Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Айдаһар» көршімізді КІМ ҮРКІТТІ немесе Қазақстанға Қытай инвестициясының кемігені рас па?

29.04.2021, 12:30 408

Соңғы кездері отандық басылымдарда (әсіресе, орыстілді газеттерде, интернеттегі сайттарда) «Синофобия бізді тығырыққа тірейді», «Синофобия кесірінен жүз миллиондаған доллардан айырыламыз», «Қытай Қазақстанға инвестициясының көлемін қысқартты» деген тақырыптағы мақалалар көп жарияланып жүр. Шынында, Қытай Қазақстанға инвестиция салуды шектеді ме? Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық қатынастарының төмендегені рас па? Қытай алдағы уақытта Қазақстанмен сауда-саттық байланыс көлемін кемітуі мүмкін бе? Осындай сауалдардың анық-қанығына жетпек болып сараптама жасап көрдік.

МӘҢГІЛІК   СТРАТЕГИЯЛЫҚ  ӘРІПТЕСТІК

Қазақстанның Қытаймен дип­ломатиялық қарым-қатынас орнатқанына келесі жылы 30 жыл толады. Отыз жылда екі елдің ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынастары бұрын болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындаған аспан асты елімен арадағы шекара мәселесі 1998 жылы шешілді. Мемлекеттік шекара толығымен делимитация мен демаркациядан өтті. 2002 жылы ізгі көршілік, дос­тық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. 2011 жылы Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық әріптестікке уағдаласты.

Мұндай жетістіктерге Қытай басшылығына жаңа көшбас­шы­сының  келуі жағымды жағы­нан  ықпал етті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин    2013 жылы екі мәрте: Даостағы форумда және елордамызға ресми сапары аясында кездесті. ҚХР басшысы сол сапарында «Жібек жолының экономикалық бел­деуі» атты бірлескен жобаны, Қытайдың Орталық Азияға қатысты сыртқы саясатының стратегиясын жария етті. Тарихи сапардың аса маңызды болғаны соншалық, оның нәтижесінде жалпы құны 35 млрд АҚШ долларын құрайтын 23 екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалануда да Қазақстан ҚХР-мен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, 2001-2013 жылдар аралығында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау бағытында Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының 10 отырысы өтіпті. Соның нәтижесінде көптеген мәселелерді қамтитын 7 екіжақты келісім жасалған. Қазақстан – мұндай жемісті келіссөздер жүргізген Қытайдың жалғыз ғана көршісі. Сол кезеңде Астана (қазір Нұр-Сұлтан) мен Бейжің екі ел арасындағы 24 трансшекаралық өзендердің суын бөлу жөнінде үлкен келісімшартқа қол қоюға дайындық жасады. Алайда бұл келісімшарттың жасалған-жасал­мағаны жөнінде  нақты  дерек  жоқ.

Қытай мен Қазақстан бірлесіп жүзеге асырған «ғасыр жобасының» бірі – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы. Бұл жоба Қазақстанға сауда-саттықты, бизнесті, инфрақұрылым саласын дамытуға көмектесті. Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын ұзындығы 8445 шақырымдық алып авто­магистральдың 2787 шақырымы еліміздің аумағымен өтеді. Төрт жыл бұрын толық аяқталған жоба мемлекеттер арасындағы жүк тасу ағынын жылына 3,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Көлік дәлізінің бойынан қаншама инфрақұрылымдық нысандар ашылды. Бес облыстың тақтайдай тас жолы дамуымызға серпін берді. Жол салынған соң, туризм саласының тамырына «қан жүгірді». Ғасыр жобасын «Ұлы Жібек жолының бүгінгі баламасы» деп  атады.

2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапармен барып, екі мемлекет басшылары мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптес­тікті орнату туралы келісімді жария­лады. Шынында да, Қытай – Қазақстанның негізгі, маңызды сауда әріптестерінің бірі. Ел экономикасына ең көп инвестиция салған елдер рейтингінде 4-орында тұр. Бұған дәлел, 2005-2020 жылдар аралығында қытай инвес­тицияларының көлемі 19,5 млрд АҚШ долларын құраған. 2012-2020 жылдар аралығындағы сауда айналымының көлемі 130 млрд АҚШ долларынын асыпты. Әрине, бұл – жағымды деректер.

Биыл 8 сәуірде ҚХР-дың Алматыдағы бас консулдығы мынадай ақпарат таратты: Қазақстан мен Қытайдың арасындағы екіжақты сауда көлемі 2020 жылы 21,44 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға кем. Қазақстанға Қытай импортының көлемі 11,71 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылға қарағанда 8 пайызға қысқарды. Құзырлы мекеме 2021 жылға қатысты Қытай инвестициясының көлемі туралы ешқандай  ақпарат  таратпады.

ҚЫТАЙ  ҚАЗАҚТАН  ТЕРІС  АЙНАЛА  МА?

Сәуір айының басында Қытай астық тиелген вагондарды Қазақ­станға қайтара бастады. «Дос­тық-Алашаңқай» стансасында 4 ай қаңтарылып тұрған 1860 вагонның 354-і қазақстандық жүк жөнелтушілерге қайтарылды. Тағы 300-ден аса вагонды қайтаруға ескерту жасалыпты. Осылайша, Қытай тарабының індеттен қауіптеніп, жабық вагондарға тиелген жүктерді қабылдау талаптарын күшейтуі отандық астық өндірушілерді қыруар шығынға батыруда. Таңғаларлығы, тура осындай вагон емес, контейнерге тиелген мөшектер Қытайдың аумағына еркін өтіп жатқан көрінеді. Бидай, арпа, зығыр экспорттаушылар қытайлық компаниялардан алған алдын ала төлемін қайтарып, одан кейін сапасы нашарлаған өнімін басқа елдерге жөнелтуі керек. Бұған қоса, вагондар шекарада тұрғанда астықтың құны қымбаттап кетті. Күннің жылынуы да бидайдың бүлінуіне әкеліп соқтыруда. Енді басқа амалы қалмаған экспорттаушылар жүк тиелген вагондарды елге қайтарып, барлық шығындарды өз мойнымен көтереді. Қош  делік.

Сауда және интеграция ми­нистрі­нің орынбасары Қайрат Төре­баев биыл наурызда ҚХР Ком­мер­ция министрі­нің орынбасары Ван Шоувэн­мен кездесуде Қазақ­стан мен Қытай­дың  арасындағы  тауар  айналы­мы 2020 жылы 15,4 млрд АҚШ дол­ларын құрағанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ Қытайға экспорт  көлемі – 9 млрд долларды, ал импорт көлемі 6,4 млрд долларды құрағанын хабарлады. Енді салыстырып көрейік, бұдан 9 жыл бұрын екі ел арасындағы сауда айналымы көлемі 21,6 млрд доллар болған, яғни 30 па­йызға (!) дейін төмендеген. Соның ішінде экспорт – 14,2 млрд (36 па­йыз­ға кеміген), импорт 7,4 млрд (15 па­йыз­ға кеміген)  доллар  болған.

Қазақстанға келетін Қытай инвес­тицияларының жалпы түсімі де жылдан-жылға азайып барады. Ұлттық банктің ресми мәліметі бо­йынша  2012 жылы Қытайдан келетін тікелей инвестициялар көлемі 2,4 млрд АҚШ долларын құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 0,5 млрд АҚШ долларына дейін кеміген. Екі ел индустриалдық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 24,5 млрд доллар тұратын 56 заманауи бірлескен кәсіпорын салуға уағдаласқаны мәлім. Алайда жоғарыдағы статис­тикадан көріп отырғанымыздай, кәсіпорындардың   көпшілігінің 2023 жылы салынып  бітетініне  күмән  көп.

Саясаттанушы Марат Шибұтов қытайлық  инвесторлардың  ақшасының басқа елдерге қарай «бұрылуы» біздің  экономикамыз үшін үлкен қауіп туғызатынын айтады. «Бұл іске экономикамен қатар саяси мәсе­лелер де ықпал етеді. Синофобия кесірінен миллиондаған доллар инвестициядан айырылуымыз мүмкін. Бұл ақша Өзбекстан және басқа елдерге кетеді. Ақша болмаған соң, бәсекеге де төтеп бере алмаймыз. Өйт­кені, кез келген шетелдік инвес­тиция – дамуға деген мүмкіндік. Одан бас тарту дегеніміз – ақымақтық. Ең қауіптісі, Қытай кез келген уақытта бізбен сауда жасаудан бас тарта салуы мүмкін. Ал біз болсақ қытайлық импортты ешкіммен алмастыра алмаймыз» деп түсіндіреді мәселенің  мәнісін  М.Шибұтов.

Қытайлық зерттеулер орталығының директоры Әділ Кәукенов мәңгілік стратегиялық әріптестіктің сөз жүзінде қалып, Қытайдың инвестициялары басқа елдерге «құйылып» жатқанын айтады. «Қазақстандағы Қытай экспансиясы жойылсын!» деген ұрансөздердің қалыптасқан жағ­дайға қарама-қайшы екенін көріп отырмыз. Мысалы, 2011-2014 жылдары инвестиция көлемі 8,1 млрд доллар болса, 2015-2018 жылдары ол 4 млрд долларға азайған. Сонда Қытай инвестицияға бөлетін ақша­сын азайтты ма? Жоқ. 2013-2015 жылдары Қытайдың шетелге жинақ­талған инвестициясының көлемі екі есеге: 2 трлн доллардан 4,2 трлн долларға  дейін  өсіпті! Осы ағымдағы Қазақстанның  үлесі 1 пайыздан  0,36 пайызға кеміген» дейді Ә.Кәукенов.

Қазақстандық сарапшы қытайларды жөк көретіндердің «Қытай Қазақстанды қарыздың қамытына ілді» деген сөзіне мынадай уәж келтіреді: «Қазір, керісінше, Қазақстанның Қытайдың алдындағы қарызы азайып келеді. Егер оның көлемі 2013 жылы 16 млрд доллар болса, қазір – 12 млрд доллар. Бұл қарыз, негізінен, жеке кәсіпкерлердің алған ақшасы». Ол сондай-ақ Қытайдың Қазақстанға деген қызығушылығының төмендеуі Өзбекстанға жағымды болғанын жоққа шығармайды. «Қазір Өзбекстанда қытайлық инвес­торлардың қатысуымен салынған 1125 кәсіпорын бар, соның ішінде 344-і – былтыр ашылған кәсіпорындар. Ташкент жыл сайын қытайлық инвестициялар көлемін 2025 жылы 5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, өзбек турфирмалары қытай туристерінің санын арттыр­уда. 2019 жылы Өзбекстанға Қытайдан 61,9 мың турист барған» деп мысал келтіреді Ә.Кәукенов.

«ҮЛКЕН  КӨПІР»  ЖАБЫЛЫП  ҚАЛМАУЫ  ҚАЖЕТ

Шығыстағы алып экономикасы бар алпауыт соңғы жылдары көз ілес­пес жылдамдықпен дамып бара­ды. Мәселен, кейінгі 5 жылда аспан асты елінің ЖІӨ-нің көлемі 70 трлн юаньнан 100 трлн-нан аса юаньға дейін ұлғайды. Биыл ЖІӨ өсімінің көлемін 6 пайыздан асыруды жоспарлап қойды. Өткен жылы COVID-19 пандемиясының әлемге кеңінен таралып, экономикаға жағымсыз әсер еткеніне қарамастан, ҚХР-дың ЖІӨ 16 трлн АҚШ долларын құрады. Демек, көп ұзамай Қытай экономикасы әлем бойынша бірінші орынға шығуы мүмкін.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев Қазақстан Қытай азық-түлік нарығындағы сұранысты ескере отырып, біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға бар күш-жігерімізді салу қажеттігін айтады. Ол алып мемлекеттің азық-түліктің кейбір түрлерін басқа құрлықтағы елдер – Австралия мен Жаңа Зеландиядан, Оңтүстік Америка елдерінен тасымалдап отырғанын, ал аталған мемлекеттердің жылдан-жылға ет, сүт, жеміс-жидек, соя сияқты өнімдердің экспортын жанталаса ұлғайтып жат­қанын  мысалға  келтіреді.

«Қытайда азық-түлік өнімдеріне деген тұрақты сұранысты ескеріп, сол нарыққа шығуымыз керек. Тұрақты сұраныс біздің өндірістік қуатымыз­ды өсіруге әкеледі. Қытай нарығына шығу үшін кәсіпорындарымыз­ды сертификациялауға, олардың өнімдерін сапаға сәйкестендіруге күш салатын кез келді» деп түсіндіреді мәселенің мән-жайын Шахрат Нұрышев отандық басылымдардың біріндегі  мақаласында.

Құзырлы министрлік өкілі Қытайдың  жыл  сайын шетелдермен  сау­да көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін, тауарлардың көпшілік бөлігі теңіз және теміржол көлігімен тасымалданатынын тиімді пайдалануға болады деп санайды. Демек, Қазақстан өзінің геогра­фия­лық жағынан орналасуын тиімді пайдалана білуі тиіс. Әйтпесе көршілес мемлекеттер қытайлық жүк тасымалын өз аумағына бұрып, инфра­құрылымын дамытуға ұмтылады. «Жаңа экономикалық саясат» бағдарламасы аясында салынған және жаңартылған теміржол дәліздері мемлекетке айтарлықтай табыс түсіруде. Мысалы, Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Достық-Алаш­аңқай және Алтынкөл-Қорғас теміржол бекеттері арқылы 2020 жылы 20 млн тоннадан аса жүк  тасымалданды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәлі­меті бойынша 2020 жылдың 11 айын­да Қазақстан аумағымен салмағы жиыр­ма пұттық 718,6 мың контейнер тасымалданған. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 35 пайыз­ға артық. Қазіргі кезде осы жүктерді тасуға көршілес елдермен арада үлкен бәсеке жүріп жатыр. Олардың кейбірі бағаны күрт арзандатып, демпингке жол беруде. Осыған қарамастан, біздің инфрақұрылымның тиімділігі мен қолайлығына орай Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы теміржол контейнерлерінің 49 пайы­зы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Әрбір транзиттік пойыздан мемлекет бюджетіне қаражат түседі» дейді Шахрат  Нұрышев.

Оның пайымдауынша, Қытай – біздің Тынық мұхиты аймағындағы елдердің нарығына шығатын «үлкен көпіріміз». Мәселен, 2020 жылы Ляньюньган теңіз портындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық логис­тикалық  компаниясы» арқылы біздің өнімдеріміз Оңтүстік Корея, Вьетнам сияқты  мемлекеттерге  тасымал­дан­ды.

ӨЗБЕКСТАНДА  АНТИҚЫТАЙЛЫҚ  КӨҢІЛ  КҮЙ  ЖОҒЫ  РАС  ПА?

Алдағы жылдары Қытай мен Өзбекстанның екіжақты қарым-қатынастары жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін. Себебі, екі тарап та Өзбекстанның өңірлік күш-қуатының өсуін қалап отыр. Қытай Орталық Азиядағы халқының саны көп елді қолдау арқылы ықпалын күшейтіп, өңірлік теңгерім ұстауды көздейді. Өзбекстан экономикалық әлеуетін арттырып, халқының әл-ауқатын жақсартуды мұрат етеді. Өзбек-қытай қатынастарының ширағанын әртүрлі салалардағы келісімдерден де көруге болады. Сондай келісімнің бірі – Өзбекстан қытайлық екпені сатып алуға басымдық береді. Қытай вакцинасының клиникалық сынақтары сәтті өтетін болса, бұл тәжірибені Орталық Азияның өзге елдері де қолданып көрмек.

Соңғы жылдары Қытай өзбек экономикасына көп инвес­тиция салуда. Үш жылда оның көлемі 3,9 млрд долларға жетіпті. Бұл жерде Өзбекстанның өзгелерден артықшылықтары бар: көлік торабы болуға мүмкіндігі зор, қауіпсіздік мәселесіндегі делдалдық рөлі, Өзбекстандағы анти­қытайлық көңіл күйдің жоқтығы, өзбектердің қытай қаруын сатып алуы және т.б. Өзбекстан Қытайдың Шыңжаңдағы ұлттық саясатына ешқандай көңіл аудармайды. Десек те ел ішінде қытайлардың келуі­не қатысты алаңдаушылық жоқ емес. Соңғы екі жылда жүргізілген әлеуметтік зерт­теулерден белгілі болғанындай, өзбектердің қытай бизнесіне деген достық рәуіші азая бастаған. Егер 2019 жылы Өзбекстан халқының 65-70 пайызы Қытайдың инвести­циясына қатысты бірлескен жобаларды қолдайтынын айтса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 48 пайыз­ға кеміген. Ал қытайлардың келуіне қарсылар 2-ден  10 пайызға  көбейген. Мемлекеттің ҚХР-дың алдындағы қарызы 2019 жылғы 7 пайыздан 2020 жылы 25 пайызға артуы да халықты алаңдатады  екен.

СӨЗ  ТҮЙІНІ

Жалпы алғанда, аспан асты елінің Орталық Азиядағы сыртқы саясатының бағдары трансформация үдерісін бастан кешіруде. Өйткен себебі індеттің жағымсыз әсері «Экономикалық белдеу» жобасына да ықпалын тигізді. Қытай билігі миллиардтарын кез келген елге шаша салмай, шығыны мен кедергісі жоқ елдерді сұрыптай бастады. Бұл жерде Өзбекстанның мүмкіндігі молдығын жоққа шығармаймыз. Екіншіден, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол магистраліне үлкен үміт артуда. Оны салуға қатысты келіссөздер тоқтап қалғанмен, өзбек тарапы мультимодальдық тасымал көліктерін іске қосып үлгерді. Бұл дәліз Қорғаспен таситын жүкті  5 күнге ертерек жеткізеді. Өзбекстан өз аумағында транзит көлемін ұлғайту үшін «Хэбэй-Қорғас-Ташкент» халықаралық жүк пойызын шығарды. Тағы бір алаңдатарлық жайт, Қытай Өзбекстанды Ауған мәселе­сінде өз мүддесін жүзеге асыруға пайдалана бастады. Сайып келгенде, Қазақстанға қатысты жағымсыз тенденция анық байқалады. Ендеше, көп ұзамай Ташкент те Нұр-Сұлтан сияқты Бейжіңнің ортаазиялық стратегиясының бір түпқазығына айналады деген сөз. Бұдан бізге қандай қауіп бар? Әрине, экономикалық жағынан ұтылатынымыз анық. Бірақ 2016 жылы жер мәселесі көтерілгенде ушығып кеткен синофобия көлемі бәсеңдейді. Батыс елдері бұрынғыдай біздегі антиқытайлық  көңіл  күйді өршітуге күш салмайды.

ТАҚЫРЫПҚА  ТҰЗДЫҚ

2020 жылдың екінші жартысында эконо­микасы қайта өрлеген Қытай Ресей мен Қазақс­тан теміржолдары арқы­лы Еуропаға жүк тасымалдау көлемін 2019 жылға қарағанда 50 пайызға ұлғайтты. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айла­рында Қытайдан Еуропаға Ресей мен Орта Азия елдерінің аумағы арқылы 2 мыңнан аса тауарлы пойыздар жөнелтілген. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Айтпақ­шы, Суэц каналының жабылып қалуы Қытай мен Ресейге өз сауда бағыттарын дамыту­ға жол ашып берді. Қытай «Полярлы Жібек жолы» жобасын ширатуға күш салып, жаһандану үдерісіндегі өзінің моделін көбірек насихаттауға кірісті.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: