Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Вот, народ…!»

23.02.2021, 9:00 641

Мөлтек  сыр

(Бұл Кеңестік жүйені аңсау емес, жай есіме түсіп кетті…)

Кезінде Совет Армиясының құрылған күні 23 февраль үлкен мереке еді. Осынау айтулы датада соғыс ардагері марқұм әкем орден-медальдарын тағып, мектепте өтетін салтанатты жиынға асығады. Шәкірттері сыйлаған кітап, құтпарақ, пластмасса гүлді алып, балаша қуанып үйге жетеді. Ооо… мұндай сәтте папамнан асқан бақытты адам жоқтай көрінеді.

Сұрапыл шайқастан жиырмаға толар-толмас шағында ауыр жараланып келіп, қос балдаққа сүйеніп жүріп, сандаған шәкірттерді білім көгіне қанат қақтырған кешегі майдангер ұстаздың көрген бар қиындығы ұжымдастары мен оқушыларының ыстық ықыласынан өтелгендей күй кешеді… Дәл осындай көрініс 9 май күні бұлжытпай тағы қайталанады. Салтанатты жиын… керемет лебізге толы құтпарақ… пластмасса гүл… соғыс туралы кітап… Сол кезеңдегі ең бағалы сыйлық болатын…

Кітап демекші, ғұмыр бойы ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарған әкем ай сайынғы жалақысынан үй толы үйректің балапанынша шүпірлеген перзенттерінің аузынан жырып кітап сатып алушы еді. Газет-журнал, кітап әкеміз оқып болған соң ғана жасымызға қарай сатылап, қолымызға тиеді. Егер ұқыпсыздық танытып парағын бүктесең, жазатайым жыртып, немесе бүлдіріп алсаң, сазайыңды тартасың… Мұндай дағды сол тұстағы әкелердің көпшілігіне тән деп ойлаймын. Қазір әке-анамыздан қалған қарашаңырақты шайқалтпай ұстап отырған інімнің үйіне барған сайын міні құрымай сақталған сол кітаптар көзіме оттай басылады…

Солардың ішіндегі 3 мәрте Совет Одағының батыры, даңқты ұшқыш Александр Покрышкинің «Аспандағы айқас» атты туындысы мен үшін аса қымбат. Бала кезімде сан мәрте құмарта оқып шықтым. Тіпті кітаптағы әрбір кейіпкердің тағдыры, зеңгір аспандағы қиян-кескі шайқас, ерлікке толы әрбір оқиға санамда өшпестей жаталып қалған-ды. Түсімде көк жүзінде шарықтап ұшып жүргенімді көретінмін. Балаң көңілімде Покрышкинмен кездесіп, тілдессем деген арманым болатын

Арада біршама жыл өткенде батырдың өзімен жүздеспесем де, қызықты оқиғаны бастан өткердім.

Шаруашылықта жұмыс істеп жүргенде бірнеше адам болып Сібірге іссапарға шықтық. Алдымен Ақтөбеден ұшаққа отырып Новосибирск қаласына бардық. Әрі қарай пойыз арқылы Лесосибирск қаласына жетуге тиістіміз. Күткен пойызымызға уақыт ертелеу екен. Қаланы аралауға шықтық. Әсем қала жасыл желекке малынып тұр.

Сәйкестік дегенді қойсаңшы, жанымдағы сапарлас серіктерім Дулан мен Нұрбек, мен үшеуміздің жасымыз құрдас, бойымыз да, тұлғамыз да қарайлас болып шықты. Құдды, іріктеуден өткізіп, таңдап жібергендей. Денсаулығы түзу, күш-қайраты бойында жиырма бестен жаңа асқан жастардың пошымы қандай екені белгілі ғой.

Кенет… Сәнді киінген жігіт ағасы сыпайы сәлемдесіп, қандай ұлт өкілдері екенімізді сұрады. Біздің қазақ екенімізді естіген соң, «Вот, народ!..» деді сүйсінген үнмен. Мәз болып қалдық.

Орталық көшенің бірінен алып ескерткіш-мүсіннің іргетасын құйып жатқан құрылысшыларды жанарымыз шалды. Міне, қызық! Даңқты ұшқыш Александр Покрышкиннің мүсіні екен. Қатты толқыдым. Шалғайдағы Қазалының қара баласы кітап арқылы ерлігіне қанық батырдың туған өлкесіне барып, ескерткішін көзбен көремін деп мүлде ойламаған едім. Құрылыстың қасынан айналшықтап шықпай қойған мені қызба мінезді Дулан құрдасым ұрысып, зорға ертіп кетті.

Ертеңіне діттеген жерімізге қарай бет алдық. Сол сапарда жолымыз оңғарылып, ойға алған шаруамызды аса қиналмай бітірдік. Елге аман-есен, олжалы оралдық.

Айтпақшы, арада көп уақыт өткенде сол сапарымыз туралы менің «Сағыныштан сарғайған Сібір» атты көлемді әңгімем жарық көрді…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Суретте: Александр Покрышкинің ескерткіші

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: