Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа оқу жылында жарқын жетістіктер мол болсын!

01.09.2026, 9:05 21

HALYQLINE.KZ

Құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар!

Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында елордада өткен республикалық тамыз конференциясында: «Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ» деп осы саладағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Бүгінде Сыр өңірінде Президентіміздің және Үкіметтің ерекше қолдауымен сала инфрақұрылымын дамытуға, білім сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. 2022 жылдан бері 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде көп жылдан бері өзекті болған үш ауысымдық мектептер мәселесі толық шешімін тапты.

Биыл балаларымыздың білімге, ғылымға және жаңа технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асты.

Президент саябағы аумағында ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығы жыл сайын 8 400 баланы робототехникаға, бағдарламалауға, инженерлік жобалауға баулиды. Осы аумақта ашылған Ботаникалық білім беру орталығында оқушылар биология және экология салаларын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік алды.

Ал «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығы студенттер мен өндіріс мамандарына заманауи технологияларды игеруге жол ашты.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жалғасуда. Биыл 31 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 28 білім беру ұйымына 46 пәндік кабинет сатып алынды.

Сонымен қатар, Әл-Фараби шағын ауданында 360 орындық инновациялық- шығармашылық орталық құрылысы басталады.

Биыл 967 түлек «Алтын белгі», 1124 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттың болашағы мен елдің ертеңі – бүгінгі білімді ұрпақтың қолында. Жеткіншектердің бойына білім мен тәрбие дарытып, елге қызмет етуге баулитын ұстаздар еңбегі – елдің ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес.

Осы жауапты жолда баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілеймін!

Жаңа оқу жылында жарқын жетістіктер мол болсын!

Мұрат  ЕРГЕШБАЕВ,

Қызылорда  облысының  әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: