Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы ұстаз – жарық күн

03.06.2021, 10:00 1101

Мұғалімнің ісі сырттай қарапайым, еш қиындықсыз көрінгенімен, шынтуайтында табандылықты талап ететін аса күрделі сала екендігі даусыз. Ұстаздық қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермес. Себебі, жауапкершіліктің жүгін арқалайтын маңызы бар іс екені айдан анық емес пе? Ұстаз деген ұлағатты атаудың атына сын келтірмей, өз саласының үздігі болып, қызметін мүлтіксіз атқарғандар қаншама!?

Өйткені, «ұстаз» атауы тек бүгін қалыптасқан ұғым емес. Өткен тарихтың беттерін парақтасақ, сонау ықылым заманда да осы игілікті іспен айналысқан, шәкірттеріне үйретуден жалықпаған ұлы тұлғаларды кездестіреміз. Мәселен, ғылымның көптеген саласының негізін қалап, сүбелі еңбек жазып қалдырған «адамзаттың бірінші ұстазы» атанған Аристотельді айта аламыз. Сонымен қатар, 150-ге тарта трактат жазған әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби де осы салада өлшеусіз үлес қосқан. Ал, Арыстанбабтың шәкірті Қожа Ахмет Яссауи өзіндік жолын қалыптастырып, өзі де бірнеше шәкірт тәрбиеледі.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, таудай талабы мен өзіндік ұстанымы бар, берік қағиданы негізге алып, кемеңгері салған сара жолмен жүріп, даңғыл жолы қалыптасқан дара азаматтар біршама екендігі тайға таңба басқандай анық. Аристотель – Ескендірдің,  Құрманғазы – Динаның,  Абай – Шәкәрімнің, Шөже – Біржанның бағыт берер бағдаршамы, жолындағы шамшырағы іспеттес болды. Сайып келгенде, үйретуден еш жалықпаған бұл жандардың еңбегі еш кетпеді. Себебі, бірі – даңқты қолбасшы, енді бірі – шоқтығы биік шығармалардың авторы және айтыстың дүлдүлі мен өлеңнің өлкесінде жүрген ақын. Ал, басқа да айтылмай қалған ұстаздар  қаншама…

Бүгінде мектептің жүрегіне айналған, әрбір баланың анасындай болып, бәріне ерекше ықыласпен қарайтын, көңіліндегісін тауып оқитын мейірімді мұғалімдер де өз міндетін жоғары деңгейде орындайды деп айта аламыз. «Таусылмайтын кен» саналған, ешқашан тот баспайтын білімді оқушы санасына ұялатып, оқуға деген құлшынысын арттырып, олардың келешегінің кемел, болашағының жарқын болуы үшін еңбек етіп келеді. Өрескел қылық жасауына жол бермей, ерсі әрекеттеріне тосқауыл болып, бойына бар асыл қасиетті сіңіреді. Осылайша, тағылымы мол сөздері мен өнегелі істері арқылы оқушының таным көкжиегін кеңейтіп, парасат-пайымын арттырып, әр шәкірттің жүрегінен жол табады. Ұлағатты ұстаздар қауымы әлі де осы алған бағытынан еш танған жоқ, тайған да емес. Себебі, олар мектеп табалдырығын аттаған кішкентай ғана бүлдіршінді үлкен өмірге қадам басатын тұлғаға айналдыруды мақсат етеді. Осы жолда қиындық пен түрлі сынақ кездессе де, өз ісіне мығым жандар балаға білім беріп бейімдеуден, әсте, алыстаған емес. Өйткені, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген ұстаздар мұны пандемия кезінде, онлайн оқыту барысында тағы бір мәрте дәлелдегендей.

«Қашықтан оқыту» айтар ауызға оңай болар, сірә? Десек те, мұның да өз алдына қиындықтары бар екенін ескерген жөн. Себебі, мектепте білім берудің жолы басқа, «сымсыз байланыс» желісі ұялы телефонмен онлайн өтудің жөні бөлек. Ал, енді қайсысы арқылы оқушыға білім беру қолайлы? Тиісінше қайсысы жеңіл? Белгілі уақыт ішінде жаңа тақырыпты түсіндіру, айшықты ойларымен оқушы жолын айқындап беру, олармен кері байланыс орнату оңайға соқпағаны анық. Әйтсе де, кұдіретті күннің сәулесі іспеттес мұғалімдер білім қақпасын айқара ашып, балаға үйретуден еш жалыққан емес. Осылайша көрегенділіктің көрнекті үлгісін көрсетіп, қиындықты елемей, өзінен гөрі шәкірттің қамын ойлап, болашағына алаңдайтын ұстаздың қызметі ұлы демей не дейсіз? Осы орайда қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дарынды ақындардың бірі Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзі есіме түсіп отыр. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Иә, алдына келген баланың қабілет-қарымын шыңдап, білімді дарытып, әрқашан жылы лебізі мен тәтті тілегін арнап, қолдау көрсететін ұстаздардың еңбегі – ерен, қызметі – ұлық.

Замира  ҚОНЫСЖАН,

Қорқыт  ата атындағы  ҚУ-дың   2-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: