Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаздың ұстанымы дұрыс болуы керек

03.02.2022, 10:00 640

Ұстаз – ұлағатты есім. Ес білген шағыңнан бастап-ақ, балабақшада, мектепте, тіпті  жоғар­ғы оқу орындарында да сен үнемі көмегі мен қолдауына зәру болатын жан – ұстаз. Сенің өмірге нық қадам басқанға дейінгі жолсері­гің, дұрыс-бұрыс бағытыңды нұсқаушы – бағдаршамың. Өміріңнің алғашқы кірпіші боп қаланып, бақытың үшін бар жауапкершілігіне алып, білгенін аямайтын бірден-бір орны ерек тұлға. Ол туралы әлемнің екінші ұстазы әл-Фара­би: «Ұстаз… жаратылысынан  өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтай­тын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп  қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін   ержүрек»  деп  баға  берген.

Десек те, бүгінгі күннің ұстазына бір назар бұрайықшы…

Қазақ қашанда ұстазды құрметтеген емес пе еді!? Айта кеткеніміздей, өміріміздегі орны ерекше жанды соңғы уақытта бұрынғысынан да ерекше бағалап, қадіріне жеткенімізден бе, қазірде екінің бірі ұстаз атын арқалауға тырысатындай. Салмағын жан сезбегенімен, жауап­кершілік жүгін жанымен қабылдап, жүрек­пен түсініп жатқаны шамалы. Сәйке­сінше, «Еті саған болсын, сүйегі маған» деп сеніммен шәкірт етіп тапсыратын ата-ананың азайғанын да байқаймыз. Ұстаздың ұлы қызме­тін атқар­ғысы келетіндер расымен көбейіп қуантуда деп ойлайсыз ба? Бұл сұраққа бірқатар ұстаздың пікірімен жауап беруге тыры­сайық.

Қазіргі таңда ағылшын және қытай тілі маман­дығының магистранты, «Достық» білім беру орталығының оқытушысы Гүлзия Жүгі­ніс:  «Расымен  де  қазіргі таңда  ұстаз­дың  құрметі артқан. Еңбегі еленіп, нәтижелі жұмысына сай  көңіл  толымды еңбек демалысын да алатын бірден-бір мамандық. Жауапкершілікке үйрете жүріп, өзіңді де тәрбиелейтін қызығы мен қиындығы қатар жүретін ерекше орта – мектеп. Құрметімен қоса жалақысы да артқаны көңіл қуантады, дегенмен, жаның сүйген іспен айналысып жемісін  жеудің  берекеті  тіпті  бөлек»,  –  дейді.

Ұстаз дегенде білгенін бөлісуге асығатын жан ойға   оралады. Олардың  бүгінгі  ахуалы  қалай? Естен шығармайтын бір жайт бар, ол ұстаз – қай ортада да ұстаз. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан мектеп мұғалімдеріне көрсетіліп жүрген қолдаулар мамандық майталманы болам деушілердің қатарын көбей­туде екенін айта кеттік. Бірақ ЖОО оқыту­шылары мен мектеп мұғалімдерінің еткен еңбектерінің терезесі теңескенімен, жалақы мөлшері мүлде бөлек. Осы турасында аздап тоқтала кетсек. Салыстырмалы түрде ЖОО-да 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар тұлғаның айлық жалақысы мектепке қазір қабылданған жас маманның айлық табысынан аз мөлшерде. Қазіргі көрсетілім бойынша мектепке жаңа қабылданғандардың ең төменгі айлық  мөлшері  230 000 теңгені құраса,  ЖОО  оқытушыларында  205 000  теңгеден  аспайды.

– Дәл қазіргі уақытта мұғалімдік қызметке сұраныс көбеюіне жалақының жоғарылауы – негізгі мұрындық. Шындап келгенде ұстаздық ғылымға ғашық, жасөспірімдермен жұмыс істегенді жаны сүйетін, шын көңілімен қалаған жан келсе ғана жұмыс нәтиже бермек. Сонда ғана топ жарар тарлан шығары анық, – дейді Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың аға оқытушысы Аякөз Әбдіразақова.

Жәмила  ЕРМАХАН,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: