Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде өндіру өнеркәсібі дамығалы тұр (Аудио)

25.08.2022, 11:20 460

Мұрат  ТІЛЕУМБЕТОВ,

Жаңақорған  ауданының  әкімі:

Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін  және  мәселелерді  шешудің  жолдары  мен  мерзімдерін түсіндірсін»  делінген  еді. Міне, бұдан кейін әкімдер жаппай халықпен жүздесті. Бұқараның көкірегінде мүлгіп жатқан өзекті мәселелерін тыңдады. Бұрында әкімдердің жұмысын көруге барғанда ауылдың ақсақалдарын шақыртып, «батаменен елді  көгертіп»  жүретін еді. Енді «елдің сойылын» соғып, іспен дәлелдеуге көшкен сыңайлы. Ендеше,  облысымыздағы ірі ауданның бірі, еліміздің әр аймағынан ағылып  келетін туристік мекені бар Жаңақорған ауданының әкімінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық  жағдайын, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін сұрауға бардық. Бүгінде ауданның құрылғанына бір ғасырдан асса, мұнда 86,7 мың адам тұрады.  Ал, аудан құрамына 2 кент, 24 ауылдық округ пен 35 елді мекен кіреді екен. Осы жылдың екінші тоқсанынан бастап әкім қызметіндегі Мұрат Тілеумбетов сұхбаттасуға келісімін беріп,  біраз  мәселенің  түйінін  тарқатты.

– Мұрат Жолкелдіұлы, бұған дейін ел үшін маңызды басқармаларда басшылық қызметте болдыңыз. Осы жылдың сәуір айынан бастап Жаңақорған ауданының әкімі қызметіндесіз. Бүгінгі күні әкімдер халықпен  етене  жақын  болуы  керек деп  айтылып  жүр. Сіз  қызметке  келгелі халықпен  жүздесіп, ауданда  қандай мәселелер  бар  екенін  білдіңіз?  Халықтың жиі  көтерген  сауалы  қандай?

– Иә, өзіңіз айтып өткендей, сәуір айын­да Жаңақорған ауданының әкімі болып тағайын­далдым. Аймақ басшысының да бірінші кезекте қойып отырған мәселесі мен халықтың сұранысы екеуі түйісіп тұр. Қыз­метке келгеннен кейін елді мекендер мен кент орталығындағы тұрғындармен кездестім. Олардың бірінші кезекте қоятын сауалы және өздеріне қажетті мұқтаждарын, өзекті мәселелерін тыңдадым. Атап айтсақ, халықтың өмір сүруіне керек жарық, ауызсу, газ бен жол мәселесі қиындық тудырып отыр. Бұл жөнінде де облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы аталған мәселелерді шешу жөнінде тапсырма жүктеген еді. Біршама жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын көтеру үшін жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін  болады.

– Аудандағы басты мәселенің бірі – ауызсу. Су әлі күнге дейін сағаттап беріледі екен. Бұл мәселенің түйінін тарқатуға шама-шарқыңыз жете ме?

– Жаңақорған ауданы бойынша ауызсу мәселесі қалай шешіледі? Ауданның барлық елді мекені  мен  кентке  ауызсу  желісін  жүр­гізу  жұмыстары  жүргізіліп  болған.  Сонау  2014 жылдан «Таза су» бағдарламасы арқылы бас­талып, бүгінге шейін ауданның түкпір-түкпіріне жеткізілген. Тек кенттің ішінде азын-ау­лақ жұмыс қалды. Бірақ биыл облыс әкімі қаржы бөліп, осы жылы толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ауданды 3 су желісі ауыз­сумен қамтамасыз етеді. Олар – «Сырдария», «Талап» және «Жиделі» су желілері. «Талап» пен «Сырдария» су желілерін толыққанды суға қосу үшін республикалық ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты су ресурстары комитеті қаржы бөлуі керек. Бүгінгі таңда оның жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Осыған 480 миллион теңге шамасында су ресурстары комитеті жоба жасап, мемлекеттік сатып алу конкурсын дайындап, құрлысын жүргізуге мердігер мекемені анықтауы керек. Біздің ойы­мызша, биыл мердігер мекеме анықталып, келесі жылдың сәуір айына дейін бес ұңғыма қазылады деп жоспарлап отырмыз. Осы бо­йынша келесі аптада іссапарға шыққым келіп отыр. Егер бес ұңғыма қазылса, 27 елді мекенді ауызсумен толық қамтамасыз етеміз. Қазір де қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ су уақытпен берілуде. Өйткені жоба бойынша қазылған сегіз су құбыры толыққанды сумен қамтамасыз ете алмай отыр. Негізі 60 текше метр қажет болса, қазір 25-30 текше метр қана беріп жүр. Халықтың санының көбеюіне байланысты бұл бізге жеткіліксіз. Енді мына Шиелі ауданының жанында 6 елді мекеніміз бар. Олар «Жиделі» топтық су торабынан алады. Қазіргі таңда ол жақта да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тағы бір қуантарлық жағдай, жақында ғана «Жиделі» су торабы арқылы Тақыркөлден кент орталығына екінші су желісін салғызуға республикадан қаржы бөлініп, соның мердігер мекемесі анықталды. Алла қаласа, келесі жылдың сәуір айына дейін толыққанды жұмыстары аяқ­талып, кент толығымен ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жаз айларында егістіктің басталатын уақытында халыққа ауызсудың жеткіліксіз болуы барлық өңірде бар мәселе. Тақыркөлден екінші су желісін салсақ, біраз қиындықтан құтылар  едік.

– Ауызсудан бөлек, жаңа айтып өткен жарық, газ һәм жол мәселелеріне тереңірек тоқталып өтсеңіз. Сондай-ақ, күрмеуі шешілмей  жүрген  мәселелер  бар  ма?

– Газ мәселесінен бастасақ. 2015 жылы өзіңізге белгілі, облыс бойынша төрт ауданға газ  жүргізілді. Оның қатарында Жаңақорған ауданы да бар. Және Шиелі, Арал мен Қазалы аудандары. Сол жылдан бастап, бүгінге дейін кент ішінде  тұрған  халықтарға толыққанды газ желісі жоба-сметалық құжатқа байланыс­ты жүргізілді. Халықтың көбеюінің, кенттің ұлғаю­ының әсерінен кейбір жерлерде газ желісі жүргізілмей тұр. Бірақ жоба-сметалық құжаттарын дайындап, қаржы сұрап отырмыз. Жалпы, тұрғындардың 10-15 пайызына жетер-жетпестей ғана бөлігі газбен қамтылмаған. Ал, елді мекендердің жағдайына тоқталсам. Жеті жылдан бері ешқандай елді мекенге газ қосылмаған. Сол себепті 4 миллиард теңгеге жоба-сметалық құжаттарын тиісті министр­лікке тапсырып, бүгін­гі күні екі елді мекенге 780 миллион теңгеге қаржы бөлінді. Бірлік және Қыраш елді мекен­деріне жұмыс басталып кетті. Жыл соңына дейін аталмыш екі елді мекеннің тұрғындары газды тұтынатын болады. Одан бөлек, Құтты­қожа, Шалқия, Төменарық елді  мекендеріне газ жүргізуге мемлекеттік сатып  алу конкурсы жүріп жатыр. Аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Сондай-ақ, респуб­лика мен облыстан қаржы бөлінеді деп уәде берілді. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізіп жатырмыз. Биыл осы үш елді мекенге газ жүргізуді бастасақ, келесі жылы бітіреміз. Енді Төменарық елді мекеніне «көгілдір отын» Шиелі ауданынан тартылады. Негізі Шиелі ауданынан бастап, Төменарыққа дейін және елді мекеннің үй-үйлеріне газ желісін жүргізіп бергеннің барлық құны – 2 миллиард теңге. Қазір Төменарық­қа газ тартатын болсақ, Шиелі ауда­ны мен аталған елді мекеннің арасындағы 5 ауылға газ баруға толық мүмкіндік болады. Оның да жергі­лікті бюджеттен жоба-сметалық құжат­тары жасалуда. Сонда біз келесі жылы барлығы 8 ауылға «көгілдір отын» жеткізуді бастауға мүмкіндігіміз бар. Әрине, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан елді мекендерді кезең-кезеңімен газға қосу  мәселесі  жоспарымыз­да  тұр.

Бұдан кейінгі мәселе – жарық мәселесі. Жаңақорған ауданында жарық беру желілері 75 пайызға ескірген. Жарамсыз деп айтуға болады. Биылғы жылы кентті жарықтандыру бойынша жоба-сметалық құжаттары дайындалып, 3 миллиард 400 миллион теңгеге әзірленген жобаның 900 миллион теңгесі келіп, қазір жұмыс істеліп жатыр. Бұған қоса, 9 елді мекен­ге  демеушінің  көмегімен 2 миллиард 200 миллион теңгеге ең күрделі деген ауылдарға электр желілері бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті министрлікке тапсырылды. Биыл толық қаржыландырылады деген үміттеміз. Келесі жылға 9 ауылды жарықтандыру мәселесін жөндеу және кенттің  ішіндегі қарал­ған жоба-сметалық құжатқа байланысты 3 миллиард 400 миллион теңгені алып, оның да жұмысын бітіру. Және кенттің ішінен шыққан жарамды сымдар, жарамды трансформаторлар арқылы қалған жағдайы қиын ауылдардың жарық желілерін жөндеп беру жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Келесі жылдың соңына дейін Жаңақорған ауданы бойынша жарық мәселесін шешеміз деп сенеміз. Иә, бағана айтып өткеніміздей бәрі қаржыға байланыс­ты. Бірақ 9 елді мекеннің қаржысы шешілсе, кенттің ішіндегі 3 миллиард 400 миллион теңгені толығынан республикадан алып, жұмысты жүргізген жағдайда бүгінгі күні аудан жарығының 75 пайызы жарамсыз болса, келесі жылдың аяғында 75 пайызы жарамды болып тұруы үшін жұмыс істейміз.

Жол мәселесіне келсек, аудан бойынша жолдың  жақсы  және   қанағаттандырарлығы  82 пайызды құрап отыр. Төрт елді мекенге республикадан қаржы бөлінді. Бұны келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Егер осыны бітірсек, жолдың жақсы және қанағаттандырарылық деңгейі 100  пайызға дейін жетеді. Кент және елді мекендегі көшелердің сапасы 51 пайызды құрайды. Аймақ басшысы респуб­ликадан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойын­ша келетін қаржыдан 500 миллион теңгедей бөлінеді деп жоспарланып отыр. Егер де осы қаржы келсе, аудандық бюджеттен қосымша қаржы бөлетін болсақ, келесі жылдың аяғына дейін көшелердің индикаторлық көрсеткіші  60  пайызға  жетеді.

Айта кету керек, аяқсу деген мәселе бар. Малдың жайылымдық жерлерде суарылуы, ауылдық елді мекендердегі малдың көбеюіне байланысты жайылымдық жерлердің азайып бара жатқандығы туралы мәселелер де жоқ емес. Десе де, бұның бәрі кезең-кезеңімен сол жердегі жергілікті қоғамдастықпен, ақсақалдар кеңесінің төрағаларымен, елді мекен­дердегі әкімдермен ақылдаса отырып, күн тәрбіндегі жұмыс ретінде қарап, уақытымен шешуге  уәделес­тік.

– Жалпы, аудан өзінің тарихымен бай екенін білеміз. Осы табиғат сыйлаған байлықты қалай игеру жоспарда бар? Алдағы уақытта Жаңақорғанның өркендеуі үшін қандай жұмыстар атқармақшысыз?

– Өте жақсы сұрақ. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы басқа аудандарға қарағанда жерасты байлықтарынан бөлек, өзінің табиғи жағдайымен де ерекше екені белгілі. Шалқия кен орынында үлкен комбинаттар салыну жоспарланып отыр. Жақында келісімшартқа қол қойылды. Бұл облыстың мақтанышы болатыны сөзсіз. Біздің өлкеде уран шығатынын да білесіздер. Осыған «Байкен», «Қызылқұм» деген компаниялар жұмыс істеп жатыр. Жергілікті бюджет пен облыстық бюджетті сол шыққан өнімдердің салық мәселесі жөнінде қомақты қаржымен толтырып отыр. Біздің байлығымыз өзіміздің өсіретін өніміміз деп қарасақ, «Ақмаржан» және т.б. күріш сорттары өңірде жақсы өседі. Тек судың тапшылығы кедергі болып тұр. Бұрын 12 мың гектар егетін болсақ, қазір 6 мың гектарға түсіруге мәжбүрміз. Бұл неше жылдан бері түсіп келе жатыр. Алайда келесі жылы су мәселесі жөнінде біздің келісіміміз бар. Сондықтан 8-9 мың гектарға күріш егуді көбейтеміз. Күрішпен қатар, бидай, әртүрлі дәнді дақылдар егу бойынша өзге аудандармен салыстырғанда көш басындамыз. Мәселен, біздің Жайылма ауылдық округінің қарбызы бүкіл республикаға бренд болып есептеледі. Ондағы жердің құнарлығы және табиғаттың ыңғайлығы, күн сәулесінің түсуі жеміс-жидек пен дәнді дақылдарға көмек болып  тұр. Қазір елімізде қант тапшылығы – өткір мәселелердің бірі.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік халқымызға қолжетімді болуы үшін Алматының жанындағы бір ғылыми институтпен келісіп, тұқымдықты сол жақтан алып отырмыз. Яғни қант қызылшасын екі гектар жерге егіп бастадық. Егер биылғы жылдың өнімінде қант қызылшасының қанттық пайызын анықтап, жергілікті жерге шығымдылығы қанша болатынын зерттеу барысында жасалуда. Сондай-ақ, кәсіпкер қант зауытын салуға жұмыс істеп жатыр. Құрал-жабдықтарды алуға Пәкістан мемлекетімен келісімшартқа отырды. Дегенмен, біздің жоспар – келесі жылдың егін жинау мерзіміне дейін зауытты іске қосу. Сол кезде ауданымыз толық қантпен қамтылып, артылғаны өзге қалаларға жіберіледі. Бірінші кезекте кіші сыйымдылықтағы зауыт салынады. Бірақ болашақта өзінің кеңеюіне қолайлы қылып жасалуда. Бұдан басқа, әктің шығып жатқанын білесіз. Кен байлығымызға байланысты тас өнімдері, шебень дегендер шығып жатыр. Қызанақ пастасын (томат) өндіретін  цех ашу жөнінде келісімшарт та жүргізілді. Жалпы, келесі  жылдың  соңында өлкемізде өндіру  өнеркәсібі дамығалы тұр. Себебі басталғанына екі жыл болған құс фабрикасы да  іске  қосылмақшы.

– Сіздің негізгі мамандығыңыз инженер-құрылысшы және экономист қой. Ендеше, келесі сұрақ сіздің біліктілігіңізге қатысты. Ауданда  қандай  нысандар  бой көтермекші?

– Жаңа айтып өткен ауызсу, газ, жол мен электр бойынша мәселелердегі құрылыстар инженер маман болғанымның арқасында және осы уақытқа дейін істеген жұмыс­тардағы тәжірибелерім көп көмегін тигізді. Жаңақорған ауданында мектеп салу бойынша мұқтаждық жоқ. Тек қана екі елді мекенге мектеп салуымыз керек. Бұл жөнінде бастама көтерілді. Ауылдық жерлерге амбулатория, дәрігерлік пункт салу жөнінде қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттен үлкен жалдамалы үй салуға қаржы бөлінбей отыр. Дей тұрғанымен, оның жоба-сметалық құжаты дайын. Егер қаржы бөлінсе, бұл құры­лысты бастаймыз. Тағы да халыққа маңыз­ды құрылыстарды бастауды жоспарлап отырмыз. Бірақ  құпия ұстағанды жөн санадым. Айып етпеңіз.

– Мемлекет  басшысының  Жарлығымен бекітілген «Балалар жылының» жартысын еңсердік. Жаңақорғандық  балаларға тарту ретінде  қандай  игі  бастамалар  қолға алынбақ?

– Иә, биыл ҚР Президентінің Жарлығымен «Балалар жылы» болды. Соған қатысты жұмыстар істелуде. Кеше балалар күнінде орталық алаңда жақсы іс-шара ұйымдастырылды. Балалардың барлығы қуанып қалды. Балалар жылында мүгедек балаларды, тума ерекше болып дүниеге келген балаларымызды ұмыт қалдыр­май,  ауқымды іс-шаралар өткізілді. Солардың  көңілін  көтеру  мақсатында Алматы қаласынан арнайы цирк шақырттық. Ол цирк қызметкерлері кешке дейін өз өнерлерін көрсет­ті. Және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, балаларға велосипед берілді. Бұған қоса, аудан атынан да бағалы сыйлықтар табыс­талды. Құрбан айт кезінде де орталық алаңда «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық  қорының  еріктілері құрбандық шалып қана қоймай, балаларға ойын алаңдарын тегін қылып, тәтті сусын мен балмұздақ таратты. Сол күні орталық  алаңға  келетін қоғамдық көліктер тегін болды. Бұның бәрі балалардың қуанышы үшін жасалынды. Қазіргі таңда балалар жылына арналып 2,6 гектар жерге «Балалар және жастар паркі» салынып жатыр. Қазан айында ашылу салтанаты болады деп жоспарлап отырмыз. Осы паркпен балалар жылын қорытындыламақшымыз. Бұл паркте балалар­ға арналған аттракциондар, жастарға арналған алаңдар, демалыс орындары, концерттік іс-шаралар өткізіле­тін орындар болады. Сондай-ақ неке сарайын да салу жоспарда бар. Бірақ бұны биыл үлгермей қалуымыз кәдік. Дегенмен,  парк  күз  айында  іске  қосылады.

Сұхбаттасқан  Азамат  АБИМОЛДА,

Жаңақорған  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: