Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттың үкілі үміттерінің заманауи мектебі

06.10.2022, 10:40 609

Z буынның басым бөлігі – ізденімпаз. Олардың ойы, көзқарасы, ісі аға буынға ұнамауы әбден мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Екі ғасырдың адамының арасында дискуссия жиі болатыны анық. Өйткені олар екі жағдайда өмір сүрді. Бірінің көргенін екіншісі көрмеді. Сол себепті көп жағдайда ХХ ғасырдың ұрпағы өз балаларын да түсінбей жатады. Дегенмен, оларға қолғабыс етіп, перзентінің білімді, бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Бұрында ата-ана баласының дені сау болса болды деп қарайтын еді. Қазір мүлде басқа. Мектепке, үйірмеге, қосымша сабақтарға жетектеп, инвестицияны балаға құюды көп ата-ана жөн көреді. Бұл – дұрыс шешім. Қазіргі таңда жоғары оқу орнына мемлекеттік грантқа түсудің кілті – ұлттық бірыңғай тест. Мұнан сүрінбей өтсең, тегін білім алып қана қоймай, шәкіртақы да алатының белгілі. Сондықтан ата-ана да, бала да ҰБТ-ға дайындайтын тестке жиі қатысады. Соның арқасында жоғары балл алу мүмкіндігі көбейе­ді. Әрине, ең алдымен, бұл баланың зейініне байланысты. Демек, тесттің құрылымын түсіндіріп дайындайтын оқу орталықтарына сұраныс болғаннан кейін бұл жақта да бәсеке екі есе жоғары. Алайда бірі құр ақшаны қағып алса, енді бірі нәтиже арқылы өзін дәлелдеп отыр. Тіпті, кезінде жай курс болғандар ауқымын кеңейтіп, мектепке айналып қайта ашылуда. Міне, әңгіменің әлқиссасын айтып, облысымызда жақында ашылған  халықаралық №125 High School жайында сөз қозғайық.

Бұл  мектеп  2011 жылы ҰБТ-ға оқушыларды дайындайтын курс болып  ашылып, алғашқыда 38 оқушыны қабылдаған. Осы оқушының бәрі мемлекеттік грантқа түскен. 2018 жылға дейін курс болып жұмысын жалғастырып, оқушылардың жоғары нәтижесімен ата-ана­ларын  қуантқан. Мәселен, 2013 жылы 250 оқушының және 2015 жылы 500 оқушының 98 проценті жоғары оқу орнына грантқа түссе, 2017 жылы 8300 оқушының 95 проценті мемлекеттік грантты иемденді. Сондай-ақ, 2018 жылы 9600 оқушының 93 проценті еліміздің университеттерінде тегін оқу мүмкіндігін алды. Ал, 2019 жылдан бастап, Тараз қаласында мектеп ретінде ашылуды жөн санапты. Қазіргі таңда мұндай мектеп  еліміздің 17 қаласында бар. Сыр бойы да бұл тізімге кіреді.

– Жалпы, біздің  мектептің  сыйымдылығы 320 оқушыға арналған. 10-11-сынып оқушыларын ғана қабылдаймыз. Қазіргі таңда жаратылыстану бағытындағы бес пән бойынша қабылдап жатырмыз. Алайда егер басқа бағыттағы пәндерге сұраныстар түсіп жатса, оны да алдағы уақытта ашатын боламыз. Айта кету керек, біз тек 5 пән бойынша сабақ кестесін қоямыз. Мәселен, физика-математиканы таңдаған оқушы осы пәндермен қатар, негізгі Қазақстан тарихы, математикалық сауат­тылық, оқу  сауаттылығын  оқиды. Таңғы 9-дан түске  дейін лекция сабақтары, ал одан кейін менторлық сабақтар өткізіледі. Біз аттестат беретін болғаннан кейін, басқа да пәндерді апта соңында қысқартылған түрде оқытамыз. Қызылорда қаласында ең алғаш рет ашылған мектеп болғанымен, республика бойынша 2624 түлек бұл мектепті тамамдаған. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы  мектепке 140 оқушы қабылданды, – деді №125 High School мектеп директоры  Тұрар  Сағидуллаев.

Ал енді, неліктен мектептің атауы 125? Бұл мектеп ҰБТ форматы өзгерген тұста ашылғанымен, курс ретінде өз жұмысын бастағанын айтып өттік. Сол уақытта ең жоғары ұпай 125 болды. Сол себеп­ті бұрынғы атаумен қалғанын мектеп ұжымы мәлімдеді. Қайткенмен де, бұл ұпай саны максималды екенін көрсетіп тұр. Сонымен қатар, медиа мамандары 1+2+5=8 деп пікірін айтты. Сегіз саны шексіздікті көрсетеді деп  тұжырымдады.

Осы тұста ата-ана тарапынан «қарапайым мектептен бұл мектептің айырмашылығы қандай?» деген сұрақ туындайды. Өйткені мектеп бағдарламасынан бөлек, баланың жеке индивид болуына күш жұмсалады. Яғни оқушының бір салаға бейімделуіне мұғалімдер тарапынан үлкен жұмыс жүргізіледі. ҰБТ-ға дайындық та жүйелі түрде жүргізіледі. Апта сайын, ай са­йын тест алып, баланың тестке деген эмоционалдық қорқынышын жоюға әрекет жасалады. Тіпті, IELTS, TOEFL, SAT тесттеріне дайындық жұмыстары да бұл оқу орнында қамтылған. Дей тұрғанымен, бұл мектепте білім алу ақылы түрде  жүргізіледі.

Бұған қоса, мектеп мұғалімдері іріктеу арқылы таңдалған. Олардың кәсіби біліктілігі, еңбек өтілі, тіл деңгейі жұмысқа қабылданбас бұрын ескерілген. Мұғалімдер де оқушылар секілді тест тапсыру арқылы қабылданыпты. Десе де, мектеп мұғалімдері қатарында кімдер бар екенін айта кеткен жөн. «125 QYZYLORDA high school» халық­аралық 10-11-сыныптарға арналған мектепте 20 мұғалім қызмет атқарады. Мұнда арнайы профориентолог мамандар оқушылардың  мамандық  таңдауында  психо­логиялық  зерттеу  жұмыстарын жүргізіп, оларға бағыт-бағдар береді. Мұғалімдер құрамында шебер, педагог-зерттеуші, жас мамандар шәкірттерге дәріс береді. Ең алдымен, мектеп директоры Тұрар Мақсұтұлынан бастасақ. Ол «Достық» білім беру орталығында басшылық қызмет атқарған. Ал, Орынбек  Нұрмаханов осы мектепке конкурстық негізде жұмысқа қабылданып, елімізге физика пәнінен ҰБТ-ға дайындалудың  соңғы әдістерімен танылып келеді. 2020 жылы Қызыл­орда облысының білім басқармасының «Құрмет  грамотасы», 2021 жылы білім және ғылым министрлігінің III дәрежелі дипломы, 2021 жылы  Қызыл­орда  қаласы «Жыл үздігі – 2021» номинация­сын  иелен­ген. Тарих  пәнінің  мұғалімі, педагог-зерттеуші Анар Байтабынова 2021 жылы Қызылорда  облысының   әкімінен  «Алғыс хат» және Қызылорда облысының білім басқармасының «Алғыс хатын» алған.  Сондай-ақ, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ  тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педа­гог-зерттеуші,  педагогика  ғылымдарының  магист­рі  Гүлнұр  Дәрібаева  2021  жылы Қызыл­орда  облысы білім басқармасының «Алғыс хаты», 2021-2022 жылдары Қызыл­орда қаласы әкімінің «Алғыс хаты», 2022 жылы Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатын» иемденген. Міне, ұлт баласын тәрбиелеуде бұл мектептің ұстаздары  да  аянып   қалмағанының   көрінісі.

Қоғамда өз  дегеніне  жету  үшін  арманға  деген  құштарлық  жеткіліксіз. Әрекет қажет. Біз бәрін білмеуіміз мүмкін. Бірақ білетін адамнан үйренуден жалықпау керек. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушының алғашқы сыналатыны – оның білімі. Бүгінгі таңда сол білімді  ҰБТ форматында қарайды. Сол себепті  бұған  тыңғылықты  дайындалған  дұрыс. Иә, ҰБТ өмірді шешпейді деп айтады. Дегенмен, өміріңнің алдағы төрт жылы қандай бола­тынына көп көмегін тигізеді. Оның үстіне, мұндай  мектептер жастарға мол мүмкіндік береті­ні анық. Қысқасы, ұлттың үкілі үміттерінің енді замануи мектебі облысымызда да бар. Мектептің ішіне кіргенде әрбір жастың көзінде, жүрегінде бір-бір үміт бары сезіледі. Соған қарағанда мұнда талай ғылым мен білімнің, өнердің саңлақтарын тәрбиелейтін оқу  ордасы болады дегенді сеніммен айтуға болады.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: