Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды

17.08.2022, 9:40 664

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, жаңа оқу жылына дайындық барысы сараланды. Үкімет басшысы оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілу қажет екенін айтты.

Жиынға бірқатар министрлер мен онлайн режимде барлық өңірдің әкімдері қатысты. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша сала басшыларына арнайы тапсырмалар берді.

Биыл аймақтағы 295 мемлекеттік, 16 жекеменшік мектепте 182 мың оқушы білім алмақ. Осы ретте, екі апатты мектептің (Арал №71, Жаңақорған №169) ғимараты жаңа оқу жылына тапсырылады. Биыл 1-сыныпқа 17 898 бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.

Аймақ басшысы жаңа оқу жылын бастауда еш кедергі болмау қажет екенін ескетті.

Қала, аудан әкімдеріне жергілікті жердегі барлық мәселеге жауапты екендіктеріңізді тағы да бір еске саламын. Сабақ процесі еш кедергісіз басталуы керек. Көмекке мұқтаж отбасының балаларына қажетті барлық қолдау шараларын жүзеге асырыңыздар! Бұл тек басқарманың ғана емес, қала, аудан әкімдерінің де тікелей міндеті!,- деді Н.Нәлібаев.

Сондай-ақ, білім саласындағы тағы бір көтерілген мәселе – оқулықтардың жеткізілуі. Нұрлыбек Машбекұлы бұл мәселеде мектеп оқушыларына тиісті берілетін кітаптарды үлестіру жұмыстарын ерте ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жылы жалпыға міндетті оқу қоры аясында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санаттағы 31 322 бала анықталды. Бұған жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлінген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: