Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік әділетсіздік

03.06.2021, 13:30 566

Ұмытпасам, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазтелеком»  басшысының  адам сенгісіз жал­ақы алғаны жайлы ақпарат жарық көрді. Оны Президенттің өзі хабарлады. Кейбіреу сенді, енді  біреулер  «360 000  доллар  жалақының  не сыйақының  болуы  мүмкін емес!»  деп  үзілді-кесілді   сенуден  бас  тартты.  Солардың   бірі – менмін.  Кейін, оның жалақы емес, бонус екенін білдік, бірақ бонустың не екенін, оның кімдерге берілетінін, неліктен сол адамдарға  ғана  берілетінін және оның соншалықты  көп  ақша болуының себебін әлі де біле алмай  жүрміз. Википедияға  қарасаңыз, «Бонус – қосымша сыйақы, сыйлық. Әдетте, қосымша сыйақы мөлшері жасалынатын мәміленің жалпы сомасының белгілі бір проценті көлемінде тағайындалады…» деген түсініктемені көресіз. Осыған қарағанда, БОНУС – жұмысқа орналасатын уақытта жасалатын келісімшарттың ішіне кіретін сыйақы сияқты. Бірақ газет оқыр­мандарының ішінде кімдер жұмысқа тұратын уақытта сыйақының пайызын келісімшартқа енгізді десем, ешкімнің қол көтермесі анық.

Жақында осы мәселе тағы көте­рілді. Азат Перуашев ініміз «А наши чиновники в министерство выписывает себе премий по 15 миллионов» деген ақпарат таратса, журналист Михаил Козачков Білім және ғылым министрлігіндегі шенеуніктерге сыйақы төлеу туралы бұйрықтың көшірмесін жариялап, болашақ ұрпақ­ты адамгершілік пен қанағаттыққа тәрбиелейтін орданың басшыларын өте ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ең қызығы, ешқандай министрлік не Азат Перуашевтың сөзін, не Михаил мырзаның жазғандарын «жалған ақпарат таратты» деп сотқа берген жоқ. Демек, бұл ақпараттар ақиқат. Әлеуметтік желі шулады да қойды. (Бұрын, «Қазтелеком» басшысы 360 мың доллар сыйақы алғанда да бір шулап басылған болатынбыз). Алайда, Сіздерді қайдам, осы жағдайға байланысты менің ми қыртысымда сан түрлі сұрақтар қалды. Мүмкін, бірлесіп  шешерміз.

Бірінші сұрақ: Мемлекеттік қыз­меткерлерге берілетін сыйақы дегені­міз не? Менің білетін сыйақым – он үшінші жалақы мен кейбір мерекеде берілетін 20-30 мың теңге. Ол да сол ұйымның мүмкіндігіне не басшысының көңіл күйіне тікелей қатысты болады. Бұндай сыйақылардың келісімшартқа енгенін көрген емеспін. Құқықтық мемлекет болғаннан кейін сыйақының не екені, оның республика көлеміндегі мөлшері заңмен анықталуы шарт емес пе? Мен бұл жерде жеке кәсіп­орындарды айтып отырған жоқпын, олар өздерінің ақшаларын қалай жұмсайды, оны өздері білетін болар, ал мемлекеттік мекемелердің ақшасы – мені мен сендердің, қысқасы, халықтың ақшасы, сондықтан оның әрбір тиыны қатаң есеп пен ақылға қонатын  негіздемені  талап  етеді.

Екінші сұрақ: Сыйақы кімдерге берілуі керек? Сол мекемедегі барлық қызметкерлерге ме, әлде тек басшылыққа, әкімшілікке, оның ішінде де ең жоғарғы деңгейдегі басшыларға берілуі шарт па? Бұларға ғана берілудің ақылға қонымды себеп­тері бар ма? Журналист М.Козач­ков жариялаған сыйақы төлеу туралы бұйрықтың ішінде неліктен Білім және ғылым министрлігінің жоғарғы деңгейдегі басшылары ғана жүр? Мүмкін, журналист бұйрықтың тек бірінші бетін жариялаған шығар, ал келесі беттерінде сол министрлікте қызмет жасайтын есепшілер, еден жуатын жандар, жүргізушілер, т.т. бар болар. Ондай болмаған жағ­дайда, әлеуметтік  теңдік  қайда  қалады?

Үшінші сұрақ: Сыйақыны кімдер береді? Әрине, егер министрлік шенеуніктері, не басшылық өз-өзіне сыйақы беру туралы бұйрық шығарса, бұл моралдық тұрғыдан да, адамшылық жағынан да, заңдық негізде де адам сенгісіз, өте ыңғайсыз мәселе болып табылады. Сондықтан, менің ойымша, сыйақы тура­лы бұйрық жоғарғы жақтан келуі шарт. Министрлерге сыйақы беруді, сөз жоқ, Үкімет басшысы шешеді (Шындап келгенде оны халық шешу керек, бірақ бәріміз жиналып, қол көтеріп, шешім қабылдау, өкінішке қарай, мүмкін емес), ал министрдің құзыретіне өзінің қарамағындағыларға сыйақы беру жататын болар. Ертең қоғам тарапынан «мынау министрге қандай жетістігі, ерен еңбегі үшін сыйақы бердің?» деген сұрақ туғанда премьер Мамин жауап беруі керек емес пе? «Бірінші Президенттің күні болып қалыпты, сондықтан 3 есе жалақы бердім» деген ақымақ сөз де  сол кісінің аузынан шығуы керек  сияқты.

Төртінші сұрақ: Журналист жариялаған бұйрыққа қарасаңыз, бұл сыйақы – сыйақы емес, қомақты қаржы сияқты. Қазақ «Орамал тон болмайды, жол болады» дейді. Сыйақы да жақсы мезірет, көңіл аулау, рақмет айтудың жолы болуы керек емес пе? Ал өзінің онсыз да мил­лионға жуық жалақысына жүз мыңдап ақша беру, менің ойымша, сыйақы емес, халықтың ақшасын өздерінің пайдасына жарату сияқты көрінеді. Демек аз жалақы алатын адамның сыйақысы аз болады деген сөз. Атам заманнан сый-құрмет деген барлығына бірдей болуы керек емес пе? Әлде жалақысы көп адамға сый-құрмет те көбірек бола ма? Бұл да нағыз әлеуметтік әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік болып табылады. Меніңше, сыйақының көлемі сол мекемедегі барлық қызметкерлерге  бірдей  болуы  керек.

Бесінші сұрақ: Сыйақының мемлекеттік мерекелерге қандай қаты­сы бар? Әдетте жұмысты жақсы атқарған қызметкерлерге бір жылдық жоспарды орындап шыққан­дары үшін жылдың аяғында сыйақы, марапат берілетін. Ал кешегі журналист жарыққа шығарған сыйақы төлеу туралы бұйрыққа қарасаңыз, Білім және ғылым министрлігінің басшылары әр мереке сайын аспан­нан жауған (немесе өздері жаудыр­ған?) ақшаның  астында қалады екен. Шынымды айтсам, Қазақ елінде неліктен мерекенің көп болатынын енді білдім; мысалы, министрлік басшылары Мұғалімдер күніне қарай 2 жалақыдан сыйақы алыпты. Бұл  түсінікті. Егер сол күні Цой мыр­за сыйақы алса, қабақ шытуға болады, ал Білім және ғылым министр­лігі басшыларының мұғалімдерге қатысы бары анық. Бірақ дәл сондай екі есе жалақыны сыйақы есебінде Қазақ еліндегі барлық мұғалімдер алды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Тұңғыш Президент  күні  деген мерекеге арнап, министрлік басшылары 3 жалақыдан алғанға ұқсайды. Бұл  жердегі байланысты көре алмай отырмын. Ал Тәуелсіздік күніне арнап 6 жалақыдан сыйақы алулары – Алаштың атылып кеткен азаматтарын былай қойғанда, әлі де тірі жүрген желтоқсандықтар мен «Азат» қозғалысының азаматтарын қорлаған сияқты ой қалдырады. Егер Асхат ініміз Тәуелсіздік күніне орай сол тәуелсіздік үшін күреске қатысқан, не үн қосқан мұғалімдерге сыйақы берсе, мүмкін, бұл мақала жазылмас та еді…

Алтыншы және ең соңғы сұрақ: Бір жерден «Еңбексіз ақша алу – күнә» дегенді естіп едім. Елімізге індет келіп, миллиондаған жандар жұмыссыз қалып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің  үзілер  уақытында  онсыз  да  кісі  қызығарлық  жалақы алып отырған азаматтарда еселеп сыйақы алғанда немесе өз-өзіне бұйрық шығарғанда ЫҢҒАЙСЫЗ­ДЫҚ деген сезім болмады ма  екен?.. Әлде моралдық жауапке­ршілікті құл­қынның  талабы  жеңіп  кете  ме? Иә, билік адамдарды ақшамен алдай­ды. Бірақ  сенің  ар алдында беретін  жауабың  болу  керек  қой.

«Ақша көрсе, періште жолдан таяды» деген сөзді тікелей қабылдамайық. Бұл – гипербола. Ақшаның сиқыры, байлықтың арбауы күшті екендігін білдіру үшін айтылған сөз. Періштені былай қойғанда, ақшаның арбауына түспейтін иманды, зиялы, парасатты жандар қасымыз­да жүр. Оларды аз деп те айта алмаймын. Әңгіме билікте сияқты. Кеңес үкіметі кезінде басшы орындарда отырған адамдарға басқа «қара халықтан» бөлекше жағдай жасады. Олардың өздерінің дүкендері, азық-түліктері, демалыс орындары, т.т. болды. Осындай «майшелпектің» дәмін көрген адам биліктің (ол уақытта компартияның) айтқа­нынан шықпайтын, отыр десе – отырып, тұр десе – тұратын қуыршаққа айналды. Биліктің саясатын беріле жүргізетін орындаушыға айналды. Қысқасы, бұл – биліктің мыңдаған жылдар бойы сынақтан өткен тиімді тәсілдерінің бірі.

Жоғарғы басшылықтың қара­пайым қызметкерлерден ерекше тұруы, ерекше жағдай жасалуы нағыз әлеуметтік әділетсіздік болып табылады. Оның жалақысы ғана өзгеше болуы шарт. Айтпақшы, біздің кейбір мекемелерде жоғарғы басшылыққа арналған жеке тариф­тердің бар екенін де көпшілік біле бермейді. Төраға, атқарушы дирек­тор, т.т. іссапарға шыққанда олардың қонақүйге бөлінетін ақшасы қара­пайым менеджердің ақшасымен бірдей емес. Оларға берілетін тәуліктік ақша да (суточный) анағұрлым көп. Қысқасы, 30-жылдардағы Аме­рикадағы нәсілдік бөлініс қазір біз­дің өмірімізде, қасымызда  жүр.

Меніңше, сыйақы көлемі оның жалақысына байланысты болмауы керек. Сыйақы сол министрлікке қарасты барлық қызметкерге бірдей мөлшерде болуы шарт. Егер сыйақы көлемі 100 мың теңге болса, оны Білім және ғылым министрлігіне қарасты министр де, еден жуушы да сол  мөлшерде  алуға  тиіс.

Сөз соңында, осы тақырыпқа қатысты бір мәселені айтып өткім келеді. Жиырмасыншы жылдары, Азамат соғысы аяқталып, халық етек-жеңін жинаған уақытта, Кеңес үкіметінің басшы қызметкерлеріне шендеріне қарай жалақы тағайын­дауды бастағанда Чапаев дивизия­сында ұйымдасқан қарсылық, қазіргі тілмен айтқанда, нағыз  «забас­товка» болыпты. Диви­зия коман­дирінен бастап, полк, эскадрон командиріне дейін «біздің бәріміз – отан қорғаушымыз, неліктен біздердің жалақымыз қатардағы қызыләскерден бірнеше есе көп болуы керек. Бұл – ақылға сыймайтын заң. Біз оған келіспейміз!» деп қарсылық білдіріпті… Біздің министр­ліктің басшылары, ең болмаса, сауа­ты шамалы, бірақ адамшылығы жоғары осы азаматтар сияқты болмағаны  өкінішті.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: