арқалады. Сонымен қатар, ашық шеру ұйымдастыруды мақсат еткен белсенділердің өтінішін  әкімдік  қабыл  алмаған.

Ал енді 6 қазан күні болған референдум қорытынды­сына келер болсақ. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сүйенсек, сайлауға қатысу белсенділігі 63,66 пайызды құрапты. Бұл – сегіз миллионға жуық тұрғын дауыс беруге қатысты деген сөз. Сыр өңірі референ­думға қатысу белсенділігі бойынша көш басына шықты. Қызылордалық тұрғындардың 82 пайызы дауыс беру рәсіміне қатысқан. Ал, статистикаға сүйенсек, Алматы тұрғындары бұл рейтингте төменгі орында екен. Небәрі 25 пайыз алматылық тұрғын ғана дауыс беруді жөн көріпті. Араға екі күн салып, 8 қазанда ОРК нақты цифр­ді жариялады. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың 71 пайызы АЭС құрылысын құптаса, 29 пайызы бас тартқан. Елдегі әр сайлау, референдумда болатын жағдай ғой, биылғы рәсімнен де біршама ауыс-түйіс, олқылық байқалды дейді көзі қырағы халық. Түркістандық тәуелсіз бақылаушы сайлау учаскелерінің біріндегі бюллетеньді топтап салу фактісін бейне­жазбаға түсіріп алыпты. Алайда, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының өкілі бұл жайтты былтырғы видеоға санап, айыптан жалтарған. «Жас сайлаушылар лигасы» бірлестігі бес қаладағы дауыс беру рәсімін бақылауда ұстап, 23 заңбұзушылық фактісін анықтаған. Айтуларынша, кей учаскелерде үгіт-насихат жұмыстары ашық жүргізілген, кей жерде фото-видео түсіруге тыйым салынған, сондай-ақ алдын ала қойылған бюллетеньдердің болғанын да тіркеген.

Референдумнан кейін де сайлаудың әділдігі жайында біраз пікір айтылуда. Расын айту керек, халық арасында «менің бір дауысыма қарап қалып па екен», «бәрібір әділ өтпейді ғой» деп, үрдіске қолын бір-ақ сілтегендердің қарасы көп. Көпшілік АЭС салынған жағдайда да Ресей емес, өзге елдің құрылысты қолға алғанын қалайды. Олай деуге себеп, жұрт АЭС әсерінен Қазақстан одан сайын Мәскеуге тәуелді болуы мүмкін деген теория бар. Сонымен қатар, әлемде қандай жағдаяттар болып жатқаны мәлім. Ресейдің арқасында АЭС салған соң, қарыз болып қаламыз ба деген үрей де жоқ емес. АЭС-ті жақтаушылардың уәжіне сүйенсек, Қазақстанда энергия тапшылығы жыл өткен сайын ушыға түсуде. «Атом станциясынан радиация қалдығы көп шықпайды, көмір мен газдан шығатын лас заттар тіпті көп» дейді олар. Ал керісінше топтың айтуына сенсек, ескі әдіспен де энергия тұрақсыздығын жеңуге болады, тек жаңарту керек. Сондай-ақ, Чернобыль мен Фукусимада болған жағдайларды аргумент ретінде қарас­тыратын олар «АЭС-ке ешкім кепілдік бермейді»  дейді.

Неде болса, АЭС салынатын болып шешілді. Енді нәтижеге көз жүгірту ғана қалды. Референ­дум әділ өтті ме, әлде керісінше ме – өз шешіміңіз. Басталған іске сәттілік тілейміз, құрылыс Астанадағы LRT-ның күйін кешпейді деп  сенеміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Коллаж: kz.kursiv.media

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: