Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

20.10.2022, 10:20 271

Оқушы – әлемдік бәсекеде қабілетті тұлғаға айналатын, еліміздің ертеңі мен болашағымыздың өркендеуіне үздіксіз үлесін қосатын саналы ұрпақ. Ал олардың білім деңгейін жоғарылату – әрбір ұстаздың парызы. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін білім жолында ұстаздардың міндеті күрделі болып саналады. Олар оқушыларды білікті маман етіп, білім сапасының көтерілуіне қажырлы еңбек етеді. Бүгінде облысымызда шәкірттерді білімдар етіп тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған десек қателеспейміз. Бірақ білім деңгейі мен ұстаздардың біліктілігіне келгенде мәселе жоқ дегеніміз артықтау болар. Қазіргі таңда ұстаздар тәжірибесін арттырып, оқушылардың білімін жетілдіру мақсатында түрлі бағытта іс-шаралар  жасалынады.  Жүйелі жұмыстардың  нәтижесінде  қаламыз бойынша  білім  сапасы  төмен көрсеткіште  емес.

Нақтырақ айтқанда, 2021-2022 оқу жылында қала бойынша 55 мектепте  66969 оқушы 2704 сынып бөлінісінде білім алып, білім сапасы 54%-ды құраған. Өткен жылғы білім сапасымен салыстырғанда 2 пайызға өсу көрсеткіші байқалады. Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің XXI ғасырдағы әлемдік аренадан алатын орны оның интеллектуалды әлеуетімен, мамандардың біліктілік және шығармашылық шеберлік деңгейімен сипатталатыны белгілі. Сондықтан білім деңгейін көтеру бағытында Ұлттық бірыңғай тестілеудің де нәтижесі аса маңызды. Қалалық білім бөлімі берген мәліметіне сәйкес, қала бойынша 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін 51 мектепті 2480 оқушы бітіріп, оның 2389-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, қатысу пайызы 96,3-ті құрап отыр. ҰБТ қорытындысымен жалпы орташа балл 76,6 пайызды құраған. Айта кетейік, ең жоғары 137 балды №101 мектеп-лицей бітірушісі Дәулет Омаров жинады.

Балаларды оқытып, тәрбиелеу арқылы білім сапасын арттыруда мұғалімдердің рөлі мен шеберлігі аса құнды. Сол себепті, кәсіби шеберлік пен біліктілік бағытын кеңейту үшін мұғалімдер жүйелі курстар түрлеріне қатысып, тәжірибе алмасу бойынша семинарларға, педагогикалық оқуларға жіберілуі керек. Мұндай педагогикалық оқуларға біздің облысымызда айтарлықтай жағдай жасалған. Оның нәтижесі оқушылардың оқу қабілетіне әсер ететіні анық. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ҚР Білім және ғылым  министрлігі  мектепке  дейінгі және орта  білім  беру  комитетінің 2022 жылғы 18-6/1248-И санды хатына сәйкес ағымдағы жылдың 13 маусымы мен 18 қарашасы аралығында пәндік құзыреттіліктерді арттыруға арналған біліктілік арттыру курстары басталды. Біліктілік арттыру курстарына пәнаралық және 44 бағдарлама негізінде 12 пәннен, оның ішінде математика, информатика, физика, химия, биология, география, тарих, ағылшын тілі, орыс тілі, қазақ тілі және бастауыш сыныптары бар. Жалпы,  Қызылорда  облысы  бойынша 2939  мұғалім  дәріс  алуда.

Қай кезде де білім сапасы үнемі жетіліп, жаңаруды талап етеді. Жаңа дәуір, жаңа көзқарас, жаңашылдықпен бүгінде тәжірибе жинақтап, біліктілікті арттырудың арқасында қаламызда жоғары және бірінші санатты мұғалімдер саны көбейіп келеді. Жалпы, қаламызда 7480 мұғалім бар. Оның ішінде модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер мұғалімдер саны – 5533. Яғни, жоғары білімді, тәжірибесі мол мұғалімдер 74 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, жақында ғана «Үздік педагог» жеңімпаздары анықталып, қаладағы бірқатар мектеп мұғалімі құрметтелді. Осындай үздік ұстаздардың арқасында талай оқушы түлеп ұшып, бірталайы үлкен жетістікке жетіп, қабілеттілері әлемдік бәсекеде топ жарып келеді. Дегенмен, қай салада да жеткіліксіздіктің болатыны айқын. Қалада қазақ және орыс мектептерінде мұғалім саны жеткілікті болғанымен, аралас мектептердің орыс бөлімдеріне ғана орыс тілі пәнінің мұғалімдері жетіспейді.

Асем  Пірімова,  мұғалім:

– Білім берудегі тың реформаларды жүзеге асыру, оқыту мен тәрбиелеуге оң ықпал етуде біліктілікті арттыру курсынан өтудің маңызы зор. Қазіргі таңда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттары, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталықтары өткізіп келеді. Ол үшін әр мектептің кафедра, әдістемелік бірлестігінде әрбір мұғалімнің біліктілікті арттыру курсынан өтудің перспективалық жоспары болады. Соған сәйкес, пән мұғалімдері кезекпен қайта даярлау курсынан өтеді. Мұндайда қалалық білім бөлімі жүйелі бағдар беріп, педагогтерге арналған сайыстардан да қалыс қалдырмайды. Біліктілікті арттыру курстарынан тәжірибе жинақтау барысында ой-өрісін одан әрі кеңейіп, білім жүйесінде сан алуан әдіс-тәсілдердің бар екенін аңғарып, сол шеберлігіңді оқушыларға қолданып, білім жүйесіне қосқан елеулі үлесім деп сезінесің.

Тұрсынай  Есенбекқызы,  ата-ана:

– Өз басым қаламыздағы мектеп мұғалімдеріне ризамын. Түрлі тәсілмен оқушыға сабақ түсіндіріп, зейінін ашуы, ынталандыруы зерек балалардың санын көбейтетіні анық. Қазіргі таңда жас мұғалімдердің ойлау қабілеті ерекше, сондықтан да балаларымыздың санасына айрықша әдіс-тәсілдермен білім нәрін құйып жатса, біз өте қуанышты боламыз. Мұндай кезде әрбір ата-ана өз баласын бақылап, қадағалап, сабаққа үзбей жіберуі тиіс. Сонда ғана бала сабаққа дайындалып, ерекше ден қойып, телефон ұстауда да өзін шектейді.

ТҮЙІН.  Адамзат  баласының  жеткен  жетістіктері  мен  ұлы игіліктерінің бәрі – білім қазынасы арқылы келеді. Сол қазынада болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Сондықтан  білім жүйесін жүйесіз жібермей, әлемдегі үздік білім деңгейінен көрініп, басым бағыттардың бірегейі білім саласында дамуымыз толастамасын.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: