Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Профессорға көше атауы берілді

20.08.2021, 16:42 514

HALYQLINE.KZ «Бүгін Қызылорда қаласында аймақтағы тұңғыш техника ғылымдарының кандидаты Базарбек Қашқынбаев атына көше берілді» деп хабарлайды университет медиа орталығы.

Қызылорда қаласындағы Саяхат-5 көшесі енді ғалым-ағартушы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Базарбек Қашқынбаев есімімен аталатын болады. Шараның ашылуына қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, ҚР Парламенті Сенаты әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің  төрағасы Мұрат Бақтиярұлы және техника ғылымдарының докторы, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Қылышбай Бисенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай, профессор-оқытушылар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

«Ұлағатты ұстаздың есіміне құрмет көрсетіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 3 ақпандағы қорытындысына сәйкес, Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Қызылорда қаласынан Қашқынбаев Базарбек Қашқынбайұлы  атына көше берілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессордың атында арнайы дәрісхана бар. Ғылымдағы салған сара бағыты мен ізденістері жалғасын табуда. Қазіргі таңда облысымызда білім және ғылым саласында қызмет еткен тұлғаларды насихаттау жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз», – деді Қазыбай Құдайбергенов.

Базарбек Қашқынбайұлы елімізде жоғары білімді педагог-кадрлар даярлауға сүбелі үлес қосқан. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, аймағымыздағы тұңғыш техника ғылымдарының кандидаты, ғалым ағартушы, оқу-ағарту ісінің үздігі.

Білім саласында талантымен танылып, білімділігімен зор беделге ие болған профессор 1962 жылы Қызылорда пединститутының «Теориялық физика» кафедрасына оқытушылық қызметке шақырылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса бастады. Ал 1967 жылы Тарас Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасына оқуға түсіп, «Жоғары жиілікті электр тоғын өндіретін жаңа типтегі массивті роторлы турбогенераторлардан электромагниттік өрістің таралуын зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

 Қызылорда педагогикалық институтында студенттерге терең білім беріп қана қоймай, оқу орны партия комитетінің төрағасы, кафедра меңгерушісі, сырттай оқу факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Физика-математика факультетінің материалдық-техникалық базасын дамытуға, физика бағыты бойынша лабораторияларды кешенді жасақтауға қомақты үлес қосты.

Ғалымның 16 оқу-әдістемелік құрал, 60-қа жуық құнды мақалалары ғылыми журналдарда жарық көрді. Университет жанынан ашылған Қазақ-түрік лицейінің алғашқы директоры болып, лицейдің дамуына айырықша еңбек сіңірді.

Сүбелі еңбегінің нәтижесінде Базарбек Қашқынбайұлы КССРО оқу-ағарту ісінің үздігі белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Облыстық Кеңестің құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалдарымен марапатталды.

Пікірлер:
  • Үлкен ұстаз Базарбек Қашқынбаұлы атына көше берілгеніне бек қуаныштымыз!
    Есімін үлкен әріптермен ауыз толтырып айтуға лайық Базарбек ағай үлкенмен де, кішімен шынайы көңілмен араласатын…
    Ағайдың қажылық сапарға ұзақ дайындалғанының куәсі болғаным бар. Сол сапарынан бір жыл бұрын араб әліппесін үйреніп, қасиетті Құран сүрелерін нақышына келтіріп айтуға машықтанған.
    Ағайдың
    жатқан жері жайлы, топырағың торқа болсын.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: